Қылығымды түсінбейтін кезде ешкім
Қылығымды түсінбейтін кезде ешкім
Мен өзіңе - өлеңіме кездестім.
Екі жүрек алаулатқан сезімді
екеумізден басқа пенде сезбес-ті
кез еді ол бақыт құшқан қиялдар,
жүректерде намыс тулар, ұяң-ды ар.
өлеңіміз жанымызды жылытып,
өзектінің жанарынан сыр аңдар.
Ақындықты көретіндей тірек шын,
біз атынан сөйлейтінбіз жыр-естің.
Екеумізді қосылса деп жүретін
Қайда сол бір естілерім-тілекшім?!
Бүгін мүлде өмір басқа, басқа күн,
Талай рет қайғы басты аспаным,
Сен қасымда жүрген кезде сезбеуші ем,
Тағдыр дейтін тағылымның астарын.
Қосылмадық, сүйіссек те! Сенбедік!
Екеумізді жетектеп ап пенделік
екі жаққа тартып берді шылбырын
екі жақта қалдық біздер сенделіп.
Жүр екенсің қалай сүріп ғұмырды?
Мазалай ма елес күндер бұрынғы?
Жарың бола тұрып, кейде жүрсің бе
жан таба алмай жайып салар сырыңды ...
Сен биікте жүрсің бе екен?
Мен - төмен!
Тіршілік-қу мініп алып, желкеден
жүргізеді тағдырыма әмірін,
Ал, өмірім ең сезімсіз, ең керең!
Опасыздық жасағандай тағдырға,
(Сезімді, әлде, шын жоғалтып алдым ба!)
Біреу маған “сүйем” десе, мұңаям
кінәм бардай махаббаттың алдында.
Өзіңменен кеткен сынды өлеңім!
(сенің ғана сөзің болған - сенерім!)
Сені қайдам, тағдырыма, әйтеуір
батылырақ сөз айта алмай келемін.