Білемін
Білемін:
Қызғанасың сен де мені,
(Сенім ғой махаббатта ең керегі.)
ішіп-жеп қарағаның - оттай жанған
мен деген сезіміңнің сөнбегені.
Жүресің бақылаумен сырттай ғана,
Түсірмей жүрегіме құрттай нала.
Көзіміз жеткенімен, қорқақ - көңіл
кетеді алып-ұшып бұлтты айнала.
Жүректер ынтығады бір-біріне,
Ұқсайтын дірілдері қыр гүліне.
Бір перде ортамызда үлбірейді
Салмағы азап болған мың күніме.
Сол перде өткізбейді, білем, ғажап
күтеді шуақ күннен күрең қабақ,
Сызаты маңдайымда сағыныштың -
іздері иректелген іреңге жат.
Құлазып сен де жүрсің -
Сағынышың
кеудеме әкеледі жан ырысын.
Саған ғана баулаулы жүрегімнің
бүлкілдеп тасып жатқан тамырысың.
Бүлкілде тамырымда, қыздыр мені.
Шаршатқан тіршіліктің құр дүрмегі.
Бүр жарған кеудедегі сезім гүлі
керек қой өлгенімше бір гүлдеуі.
Жанымның қызғанғаның болған емі,
Қызғансаң, қауышудан ол дәмелі.
Солдырсам сенім гүлін, обалым жоқСыныңнан құлат, тағдыр, онда мені.
«Махаббатсыз дүние - бос». Жалған сөнер.
(Ғашықты жетелейді арман – шебер!)....
Дүние гүлденеді екен, рас,
қызғанар, сүйіп сені жан болса егер.
2007 жыл