28.02.2022
  182


Автор: Елена Әбдіхалықова

Айгүл Үлкенбаеваға

Ай -Апам-ау, Ақ апам-ау, төк, күйді,
Менің жаным күймен бірге өксиді,
Саусағыңмен аралай түс, муза боп,
жұлым-жұлым жүрек деген ескі үйді.
Бірде шалқыт, бірде мұңға жүз де ептеп,
Іңкәрлықтан үміт тұрсын іздеп кеп,
Қос ішектен, пернелерден төгілдір,
тұрлаусыз бұл тағдырымды тізбектеп.
Тағдыр дейтін тұрлауы жоқ тұзақтан
Құтқар мені,
Күйге бөлеп ұзақ таң.
Домбыраңның шанағынан үн саулап,
Көктем тусын көңіліме күз аққан.
Өмір күй ме, көңіл күй ме?
Бір күй бар...
Көкірегімнен төгілердей шылқи зар,
Қарашықтар көз жасымды іркиді, ал
нәпсі жеңген көкірегімді жұлқиды ар.
Мен бағзыда Ұмай сынды ұлық ем.
Тәңірі нұр көкбөрінің сынығы ем,
Заманалар зарлатқанда зәузатын
жұбататын қос ішектің үнімен.
Мен бағзыда қаһары мол хан едім,
Тұлпарлардың тұяғында - дәлелім.
Тіл жетпеген тұста сенің сазың ғой
Ажалдың да айтып берген әлегін.
Сен - тарихсың табылмаған теңдесі,
уақыттың керілсе де кермесі,
діңгегімді тамырынан үзбейтін
Жалғыз сенің домбыраңның пернесі.
Ай-апам- ау, домбыраңды қолыңа ал,
Күй түгілі, сөз ұққанның соры бар,
Жетегінде кеткен үнім жылдардың
Мүмкін, енді бақытына жолығар!
2008 жыл





Пікір жазу