28.02.2022
  192


Автор: Елена Әбдіхалықова

Қара бала

Иманғали Нұрғалиұлына
Бала кезіңнен қасиетіңді танып құт,
Қара көзіңнен өсиетіңді сан ұқтық,
Қарайған елге бір қара болып жүрсін деп,
Қалдырды ма екен қара шалдарым – жарықтық!
Құшағын нұрға, санасын жырға жайдырып,
Қанаттарымен үш қиянынан қайғы іліп,
Дара жұртының тілегін байлап беліне
Қара баланың талабы тақты Айға үміт.
Тозбасын деген түбімнен қалған тектілік
Көкірегіне имани серттен от тұнып,
Көтеріп келе жатыр ол елдің намысын
Көк Бөрі мінез танытып жұртқа, көкке ұлып!
Жұрт қамы десе, бола қалмайды ол – кісің,
(Ал, Кісілігін тани алмасаң, сорлысың!)
Қарайды жат та тамсанып, таңдай қағысып,
Қара баладан халқымның көріп болмысын.
Ақылы - абыз, адалдық тұнған Ар қандай,
Нұр – болмыс – кие ұрпақтарына жалғанғай.
Қара баламен мақтанады елі Көзім деп,
Қараша жұрттың аузынан түсіп қалғандай.
Өжеттілігін бағалай алмас жәй кісі,
Жабырқағанға жылуын шашқан жайлы ісі,
Қуанышы да – қара бала ғой елінің,
Қайғысы да – сол қара баланың қайғысы.
Шайқаған шақта дүние зарын толғана,
Сүйеніш көрер сүйріктей ұлын сорлы ана!
Қара көздердің қарашығынан төгілген
қап-қара мұңды сүйейтін жалғыз – сол бала ... .
Бала кезіңнен қасиетіңді танып құт,
Қара көзіңнен өсиетіңді сан ұқтық,
Қарайған елге бір қара болып жүрсін деп,
Қалдырған Сені қара шалдарым – жарықтық!
2007 жыл





Пікір жазу