28.02.2022
  142


Автор: Елена Әбдіхалықова

Шәмші Қалдаяқовқа

Тамұқ-өмірді жұмақ қылам деп,
Тамырда қаның бүлкілдеп,
Ару – сезімді ұзаттың ән боп,
Алдаусырамас құлқынды ек.
Теріскей беті қандай ғаламат,
Сыр сұлуымен ай көрік.
Даламның даңқы шарлайды аралап –
Отырардағы той болып.
Қайықта жалғыз қос жүрек күліп
құшағында отыр бақыттың,
есіміз – сәби, естірек-ті үміт,
махаббат балын татыппын.
Ақ періштелер адасады әні,
Арысты бойлай жағалап,
Ақ Жайықтағы таласады ағып,
Ақмаңдай толқын “ағалап”.
Алысқа тебер заманның зарын
Алтын күн туса төбемнен.
Адамның жанын, даламның дәнін
тербеген нұрлы әуенмен.
Іздейді сені – асыл да деумен,
тағдырдың тисе қамшысы.
Жалғадың жұртты ғасырларға әнмен
Даламның Ұлы Шәмшісі!
Жанымды сонша құл етемін бе,
әніңе десем бекерден!?
Тамұқ-өмірде кім екенімді
Түсінбей, онда өтер ме ем?!
Шырғалаң өмір сенімнен мүлде
шеттетсе-дағы шіркін деп,
кеудемде менің әніңмен бірге
Тамырым соғар бүлкілдеп.
2007 жыл





Пікір жазу