28.02.2022
  231


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Тұлғалар бар-ау, болмаса-дағы Хан, Ұлық!
(Күнә да шығар құлшылық қылсам табынып.)
Тағылық талап, қалатын кезде қамығып
Соларды жүрем сағынып.
Алыста бәлкім, ешқашан мені көрмеген,
Орынын сайлап жүректей жатын бөлмеден,
Жігерім жасып ауыра қалсам, солардың
рухтарымен емделем.
Жандардың осы бірі бар бүгін, жоқ бірі,
Биіктеу сынды басқадан маған шоқтығы.
Шырқамай жүрсе шабытым шөгіп, топта үнім,
жанымның болған оттығы.
Тұлғалар олар мен десе басқа түрге енбей,
жанымдағыны айтқызбай, сірә, білгендей,
Кебінін киіп, келмеске кеткендері де
биікте жебеп жүргендей.
Қиналған сәтте айтатын төгіп ақылын
Емес қой маған туысым, бірі жақыным,
сүріне қалсам, солардың бейнелерінде
демейді біреу ақырын.
Жақсылықтарға жалғасты етіп жең ұшын,
Шырайлы шақта кеңейе түсіп өрісім,
шаттана қалсам, өзімнен бетер қуанып
тұрғандай олар мен үшін.
Отаным – елім, мекенім болған жер мен көк,
Сөйлесем сөзді сөйлеймін әркез сендер боп!
Өзектің құрты - тексіздік жеді! Жеңген жоқ!
Тілектеріңнен өлгем жоқ!
Сендерге ғана сезілер суық мұң – демім,
Белгілі тағы масайрап, шалқып күлгенім!
Рухтас жандар, сендердің арқаларың-ау –
жер басып менің жүргенім!
2008 жыл





Пікір жазу