28.02.2022
  138


Автор: Елена Әбдіхалықова

Шілдедегі өлең

Ақ қар, сені сағындым!
Үнсіз жауып тұрар ең,
Қара қошқыл құба әлем,
Суық сорып біткенде,
Сол әлемнен мына мен
бір жаңалық күткенде.
Достан қалған көңілдің,
Дауасы не, білмедім!?
Дұшпаннан да жеңілдім,
Тірі жүрген мүрдемін.
Сені де аспан қажытып,
Аулақ қашып жүр ме едің!?
Адастырса аспаның
Сенің құлар Жерің бар!
Жүректе сыз, баста мұң
Менің қандай емім бар?!
Қайғы жұтқан қасқамын,
Қол бұлғайды көрім – зар!
Естің ісін қылам деп,
Ессіздерге мен – егес,
Естіге де күмән көп,
Ерлік түбі- ерегес.
Аспанда да бола ма,
Алатындар сенен өш?!
Аулақ салған іргесін
Ағайында - кінәлау,
Тығып берген жүлдесін,
Төрдегінің түрі – анау.
басылмай-ақ қойды-ау бір,
құдаша – наз, құда – дау....
.... Ақ қар, сені сағындым.
Аязыңа тоңсам да,
Күйігін бас жанымның,
Күйіп біткен болсам да.
Ары құрбан тірлікте
алданармын мен сонда.
Мамыражай шілденің
Шегірткесі, бақасы,
Шуласады кіл, менің
шындығыма шатасып,
Өлеңіңді кім ұққан,
өлсе тілдің атасы?!
Тіршілік қой бос, жалған,
Қайрылар да қанатым,
Сенсің жалғыз, достардан
Жаным рахат табатын.
Құласаң да аспаннан,
Аппақ күйде қалатын.
Ақ қар, аппақ ұлпаңды
Ұстатар ма уақыт?
Өмір дейтін бұлтаңғы
жасытатын жылатып...
ми қайнатар шілдені
қалсам екен ұнатып...
жансам екен бүр атып...
2008 жыл





Пікір жазу