* * *
Біздің халық осы ғой:
ұлы-қызын
тезге салар, айырмай шыңы-құзын,
тау қопарар талабың болғанымен,
әйел болсаң, қайғының құрығы ұзын.
Атқа мінген қыздарын ұлға балар,
Сыр айтатын жайына сырға қалар,
Лүпілдейтін жүрегі нәзіктікпен
қыздың мұңлы сезімін кім бағалар!?
“Ақын шықпас әйелден”- десе бірі,
өзегімді өртейді өсек үні,
қызды бала демейтін біздің жұртқа
аман болса, болды тек есер ұлы.
Қырық үйден тыйдырған қылығыңды,
Көз біткенге сынатар бұрымыңды,
Еркектердің алдынан өтпеу үшін,
Тастатпайды алысқа құрығыңды.
Қатал тағдыр күттірмей сыйыңды алда,
Шырылдасаң, үн жетпес ұйымдарға .
Марапаттар, мақтаулар бұл қоғамда
“Жолы кіші әйелге” бұйырған ба!?
Көтерсе де ананың ғажап басын,
Тірі жанға бақыт та, тозақ та – сын!
Әйел болып жаралсаң – бір қасірет,
Ақындықты оған қос –
Азаптасың!
Бұл сөзімді мейлі жұрт бұрыс десін,
әйел бастап келеді ырыс көшін.
Сенем, бірақ, ерлерге ес кірер деп,
Ақылынан ананың су ішкесін.
2007 жыл