28.02.2022
  128


Автор: Елена Әбдіхалықова

Асан қайғыға шағыну

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ
жылан қайтіп күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ
құлан қайтіп күн көрер?»
Сіздің қайғы зар тұғын.
Біздің қайғы... ал, тыңда:
Ақшаң, алтын, артығың...
Адамдығы артында.
Бұл қоғамда бәсі кем
Бекзаттыққа күн бар ма!?
Бақ күттірген мәшіден
Бұтын керіп бұлдарға.
Таупық жесе көңілің,
Төбеңде күн тұрғанда,
Тозақ болар өмірің,
Біреуден оз, бірді алда.
Құйрық-жалы жалпылдап,
Бишікештер әне жүр,
Жұрт көңілі салқындап,
Жақсылыққа дәме құр.
Біздің күнде мін бар ма?
Салтанаты асқан көп,
Мінбе тиді мыңдарға,
Талантқа жол ашқан жоқ.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Жылан байғұс жорғалар,
Заманда бұл ары жоқ,
адам қайтіп қорғанар?
Қорғансыздар көбейсе,
Көзден жасың сорғалар,
Ешкім шаппай ел өлсе,
Құрығаның сол болар.
Сен не дейсің, ау, Асан,
Мен не деймін,сөз бе бос?
өлеңім бар, нала сан,
өзегім бар өзгеге өш.
Айтылмайды тізсең не?
Жағдайың бар және бір.
Үмітіңді үзсең де,
Сүйетінің сол өмір,
Сүретінің сол өмір.
2007 жыл





Пікір жазу