* * *
Таптамаңдар мені!
Арсыз сөз, өрттей өсектеріңмен!
Жалғаншымен жаны бір
жеңгетай есептеріңмен,
өтірік күліп бетіме,
сыртымнан соғар атқылап
кесектеріңмен!
Күндемеңдер мені!
Таланты асып кетті деп мұның,
Асаулықпен көкірегі жүр деп көк тіреп бүгін.
Ұғар ма едіңдер, өнер дегенді
өзегі сөнбей, таппайтын
от – жүрек тыным !?
Қарғамаңдар мені!
Өкініш пен өксікке толсын деп күні,
бейшара бақытсыздардың болсын деп бірі.
Тіршілігінен рахат сезбей,
тозақ – өмірде солсын деп гүлі.
Телімеңдер маған!
көк етік киген еркектің бәрін,
мұң азабымен астасқан жертепкі зарым,
Сезесіңдер ме, жалғанда менің
өзегімді өкініштерім ғана өртеп тынарын!
Тіпті, маған десе
осының бәрін жасаңдар:
Аңдысыңдар сынар күнін сағымның!
Қажеті жоқ байлығыңның, тағыңның!
Дәлелдейді қылықтарың сендердің:
Таланттылау екенімді, бәріңнен
биігірек тұрғандығын бағымның!
2007 жыл