* * *
Тағдырдың қараңғылау бөлмесінде,
тірліктің пері ойнаған пернесінде,
жеткізер жүрегімді өлмес үнге
жыр деген үмітім бар!
Сөнбесін де!
Сол үміт жетелейді алға мені,
(Бұлқынған бұл жүректің бар ма кемі?)
Жүрсем де өмір бойы қайғы жұтып,
Жетуге бір жарыққа мен - дәмелі.
Айқайшыл айтылатын заңғарға әні,
тіршілік түбі бұлдыр - жан қармағы.
Жыр – үміт, бір сен үшін, егер мені
біреудің қызықтырса бал бармағы.
Оңынан туған айы күлшелінің,
Күлімдеп солар үшін күлсе күнім,
Ійілсем, шен-шекпенді біреулерге
Жалғыз сенің қамың ғой, жыр – серігім.
Түсінер ақын жанды халқым бәрін,
Жырымның алдаспандай жарқылдарын,
Кейде мен аласарсам адамдықтан,
өтсем деп тосқаулардан талпынғаным.
Шындықтың шырмау жолы бұрса жатқа,
Жебелі жауынгермін жыр сабақтар.
Әз жұртым, кешірмеңдер, бүгежектеп
сөзіңді айта алмасам сын сағатта.
2007 жыл