28.02.2022
  151


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Көктем келгенде көктей кететін
көкорай белі жоқ ауыл,
түйілген бұлттар төкпей де өтетін
бір тамшы нәрін. Боз адыр.
Шаңдағы шулап тай-құлынымен,
масасы ән сап тұратын,
келбеті осы – қайғылы кілең
қақсытқан желі қыратын.
Мен туған ауыл жасыл ормансыз,
өзені – пана – өзегі,
өспейтін ұрпақ асыл армансыз
халқымның нәрлі көзі еді.
Сағымы таудай, аспаны күліп,
өксіген қобыз түбегі
тыңдасаң сырын, астарын ұғып,
дүрсілдер далам жүрегі.
Сөнбейтін шамдай жанында алау
Сары алтын күннен нәр алған.
Арманшыл ұлдар, арулар анау
ақ шаңқан бұлттан жаралған.
Шындыққа қанша күмәнмен қара,
Шежіре сыры жаңғырар.
Қуарған дала, шынарлар дара
құмарыңды бір қандырар.
Жұпарын шашса жиденің гүлі,
Кеудеңде соғар жыр – көрік.
Басыңнан өтер именіп ұры –
басылмай жүрген бір желік
Өзегім осы – өсиеті – үлгі,
“топыраққа тартар...” бар-ды ұғым.
Қайғысы қалың, қасиеті нұрлы –
ұқсаса саған тағдырым!
Ұлық болмаспын жанын баптаған,
ән қылып сені мен өсем,
ұқсасам саған, қалындап маған
қайғыны бердің демес ем!
2007 жыл





Пікір жазу