28.02.2022
  105


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Біздің өмір қызық өзі-тіршіліктің қамы деп,
жүгіртетін тірі жанды тірлік осы мәні жоқ.
Бар пенденің жалғыз жоғы – табылмайтын әділет,
Біздің өмір қызық өзі – жылуы жоқ, зары көп.
Маңынасыз тыныш күнде есінейді ерке қыр,
жұрт көңілі соған ғана салқындайды, әйтеуір.
Армандауды үйретер тек басы жұмыр пендеге
күрмеуіне келмесе де, қамшы сапты келте өмір.
Алып-қашпа әңгімелер – айтатыны ауыздың,
құлақтың да құрышы кем хабар естір жаны ізгі.
Жақсылыққа құштарланған жарым көңіл жандардың
үзілтеді тегеурінін тұрлауы жоқ сағыз күн.
Сезімдінің бағасы жоқ, ақылдының нарқы кем –
Адалдық та өлшенеді арамзаның парқымен!
Напахаға бас иген соң, Намыс – жетім, Ар – күрең!
Түсінбеймін теріс аққан бұл өмірді, жалпы, мен!
Кеуделерін билеп алып билік деген құмар күш,
Тәлімі жоқ тәрбие жүр тексіздіктен тіл алғыш.
Кісіліктің кілті – аспанда!
Бедел, мансап барлығын
жию бойға – жұрт арманы !
Ал ізгілік – тұманды іс!
Өзектіге түсіндіріп қажеті жоқ өлеңді,
Күшің жетсе жүздіре біл, алға қарай кемеңді,
Айта көрме заманыңа “Арманшыл ем...” дегенді,
армандау да жалақы мен Үкіметке тәуелді!
Біздің өмір қызық өзі!
Шыжығы да көп мұның!
Ортайтады көңіліңді оясы жоқ отты күн!
көңіл дейтін көнбіс сезім, беу, кімдерден қалмаған!
Қалдырмау да қызықсыз ғой, ал, қызықсыз жоқ Күнім!
2007 жыл





Пікір жазу