* * *
Тасынба жүрек, тасынба,
Табанға түсіп, басылма,
Лүпілің қалсын мәңгілік
Дүрсіл боп асау ғасырға.
Шаншыма жүрек, шаншыма,
Тағдырдан сезім, ар сұра!
Дөңгелеп дүние барады
көзімнен тамған тамшыда.
Мұңайма, жүрек, мұңайма!
Шытынар көңіл – бір айна –
тәубе деп табынбағанға
төбеде тұрған Күн, Айға!
Жылама, жүрек, жылама!
Жыласаң жаның тына ма?
Беріштей шыдау керек қой,
белшеден батқан күнәға.
Қажыма жүрек, қажыма,
Тіршілік деген қазына
таусылған күні, сөне ме
көңілдің көркем назы да!?
Қуат бер, өзің, төзімге
қажып бір жүрген кезімде.
Жаныңды нұрға бөлейді-ау
жүректің барын сезу де.
Жеткізбес бәлкім, мұратым,
Табылмас дос та ұғатын...
Кеудемді жүрсем көтеріп,
өзіңнің берген қуатың!
Соға түс, жүрек, тек менше!
Басымнан дәурен өткенше!
шыбынға қу жан айналып,
кеудемнен ұшып кеткенше!
2007 жыл