28.02.2022
  191


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Күндерім қайда?!
Қуаныш толған жүзіме,
Жолықтым ба әлде өмірдің ерте күзіне?!
Белестерім-ай елес боп аққан тізіле,
Елестерім-ай енші қалдырмас ізіне.
Аспаны күлген арманға толы жанары,
Аймалап соққан даланың салқын самалы –
баяғы күндер аңсатады екен адамды
балауса шақтың қалғандай сонда бар әні.
Ұмытылмайды ұзаса да күн белдерден,
Жылдарым жатыр жастығын бүгіп жел көмген.
Оралар ма едім қайтадан сонау күндерге,
Қалуға мәңгі балауса шақта сендермен:
бала күйімде тәттіге жүрген тамсанып,
дара күйімде махаббат үшін ән салып,
Ақын күйімде таңдарды жырмен қарсы алып –
ғапыл күйінде дүние тұрса қаншалық!
Оралмай кеткен күндерім,
сенің шуағың –
жанымның мұңын, арымның кірін жуарым.
Сағындым жылап, сағымдай сол бір тұмарым,
Сейілтпей қойды, санамды басып мына күн.
Жүрсем де қанша қайғының дәмін татып мың.
Жаныма сәуле – балауса күлкі – жақұт күн.
Адасқан кезде алдыңда тұрар маяк боп
Аңсатар жанды шақтары бары бақыттың.
2007 жыл





Пікір жазу