28.02.2022
  136


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Тіршілік нұрын төгіп тұрмас маған,
Тірлікте кімнің көңілін мұң баспаған?!
Өмір бос, басым құнсыз демес едім,
тағдырға тура келсе бір жақсы адам.
Жақсы адам!
Қайдасың сен?! Көрін маған.
Мен жүрмін жалғыздықтан көңілде алаң.
Жанымды шырмау ойдан құтқаруға
септігің тиер жалғыз сенің ғана.
Жолыққай, нұр төгілген жүзің күліп,
Ілтипат, ізеттінің ізін біліп....
Қажыған көңілімді сейілтуге
келгейсің қолтығыңа қызырды іліп.
Кел маған, жаңалық боп жарқылдаған,
Қызығып, қуаныссын халқым, далам.
Сен менің рухымды тірілт қайта,
Су беріп көкірегіңде бал-тұнбадан.
Жолықтыр мені таңның сәулесімен,
Жолымды адастырды әуре, сүрең.
Сен менің сыңсуым боп айтылғайсың
Ұзатып жатса өмір жан көшінен.
Ұзатып сағынышты өріс – күнге,
Тағдырға талқы десем, теріс мүлде,
Төрт болған екі көзі мен – жолаушы
өрт – өзек өмір атты жол үстінде.
Жақсы адам, ар- тұлғаңнан хан жасағам.
Сен десе жүрегімнен ән жосаған.
Дүние кеңдігіңде – жолықпаймыз.
Тарлығы бұл дүниенің ол да – содан.
Сен жолық, қызғалдақтар гүл ашқанша,
Ай толып, сал көңілім сыр ашқанша.
... Күтумен жүрем, сірә, сені мәңгі,
Фәниден бақиға күн ұласқанша.
Дүниеде бар екенің рас болса?!
2007 жыл





Пікір жазу