* * *
Аяла, мені, күндерім!
Арманға толы түндерім!
Мәңгілік емес өмірде
Жаңғырып қалсын бір демім.
Мүжіген уақыт ғасырды
кеудемде күнді жасырды.
Қабағы қату қоғамда
қор қыла көрме, басымды.
Аяла, мені, таңдарым,
айтылар аппақ арманым,
азайсын мейлі, олжалым,
аман да болғай жан-жағым.
Аяла, өмір, сен мені.
Тағдырдың қилы өрмегі
шырмаған сәтте, ел жоқтап,
“шыншылым” десін, ең кемі.
Аяла, тағы, тағдырым!
Жаралы жүрек,
Зарлымын!
Үпілеп соққан желдің де
уһілеп ұқтым зар-мұңын.
Аяла, арда ағайын,
Сейілсін көңіл сарайым.
Сендердің жоғың жоқтаумен
ағарған жастай самайым.
Зауқы жоқ жандар жырға да,
Тентектеу мінез бір бала,
жолығып қалсаң көшеде,
аялы көзбен бір қара.
Төгіліп тұрған мұң көзден,
Танырсың сонда бір безбен:
Сарқыты сонау ғасырдың
сақта дер жұртын тіл-көзден.
Танырсың бәлкім, әлі де...
Жақсылық тілеп бәріңе –
жасыңа-дағы кәріңе,
жылайтын жанды сендер деп!
құлайтын жанды сендер деп,
қосып ап жырға, әніне!
Танырсың, бәлкім әлі де....
2007 жыл