* * *
Бақыт жайлы жыр жазсам деп,
Сырласқаным сыралғы,
Мағынасы мұңды аспан боп
Мәнін таппай қуарды.
Бақыт деген күндерім бе,
Түндерім бе сағынған?
Шын сүюді білгенім бе,
артық көріп жанымнан.
Нағыз достың тілегі ме
сен биікте жүрсін дер?!
Хас сұлудың білегіне
тисе қолы,
дүрсілдер
жүрегі ме бозбаланың
боз арманын боздатқан?!
Әлде, тілер озбағанын –
болмағаны көз – қақпан?!
Сан ойларым санамды еміп,
Бақыт деген не екен деп?!
Жүру ме әлде, адам болып
жердің бетін мекендеп?!
Жалғыздықты – мәңгі ызғарлы
жанға серік етумен,
Ғұмыр бойы жалғыз жанды
сүйіп, күтіп өту ме?!...
... Ол – шамасы, байлық шығар,
іздеген жан шалдыққан,
жыр жазудың жайды ұқтырар
қиындығы сондықтан.
Сені күтпес уақыт – залым
Сыбағаңнан қалма құр!
Сағыныштың татып дәмін
жүрсең – бақыт ол да бір!
Кең дүниені кезіп алшаң,
кірсе Күнмен берекең.
Соның бәрін сезіне алсаң,
Нағыз бақыт сол екен!