Қайралу
Тағдырға басымды имен,
Жасынмын мен!
Жасасқан тарихым бар ғасыр – дүрмен!
Бабалар біздейлерді ұйып тыңдап,
Ақыл мен парасаттың бәсін білген!
Кім мені тыңдамайтын!?
Тіл алмайтын!?
Менмін ғой ел үшін деп ұрандайтын,
Сөйлесем, қара қылды қақ жаратын
Тілім бар сейілтетін күмәнді айқын.
Кім мені менсінбейтін?!
Тоқтат оны!
мендегі қуат-күштің отта – теңі!
Ұлың боп ұшам көкке елім үшін,
Қызың боп бұлқынамын топта, тегі.
Жасыман, менен біреу мықты екен деп,
Бар күшім – елдігімді құтты етерге!
Туралық жолдан тайман ешқашанда,
Туған соң тұран дала – құт мекенде,
Бар менің ар-намысым адам деген,
Білетін тарих куә бағамды ерен,
Біреуге алдырмайтын бірлігім бар –
Қаншама шайқаса да заман – кемем.
Әлемге жар саламын кеудем қағып,
Мұныма қызығады көрген халық.
Өзім боп өмір сүрем жер бетінде,
Күнелтпен біреулердей бергенді алып!
Басымда тұрмаса да байлық тұнып,
Көргем жоқ қабағымнан қайғы ұқтырып!
Айбатым – осы менің!
келе жатқан
сан ғасыр ажал- жауды қаймықтырып!
Тілім – құт, ел – ырысым, далам дәнді,
Салдырман өз бетінше заманға әнді.
Мен осы айбатыммен, ақылыммен,
Қазақ боп жер бетінде қалам мәңгі!