* * *
Армандар, асқақ армандар!
Сендерсіз мен не істер ем!?
Тізіліп інжу-маржандар
көшеді кеудем көшпенен.
Жетегі болған жүректің
Армандар аппақ-асылдар,
сендермен күнді түлеттім,
соңымда қалды ғасырлар,
бұлғайды қолын шақырып,
алдымда биік асулар!
Армандар – аппақ тілектер,
Ататын таңдай арайлы
Сағыныш толы жүректер
Секундтарды да санайды.
Армандар аққу болмысты
таранса ару қанатын,
өзі кеп бақыт қол қысты,
өзгелер таңдай қағатын.
Армандар шуақ келбетті
жанымның нұры – өздерің,
Талқандап тағдыр – жендетті,
қайғыны-дағы сезбедім.
Армандар асыл нұр көрік,
Керегім – өзің, қорегім.
Соңымда қалсаң жыр болып,
“Тірімін мәңгі” дер едім.
Тұл бақыт әйел – қалжам бар!
Тілініп кеудем, болғам зар –
Тірлікте өлең – олжам бар,
.... Арманда кеттім дер ме екем,
абайсыз жылап қалғанда ар!
Армандар, асыл армандар!
2007 жыл