28.02.2022
  110


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Түсімде ылғи самғаймын көкке,
(Айтайын мұны өңім деп.)
Жаны нұр құшқан жандаймын. Текке
тіршілік қуар жөнім жоқ.
Қызықтау екен аспани ғұмыр,
Қалайша бұрын сезбегем?
Күнді ұрлап, көкті жасқады да іңір
ойнайды жұлдыз – кезбемен.
Қараймын жерге биіктен барлап,
Қалың бір нуға оранған,
Қара орманы тұр күйіктен зарлап,
Жапырақтары тоналған.
Тамырсыз еді, тәлімі - нала,
тастарға кеткен тіл шығып.
Шуласады - ай кеп, арыны дара
жайқалып өссе бір шыбық.
Сақылдап бірі күлетіндей ме,
Білетіндей ме мұны Аллам?”
Жақсы адам болып жүретін кейде
Ағаң жүр шығып құмардан.
Қарасам іздеп дәру болатын
бұлақтың мөлдір тұнығын.
Аққудың жұлған ару-қанатын
Таныдым бірден ұлығын!
Жер беті осы тылсымы күрең
ашылмай мәңгі құлыпталған.
Адамдардың бұл тіршілігінен
қашады жылап бұлттар да.
Жұтынып бәрі құлқыны ашылған -
жүргендер осы-ау - тірі боп.
Жандарын қажап, жұлқыласудан
жалықпайтұғын бір рет.
Жердің бетінен жиіркеніп кеттім!
Ұйықтай берер ме ем алаңсыз?!
Келеді күнмен өртеніп кеткім,
Болғанша бақсыз, баянсыз!?
Өздері оған шошынбайды онша.
Атар ма алдан арай шам?
... Түсімнің сиқы осындай болса,
Өңімде жүрмін қалайша?!
Құла бір таңнан құлшылық қылып,
Жарылқар деумен қай Құдай!?
Жүремін солай тіршілік қуып
Түсімнен өңім айнымай.
2007 жыл





Пікір жазу