* * *
Шабытым келсе, төккендей маған
бейне бір нөсер селдетіп.
Ұжмақта кіріп кеткендей болам -
ұмытылады кем-кетік.
Қайғы мен нала алыс қалады
мұң мөлдіреген жанардан.
Ғашықтар сынды табысқан әні
Құшаққа толып ақ арман!
Бұлттардан асып ұшқандай болам,
Жұлдызы жарық жарасқан.
Жүрекпен нұрды құшқандай, маған
мекенім сынды көк аспан!
Оралам сосын баладай күліп,
Көгілдір аспан, ақ бұлттан
тірлікке мынау қарадай жүріп
қабағын қайғы жаптыртқан.
Оралам және өмір дейтұғын
күңкілге, күбір, былыққа.
Көктегі күнді көмілмейтұғын
кеудеме салып құлыптап.
Енемін қайта тіршілік деген
тайталас, тағы сынаққа!
Қарбалас күнмен құлшылыққа енем,
армандар қалып жырақта!
Азабы оттай ақындық осы,
Қиялмен күнді құлатар,
Апамнан қалған ақылды қосып,
алдаусырасаң, ұнатар!
Жеңілген күні
(көремін нені?)
тіршілік атты жарыста,
Шығарып салшы, Өлеңім, мені
түбі жоқ, анау- у ғарышқа!
2007 жыл