28.02.2022
134
* * *
Шаршатты күндер.
Аһ ұрып келем.
Тылсым бір жаққа бастасам….
Ескірмейтұғын тақырыпқа өлең –
толғанып тыныс ашпасам….
Жүректе тулап бір алау сезім,
Жыр болып ағар бүлкілдеп,
Есіме түсіп бұлалау кезім,
отырам сосын күлкім кеп.
Базарын сонау бал шақтарымның
аңсаған жанның бірімін.
Сазайын берген тарқатқан ұлдың
парталас қыздың бұрымын.
Құрбыларды да сағынып ойлап,
құбылулардан хабарсыз.
Жастықтың ыстық жалыны ойнап
жүрген бір шақта алаңсыз.
Жазарым - өлең, азабын көрем
қонбаған қолға бақыттың.
Келерін білмей ажалым неден,
Жүйткіген жорға – уақытпын.
Көңіл ме, әлде, өлең дейтінім,
тартатын терең батырып,
Таба алмай қойдым, көнермейтұғын
ӨМІР-ден басқа тақырып.
2007 жыл