* * *
Күн қайда жебейтұғын жегізбей мұң?
Толқынын жел шайқаған теңіздеймін.
Үсті ағын, асты жылым тереңдерден
Жанымды жылытатын ем іздеймін.
Қараймын қарайғанға іздеп оны,
Қалды-ау деп жазда жаны, күзде демі,
Қол созам, күн өтпейтін мұз беліне
шыңдарда жатыр ма деп із – дерегі ?
Іздеймін ағыстардан, алыстардан,
Ауылдан арманы бір таныс қалған.
Іздеймін аңсап мәңгі арзандамас
найзағай жарқылындай намыстардан!
Іздеймін аналардың әлдиінен,
Ол сірә, талбесікте қалды білем,
Ескі жол – ертегі мен аңыздардың
Жыр деген жалғандағы жаңғырығы ем.
Іздеймін даладан да, қаладан да,
Қараймын ынтызар боп бар адамға,
Іздеймін секундтардың соғысынан
сәттерді сені аңсаған санағанда.
Іздеймін жас баланың күлкісінен,
Гүлдердің көктемдегі түр - түсінен,
Іздеймін көктен кейде көзім талып,
Ізі жоқ, ізеті көп бұлт ішінен.
Ел қандай, ерлері көп орта қандай,
Мен десе қайғыны да арқалардай
болса да, келем әлі мұз қарыған
жанымды жылытатын ем таба алмай.
Емес қой ішіп-жегіш құлқын – қайғы,
Ел де аман, ұрыға да ұлтым жайлы.
Езіліп ет-жүрегім неге сонша
Егіліп ұлығаннан бір тынбайды?
Тілегім төмендемес тақтан құны,
Басса да бұл тірліктің батпан мұңы...
Жүрегім тынышталар мәңгілікке,
Бір емді жанға рахат тапқан күні.
2007 жыл