28.02.2022
  131


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Тәуелді бәрі қоғамға,
Тірлігің, барың, бағаң да,
Тіріде тоның пішілер,
Таразы мынау заманда.
Халықтың сөзін бос деме,
(теңелмес оған ештеңе),
Жұрт сені адал десе егер,
Жаратқаның да қош көрер.
Жұрт арам десе, жоқ бағың,
Жүрсең де жүйткіп топта мың,
Халқыңның арын арламай,
Абырой бермес тапқаның.
Боламын десең ер елге,
Өнеге болғай өренге,
Иіліп асқақ басыңмен,
Қарай жүр әркез төменге.
Қайғы-мұң болмай өз басың,
Жұрт қамы сені қозғасын!
Қолың соз, көрсең, алдымен
Жетім мен жесір көз жасын!
Жазылмас елдік жарғы, заң
Өлшенер сотсыз бар күнәң,
Халқыңсыз, орын берілмес
Азаматтықтың аулынан.
Басыңа талай бақ келер,
Қызығын, бәлкім жат көрер,
Жұртымыз аман болсын тек,
Жақсы да жаман ат берер.
2007 жыл





Пікір жазу