27.02.2022
  152


Автор: Абдрахман Асылбек

Өмір машинасы

Өмірді өзегінен қозғайтұғын,
Таппайтын тетіктері тозба тыным,
Көргенде машиналар тізбектерін,
Жан қайда жаны лаулап қозбайтұғын?
Иә, мен машинамен тойға барам,
Жайлауда керек десе, қой да бағам.
Бәрін де жасап жатыр ойлап адам,
Түкенде сол есіме, ойға қалам:
Болмай-ақ желден жүйрік машинамыз,
Жаяу-ақ жүрмедік пе басында біз?
Ақыры алпауыттар ойлап тауып,
Жетілдік жарқын жаңа ғасырда біз.
Машина айтқаныңды тыңдағасын,
Мінеміз алмастырып кіл жаңасын.
Сүйсініп сыртқы сән мен сымбатына,
Өлшейміз жылдамдықпен шын бағасын.
Тап солай,
Машиналар өзгереді,
Тозады,
Ескіргенін көз көреді.
Уақыт тартысы мен талқысында
Тегеурін темірдің де төзбегені.
Тек қана бір машина тозбайтұғын,
Таппайтын уақыттан озбай тыным –
Адамның ақыл-ой, парасаты
Өмірді үнмі алға қозғайтұғын.





Пікір жазу