27.02.2022
  154


Автор: Абдрахман Асылбек

Жаңбыр жыры

Құйшы, жаңбыр, шелектеп құйшы келіп,
Бармағынан бал тамған күйші болып.
Жадау тартқан реңі жасыл әлем
Шыға келсін шырайлы биші болып.
Көптен аңсап жүр едім, арманым-ау,
Көптен аңсап тұр еді алмалы бау.
Тәтті үніңмен тербетіп төңіректі,
Төгіп-төгіп жіберші таңда мынау.
Көптен аңсап жүр едім, арманым-ау,
Көптен аңсап тұр еді арна мынау.
Сай-салада сылдырап сұлу сарын,
Қарық болып аңыздар қалмады ма-ау?
Дәнге айналып тамшылар көктен үзген,
Жадырады қабақтар от лебізбен.
Сарғыш белдер әп-сәтте жасылданып,
Кетті астасып кең далам көк теңізбен.
Мөлдір тамшы моншақтап мол шашыла,
Табиғаттың тынысы сонша ашыла,
Шыға келді бар әлем тап-таза боп,
Жуынып та шайынып моншасына.
Жаушы, жаңбыр, шелектеп жауа берші,
Ақ мамасын аспанның сауа берші.
Шаң-тозаңнан арылтып дүниені,
Жауа берші, көңілге дауа берші.


 





Пікір жазу