27.02.2022
  164


Автор: Абдрахман Асылбек

Жамбыл даңғылы

Қысқаша өмірдерек:
Жамбыл облысында тудым,
Жамбыл қаласында тұрдым.
Бүгін тағы да мен шалқып,
Жамбыл даңғылында жүрмін.
Атындағы Жамбылдың
Тұрғынымын даңғылдың.
Жүргеніме мақтанам
Сол даңғылмен әрбір күн.
Сәндендірген қаланы
Сәулетімен бағалы.
Көп тұлғаны бұл даңғыл
Құшағына алады*.
Шығысына қарайық,
Ырысына балайық.
Қарсы алады алдымен
Күлім қағып Қонаев.
Одан әрі жүр, жаным,
Оранады нұр жаның.
Айтыстырып Мұқаң тұр,
Сарасы мен Біржанын.
Бұл өмірдің бағын-ай,
Тілегінің ағын-ай.
Жәкеңменен жүздескен
Аруақты Абылай.
Шоқпар қысып тақымға,
Жауын жыққан тақырға.
Сәлем берген Жәкеңе
Наурызбайдай батыр да.
Өз алдына сәндігі,
Өз алдына ән-жыры.
Қиылысқан Жамбылмен
Сейфуллиннің даңғылы.
Жазып кеткен жолдары –
Қазағымның мол бағы.
Байтұрсынов Ахмет,
Сәлемдескен ол-дағы.
Көрмеген өзі жұқарып,
Көрмеген сөзі мұқалып,
Жанында тұр Жамбылдың
Кәдімгі Сәбит Мұқанов.
Бөле ішкендей Таласты,
Екі елге ортақ, жарасты
Жастайынан Жәкең де
Жырлып өткен «Манасты».
Әуезовтен сәл өтіп,
Батыс жаққа әрі өтіп,
Жүре берсе, алдыңнан
Шыға келер Жароков.
Сол даңғылда жайланып,
Жаны жырға айналып,
Жамбыл болып ойнап жүр,
Режиссер Айманов.
Қасиеттеп Жамбылды,
Өсиеттеп ән-жырды,
Ұлы тойлық шерумен
Жүріп өттім даңғылды.
Алматының сәні бұл,
Алматының әні бұл.
Жамбыл атты даңғылдың
Жан достары бәрі бұл.
Көшелерді шолып әр,
Тізе берсем, толығар.
Талай ұлы тұлғалар
Алда тағы жолығар.
Жамбыл жолы – мәнді жол,
Жамбыл жолы – даңғыл жол.
Тоқтамайтын, тынбайтын
Жамбыл жолы – мәңгі жол.
Жамбыл жолы – қалада,
Жамбыл жолы – далада.
Жамбыл жолы шырақтай,
Жарқырап тұр санада.
Таудан аққан сылдырап,
Жамбыл жолы – жыр бұлақ.
Дарияға айналған
Кеудлерді ұрғылап.
«Ой-хой, дүние серуен,
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен...»
Таусылмастай көрінген
Өтерміз өмір белінен.
О дүниеде Жамбылды
Көрерміз жұмақ төрінен.
Атындағы Жамбылдың
Тұрғынымын даңғылдың.
Жүргеніме мақтанам
Сол даңғылмен әрбір күн.

*Бұл жерде әңгіме Алматы қаласындағы Жамбыл көшесімен қиылысатын көше аттары жайында





Пікір жазу