27.02.2022
  164


Автор: Абдрахман Асылбек

Алматы, асқар тауың аялаған

Алматы, асқар тауың аялаған,
Баурында сен балапан саялаған.
Әсемдік әлемдегі бір өзіңде,
Табиғат сыр-сымбатын аямаған.
Тірелген тауға барып көшелерің,
Шайқалған шатқалыңда кесе көлің.
Көрген жан көзі қиып кете алмайды,
Жаннаты – жер жұмағы деседі елім.
Тауларың мүлгіп тұрған көкте өрімдей,
Тамаша табиғаттың көктеміндей.
Таңертең ұшқан бұлттар шыңдарынан
Талпынған бейбітшілік кептеріндей.
Сен бір сәт құшып күннің шұғыласын,
Сен бір сәт бұлт астына тығыласың.
Сен бір сәт төгіп-төгіп жаңбырыңды,
Күніне әлденеше құбыласың.
Алатау бейне биік асқар аға,
Кетеді қиялымды бастап ала.
Төкпелі мінезің бар ұқсай қалған
Жайдары, жүрегі пәк жас балаға.





Пікір жазу