27.02.2022
  186


Автор: Абдрахман Асылбек

Қарқаралы

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Ғажайып ертегі-аңыз Арқадағы.
Өзіңе ғашық болып өтер әр жан,
Тәттімбет, Мәдилерден бар хабары.
Көңілге күйлері мен тоқып әнін,
Көз тартты қия белден шоқыларың.
Өнерлі өрендерге өзек болған
Қадірлі, қасиетті топырағың.
Ұйқыға кеткен алып батырлардай,
Тастарың төңкеріліп жатыр нардай.
Найзасы – қарағайлар, дуылға – шың,
Басында үйірілген бұлт – шатырлардай.
Қарашы табиғаттың ұлы күшін,
Тамаша тамылжыған құбылысын.
Жүгіндей қыздың жиған жарасымды
Өрілген текше тастан Бұғылы шың.
Сыңсыған сұлу орман арасында,
Шайтанкөл шайқалады шарасында.
Кесеге құя салған кәусардай боп,
Тұр десем тау басында, нанасың ба?
Арқаның арулары жағасында
Айналып айна көлге қарасын да.
Шомылып, жібек шашын тарасын да –
Қызыққа бұл сықылды қанасың ба?
Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Ғажайып ертегі-аңыз Арқадағы.
Өзіңе ғашық болып өтер әр жан,
Тәттімбет, Мәдилерден бар хабары.





Пікір жазу