27.02.2022
  144


Автор: Абдрахман Асылбек

Қордай

Қордайдың жері қандай тұнып тұрған?
Күндері көтерілген күліп қырдан.
Самалы жан сергітіп, тынықтырған,
Көңілде кірбің болса, ұмыттырған.
Даланың жасыл барқыт жамылғаны,
Төрінде бозторғайдың ән-ырғағы.
Тамаша табиғатқа қанша қарап,
Көз тоймас келбетіне мамырдағы.
Оранып қызғалдаққа белеңдері,
Желпінген жібек желмен желеңдері.
Өрілген өрнектеліп өрім талдар,
Секілді Кенекеңнің өлеңдері.
Сылдырып сай-саламен бұлақтары,
Жайқалған жағасында құрақтары.
Шатқалдар шақырады шабытыңды,
Тап сондай болмас сұлу жұмақ-тағы.
Қияннан көзді тартқан қыз беліндей,
Керемет асуы бар Мұзбеліндей.
Шаншыла шыңға асылған соқпақтары
Тарихтың тозаң баспас іздеріндей.
Уақыт оралмастай өте берді,
Қиялым келер күнге жетеленді,
Қырқысқан қалмақтармен теңдік үшін,
Байтақ ел ұмытар ма Өтегенді?
Қордайдың берекелі жері қандай?
Қордайдың мерекелі елі қандай?
Жайдары жігіттері ер көңілді,
Қыздары ерке мінез өрімталдай.
Мүмкін бе мұндай жерде ақын болмау?
Мүмкін бе мұндай жерде батыр болмау?
Осынша байлық пенен сұлулықтан,
Шын бақыт түсінгенге ғапыл қалмау.
Шіркін-ай,
Қордай жерін қияр ма адам?
Жерұйық осы болар қиялдаған.
Ағылтып ақындары арынды жыр,
Төгілтіп бұлбұлдары күй арнаған.


 





Пікір жазу