27.02.2022
  175


Автор: Елена Әбдіхалықова

Жалғыз жиде

Қожахмет Баймахановқа
Салқын еді мырзам күз,
Солып қалды көк біткен,
Жидем өсіп тұр жалғыз,
Жанын дауыл жеп, түткен.
Жабығады. Жылайды.
Күздің көріп қорлығын,
Шын құлайтын сыңайлы,
жидектері болды мұң.
Салды талай сынаққа
Кәнігі жел, кәнігі...
Жұлынбайды бірақ та,
тереңдегі тамыры.
Тынар деумен құлатып,
Құлазиды құба бел,
Көктем сайын гүл атып,
Жұпар аңқып тұрады ол.
Іріні де иген күн
Жалғызыма неге сын?...
Жанға сая жидемнің
Жеп жүреді ел мәуесін.
Кері күннің кержиген
қабағынан қайғы алған
Түбегімнің сол жидем
тұмарына айналған.
Құрсаулаған көзімді
заманадан зілді ой кеп.
Жұбатамын өзімді
жидем өсіп тұр ғой деп.
Туған жерім . . . бір жағы
тілеп жүрем .... жетем деп....
Жалғыз жидем Сырдағы
аман болса екен деп.
2008 жыл




Пікір жазу