27.02.2022
  518


Автор: Пернебай Дүйсенбин

НҰРСТАН МЕН АҚҚАНАТТЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ

РОМАНТИКАЛЫҚ ПОВЕСТЬ-ЕРТЕГІ


 



  1. КӨРКЕМТАЙ

Көркемтай құлындай шауып, құлдыраңдап ойнап жүрген еті тірі, пысық әрі арманшыл, әрі қиялшыл, ойы жүйрік, көркем әдебиет, ертегі десе ішкен асын жерге қоятын өте сезімтал бала еді .Әсем ән мен тәтті күй тыңдағанда, екі көзі шырадай жанып, ерекше әсерге бөленетін. Бар жан-тәнімен суретші болсам деп армандап жүретін. Неден екені белгісіз, бір күнде мұрттай ұшып


 


ауырды да, төсек тартып жатып қалды. Шешесінің жар дегендегі жалғыз ұлын қаратпаған дәрігерлері қалмады. Тәуіптер балаға көз тиген десті...


Бір күні ол сыртқа әрең ілбіп шығып, бақ ішіндегі ағаш орындыққа келіп отырды. Көктемнің нағыз бабына келген шағы. Аппақ болып гүлдеген алма ағаштары еріксіз көз арбайды. Әріректегі жазаң көгалда ауыл балалары шуласа, доп қуалап жүр. Көркемтай өз-өзінен қамығып жылап жіберді. Үйге әрең кіріп, төсегіне әзер жетті. Сыртқы шаруамен жүрген анасы ұлының мына түрін көргенде, сырт айналып, көзінің жасын бір сығып алды.


Ол төсекте әрлі-берлі аунақшып, жата алмай қойды. Көзі жазу үстелінің үстіндегі сурет салатын дәптеріне түсті. Ұштары мұқалып, тұқылданған бояу қарындаштары бейберекет жатыр екен... Оларды ұстауға күш-қуаты, дәрмені азайған әлсіз саусақтарына мұңдана қарады. Ол ауыр күрсінді де, көзін тарс жұмып, шалқалай жатты. Осы мезетте тәтті ұйқы өз ұйығына біртіндеп тарта берген еді...


Түс көрді. Өзінің ерекше сүйетін, ертеде өзге біреулер ұрлап кеткен Аппақай атты ақ көгершіні келіп, оң иығына қонып алған екен. Жақұттай жалтылдаған мөлдір көзімен бұған елжірей қарап, сөйлеп қоя берді.


-Көркемтай аға! Сен әлі-ақ жазылып кетесің. Сені жазатын бір қуатты күш бар.


-Өй, аузыңа май, астыңа тай, айналайын Аппақай!


-Сен үлкен суретші боласың.


-Оны қайдан білесің?


-Білдім. Сен жасанды бояумен сурет салмауың керек.


 


-Енді не істейін?


-Сол табиғаттың өз қойнауынан шыққан бояумен сурет салуың керек.


-Ондай бояуды қайдан табамын?


-Сонау биік таудың баурайында, мөлдір бұлақ басында тұратын Шебер Ата бар. Өзі емші, өзі күйші, өзі ұста, өзі дана адам. Қолына тигенінің бәріне жан бітіретін қасиеті және бар.Жанға дауа, дертке қуат ғажап бояу жасаудың құпиясын сол біледі. Соған хат жазыңызшы. Асыл Атаның сенің тілегіңді орындайтындығына сенемін. Сол бояулармен сурет салсаң, сөз жоқ, жазыласың! Олардың құдіретті қасиеті сені ғажайып суретші етеді.


Көркемтай айтылған әңгіменің не екенін ұқпай, аз шаққа абдырап қалды. Көзін ашып алды. Апыр-ау, өңі ме, түсі ме? Шынында да ашық тұрған терезе алдында баяғы жоғалып кеткен ақ көгершіні отыр.


-Өй, Аппақай! Қайдан келдің?! –деді әрі таңырқай, әрі елжірей үн қатып. Ол ұшып келіп, тізесіне қонғанда, іші еріп сала берді. Басынан, арқасынан сипап, бетін бетіне басты. Лүп-лүп соққан кіп-кішкене жүрегінің дүрсілі жұп- жұмсақ болып естіледі.


-Аппақай десе! Жаңағы айтқаның рас па?! Көгершін рас дегендей, басын изеді.


-Міне, қызық! Сен менің айтқанымды түсіндің ғой деймін. Аппақай басын тағы изеді.


 


-Ендеше мен әдемілеп хат жазайын. Сол хатты Шебер Атаға апарып бересің бе?


Кенет Аппақай: «Иә!» - деп дауыстап жібергенде, Көркемтайдың көзі ұясынан шығып кете жаздады...


2.  ШЕБЕР АТА МЕН АҚҚАНАТТЫ ҚЫЛҚАЛАМ


Ақ көгершін мөлдір бұлақ басына жеткен соң, оны екі-үш айналды да, шағын ауласындағы жазғы ұстаханасында отырған Шебер Атаның алдына Көркемтайдың хатын әкеліп тастап, өзі кері ұшып кете барды.


Шебер Ата тосыннан ұшып келіп, хатты әкелген ақ көгершін соңынан аңтарыла, таңдана бір қарап алды да, бүктеулі қағазды ашып, оқи бастады.


«Ассалаумағалейкүм, аса ардақты, құрметті Шебер Ата! Мен - жап-жас баламын. Он екіден он үшке енді аяқ бастым. Бірақ тосыннан жабысқан кеселден мүлдем жүруден қалып бара жатырмын. Түнде түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Менің сүйікті Аппақай деген көгершінім осы дерттің емін бір тапса, Сіздің ғана табатындығыңызды айтты. Сіз табиғаттың өз нәрінен, өз қойнауынан шыққан дүниесінен әрі ғажап, әрі емдік бояу жасайды екенсіз.


Менің өмір сүргім келеді, мен де өз қатарларым секілді ойнағым, күлгім келеді.Оқуымды одан әрі жалғастыруым керек. Әлі оқылмаған, көңілге тоқылмаған кітаптармен сырласуым қажет. Жан дүниемді тебірентіп, жүрегіме сыр ұялататын жырларды жаттауды армандаймын. Осыған көмектесіңізші, Ата! Мен Сіздің бояуыңызбен сурет салуды арман етемін. Алпамыс, Қобыланды, Тарғын сияқты батыр да дана бабаларымды, Жібек пен Баяндай апаларымды бояу тілімен сөйлетіп, қалың жұртты тамсандыратын ғажайып суреттер салсам деймін! Туған елімнің табиғатын, дарқан даласын, асқар тауларын, өзендері мен көлдерін, сүйікті халқымның елін сүйген ерлерін, аяулы қыздарын кейіпкерлерім етсем деймін. Бар үмітім Сізде, асыл Ататай! Көркемтай балаңыз».


Ақсақалдың көңілі босап, елжіреп, көзіне жас алды. Біраз уақыт аң-таң халде отырды да, өз-өзінен күбірлей сөйлеп: «Менің талай заттар жасағаным, жансызға жан бітіргенім рас. Бірақ адам жанына, дертіне ем болатын бояу жасап көрмеппін-ау», - деді.


Ол самайын қасып, ұзақ ойланды. Сырлы бояуға байланысар не жасағанын еске түсіруге тырысып көрді. Бірақ ойына орайы келер ештеңе орала қоймады...


Сәлден кейін тұсында ілулі тұрған сүйікті серігі қоңыр домбырасын қолға алып, жүрек қылын қозғар қоңыр күйдің бірін шертіп, күйлетіп, ой орманына түсіп кетті. Сана төрімен сан түрлі суреттер, оқиғалар өтіп жатты. Бір кезде күтпеген жерден әлдене қалықтай ұшып келіп, қарттың қасына қонды. Шебер Ата ә дегенде абдырап қалып:


-Өй, Аққанат! Қайдан жүрсің? – деді.


-Ата, ұстазын ұмытқан, мені дүниеге келтірген Сіздей жанды ұмыту – күнәнің үлкені емес пе?! Күйіңізді тарта түсіңізші. Мына бір күйіңіздің әуен- сазы бұрынғы күйлеріңізден мүлдем бөлек  ғой.


 


-Өй, ақылыңнан айналдым, Аққанатым! – деп қарт ризалығын білдірді. – Иә, рас, бұл - бұрынғыдан сәл өзгешелеу күй. Мә, мына хатты оқышы. Бар жайға сонда қанығасың.


Хатта жазылған жайға қаныққан Аққанатты Қылқалам:


-Мен де сондай бір сырлы, өзіме шабыт берер тамаша бояуды армандап жүрген жоқпын ба. Өзіңіз мені жасап, иығыма қанат қондырып, көкке ұшырарда: «Енді өзіңе лайық сырлы бояу жасап берем», - демеп пе едіңіз Соны асыға күтіп жүргенімді ұмытып кеттіңіз-ау деймін, - деді. Сонда қарт маңдайын ұрып:


-Ойбай-ау! Солай ма еді?! Бұл қарттық дегенді қойсайшы!


- Ататай, енді мені былай қойғанда, Көркемтай үшін барынша асығуымыз керек-ақ екен. Менің де кездейсоқ біреудің қолында емес, осы өнерді бар жан-тәнімен сүйетін адамның қолында, қамқорлығында болғаным жақсы емес пе!?


-Ал мына айтқан ұшқыр ойың үшін мен саған шын ризамын, Аққанатым! Шынында да, қай шебер өзі жасаған бұйымының салдыр-салақ, жауапсыз адамның қолына түскенін қалайды дейсің?!


-Иә, солай. Сіз өткенде Нұрстан деген кіп-кішкентай, ақылды, тапқыр бала жасағанмын деген едіңіз.


-Солай деп пе ем?


-Иә.


-Оу, Аққанат-ау, ұмытшақтық дегенің үндемей келіп, тосыннан ұрынатын ұры ма деймін. Нұрстанның өзі кеше осында келіп, қонып жатқан. Айналайын-ау, өзі бар ғой, тіп-титімдей, шынашақтай болып, кешке дейін тыным таппайды. Бәрін білсем, бәрін көрсем, бәрін өз қолыммен ұстасам деп бір орында тағат тауып отырғанын көрмеймін. Өзі де әбден шаршап жатқан болар.


-Ә, солай ма?


-Айтпақшы, Сіз оған ұшатын қанатты ат жасап жатырмын деп едіңіз ғой.


-Иә, оны кеше кешке аяқтап, жасап біткенмін. Тап қазір жатқан бөлмесінің алдында тұр. Ұйқыдан тұрған соң бір-ақ көрсін деп отырмын, - деп қулана жымиды да: -Осы сен онымен әлі жолықпаған екенсің ғой, – деді.


-Жоқ, ата.


-Ә, онда кешір, бар кінә менде. Әй, бұл қарттық дегенді қойсайшы!


-Ататай-ау, олай демеңізші. Әлі он саусағыңыздан өнеріңіз тамып тұрғанда, қарттық келді деп ойламаңыз! Шебер Ата қарқ-қарқ күліп:


-Айналайын Аққанат! Мені қартайтпай, жасартқан ниетіңе мың рақмет. Енді сендер ешнәрседен тауларың шағылмаған жас түлексіңдер. Мүмкін, сен Нұрстан екеуің   бір амал табарсыңдар. Миларың жас, ойларың алғыр ғой. Ана Көркемтайдың хатындағы табиғат туралы айтқан сөзінің жаны бар-ау деймін,-деді Аққанатқа ойлана қарап.- Мен де қарап қалмаспын. Есімнен шығып кетпей тұрғанда, сол бояуды жасайтын заттарды тауып, қолыма тигізіңдерші. Сосын ойланып көрейік.


Аққанат Атаның өзіне артқан сеніміне риза болып:


 


-Ата, ақылыңызды құп алдым. Көркемтай айтқан   ойлар    менің де көкейімнен шығып тұр.


-Ендеше екеуің әбден ойланып, қабырғаларыңмен кеңесіңдер!


-Құп, Ата!


3.  НҰРСТАН МЕН АҚҚАНАТ


Нұрстан тәтті ұйқы құшағында жатқан еді. Кенет әлдененің қозғалған дыбысын естігендей болды. Көзін ашып алды. Ол өз көзіне өзі сенбей қалды. Ашық тұрған терезе ортасында инелікше ақ қанатын қағып тұрған Қылқаламды көрді.


Жіп-жіңішке аяқтарына іліп алған кіп-кішкентай шелек – тобатайы бар. Сүп-сүйір, жүп-жұмсақ ұшын гүлдің қызғылтым басына сүйкеп-сүйкеп алады да, тобатайға еңкейеді.


-Өй, сен кімсің? Мұнда не істеп жүрсің? – деп, көзін уқалап-уқалап алып, таңдана үн қатты.


-Ал тал түске дейін ұйқыны соғып жатқан сен өзің кімсің? Нұрстанның аузы ашылып қалды.


-Мен Нұрстанмын.


-Сен Нұрстан болсаң, мен Аққанатты Қылқаламмын. Бойын енді жиған Нұрстан:


-Енді не істеп жатырсың? Гүлде нең бар? – деді.


-Сондай да сұрақ бола ма? Гүлден іздеген затымды тауып, жинап алып жатырмын.


-Оны қайтпексің?


-Оның сырын саған айтар жайым жоқ.


-Немене, сонша құпия ма?


-Әрине, құпия. Көрінген мен көлденең кездескенге сыр аша берер жайым жоқ.


-Сонда да айтсаңшы енді ынтықтырмай?


-Сеніскен дос болсаң айтар-ақ едім, сенің сырыңды білмеймін ғой.


-Мен қандай жағдайда да, достыққа татитын жанмын.


-Адалдыққа берік болсаң ғана бар құпиямды ақтарамын.


-Бәріне де берікпін.


-Ұзақ сапарға ше?


-Оған да сенімді серікпін.


-Күтпеген жайт, қым-қиғаш қиындықтар кездессе ше?


-Тәуекел түбі -желқайық, өтемін де кетемін.


-Паһ, деген! Тауып айттың. Сөзің көңілден шықты.


-Сөзім мен ісімде алшақтық бола қоймас.


-Сөзің нық, ісің мықты болса, құба-құп.


-Оған қам жеме, Аққанатты Қылқалам!


-Ендеше не тұрыс бар? Аттанайық сапарға!


-Бағытымыз қайда?


-Көңіл ауаны қай жақты қаласа, сонда.


-Ал кеттік.


-Кетсек, кеттік.


 


-Кеткенде жаяу кетпейсің. Сыртта саған арнап Ата жасаған қанатты пырақ тұр. Мінесің де, менімен бірге ұшасың.


Аққанатты Қылқалам қанатын бір қақты да, сыртқа ұшып шықты.


Нұрстан есік алдына шыққанда, өз көзіне өзі сенбеді. Тура босағада көз жауын алғандай күміс қанатты, бір меңі жоқ аппақ ат тұр. Мұны көргенде, Күмісқанаттың танауы делдиіп, аяғымен жер шарпып, кісінеді де, күнге шағыла жалт еткен күміс қанаттарын қағып-қағып жіберді. Үстіндегі ерінің өзі ерекше сұлу екен.


-Ал, Нұрстан, Пырағыңа мін. Жолға шығамыз. Мына кішкене тобатайды еріңнің басына іліп ал.


Оның көзі тобатай ішіне түсіп кетті. Түбінен қызғылтымдау әлдененің жұғыны көзге шалынды.


-Мынау не?!


Қылқаламның көздері күлім қағып:


-Ашылар сыр, айтылар жыр алда! Ал кеттік! – деп көкке көтерілді.


4.  АЛҒАШҚЫ САПАР


Тыпыршып тұрған Күмісқанатты Пырақ та биікке көтеріліп, гулей жөнелді. Бетті желпіген салқын самал жанға сондай жайлы екен. Нұрстанның қуанышында шек болмады. Кең дүниеге бар даусымен: «Мен Нұрстанмын, мен бақыттымын! Мені көрдіңдер ме? – деп айқайлағысы келіп кетті.


Олар биік таулы алқапқа тақанып келе жатты. Тау баурайы қып-қызыл қызғалдақтармен көмкеріліпті. Айнала дүние алқызыл, алып кілемге ұқсап жатыр.


Мұндай сұлу көрініске Нұрстан қайран қалды. Екі беті бал-бұл жанып, Аққанатқа қарады. Ол Нұрстанға қиғаштай көз тастап, төменге қонуға белгі берді.


-Ер басындағы тобатайды алып кел. Бағана менің құйғанымды төгіп таста. Өзі тым сұйқылтым, түсі солғын екен. Оны мына дала қызғалдақтарымен толтырайық. Тек сабағын тастап, тостағанша қауашақтарын ғана аламыз, - деді Аққанат.


Нұрстан қызғалдақ қауашақтарын жүгіре жүріп жинады. Тобатай лезде



  • ақ толды.

-Енді кері қайтамыз.


-Қайда?


-Қайда?! Шебер Атаның үйіне де! Аққанат үнінде жұмбақ сыр бардай. Қарт екеуін жымия күліп, қуанып қарсы алды.


-Қалай, балапандарым! Бір-біріңмен жақсы танысып үлгердіңдер ме?


-Иә, Ата.


-Ә,   көп   жасаңдар.  Бірліктерің   берік болсын,  татулықтарыңа   сызат түспесін! – деп бата тілек айтқанда, екеуі шын ықыласпен бет сипасты.


-Ал, кәне, тобатайларыңда не бар екенін көрейік, - деп ер басына қол созды.


-Өй,   айналайындар,   жарайсыңдар!   Көкейдегімді   дәл   тауыпсыңдар. Мынадан алаулаған алқызыл тамаша бояу дайындайтын болдым, - деп,


 


әжімді жүзі ерекше нұрланып, шуақ шашқан жанарымен екеуіне сүйсіне қарады.


Нұрстан шыдамсызданып:


-Ата, ол бұл бояуды не істейсіз? – деді.


-Ә, бұл жайдан әлі хабарың жоқ па еді? Аққанат, серігіңе айтпаған екенсің ғой. Ол жымиып күлді де, оның ынтықтырған сұрағына тұшымды жауап берді. Көркемтайдың жайын білген Нұрстан мұңайыңқырап қалды...


Ата аз уақыт орнаған көңілсіздікті сейілткісі келген Ата:


-Енді Көркемтайдың тағдыры біздің қолымызда. Бәріміз сол үшін барынша жұмылып, бар ынтамен жеделдете қимылдайық. Сендер енді демалыңдар. Ертең таң азаннан сапарға аттанасыңдар...


 


5.  ҚАЙЫРЫМДЫ ҚҰСТАР ҚАМҚОРЛЫҒЫ


Таңертең Шебер Ата ұстаханасына кірді де, кешегіден аумайтын алты тобатай алып шығып, Күмісқанаттың ерінің басына ілді.


-Қызылдарың өте дұрыс болды. Енді екеуің осы алты тобатайға алты түрлі бояу жасайтын қажетті гүл, өсімдіктерді тауып, алып келіңдер. Егер көңілімнен шықсаңдар, онда менің де, Көркемтайдың да алғысына бөленесіңдер. Істерің оңынан оралсын. Сәт сапар тілеймін! - деді тебірене сөйлеп.


Екеуі ұзақ ұшты. Бір кезде алыстан жалтырап көл көрінді. Айналасын көмкерген жап-жасыл шалғынды алап алыстан менмұндалап тұр. Сол шалғын арасынан көгілдір көркі көз арбаған қоңыраугүлдердің қалың шоғыры назарға шалынды.


Аққанатты Қылқалам қуана айқайлап жіберді.


-О, алақай, іздеген жоғымыздың екеуі тап осы жерден табылатын болды!


-Нұрстан, тобатайларыңды ал. Сен анау жап-жасыл бояқтай болып жатқан шалғын арасынан жалқын жасыл жапырақ, өсімдік түрлерін жинай бер. Ал мен қоңыраугүлдерді жинайын.


Сәлден кейін күтпеген жерден ерке мінезді Наурызкөк ұшып келіп, Қылқаламның қатарына қонды да:


-Мен саған көмектесейін бе? – деп, жәутең көздерімен қарады. Қылқалам:


-Ой, Наурызкөк, сен бізді қайдан тауып ала қойдың? – деп таңданып қалды.


-Бағана екеуің ұшып бара жатқанда, әңгімелеріңді құлағым шалған болатын. Содан сендердің соңдарыңнан ұшып келдім.


-Ой, рақмет, Наурызкөк! Кәне, анау қоңыраугүлдерден теріп, мына тобатайды толтыруға жәрдем ет. Бұларға тақана берген Нұрстан Қылқаламның қасындағы көңілді жүрген көгілдір құсты көріп, оған сүйсіне қарады. Сол сәтте Наурызкөк Нұрстанның иығына ұшып барып қонды да:


-Нұрстанның жинаған жапырақтары тамаша екен! - деді көңілдене шықылықтап. Аққанат та тобатайдағыны көріп:


-Шебер Ата шын қуанатын болды, - деді жүзі нұрлана.


-Лайым қуана берсін!


 


-Ал, Наурызкөк, көмегіңе көп рақмет! Біз одан әрі кетеміз. Іздейтін жоғымыз әлі алда, - деді Қылқалам.


-Қош, сау болыңдар! Жолдарың болсын! Наурызкөк көркем көл жағалауын қуалай, лыпи ұшып жөнелді.


Екеуі ұшып келе жатып бір-біріне:


-Енді сарыны қайдан табамыз? – деді жарыса тіл қатысып. Кенет, қайдан шыға келгені белгісіз, бұлардың қатарына Сарғалдақ торғай келіп, бір бүйірден қосылды.


Ол құйқылжыған үнімен әуезді әнін әуелете төгіп-төгіп жіберді де:


-Тап қазір Наурызкөктен не іздеп жүргендеріңді естідім. Сендердің іздеген сарыларың тап менің түсімдей ме? – деді.


-Иә! Иә! – деді екеуі көңілдене әрі таңдана.


-Ендеше, менің соңымнан қалмай еріңдер, - деп, алға ұзап, ұшып кете барды. Қанаттары күнге шағыла сары алтындай жарқ-жұрқ етіп, бұлың- бұлың етіп ұшып бара жатқан Сарғалдақтан екеуі көз жазбай келе жатты.


Алыстан шағын ауыл көрінді. Одан әрірек қол созым жерде сап-сары болып көрінген күнбағыс алқабы назарға ілікті.


-Аққанат, Аққанат, қарашы! Қандай әдемі! – деп Нұрстан Пырағын тежей берген.


Сарғалдақ атыз шетіндегі айтабақтай күнбағыстың үстіне қонып алып, құйқылжыған әнін төгіп- төгіп жіберді де:


-Міне, сары бояу үшін қанша алсаңдар да жетеді, - деп, емежарқын үн қатты.


-Рақмет    саған,   Сарғалдақ!   Қанатың   талмасын,   өмірің   солмасын. Сайраған үніңмен айналаңды қуанта бер! - деді Нұрстан. Сарғалдақ риза қалыпта, көкке көтеріліп, бұларды бір рет айналды да, әрі ұшып кете барды...


Екеуі енді ақ бояу жасауға лайық алапты іздеуге шықты. Ұзақ ұшты. Көз жетер жерден ақ бояуға лайық ешнәрсе шалына қоймады. Аққанат алысты нұсқап, ақша бұлттарға назар салды. Нұрстан оған онша мән бере қоймағандай.


-Бәрінен де ақ бояуды табу қиын болайын деп тұр-ау, - деді Нұрстан.


Дәл сол кезде көл бетінен көтерілген қос аққу қалықтай ұшып, бұларға қатарласа берді де:


-Сарғалдақ айтқан хабардан бар жайды білдік. Анау тау баурайында өскен қалың орманға барыңдар, - деді де, өздері әрі қарай ұзай берді.


Аң-таң екеуі аққулардың айтқан бағытын бетке алып, солай қарай бұрылды. Әлден соң орманның үстіне жете бергенде:


-О, алақай, аппақ қайыңдарды қарашы! Қарашы, қандай әдемі өздері! – деп, Нұрстан шаттана дауыстады.


Аққанат ерекше қуанып:


-Көктен іздегеніміз жерден табылғаны қандай жақсы болды! Қап жаңағы аққуларға рақмет те айта алмай қалдық қой! - деді кішкене өкінгендей.


Нұрстан пырағынан түскен бетте орманның қақ ортасында тұрған ең әдемі, ең биік, ең көрікті қайыңды емірене құшақтады да ақырын сыбырлап:


 


-Ақ қайың, сен қандай керемет сұлу едің! Аққу құстың көгілдіріндей көркіңе кім ғашық болмаған?! Бізге аппақ бояуыңнан көмек берші, - деді толқи сөйлеп. Тұла бойы тебіреніп кеткен ақ қайың ажарлы ақ бояуын бұның тобатайына мейірлене құйып берді. Сол кезде қайың бұтағында қонып отырған Бұлбұл құс сайрап ала жөнелді. Бойды шымырлатқан, құйқылжи төгілген сұлу саз екеуін еріксіз елітіп әкетті.


–Ойпырым-ай, мұндай да керемет үн болады екен-ау! – деді еріксіз таңданып. Бір кезде Бұлбұл:


-Көркемтайдың тез сауығып кетуіне тілектеспін! – деді нәп-нәзік үнмен тіл қатып. Нұрстан:


-Мәссаған, Көркемтайдың жайын қайдан білуші едің? – деді.


-Оған таңданатын ештеңе жоқ. Мен кейде сендерді жасаған Шебер Атаның домбырамен тартқан күйлерін жиі барып, тыңдап тұрамын. Ол кісі шебер ғана емес, тамаша күйші ғой. Сол күйлерді тыңдағанда, жаным жай табады. Өзім қанша құйқылжытып, талайдың таңдайын тамсантқан ән салсам да, тап Атаның тартқан күйіндей тіл жетпейтін сұлу сазды еш әлемде кездестірген емеспін,- деді тебірене.


-Рақмет, Бұлбұл құс! Ата күйін ұғына білгеніңе мың алғыс!


-Десек те Көркемтай туралы айтсаңшы,– деді Аққанат құмарлық сезіммен.


-Бүгін таңертеңгілік Ата күйін тыңдауға ұшып барғанмын. Оның жайын сендер сапарға шығайын деп жатқандарыңдағы әңгімелеріңнен естіп білдім ғой.


-Біз сені неғып көрмедік? – деді Нұрстан.


-Мені қайдан көресіңдер? Мен сендерден де кішкентаймын ғой. Өзім ән салғам жоқ, тек Ата күйін ләззаттана тыңдау үшін барғанмын.


-Мәссаған! Міне, қызық!


-Ал, достарым, сапарларың сәтті болсын!


-Рақмет, Сандуғаш! Ақ ниет, ақ пейіліне бас иіп, алғыс айтамыз! Бұлбұл үні тоқтасымен екеуі көкке көтерілді.


Ендігі қалғаны қоңыр бояу мен қара бояу еді. Бұларды табу оңай бола қойған жоқ. Екеуі әр тұсқа көз салып, әр тарапқа шарлай ұшты. Әлден уақытта бұларға қарсы ұшып келе жатқан Қоңыр қазды кездестірді. Нұрстан қуанып кетіп:


-Аспандап ұшқан, Қоңыр Қаз, Алдыңнан тусын жайсаң жаз. Асығып ұшып барасың,


Біздің жайға назар сал, - деп өлеңдетіп жіберді. Қоңыр Қаз кілт бұрылып, бұлармен қатарласа берді де:


Аққанат пен жас бала, Үн қаттыңдар жасқана. Қандай шаруа қыштады,


Ұшатындай аспанға? – деді.


Өз кезегінде Нұрстан да іле өлеңмен жауап қатты.


-Айналайын, Қоңыр Қаз,


 


Бізге сенсең - уақыт аз. Қоңыр түске лайық,


Гүлдер тапсаң – көңіл мәз! Қоңыр Қаз кідірген жоқ:


-Жүр еріңдер соңымнан, Оралар жұмыс оңынан. Жағасы өзен көк шалғын,


Табамыз қоңыр молынан, - деп, екеуін су жайылған алаптағы күреңсе мен өлең шөптің қалың ортасына әкеліп қондырды. Күмісқанат Пырақтың көзі жайнап кетті. Таң азаннан бері тынымсыз ұшып, ашқұрсақ болғандығын енді сезгендей. Күнмен шағылыса жалт-жұлт етіп, теңіздей толқыған күреңсе мен раңға құшырлана бас қойды.Балпаң-балпаң басқан Қоңыр қаз күреңсе мен өлең шөптің қоңыр бастарын қызу жинауға кіріскен екеуіне өзі де жәрдемдесті.


Тобатайларын толтырып алған екеуі Қоңыр қазға рақмет айтып, ұшуға ыңғайлана берген. Сол мезетте нәзік үнмен шиқ-шиқ еткен Қарлығаш бұлардың төбесінен зу етіп, әрлі-берлі өтті де, әрмен ұшып жөнелді. Аққанат тез көтерілді де, оның соңынан:


-Қарлығаш, Қарлығаш! Менің сөзіме құлақ салшы! – деді қатты дауыстап.


-Сен кімсің? Мен сені танымаймын ғой, - деді Қарлығаш ұшысын баяулатып.


-Мен Аққанатты Қылқаламмын. Біздің Шебер Атамыз Нұрстан екеумізді бояу жасайтын өсімдіктер іздеуге жібереген. Барлығын таптық. Сен бізге қара бояу жасайтын өсімдік табуға көмектесесің бе? - деді.


-Неге көмектеспеске. Мен ұя салған үйдің ауласында қарақат пен қара жидек екеуі қатар өсіп тұр. Солардан ал, - деді.


-Қарлығаш, Қарлығаш! Сенімен серіктесіп бірге барайыншы.


-Жарайды, жарайды.


Онда Нұрстанның Пырағының ерінде ілулі тұрған тобатайымды алайын. Сәл аялдай берші... Ол Нұрстанға асығыс бұрылып: -Әзірге осында бола бер,



  • деді.

6.  АТА ЖӘНЕ БОЯУЛАР ҚУАНЫШЫ


Нұрстан мен Аққанат екеуі Ата қонысына көңілді оралды. Шебер Ата екеуінің жинап әкелгендерін көргенде балаша қуанды.


-Енді екеуің жақсылып демалыңдар. Мен сендер тұрғанша барлығын дайын қылып қояйын. Анау Пырағың да біраз тыныстасын, шаршаған шығар...


Таң атты. Шұғылалы шуақ айналаны әсем нұрға бөлеп тұрды.


Шебер Ата жеті түрлі бояу жасап, оларды әп-әдемі, шап-шағын сүйкімді сауыттарға құйып қойыпты.


-Ататай, Сізге мың рақмет! Бояуларыңыз тамаша екен! – деді екеуі.


-Енді бұларды Көркемтайға тезірек жеткізіп берулерің керек. Жүзі жайнаған Нұрстан алақанын соғып, алақайлап жіберіп: -Ол қатты қуанатын болды! – деді. Ата жымиған қалпы ұстаханасына беттеді.


 


Бір кезде Аққанат күлім қағып:


-Нұрстан десе, маған бір тосын ой келіп тұр,- деді.


-Ол қандай ой?!


-Біз осы әр бояуға ат қойсақ қайтеді? Оларды түстерімен атап шақырғаннан көрі, әрқайсысына лайық ат беріп, асқақтата атасақ, жарасымды болмай ма?


-Ойың дұрыс-ақ. Пікіріңді қос қолдап қолдаймын. Қайсысына қандай ат қоямыз? Бұған Көркемтайдың да қуанатыны сөзсіз, - деді Нұрстан риза пішінде.


Бояулар бұл тосын ойды естігенде, бір-біріне жымың-жымың етіп қарасты.


Ақ бояу дереу тіл қатып:


-Менің атым кім болады? – деді.


-Сәл ойланайық, шыдай тұр, - деді Нұрстан.


-Шыдайтын не бар?! Аспандағы ақша бұлт болсам, асқар шыңдағы аппақ қар болсам, құс төресі аққу болсам, бейбітшілік құсы ақ көгершін болсам, маған ат қою қиын емес қой, - деді қызулана сөйлеп. Ақ бояуға Нұрстан риза пішінмен қарап тұрды да:


-Сенің атың Ақшаңқан болсын! – деді.


-Оһо, дәл таптың! Қылқалам айқайлап жіберді. Сол кезде көк бояу тағатсызданып:


-Ал мен болсам ше?! Көкпеңбек аспанның, көгілдір таудың, өзен, көлдердің көркін келтіретін мен емеспін бе?! Бұл дүниеде көк аспаннан биік не бар? – деді сәл-пәл өктемсігендей үнмен.


-Ендеше сенің есімің Заңғар болсын! – деді Қылқалам Нұрстанға қарап.


Ол ықыластана бас изеді.


Сары бояу да шыдай алмай, тықыршып тұр екен.


-Ал мен ше?! Сап-сары алтын күннің баласы емеспін бе?!. Дүниеде күннен артық не бар?! Менің сендердің барлықтарыңнан қай жағынан болса да жолым үлкен. Немесе ақ жаулықты апалардың буын бұрқыратып, сап- сары қылып пісірген қасиетті нанын қай адам қадір тұтпайды?!.


Нұрстан мен Қылқалам екеуі қосарлана күліп, бір ауыздан:


-Онда сенің атың Шуақ болсын! – деді. Сары бояу Ақшаңқан мен Заңғардың қатарына тұра қалды.


Қызыл бояу бойын көтеріп, тіл қатты.


-Біле білсеңдер, дүниеде менен сұлу бояу жоқ. Көктемде ен даланы аралаңдаршы. Қырдың қызыл қызғалдақтарына кім сүйсінбейді! Қыздардың көбі қандай түсті қадір тұтады? Мейрам, мереке күндерінде ілінген сан түрлі жалаушылардың ішінде елдің көзіне бірінші түсіп, назарын да аударып, алаулап тұратын менмін. Шие, жеміс-жидектер ше? Оларды кім сүйсініп жемейді. Қып-қызыл қызанақтарсыз, алмаларсыз дастарқанның сәні кіре ме? Жоқ, кірмейді! Таңертең шығыстан қып-қызыл болып алаулап ататын, кешке қып-қызыл болып бататын күннің түсі қандай!?


Нұрстан төкпелей, көсіле сөйлеген қызыл бояуға қарап:


 


-Сен өзің нағыз шешен екенсің-ау! Қазір-ақ өз атыңды өзің тауып қойған жоқсың ба!? Бұдан былайғы сенің атың Алау болады! - деді.


Бұдан соң Жасыл бояу асықпай, байыппен сөз бастады.


-Мен сендерге ұқсап, артық мақтанбай-ақ қояйын. Бүкіл көктем, жаз көркін көз алдарыңа елестетіңдерші. Жасыл жайлау, жалпақ орман, байтақ дала көркіне көз салып көрдіңдер ме? Маған ат қоярда осы естеріңнен шығып кетіп жүрмесін, ағаларым!


Қылқалам Нұрстанға күлімсірей қарады да:


-Айтары жоқ, бүкіл дүниені сенің қатысуыңсыз елестету мүмкін емес. Сенің табиғатың дарқан, ерекше екені бәрімізге мәлім. Сенің есімің Жайсаң болсын! – деді.


-Оһо, Жайсаң деген шынында да ғажап қой. Жаңа атауың құтты болсын, бауырым! – деді Нұрстан.


Кезек Қоңыр бояуға келді. Ол тықыршып, өзіне қандай есім бұйырарын білгісі келіп, алаңдаулы халде тұрды. Оның осы көңіл күйін тез байқаған Нұрстан әңгіменің алдын алды.


-Бүкіл жер әлем, топырақ, тау, тастың барлығының түсі қоңырға тән. Бар әлемді, жан-жануарды аялатқан Жер-Анаға тең келер ешкім жоқ. Саған лайық атты мына Аққанатты Қылқалам айтсын,- деді.


Ол сәл ойланып тұрды да:


-Бәрінен де күшті, бәрінен де мықты ат бар. Ол- Толағай. Ертеде ел қиыншылыққа ұшырап, жер қурап, сулар тартылып, халыққа апат төнгенде, Толағай деген батыр шығып, алыстан бір алып тауды орман, тоғай, бұлағымен, жаңбыр, бұлтымен арқалап әкеліп, апатты аймаққа қондырған екен. Сөйтіп елін аман сақтаған дейді. Саған Толағай аты лайық, - деді Қылқалам.


-Өй, рақмет, рақмет! Асқақтар ат қойғаныңа шын ризамын. Тапқырлығыңа тәнтімін. Айнала тұрғандар да Нұрстан да Қылқаламның тауып қойған атына, келтірген дәлеліне шын риза болысты.


Нұрстан Қара бояудың тағатсызданып, бір орында тыпыршып, қозғалақтап тұрғанын тез аңғарды.


-Барлықтарың білесіңдер, қаһарына мінген қыстың бетін қайтаратын - көктем айы. Сол көктемнің алғашқы хабаршысы қараторғай емес пе? Ал сол қараторғай секілді көктем жаршысы ұзақ қарғаны қайда қоямыз? Тіпті тоңған елді жылытып, отбасын берекелі ететін, пешті қыздырып, қақаған аяздың зәре-құтын қашыратын қайсар мінезді отын - қара көмір емес пе?! Тіпті берісі қай-қайсыларымыз да қарапайым сурет нобайын салғанда, жай сызғанда қара қарындашты пайдаланбаймыз ба?


-Иә, солай.


Ендеше мұның аты Қайсар болсын дейік. Қалай қарайсыңдар?


-Құп аламыз. Табылған ақыл! – деп, бояулар шу ете қалысты. Барлығының көңіл-күйлері орнығып, жайдары қалыпқа түсті. Тек


Ақшаңқан ғана, неге екені белгісіз, бұртиыңқырап тұрды.


-Енді ертең сендерді мына Қылқалам бастап, мен қоштап, Көркемтай деген балаға алып барамыз.


 


-Ол кім, ол кім? Не үшін бізді оған алып барады? Нұрстан бар жайды кеңінен түсіндіріп айтқанда,бояулардың көңілдері көтеріліп, мәз-мәйрам болып,масаттанып қалды.


7.  АТА РИЗАЛЫҒЫ


Ұстаханасында бұлардың әңгімелеріне құлақ қойып, тыңдап отырған Шебер Ата Нұрстан мен Қылқаламның тапқырлығы мен ақыл ойларына дән риза болып отырды. Әңгіме аяқтала бергенде, ақырын аяңдап, бұларға тақанды. Ол келгенде, екеуі сәл-пәл қысылыңқырап тұрды.


-Жарайсыңдар! Өте ризамын екеуіңе! – деді. Бұл шынайы көңілден шыққан мақтауды естігенде, екеуінің төбесі көкке екі елі жетпей қалды. Шебер Ата тамағын кенеп қойып, жұмсақ, қоңыр дауысымен әңгіме бастады.


-Енді бүгіннен бастап барлықтарың мына Аққанатты Қылқаламның бауырындағы балапандарымыз деп есептей беріңдер. Мен бар өнерімді салып, сендердің әрқайсыларыңның бойларыңа ерекше емдік, ғажап қасиет ұялаттым. Көркемтаймен тіл табысып, достассаңдар, көсегелерің көгеріп, көркейетіндеріңе бек сенемін. Оның кеуде көтеріп, аяғынан тұрып кетуіне бәріміз тілекші болып, атсалысайық, - деді Шебер Ата. Ол одан әрі сөзін жалғады.


-Ал, Аққанат, енді бар жауапкершілік сенің мойныңда. Мен іздеген, сен іздеген жоқты табуға бар күшімен болысқан Нұрстан мен оның Күмісқанат Пырағына да айтар алғысымыз шексіз, Ал бүгін жақсылап демалыңдар, -деді де, ұстаханасына қарай беттеді. Нұрстан Пырағымен шалғайдағы кішкентай үйіне қарай ұшып шықты.


8.  КҮТПЕГЕН ОҚИҒА


Аққанат бояулардың қасында қалды. Ол ертеңгі күнді ойлап, әрлі-берлі дөңбекшіп ұзақ жатты. Көркемтайдың қолына тигеннен соңғы сәттерді көз алдына елестетті. Ақ қағаз бетінде әсем де сырлы бояулардың құлпыра үндесіп, көрер көзге қуаныш, жүрекке жыр, сезімге сыр сыйлайтын суреттердің өмірге келер сәттерінің бақытты куәгері болатын кезді аңсады. Шалқар шабыттың шуағына шомылып, аяғына тік тұрып, құр аттай шауып кететін күн тез туса деп армандады. Оң жақ қанатта жатқан Алау мен Ақшаңқан, Жайсаң мен Заңғар, Толағай мен Қайсар, Шуақтар да ара-тұра күбірлесіп, кейде өзара сыбырласып, сөйлесіп жатты.


Аққанаттың көзі ілініп кетті.. Бір кезде қатты дауыстан селк етіп, оянып кетті. Ақшаңқанның дауысы қаттырақ шығып жатыр екен.


-Өзіңнің қап-қара түсің де сондай сүйкімсіз. Оныңмен қоймай, тыпыршып, тыныш жатпайды екенсің. Әрі таман жатшы. Үстімді бүлдіресің. Өй, қара қарға секілді қап-қара болған неме!


-Не үшін мені сүйкімсіз деп сөгіп жатырсың? Немене, қара қарға сүйкімсіз құс па еді?! Біле білсең, ертедегі адамдар қара қарғаны пір тұтып, тәңірдің, құдайдың елшісі деп атаған. Керек десең, ол құстардың ішіндегі ақылды құс болып саналатынын білсең еді!


-Қайсар десе, көп сөйлемей-ақ қоя қой! Ол ертегіңді өзгеге айт. Мен көп ақылгөйсігенді тіптен ұнатпаймын. Және ондай қияли әңгімеге еш сенбеппін де.


 


-Сену-сенбеу - сенің еркіңдегі нәрсе. Ал қарлығаш деген қандай құс? Адамды пана тұтып, үйге, үй маңына ұясын салады. Түсі қара деп, адамдардың ешқайсысы оларды үйден қуаламайды ғой!


-Ол бірыңғай қара емес, бауыры ақ қой.


-Енді, міне, сенің ұсталған жерің осы. Егер мен болмасам, сен болмасаң, қарлығаш қалай бейнеленбекші?! Құр дауласып не керек?! Одан да тыныш жат.


Ақшаңқан тұтығып, үндемей қалды.


Екеуінің дауын үнсіз тыңдап жатқан Қылқалам сөйлеуге оқтала берді де, Қайсардың айтқан дәлелін құп көрген соң, араласуды жөн көрмеді. Қайтадан жатты.


Қылқалам кіжілдескен, бір-біріне өкпе артып, ренжіскен дыбыстан тағы да оянып кетті.


-Мен ешқайсыңа тиіскен жоқпын. Сен үшеуің туралы тіс жарып, ештеңе дедім бе? - деді біреуі кейи сөйлеп.


-Ей, Толағай, сенің түсің соншама бір көңілді түс емес қой. Мына біздерді айтсайшы. Мысалы мен қып-қызыл болып, көздің жауын алып, елдің бәрін қызықтыра аламын!


Аққанат даулы әңгімеге еріксіз араласпасқа болмайтынын түсінді.


-Әй, балапандар! Бағана Қайсардың айтқан сөзінен соң дау тудырудың қажеті жоқ еді. Қайсар, саған көп рақмет! Орынды айттың, тауып айттың. Бірақ сондай оңды ақылды тыңдайтын құлақ керек. Бәріңе айтар кесімді сөзім біреу-ақ. Сендердің ешқайсыларың да жеке-дара әрекет ете алмайсыңдар. Қандай сурет салынса да, бір-біріңмен септесіп, үндесіп, араласып өмір сүресіңдер. Сонда ғана салынған бейне жанды әрі сәнді болады. Оның сырын мына менен артық білмейсіңдер. Сондықтан кейбірлеріңнің құр кеуде соғып, жалған мақтанға салынғандарың, әрқайсыларың өздеріңді өздерің бір-бірлеріңнен артық санауларың ұят болады. Ертең өзі дімкас, өзі науқас Көркемтайға барғанда, өзара жоқ нәрсеге таласып, шат-шәлекейлерің шығып жатса, ұят болмай ма?! Сендерден күтіп жүрген үлкен үмітін тас-талқан етсеңдер, оны одан әрмен ауру қылатындарыңды түсінесіңдер ме?! Мұндайды қойыңдар. Бірлік бар жерде, тірлік бар екенін естен шығармаңдар.


Бояулар Аққанттың сөзін үнсіз тыңдады. Қайсардың қыбы қанып, жаны кіріп жатты. Толағайдың арқа-басы кеңіп, кеуде кере тыныстады.


-Ал бәрің артық әңгімені доғарыңдар да, демалыңдар, - деді де, Аққанат қайта жатып, демалуға кірісті.


9.  ЗЫМСТАННЫҢ ҚАСТАНДЫҒЫ


Осы кезде түн баласы көз ілмейтін сұр қанатты Зымстан алқаракөк аспанды шарлап, шарқ ұрып жүрген еді. Әрі саққұлақ, әрі тынымсыз, әрі бүлдіргі Зымстанның даудың шеті қайдан шықса, сол жаққа елеңдеп отыратын ұнамсыз, құйтырқы мінезі бар-ды. Ол сол түні бояулар жатқан үйдің төбесінен ұшып өтіп бара жатқан еді. Құлағына кежілдесіп, әрі тарт та бері тарт, керқайсаң, даулы әңгіменің жаңғырығы жеткенде, қуанғанынан алақанын ысқылап, үй маңына дыбыс шығармай, шусыз қонды.


 


Ақырындап, мысықтабандап келіп, үй сыртынан, терезе тұстан тыныс тартып, тың тыңдады. Екі көзі шоқтай жайнап, көктен тілегені жерден табылғандай тақиясын аспанға атты. Қылқаламның қатаң ескертуінен соң үн- түнсіз жүрелей отырып, олардың қалың ұйқыға енер сәтін шыдамсыздана күтті. Ұйқыға кетті-ау деген кезде аяғындағы қайқыбас кебісін шешіп қойды. Содан соң қалтасының бір қуысына үнемі тастамай, тығып салып жүретін, кез келген тіршілік иесін ұйықтатып тастай алатын ақ ұнтақ салынған кішкентай құтыны қолына алды. Сол қолына аузында сырғыма баулы тор қалтасын, оң қолына ұнтағын алып, жартылай ашық тұрған есіктен ішке баспалай енді. Түн қожасы Жарқанаттан да өткір жанарымен шағын бөлме ішін тінте қарады. Қайсар мен Толағай шеттеңкіреп, Аққанатқа тақау жатыпты да, қалғандары бір-бірімен, иық түйістіріп тығыз жатыпты. Зымстан бәріне ақ ұнтақтан шымшымдап сеуіп шықты да, Аққанаттың тұсына келгенде, ойланып тұрып қалды. Тор қалтасы өте кішкентай еді. Ана жатқан жетеуіне орын жеткенмен, бойы биік Аққанаттың сыймайтындығын ойлағанда, іші қазандай қайнап, бармағын тістелей берді.


-Қой, болмас! Аналарды жинап алып жатқанда, оянып кетіп, масқарамды шығарар! Аққанаттың басына ұнтақтан молдау етіп септі де, дәрінің барынша әсер етер кесімді мезгілін тағатсыздана күтті. Көкірегінде күдік те жоқ емес. Әлдебірі әйтпесе Аққанат оянып кетіп жүрсе ше?.. Жүрегі дүрсілдеп кетті. Межелі уақыт өтісімен, тор қалтасына топырлатып, шалажансар, масаң халдегі бояуларды тоғытты.


Сыртқа шығысымен «уһ» деп терең демалды. Содан соң қалтаны мойнына іліп алып, көкке зу етіп көтерілді де, құздың қуысындағы құпия ұясына бет түзеді. Осы мезетте көкейінде бір күдіктің төбесі қылтиды. «Қап, жаңа Аққанаттың қанатын бүктеп салып ала кетуім керек еді-ау!»... Қайта оралуды ойлады да, ол ниетінен тез айныды.


10.  ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛУ


Аққанат мең-зең күйде жатты. Бүкіл денесін қорғасын салмақ жаншып тастағандай. Не болғанын түсінбегендей, дел-сал күйде біраз отырды. Күн құрық бойы көтеріліп қалыпты. Атып тұрып, жан-жағына қарады. Айнала құлаққа ұрған танадай жым-жырт.


Серіктерінің бірі жоқ. Көзі ұясынан шығып кетті. Сыртқа атып шықты.


«Не сұмдық болды, апырым-ау!? Нұрстанға не бетімді айтамын!? Ішке асыға кіріп, қанатын сыртқа ала шықты. Ойы – Нұрстанға жету. Есіктен шыға беріп, иығына қанатын іле бергенде, көкжиектен Күмісқанат Пырақтың ноқаттай бейнесі назарға шалынды.


Ол не қуанарын, не жыларын білмей, екіұдай көңіл күймен тұрып қалды. Ә дегенше Нұрстан да Күмісқанатын қалықтатқан күйі қона берді. Ол


Аққанаттың жүзіндегі алабұртқан, алаңдаулы қалыпты жіті байқады.


-Ой, Аққанат, не боп қалды!? – деді үрейлене. Ол тілі байланғандай сазарып, аз тұрды да:


-Не болғанын өзім де білмеймін. Бәрі із-түзсіз, жер жұтып кеткендей зым-зия жоқ. Қайда екенін білмей, басым қатып тұр, - деді.


 


-Не дейді!? Нұрстан бір орнынан шырайналып, сылқ етіп, табалдырыққа отыра кеткен Аққанатқа шошына қарады да: -Сен оларды ренжітіп қойған жоқсың ба?! – деді аз-кем ренішін жасыра алмай.


-Жо-жо-оқ! Ол кекештеніп қалды да, іле-шала: -Ренжітетіндей ешнәрсе деген            жоқпын.  Тек   түнде   өзара   бір-бірінен   артықшылықтарын  айтып, керілдесіп жатқанда, ақылмен басу айтып, сабырға шақырғанмын. Десе де қатты айтып, көңілдеріне тиетіндей ештеңе дегенім жоқ, - деп ақтала сөйледі.


Бірақ құпия ақ ұнтақ туралы айтудан жасқанды. Бірақ ішкі түйсігі бар бәленің сол ұнтақтан келгендігін сезінген-ді. Алайда кімнен келгендігі беймәлім.


-Ата біле ме?


-Жоқ, білмейді!


-Онда неге тұрмыз? Жабыла іздейік! - деді. Үйдің маңын, аяқ жетер алапты Нұрстан жаяу шарлады. Қылқалам қанатын киіп, жақын аймақты шолып шықты. Көзге ештеңе ілінбеді. Ізім-қайым жоқ. Нұрстан теңселіп, басын шайқай берді.


-Енді Көркемтайға не бетімізді айтамыз!? Оның бар арманы-үміті бізде еді ғой. Атаның көз майын тауысып жасағандарынан бір сәтте айырылып қалып, масқара болып қалмасақ, - деп ішкі күдігін жасырмай, күңірене сөйлегенде, көз жасына ие бола алмады. Аққанатты Қылқалам өзін қоярға жер таба алмай, есеңгіреген халде болды.


Нұрстан әрлі-берлі теңселіп жүрді де қойды. Саусақтарымен маңдайын шеңгелдей қыса ұстап, біраз отырды да, орнынан атып тұрып:


-Іздеуіміз керек, табуымыз керек! – деп кесіп айтты да, Пырағына мінді.


-Шу, жануар! Ол көкке қалықтай көтерілді. Аққанат та ілесе ұшты.


Көңілге алған алаптың барлығын екеуі адақтап шықты. Іздегенге ілік етер тұстардың ешбірінен із, белгі  қайқалмады.


11.  ҚАРЛЫҒАШ ШАПАҒАТЫ


Екеуі де шаршап, түбінде бұлағы бар үлкен шынар ағаштың түбіне келіп тыныстады. Әрі жолсоқты, әрі желсоқты болған Нұрстан көлеңкеге жатқанда, көзі ілініп кетті... Құлағына шиқ-шиқ еткен құстың сүйкімді үні естілді. Көзін ашып алды. Өткендегі Қарлығаш. Ол шынар ағашты бір айналып келді де, қасына қонды.


-Қайдан жүрсіңдер? Тағы да бояу жасайтын шөп іздеп жүрсіңдер ме? – деді.


Нұрстан болған жайды айтты. Қарлығаш Аққанатқа көз тастап еді, ол ләм-мим деместен көзін төменшіктетіп әкетті.


Елгезек үн қатқан Қарлығаш:


-Онда мен өздеріңе көмек еткен құстардың барлығын шақырайын, сөйтіп бірігіп іздейік. Сендер ешқайда кетпеңдер, бәрін осында келтіруге күш салайын, - деді де ұша жөнелді.


Ең алдымен Наурызкөк, іле-шала Сарғалдақ, қатарласа ұшып қос Аққу жетті. Қоңыр қаз бен Қарлығаш ең соңынан ұшып келді.


 


Нұрстан өзін қоршай қонған қамқор құстарға тосын болған оқиғаны қинала баяндағанда, олар өз өкініштерін білдіріп, бастарын күйзеле шайқасты.


Осыдан соң барлығы бір ауыздан әр тарапты бетке алып, жоғалғандарды жабыла іздеуге аттанады. Алайда кешқұрым барлығы дерлік шынар ағаштың түбіне салдары суға кетіп, көңілсіз оралды. Қанат қарымы жетер жердің бәрін шарлағанмен ештеңе көзге түспепті. Нұрстан мүлде есеңгірегендей халде отырды да, орнынан тұрып кетті. Жылға бойындағы жайылып жүрген Пырағының мойнына маңдайын тіреп, мұңайып ұзақ тұрды.


Бір кезде құстардың біреуі:


-Қарлығаш қайда? Қарлығаш қайда? – деді.


-Кеш батып кетті ғой. Қараңғыда неғып кешігіп қалды екен?


-Мүмкін, жоқты тауып, бері жеткізе алмай жатқан шығар?


Әр құс әрқалай жорамалдың шетін қылтитып жатыр. Нұрстан ауыр күрсініп, бұлақ басына қайта келіп, үнсіз отырды. Барлығын көңілсіздік басты.


Екі Аққу бір-біріне мұңая қарап, ақырын ғана:


-Егерде бояулар табылмаса, Көркемтай мәңгілік жазылмайтын шығар, - деді. Бұлардың сыбыр әңгімесін құлағы шалып қалған Қылқаламның тамағына өксік тығылып, көзінің алдына жас іркілді.


12.  ҮКІ МЕН ҮМІТ


Қас қарайып, көз байланып қалған шақта әлдене бұлың етіп, бүк түсіп отырған Нұрстанның алдынан зу ете қалды да, шынар ағашты екі-үш айналып келіп, оның иығына қонды. Қарлығаш екен. Құстардың барлығы:


-Ой, мынау Қарлығаш қой! Қарлығаш қой! – десті. Нұрстан да, Қылқалам да бойларын тіктеп алды. Ентігін әлі басып үлгермеген Қарлығаш:


-Қазір осында Үкі ұшып келе жатыр. Ендігі үміт сонда, әдейі шақырдым,



  • деді.

-Не, ол біле ме екен?!


-Саған бірдеңе айтты ма?


-Бір хабар шеті шығып тұр ма?!


Жан-жақтан қаумалай қойылған сұрақтарға Қарлығаш жауап беруден жалтарып:


-Өзі де келіп қалар, - деді. Ауызды жиып алғанша болған жоқ, Үкі келіп, шынардың төменгі бұтағына қонды да, сөзді бірден бастап кетті.


-Болған жайдың бәріне қанықпын. Сендер жоқтарыңды күндіз әбден шарлай іздеп, таба алмаған екенсіңдер. Көркемтайдың тағдыры үшін қам жеген Нұрстан үшін, Қылқалам үшін, барлықтарың үшін мен түнгі жорыққа шығуға бел будым. Түнде ұрланған болса, түнкезбе, жырынды қулардан келіп тұрған қылмыс секілді. Нар тәуекел! – деп, кері қарай ұша жөнелді.


Барлығы «уһ» деп, арқаларынан ауыр жүк түскендей жеңілейіп қалды...


Үкі түнгі алқаракөк аспан астын ұзақ шарлады, тынымсыз шарлады. Өз қонысынан жырақтағы қуыс, жыра-жықпалдарды, адыр, жота, қырқа, қабақ, сайлардың барлығын барлай ұшты. Содан келіп, оқшаулау тұрған аса биік


 


жартасқа іргелес бір серек тастың төбесіне қонып, жан-жақтан тың тыңдады. Шырылдаған шегірткелер үні, тіршілік қамымен әрлі-берлі жүгірген түнгі жәндіктердің алашапқын қимылы, қозғалысы, бұталардың сыбдыры үкі құлағына үздіксіз, тынымсыз жетіп жатты.


13.  ҮКІНІҢ ЕРЛІГІ


Кенет... Кенет...


-Менің атым Зымстан! Мен -Зымстанмын. Сендердің ешқайсыларыңды босатпаймын. Нұрстанның да, Қылқаламыңның да мен үшін көк тиындық құны жоқ. Көркемтайларың кім?! Төсекке таңылып жатқан күйі жата берсін. Маған десе, өлмесе өмірем қапсын! Соны жазамыз, аяғынан тұрғызамыз деп, анау екі есалаң сендерді әлгі қақбас шалға жасатқан ба?! Кеше ана бойы сорайған Қылқаламды қақ белден бір теуіп, омыртқасын опырып, қабырғасын қаусатып кетуім керек еді!! Уақыттың тығыз болғаны, - деп тістене, зілдене, тілінен зәр төге сөйледі.


-Ағатай, Зымстан, бізді үйшігімізге қайта апарып салшы!


-Нұрстанға да, Аққанатқа да еш айтпаймыз!


-Бұл жерде Атаның еш кінәсі жоқ!


-Көркемтай төсекке таңылып, бізді асыға күтіп отыр ғой!



  • Кәне!Тоқтат! Өй, сүмелек немелер! Өздеріңді быт-шыт қылып таптап, жандарыңды қазір-ақ жаһаннамға жіберейін бе осы, а! – деп ақырғанда, жылау аралас шулаған дыбыстан құлақ тұнып кетті.

Үкі серек, шомбал, жақпар тастар арасымен дыбыссыз қалқи ұшып, бой таса қылып, Зымстанның ұясына тақанды. Тас тасасынан сақтықпен алға көз тастады. Бойы екі қарыс, жалбыр шашты бірдеңе екен. Кішкене қуыстың аузында қос қолын бүйіріне таянып, талтайып тұрып алған. Үкіге жон арқасын беріп тұр.. Шидиген қисық сирағының арасынан әрлі-берлі сеңдей соғылысқан бояулар көрінеді.


Олардың арасынан екеуі алға ентелей, өңмеңдей ұмтылғанын көрді. Бірақ Зымстан екеуін қосқабаттап бір теуіп, шалқасынан сұлатып түсірді. Қуыс ішінің азан-қазаны шықты.


-Ей,    мына     біреулерің     қайтпайтын     қандай     жексұрындар     еді!


Мойындарыңды жұлып алайын ба осы!? - деп ақырды.


Арғы жақтан:


-Қайсар, қатты тиді ме? Толағай, немене, ауырып қалды ма? – деген жанашыр үндер қабаттаса естілді.


Сол сәтте Үкі оқша атылып, қуыс аузында тұрған Зымстанды шеңгелдей бүріп алды да, аяқ-қолын тырбаңдатып, көкке көтеріп алып кетті. Не болып, не қойғанын ұқпай қалған қамаудағылар аз шаққа тілдері байланғандай болып тұрып қалды да: «Алақай! Алақай!» - деп, қуана шулап қоя берді...


Үкі сол ұшқаннан ұшып отырып, таң қылаң бере Зымстанды шынар ағаш маңына алып келді. Қос қанатын топшысынан үзді де, Нұрстанның алдына әкеліп тастай салды. Зымстан барлыққан, қарлығыңқы ащы даусымен айналаны жаңғырықтырғанда, құстардың барлығы шошып оянды. Күмісқанат Пырақ үркіңкірей барып, осқырына кісінеп жіберді.


 


-Ұрың осы екен. Аты - Зымстан. Қонысы – биік жартастағы қуыс . Ал, кәне, менің соңымнан еріңдер. Жоқтарыңның қамалған орнын көрсетейін, - деп қайта ұша жөнелді.


Бұл тосын жаңалыққа барлығының жүректері жарыла қуанды. Қарлығаш, Қос Аққу, Наурызкөк, Сарғалдақ, Қоңырқаз- барлығы дүрк көтеріліп, Үкі соңынан самғай ұшты.


Нұрстанның көзінен қуаныш жасы шығып кетті. Ол Қылқаламға қарап:


-Сен ана құстармен бірге барып, бояуларды алысып кел. Мен Көркемтайға жетейін.


-Ана залым Зымстанды не қыламыз?


Нұрстан алдында дірдек қағып, топшысынан жылымшылап қан аққан Зымстан оған жалынышты түрмен жаутаң-жаутаң етіп, жалтақтап қарай берді.


Сол кезде Қылқалам тістеніп, тепсініп, Зымстанды итше тепкілегісі келіп, тұра ұмтылып еді, Нұрстан оның алдын кес-кестеді.


-Үкімін Үкі кессін! Анау бояуларға жасаған қысастығын, қатыгездігін өз көзімен көрген екен. Онсыз да топшысы үзіліп, қанаты қайырылып қалыпты ғой, - деп тоқтау айтты да, Пырағына қарай беттеді. Аққанат көз ұшында топтанып кетіп бара жатқан қамқор құстардың соңынан самғай жөнелді.


14.  СҮЙІНШІ!


Нұрстан Пырағымен ұшқан күйі Көркемтай жатқан бөлменің ашық терезесінен ішке енді.


Пырағынан домаланып түскен бойда бар даусымен айқайлап:


-Сүйінші, Көркемтай аға! Сүйінші! Сүйінші! - деп, оның тізесіне секіріп мінді. Қуаныштан екі беті бал-бұл жанады.


Сіз әлі-ақ жазыласыз! Қазір Аққанатты Қылқалам барлығын бастап алып келеді. Енді сол Қылқаламмен Сіздің салған ғажап суреттеріңіз әлемді шарлайтын болады. Сіз аяғыңызға мінесіз! Мынау әлемді шарлап, көңіл қошыңыз қанғанша сурет салатын боласыз. Шебер Ата жасаған ғажап бояуларға тіл бітіріп, сұлу тілмен сайрататын боласыз, Көркемтай аға! – деп жүрекжарды қуанышын тоқтаусыз ақтарып жатты...


Біршама уақыт өткен. Бір кезде ішке асыға ұшып кіріп, кереует басына қонған Ақ Көгершін лағыл тастай жарқ-жұрқ еткен көздерін еркелете аударып, күр-күрлеп алды да:


-О, алақай! Алақай! Аққанатты Қылқалам барлық бауырлас құстарды бастап ұшып келе жатыр! – деді шаттана дауыстап. Сөйтті де шыған биікке шырқай көтеріліп, алуан өнер, қимылға сала билеп, көк аспанның ажарын кіргізді. Үлкен қуаныштың ерен лебін сезінген Нұрстанның Пырағы да Ақ көгершінмен бірге ілесе көтеріліп, күміс қанатын анда-санда бір сермеп, қыран құстай қалықтап ұшып жүр.


Көркемтай ашық терезе алдына ақырын жүріп барды.


-Кіп-кішкентай бауырым, Нұрстан! Саған үлкен рақмет! Сені жасаған Шебер Атаға мың сан рақмет! Оның көзінен қуаныш жасы парлай ақты.


Сол кезде терезе түбіндегі алма ағашының арасынан Бұлбұл сайрай жөнелді. Төкпелетіп, сорғалатып, құйылдырып, құйқылжытып салған әні


 


Көркемтайдың тал бойын дүр сілкінтті. Осы сәтте денесін басқан зілмауыр қорғасын салмақ жеңілдеп сала берген. Ол баққа тесіле қарады. Кіп-кішкене бозғылтым құстың сұлбасы көз аясына әрең ілікті.


-Қарай көр мынаны! Айналайын, Бұлбұл құс сен қайдан келіп қалдың?! – дегенде:


-Қуанышыңызға әрдайым ортақпын, Көркемтай аға! Бақытты болыңыз!


Мен сүйіншілеп Шебер Атаға жетейін! - деді сергек үн қатып.


Сонадайда ашық аспанға аңтарыла қарап қалған анасы бір кезде үйге жүгіре жөнелді.


-Иә, жасаған! Иә, тәңірім! Шапағатшы болғайсың, шын қамқоршы болғайсың! – деп әлсіз дауыстап, егіле жылап келе жатты.


ххх


Түнгі болған оқиғадан бейхабар Шебер Ата көзіне қолын көлегейлей, күн сала қарап, Күмісқанат Пырақ мінген Нұрстаннан асыға хабар күтуде. Ақ сақалын салалы саусақтарымен сипап қойып, іргедегі қоңыр домбырасына қол созды. Күндердің күнінде Көркемтай жазылып келсе, бұған қайткен күнде де соғатынын біледі... Егер осында келіп, бұның тартқан күйлерін көкейіне ұялатса, оның салған суреттері мүлдем жанданып, ғажайып болатындығына бек сенген халде отырды. Домбырадан жаңа бір күйдің, өзгеше күйдің әуені төгіле берген. Тап осы мезетте сүйіншілей асыға жеткен Бұлбұл құс домбыра басына келіп қонған-ды...


ххх


Шынар түбінде қалған Зымстан топшысы үзілген қос қанатын сүйретіп, сонау жер түбіндегі жартастағы ұясына кетіп бара жатса керек. Оған жетті ме, жетпеді ме, ол жағы беймәлім. Биіктегі ұясына қанатсыз қалай шығатынын әлі ешкім болжап, біле алмайды. Бірақ жандәрмен қылып, жанталасып жүрсе де, әлі сол улы ұнтақ салған қалтасын жанынан тастамайтын әдетінен еш жаңылмағанға ұқсайды.


2013 жыл.





Пікір жазу