КӨЗІЛДІРІКТІНІҢ ӘЛЕГІ
Көзілдірікті теріс айналып, есіккке бұрыла берген. Сол мезетте ағаш сөредегі сап түзеп тұрған түсті қарындаштарға көзі түсті.
- Мынау не сұмдық?! Қара Қарындаштың көзін жойып, мынадай бәле жасауға кіріскенсіңдер ме? Мыналарың ел көрмеген сұмдық қой! – деді де,
сөреге жетіп барып, сап түзеп тұрған қарындаштарды қолына алып, сыртқа жүгіре шықты. Шықан бетте ащы дауысы таңғы ауаны жаңғырықтырып,
айқай салды:
- Жендеттер, қайдасыңдар, мұнда келіңдер!
Кекілді Қыз ышқына шыңғырып жіберді. Көзінен аққан қос тамшы жас еденге тамып түсті. Ағасы істің бұлай насырға шабарын ойлап үлгермеген
екен. Сарт етіп жабылған есікке ұмтылды. Бірақ Көзілдірікті құлыптап қойыпты.
- Қап, жауыз-ай, қапыда қалдырдың-ау. – Жүгіріп барды да, есікті бар пәрменімен теуіп жіберді. Есік ілгегі топсасымен қоса жұлынып, шалқасынан түсті. Осы мезетте қылыштарын жалаңдатып, түстері суық қос жендет
бөлмеге кіріп келді. Көзілдірікті барқырап:
- Ұстаңдар мыналарды! – деп жарлық берді. Содан соң қолындағы қарындаштарын әуелете сілкілеп:
- Бұлар елді бүлдіргелі жүр. Қара Қарындаштан бөлек мынадай бояулы
бәлелерді шығарыпты. Мұндайайларды көрген соң, жұрт бет-бетіне лағып кетеді. Елді бүлінді дей бер. Қара Қарындашты менсінбей, қызылды-
жасылды бәлелерге ұмтылатын болады. Жоқ, мен тірі тұрғанда, ондайға жол бермеймін, – деп долыра сөйледі.