АҚ БОЯУДЫҢ ӘЛЕГІ
Ақ бояуды табу бәрінен қиын болды. Осы жағдайды ойлағанда Қара Қарындаштың тұла бойы шымырлап кетеді. Оқиға былай болған еді.
Кеше Ақ Альбом, Кекілді Қыз, Қара Қарындаш – үшеуі ақ бояу іздеп
жолға шыққан болатын. Сөйтіп, басын қар көмкерген биік таудың етегіне түс ауа келіп жетті.
Биікке көтеріле түскен сайын күн салқын тартып, Кекілді Қыздың
желең көйлегі пана болудан мүлдем қалғандай, тісі тісіне тиер емес. Еріндері көгеріп, икемге келмей қалды. Ширақ Ақ Альбомның да жүрісі мандымай
келеді. Оның жүзінен шаршағаны айқын аңғарылып тұр. Жиі-жиі ентігіп, оқта-текте тастарға сүйеніп, тұрып қала береді.
Қара Қарындаштың мына екеуіне жаны ашып кетті. Кекілді Қызға бұрылып:
- Маған құтыны бере тұршы. Мен өзім алып келейін, – деп тіл қатты.
- Жалғыз өзің бе?
- Ия.
- Қорықпайсың ба?
- Жоқ, қорықпаймын. Қазір-ақ барып келемін ғой. Сендер мені осы маңда
күте тұрыңдар, өзі онша алыс та емес секілді, – деді сенімді түрде.
Кішкене құтыны қолына алысымен, Қара Қарындаш жеңіл қозғалып, биікке өрлей жөнелді. Қимылы тым ширақ. Қас қағым сәтте көзден ұзап, ғайып болды.