27.02.2022
170
Қызықпадым күміс пенен алтынға
Қызықпадым күміс пенен алтынға,
Жағымпаздық жасау да жоқ салтымда.
Адамдардың адалдығын аялап,
Қабылдадым кір шалмаған қалпында.
Дана болсаң – сөз ұғармын әр тұлға,
Надан болсаң – жоқ қой ешбір парқың да.
Сараң болсаң – тиыныңды түгендеп,
Қоқыстағы қарғадайын қарқылда.
Туған болсаң – турасын айт, тартынба,
Ағайындық алалықпен артынба.
Болсаң егер жылмаңдаған жағымпаз,
Жарық сүймес жапалақтай жалпылда.
Қызықпадым күміс пенен алтынға,
Ондай әдет болған емес салтымда.
Ей, адамдар, ақ пейілді ақтарып,
Жайма-шуақ жаз күніндей жарқылда.