ЭВРИРОБ ПЕН ДӘУРЕННІҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ
(ПОВЕСТЬ–ФАНТАЗИЯ)
- МҮМКІН ЕМЕС!
Оның қиялының ұшқырлығына елдің бәрі таңданатын.
Өзінің мінезі де былайғы жұрттан өзгешелеу. Кейде сабақ үстінде көзін алысқа қадаған қалпы, ұзақ ойланып отырып қалатын. Былайғы жұртқа беймәлім, бөлекше бір әлем құшағында отыратын қалпын кластастары да, мұғалімдері де жиі байқаушы еді.
- Дәурен! Алысқа кетіп қалдың-ау! Ауылға қарай қайтып оралсаң қайтеді?! Мұғалімнің қамқор үні оны қиял құшағынан қалыпты ортаға қайта оралтты. Ол ағайына көз салды. Бірақ езуіндегі жұмбақ жымиыс табы сол өшпеген қалыпта екен.
Берден ағай тақтаға ілінген плакаттағы көрнекі, бояулы суретті алуан түспен әдеміленген сүйрік таяғымен нұқи көрсетіп, сөйлеп тұр.
-Мысалы, сендер Жерді өте үлкен деп ойлайсыңдар. Ал сол Жер Күннен тоғыз жүз есе кіші. Оның Күнді 365 күнде бір-ақ рет айналып шығатынын білудің өзі де қызық. Соның өзінен-ақ Күннің ғаламат үлкен екенін білуге болады. Ал Күнді айнала қозғалған Жердің жылдамдығын көз алдарыңа еелестетіп көріңдер, - деп Берден ағай сәл іркіліс жасады.
Дәурен тап осы кезде барып айтылып жатқан әңгімеге шын ықылас аударып еді.
-Қандай дейсіңдер ғой ә?
-Иә,иә! – Құмарлық ұшқыны шарпыған көздер мен ынтықтық билеген үндер қатар бой көрсетісті.
-Бір секундта отыз километр жылдамдықпен!
-Мүмкін емес!
-Охо!
-Отыз километр дейсіз бе?
-Иә, отыз километр!
Дәурен көзін жұмды. Ойша өзі тұратын ауыл мен жас қала Кентастың арасының отыз километр екенін елестетті де, соншама қашықтықты Жердің бір-ақ секундта жүгіріп өтетінін таңдана әрі мүлдем таңырқай ойлады. Сонда қалай? Біра-ақ секундта жүгіріп өткені ме?
2. ҒАЛАМАТ
- Міне ғаламат! Ол өзінің әлсіз дауыстап жібергенін аңғармады. Тізбектесе тіркескен ойлар легі бірін-бірі қуалап, әр тұстан андыздай бой көтерген сұрақтар шартараптан жауап іздеп кетті... Неге?Неге?
Сонда қалай? Таулар неге құлап қалмайды? Неге теңіздер шайқалып төгіліп кетпейді? Машина қатты қозғалып кеткенде, біз неге құлап қала жаздаймыз?
Ал Жер секундта отыз километрмен қоғалғанда...
Осы сынды алуан сұрақтар оған төсекке жатқанда да тыншу бермеді. Көпке дейін көзі ілінбеді. Төсекте әрі аунады, бері аунады. Мүлдем сергек тартып алған сана бұқпалап келген ұйқыны кері серпіп тастай берді. Өзгеше бір қиялдар, өзгеше бір армандар сана төрімен қапталдаса жарысып, алыс- алыс кеңістерге жол тартып барады. Олардың жүрдектігі тіптен ерен секілді. Космос көгімен Күнді айнала көз ілеспес жылдамдықпен маңып бара жатқан Жерің де Дәурен қиялының ғажайып шапшаңдығының қасында шабан тартып қалғандай.
Арбаушы ұйқы Дәуренді өз құшағына аялай тартып әкете берді, әкете берді...
3. КҮТПЕГЕН ҚОРҚЫНЫШ
Бәрі де күтпеген жерден басталды.
Дәрен өзен жағасындағы биік талдың түбінде жабайы кептердің қанаты жарақаттанған балапынын қолына ұстап отырған.
-Әй, обал-ай! Қандай оңбаған екен сендердің ұяларыңды бұзған. – Ол қатты дауыстап жіберді.
Ағаш түбінде өліп жатқан балапанға аянышпен көз тасады.
- Шіркін, қолға түссе ғой, сазайын берер едім кім болса да! – деп кіжініп қойды. Ауаны жаңғырықтыра әлдекім ақыра дауыстады.
-Кім? Сен бе саза беретін! Ол селк етіп, жар басына қарады. Бір бүйірін таянып, қолына ұстаған мылтығын көкке көтеріп тұрған бөгде жан назарға шалынды. Басында қайқы жиекті қара қалпағы бар. Беліндегі патрондар салынған оқшантайы суық жарқылдап, көзге ұрады. Қошқар мүйіздене ширатылған қара мұрты мен көзіндегі қара көзілдірік беймәлім жанға бөлекше сұс беріп тұр.
-Мына ақымақтың жаны ашығышын! Ал құстың ұясын бұзған мына мен! Қыларың болса қылып қал, атқан мен, өлтірген мен! Не істей қоясың ә? – деп суық жымиып, зор дауыспен сақылдай күлді.
Дәуренде жауап берер әл-дәрмен қалған жоқ. Төбесінен жаналғыш әзірейілдей төніп тұрған мына сұмдықтан құтылар жолды толық ойлап үлгере алмады.
Кенет әлгінің қолындағы жарқ-жұрқ еткен сұсты мылтық ортасынан қақ бөлініп, опырылып түсті. Қалай бөлініп, қалай болғанын Дәурен де, мылтық иесі де ұқпай қалды.
Қайқы жиекті қара қалпақ егесі есі шыға:
-А-а-а! – деп айқайлап жіберді де, сылқ етіп отыра кетті. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, бәленің қайдан келгенін ұққысы келген сыңайда. Дәурен де абдыраған халден әлі ажырай қойған жоқ-ты.
4. КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ
Осы мезетте өзеннің қарсы бетіндегі кішкеге төбешік төбесінен бойы өзімен тұстас тосын бейнелі тұлға пайда бола кетті. Басының төменгі денесі адам бейнесіне тым ұқсас екен. Басының өзі тым қызық. Дөңгелекше экран
тәріздес бөлекше пішін. Әлгі “Жас техник” деген журналда жиі жолығатын таныс бейнеге қатты ұқсайды.
Дәурен қуана айқайлап жіберді.
- Өй, сен Робот емессің бе? Сен бе ана мылтықты бөліп түсірген.
-Иә, менмін. Бірақ мен Робот емеспін, бірақ Роботыңнан бір кем емеспін.
- Енді сен кімсің?
-Мен бе?
- Иә.
-Мен Эвриробпын!
-Эврироб! Ол деген не?
-Зердең бар баласың. Өзің ойлан! Егер осыны ойлап тапсаң, онда мен сенімен мәңгілік достасамын!
5. ЭВРИ...ЭВРИ...
Дәурен сәл-пәл ойланды да, құлаққа бейтаныс сөздің астарына тез ой жүгіртті. Ішінен “Эврироб”, “Эврироб” деп бірнеше мәрте қайталады. Екі түрлі сөздің бірігуі емес пе деген ой сана төрінен жалт етіп, жүйткіп өтті. Өзге түрлі күдіктер мен тұспалдар да бой көтеріп үлгерген. Эври, Эври!
-Ә, таптым, алғашқы белгі “Эврика” сөзінен шыққан болар. Ал “Роб” сөзі “робот”қой! – деп Дәурен қатты қуана айқайлап жіберді де, артынша:
- Сонда сен тапқыр робот болдың, мен білсем. Сондықтан да сені Эврироб атаған. Осы дұрыс па? – деді ол алғашқы айтқан пікіріне қолдау күткен сыңайда.
- Жарайсың, бауырым. Сен ойымнан шықтың, тапқырлығыңа ризамын, - деп Эврироб төмен түсе бастады.
Дәурен қайқы жиекті қара қалпақ иесінің жер бауырлай, тоңқалаңдай тырбаңдап, ұзап бара жатқанын көрді. Бой түзеп жүруге де шамасы келмегендей. Қаусап жатқан қара мылтығына да қайырылып қарамапты.
6. ТАНЫСУ ЖӘНЕ ТАҢДАУ
Дәурен Эвриробқа қарсы жүрді. Ізгілік нұры ұялаған жүзбен келіп, Эвриробпен қол алысып сәлемдесті.
Саусақтары сәл қаттылау демесең, бүгілу икемі де, қимылы да сондай үйлесімді екен.
Дөңгелек экрандағы жарқ-жұрқ еткен жанарында ерекше елгезектік, ширақтық бар.
- Сенің атың кім?
- Дәурен.
- О, есімің жақсы екен.
Дәуреннің балаң көңілін алаң етіп тұрған бір жай бар. Ол – қара қалпақ иесінің қолындағы мылтықтың қас қағым сәт арасында қақ бөлініп, істен шығуы. Құмарлық ниет құйындвй жүйткіп, білсем деген ынтасы бүйірден түрткілейді.
- Эврироб, сен анау қалпақтының қолындағы мылтықты қалай құрттың, соған таңмын.
-Ол деген түк емес. Мына блокты көрдің бе? – деп кеудесіндегі көгілдір кнопканы көрсетті. Қандай металл, темір болмасын, шоқталған электромагниттік импульсті жіберсем болды, тас-талқанын шығарады.
- Ғажап, өте ғажап!? – деп Дәурен бас шайқай таңданды. Кеудесі толы, бүйірі толы түрлі-түсті кнопкалардың көптігіне және қайран қалды.
- Ал мына бар кнопкалардың да қызметтері бар ма?
-Әрине, бар, - деп Эврироб Дәуренге күлімсірей көз тастады.
7. ЭВРИРОБ АЙТҚАН СЫР
-Сен бұл жақта неғып адасып жүрсің?
-Қашып жүрмін.
-Кімнен?
-Бұрынғы қожайынымнан.
-Неге?
-Мен үнемі бүлдіргі істерге жұмсағысы келетін ниетін байқадым. Ал менің еш жамандық істегім келмейді, - деді Эврироб сәл мұңайып.
-Ол қожайының кім еді?
-Джоис деген бұзатар бала.
-Ол қай жақтың баласы?
-Амелгупа аралында тұрады. Әкесі - сол аралдың билеушісі.
-Сені жасаған кім?
-Сол аралда тұратын Гордон деген жігіт.
- ГОРДОН ДЕГЕН КІМ?
Ол - өте өнерпаз жігіт. Оның білімділігінде шек жоқ. Сан түрлі өнердің сырын терең білетін жан.
Мені жасап шығуы үшін бар күш-жігерін аяған жоқ десем болады. Өзі бір тамаша жігіт. Ойына алған нәрсесін жеріне жеткізе орындамаса, көңілі көншімейді.Мені аяқтап шыққан күнгі қуанышын айтсаңшы. Үйдің бұрышындағы креслоға отырып алып, алақанын шапалақтап мәз бола күлді. Бір кезде жүгіріп келіп, мені құшақтай алып, бауырына қысып, бетімнен сүйді.
- ХХІ ғасырда бұл әлемде саған теңдесер ешқандай Робот болмақ емес және болмайды да! – деді.
Содан кейін аз ойланып тұрды да былай деді:
- Тек сені ақыл-есі аумалы-төкпелі, көз алдындағыдан басқаны көрмейтін көрсоқырдың қолына түсіруден сақтасын. Бірақ қолымнан келгенше сені бөтен қолға түсірмеуге күш саламын, - деп арқамнан сипады.
9. ЗҰЛЫМДЫҚ
Эврироб әңгімесін әрі жлғады.
Дәурен одан әрі не болғанын білгісі келген ынтықтықпен оған тақала түсті.
-Өкінішке орай, - деді де Эврироб сәл кідіріп қалды. -Бұлай болар деп Гордон еш ойланбаған ғой. Мен болсам еш тәжірибем жоқ. Өмірде біреуге
біреу қастандық жасайды деп ойлаған да емеспін. Гордон екеумізді зымиян Джойс деген есік саңылауынан тыңдап тұрыпты.
Гордонның қатты шаршағаны соншалық, сол отырған креслосында қорылдап, қатты ұйықтап қалды. Түн ортасында дабыр-дүбір дыбыстан селк етіп, шошып ояндым. Бастарына темір каска киген еңгезердей-еңгезердей төрт жігіт Гордонды байлап-матап тастапты. Қарны қабақтай, қара ала костюм киген ботқабет Джойстың әкесі Сумбарито Гордонның иегінен алтындаған имек таяғымен түртіп:
-Кәне, шыныңды айт! Шыныңды айтпасаң, жаныңды жаһаннамға жіберемін. Мына Джойстың айтқаны рас болса, бүкіл әлемде сен жасаған роботтың еш теңдесі жоқ көрінеді. Қане, қандай өнерің бар, соның сырын айт! – деп тұр екен. Гордон ашудан түтігіп кеткен.
-Мырза, мен роботты аяқтай алған жоқпын. Оның қандай өнері бар екенін өзім де әлі айқын білмеймін.
-Жоқ, білесің. Кәне, шыныңды айт!
10. ДЖОЙСТЫҢ КУӘЛІГІ
Тап сол сәтте бір тасадан Джойс шыға келді.
-Өтірік айтады, әке! Өз құлағыммен естідім,- деп шар ете қалды. Гордон Джойсқа жиіркенішпен жалт қарады. Ол міз баққан жоқ.
-Рас, рас! Неге өтірік айтасың?! “Әлемде теңдесі жоқ”, деп айтқаның ақиқат.
-Оны қайдан естідің?
-Есіктің саңлауынан.
-Тфу, жексұрын, алаяқ!
Сумбарито таяғымен Гордонның шекесінен қатты нұқып қалып:
-Тіліңе ие бол. Абайлап сөйле! Түрменің төрінде шірітемін, - деп зекіді.
11. ҚАТЕРЛІ СӘТ
Джойстың әкесі екі полицейге әмір етті:
-Кәне, ана роботты бері әкеліңдер!
Менің зәрем зәр түбіне жетті. Екі көзім жыпылықтап, Гордонға қарадым. Ол маған тік шаншыла қарап тұрды. Мен де оның қас-қабағын қалт етпей бағып тұрмын. Бір кезде ол екі көзін қатар жұмып, белгі беріп үлгерді. Онысы мені бойымдағы барлық қуатты әр бөлек әрекет ететін имупльстарды қосатын тетіктерді өшір дегені еді. Олар менің оң аяғымның ішіне құпия орнатылған болатын. Онсыз менің ғажайып қасиеттерімді ешкім пайдалана алмайтын. Ал мына кнопкалар күнделікті тұрмысқа ғана қажет. Барып кел, алып кел, доп ойнау, жүгіру, тағы басқалар еді.
Қос полиция қолтығымнан алып, Сумбаритоға жетелей жөнелгенде, өкшемдегі қосқышты шапшаң ажыратып жібердім. Сонда ғана Гордонның маңдай тері бұрқ етіп, уһ деп жеңілдегенін аңғардым.
12. АЛҒАШҚЫ САБАҚ
Сумбарито маған тақалып келіп, жүзіме күлімсірей қарады.
-Мүмкін, бар құпияыңды өзің айтарсың! – деді. Мен тіс жарып үндеген жоқпын. Арқанмен шаңдып тасталған Гордон мысқылдап мырс етті де:
-Мырза, ол сізбен сөйлесетін адам емес қой, - деді.
-Оны мен сенен сұрамаймын, - деп ашулы көзбен Гордонға жалт бұрылды.
-Еркіңіз білсін! – деді Гордон. Байқаймын, өң-ажарыңда қобалжу табы бар. Қанша дегенмен, менің бойымдағы кнопкалардың қарапайым болса да, әр бөлек қызметі бар ғой. Соларды бұлардың басуы әбден мүмкін еді.
Сумбарито мен Джойс екеуі мені сипалап көре бастады. Баласында мүлде ес жоқ. Сумаңдаған қолы бүйір, кеуделерімдегі кнопкаларды сипалап, түрткілеп жүр.
-Әкетай, біреуін басып көрсем қайтеді, - деді үздіккен үнмен.
-Әй, балам, сыры мәлім емес қой, сындырып алып жүрерміз, - деді.
-Кнопка басқанға да сына ма, әке?
-Басып көрейінші.
Сумбарито бір шешімге келе алмай, тайсақтап тұр. Джойстың осы мезеттегі жанарындағы жалынды көрсең ғой. Оны тілмен жеткізу мүлдем қиын.
Қай конпканы басар екен деп мен де қобалжып тұрмын. Гордонға қарасам, оның жүзінде абыржудың түк белгісі жоқ, мүлдем сабырлы қалыпты.
-Жарайды, баса қойшы біреуін, тіпті болмадың ғой, - деді.
Джойс қуанып кетті де, оң бүйрегімдегі сары кнопканы сырт еткізді. Мен бар даусыммен шырқата жөнелдім. Құмарлыққа толы, жігерге,
ыстық сезім өртіне толы ғажайып ария шағын зіл ішін кернеп кетті.
Джойс селк ете қалып, шегініп кетті. Әкесінің таңданысын ауызбен айтып беру мүлдем мүмкін емес. Төрт полецейдің аузы аңқиып қалыпты.
Бір кезде Сумбарито алақанын шапалақтап, алақайлап билей жөнелді.
-Мынау ғажап қой! Бұл деген керемет қой!
Ол жүгіріп барған бетте баласын құшақтай алып, құшырланып сүйе бастады.
-Ой, айналайын, жарқыным менің! О, жаным менің! Бұның бәрі сенің арқаң! Әйтпесе бұндай тамаша затты мынау сияқты алаяқ біздің қолымызға өлсе тигізер!
-Ғажап ән! Ғажап дауыс! – деп баласын бауырынан ажыратып, бас шайқай берді.
Есі шыққан баласы бұрынғыдан бетер даурығып:
-Папа, тағы біреуін басып жіберейінші, енді не істер екен? – деді.
-Жо-жоқ! Сенің кезегің бітті, ендігі басу кезегі - менікі! Былай тұр! – деп баласын кері ысыра берді.
13 АЛАМАНТАСЫР ОҚИҒА
-Былай тұр! Бы-лай! – деп Сумбарито мырза баласын шынтағымен шетке қақты.
-Мынаның өлеңін қалай тоқтатсам екен? – деп желкесін быртық саусақтарымен қасып қойды. Менің ән ырғағына орай, қол созып, қимыл жасағаныма жасқана қарайды. Дегенмен де түйсігі жүйрік қумүйіз екен, сол сары кнопканы қайта басты. Менің әнім кілт тыйылды.
-Ә, түсіндім! Түсіндім! Сен, алаяқ, айтпасаң да, мынауыңның сырын өзіміз-ақ ашып аламыз, - деп қоқиланды. Сұқ саусағымен шекесін жеңіл қасып қойып:
-Қайсысын бассам екен, ә! – деп біраз тұрды.
-Әлі-ақ біздің алдымызда құрдай жорғалап қызмет істейтін боласың, - деп болашақ күнді де ойлап қойып тұр.
-Қайсысын бассам екен, ә?
-Папа, қызылын басыңыз!
-Жоқ, жоқ!
Әйтпесе жасылын басыңыз!
-Жо-жоқ! Сен қоя тұршы алдымды кес-кестей бермей. Одандағы осы қарасын басып көрейін.
Сумбарито сәл-пәл кідірді де, сол бүйрегімдегі қара кнопканы басып қалды. Бұдан кейінгісін өзім де білмеймін. Оң қолым Сумбаритоның жағына сарт ете қалды. Ол теңселіп барып, құлай жаздады да қаша жөнелді. Қуалап келіп бердім. Қадам бастырғам жоқ, қорбаңдап бара жатқанда, май басқан бөксесінен теуіп-теуіп жібердім. Етпетінен құлап, қайта түрегеліп, қаша жөнелді. Джойс Гордонның тасасына тығылды. Төрт полицей естері шығып, қолдарын ербеңдетіп, бір бұрышқа үйіліп қалды.
-Ойбай, өлтірді, мынаны ұстаңдар! – деген Сумбаритоның айқайын естуден қалғандай. Біреуі сәл батылдау болса керек, ентелей келіп, артымнан қапсыра құшақтамақ болды. Желке тұсымнан жете бергені сол еді, қол сыртыммен қайырыла ұрдым. Бір жамбастай ұшып түскенін көзім шалды. Сумбарито жалынышты үнмен Гордонға айқайлады:
-Гордон, бауырым, мені құтқар! – Ентелей келіп Гордонның аяғына етпеттей құлады.
-Ендеше мені босаттыр!
-Босатыңдар. Төрт поицейдің басшысы қынынан пышақ алып, арқанды қиып-қиып жіберді. Босанған Гордон маған тиісті белгі бергенде барып, ұрыс қимылын тоқтаттым.
14. КЕЛІСІМ ШАРТ
Сумбарито ентігін баса алмай біраз тұрды. Үрей ұялаған көзіне қараудың өзі біртүрлі күлкілі еді.
Ол Гордонға мәймөңкелей сөйледі.
-Гордон, менің қателігімді кешір! Мен сенің алдыңда кінәлімін! Сенің мұндай өнерпаз екеніңді кеш түсіндім. Бұрын тілім тисе, кешір, - деп өтінді.
Гордон ақкөңіл жан ғой, ол Сумбаритоның сөзінен кейін оған аяушылық сезіммен қарағандай болды.
-Жарайды, кештім. Бірақ бір шартым бар. Соны тыңда, - деді.
-Ол қандай шарт? – деп қорбаң ете қалды Сумбарито.
-Ол шартты тыңдамас бұрын мына төрт полиция сыртқа шығып кетсін, - деді Гордон иегімен нұсқап.
-Сендер сыртқа кетіңдер, - деп әмір етті оларға.
Олар шығып кетісімен Сумбарито Гордонға тақалып келді.
-Бірінші шартым мынау. Менің осы жасаған жаңа сипатты роботым туралы ешкімге ауыз ашып айтпайсың. Ана төрт күзетшіңе , балаңа соны қатаң ескерт. Екінші шартым, менің өз басыма азаттық бермесең, мына робот тарапынан сендерге зор қатер болатынын ескертемін. Осындағы әр кнопканың әр бөлек және көп ел ұға бермейтін күрделі әрекеттері барлығын есіңе мықтап түй. Сонымен қатар менің ту сыртымнан қастандық әрекеті жасалатын болса, оның өзінің сендер үшін зор зардабы болатындығын естеріңе салуды өзімнің міндетім деп есептеймін. Түсіндің бе?
-Түсіндім, Гордон мырза!
-Енді жолдан былай тұр. Есіктің алдында ешкім тұрмасын.
-Құп болады, Гордон мырза!
Гордон Сумбаритоның өзін “мырза” деп атағанына күліп жібере жаздады.
-Кәне, Джойс, күзетшілер! Гордон мырзаға жол беріңдер, - деп елпелек қағып, есікті ашты.
-Жүр, Эврироб, шапшаңырақ қозғал! – деп, Гордон маған иек қақты.
Менің осы кезде қалай қуанғанымды айтпай-ақ қояйын. Бірақ байқағаным, Гордонның жүзінде бір мазасыздық бар.
Есіктен сәл ұзай бергенде, ол мені қатарына тартып, сыбырлай сөйледі.
-Ал, Эврироб, мейлінше сақ бол. Сумбаритодан барлық сұмдықты күтуге болады. Біз қанша дегенмен екеу-ақпыз әрі әлсізбіз. Сумбаритоға әдейі, бізге жолай қоймасын деп қоқан-лоқы жасап кеттім. Бірақ ол - өте зымиян адам. Оның тіміскілеген тыңшылары өте көп. Біз бұл Амелгупа аралынан құтылып кеткенше асығуымыз керек.
16. ГОРДОННЫҢ АҚЫЛЫ
-Сонда қайтеміз!
-Сен мені дұрыстап тыңдап ал. Сен өз бойыңдағы өнерің мен қасиеттеріңді біліп те, меңгеріп те, пайдаланып та үлгерген жоқсың. Жалғанның жазымы көп, кездейсоқ ажырасып қалғандай болсақ, сол жақ аяғыңның өкшесінде арнайы жазылған нұсқау бар. Соны алып, ойыңа тоқы. Және сенің ең үлкен ғажайып өнерің – кереметтей жылдамдықпен күннің қай мезгілінде болмасын, қалаған бағытпен ұша алатындығың. Қос қолың қанат болып, кеудеңдегі көк сауыт қалаған жаныңды мінгізетін кабина болатындығын есіңе мықтап сақта. Ол үшін қос қолтығыңның астындағы арнайы кнопканы қатар бассаң болды. Қалың жаудың қыспағында қалсаң да, соларды қатар бассаң, көз ілеспес жылдамдықпен көк жүзіне сүңгіп кетіп, жоқ боласың. Сенің сыртқы қабатыңдағы қоспа затты ешбір ракета ала алмайды.
-Ой, рақмет, Гордон ағай! Сіздің ұлы өнеріңізді мен тек игілікке, жақсылыққа ғана арнаймын.
-Оныңа рақмет. Айтпақшы, мен ұмытып барады екенмін. Сол нұсқаудың екінші бетінде жер шарының жазыңқы картасы бар. Картаның майда шаршыларға бөлінгенін көресің. Әр шаршы тиісті сандармен белгіленген және екі түрлі түспен боялған. Қызыл түсті шаршыдағы елдердің барлығынан сен достық, туыстық табасың. Ал көк шаршыларға қонғандай болсаң, мейлінше сақ болғайсың. Сенің бойыңдағы өнер сол тұстарда барынша қажет болуға тиіс. Сенің күштілігің де, қуаттылығың да оң жақ өкшеңде. Менің тілейтінім – барлық іс-әрекетің оң іске, ізгілікке жұмсалсын, бауырым. Қозғаушы жүрек тұсындағы елгезек индикатордың қимылын жіті бақалағайсың. Соған жиі құлақ түр, - деді.
17. ГОРДОННЫҢ ӨЗ АРМАНЫН АЙТУЫ НЕМЕСЕ “НООГУМАНИС”
Екеуміз қала шетіндегі алып еменнің түбіне келдік. Сол кезде Гордон айтты:
-Мен бүгін сені жақсылап тұрып бір сынаймын.
Қазір осы тозақ аралдан тезірек кетуіміз керек. Сөйтіп, сен екеуміз Солидарито дейтін жерге ұшып барамыз. Мен сол тамаша бейбіт жерде өзімнің ұлы идеяларымды жүзеге асырмақпын. Қазір бүкіл әлем, жер шары үлкен қатер үстінде. Адамзат санасын бір бағытты алып арнаған, ізгілікті арнаға бұратын бір ғажап құрал жасамақпын.
Оның атын ойлап та қойдым. Аты - “Ноогуманис”.
-Ол қандай ұғым береді? – дедім мен ынтығып.
-Менің ұғымымша, ол бүкіл әлемдік адамгершілік сана деген ұғымды бейнелейді. Сол Солидарито аралына барғаннан кейін әлгі ойымды жүзеге асырмақпын, - деп армандай сөйледі. Оның бұл асқақ ойы мені өте қызықтырып, өте сүйсіндерді. Ол содан соң сәл ойланды да, былай деді:
-Сен мені осы тұста күте тұршы. Өзім тұратын үйдің сарайының бұрышына тығып кеткен құпия жазба, сызбаларым бар, соларды алып келмесем болмайды. Менің бар ой-идеям сонда бейнеленген. Содан соң әр адымыңды аңдитын, айналасы тас қорған, сыбырыңды еститін сұмпайы аралмен қоштасамыз. Бірақ біржола емес. Тас қорған қашанғы тұрар дейсің, - деп мағыналы үнмен тіл қатты.
-Ал күте бер, мен қазір-ақ келемін, - деп қараңғы аллеяға сүңгіп кетті.
18. КҮТПЕГЕН ОҚИҒА
Мен Гордонды күтіп біраз тұрдым. Неге екені белгісіз, ол келем деген мезгілінен кешікті. Бойымды мазасыздық билей бастады. Әр алуан күдіктерді ойлап үлгердім.
Бір кезде ағаш арасы сыбдыр ете қалды да, тына қалды. Әлдекімдер күбірлескен тәрізді.
-Әне көрдің бе? Анау ағаштың түбінде отырған дәл соның өзі. Дауыс Джойстікі. Тап сол сәтте Гордонмен бір тосын оқиға болғанын бірден сезе қойдым. Ол тектен-тек кешікпеуі керек-тін.
О,сұм Джойс! Ақыры Гордонның түбіне жеткен екен-ау деп әрі қапалана, әрі шапшаң ойлап үлгердім. Қандай сатқын десеңші!
Гордонға ант-су ішіп, серт бергендеріне жарты сағат болмай-ақ істеген опасыздықтарын ойлағанда, өзімді қоярға жер таба алмай кеттім.
-Тезірек ұмтылыңдар! Жан-жағынан қоршаңдар!
Тұншыққан үнмен тығыз бұйрық беріп жатқан үн- Джойстың әкесінікі. Не істерімді білмей, орнымнан атып тұрып, қаша жөнелуді ойладым.
Бірақ қаптаған қалың адамның арасынан құтылып кету мүмкін еместей көрінді. Кенет өктем үн тура құлақ түбінен естілді.
-Алға ұмтылыңдар! Қимылдауға мұрша бермеңдер!
Жан-жағымнан ырсылдаған, ентіккен, тапыр-тұпыр асыға басқан аяқ дыбыстар естілді.
Не істеуім керек? Қол-аяғымды шанди байлап, матап тастаса, менің қолымнан ештеңе келе қояр ма екен? Онда шаруаның біткені. Гордонның басына түскен хал менің де басыма түсті дей бер.
Мен дереу шешім қабылдауға мәжбүр болдым. Әрине, көкейімнің бір түкпірінде Гордон тұрды. Онымен ойламаған жерде ажырасымын дегенді еш ойламаппын. Сумбаритоның сақадай сайланып, самсып келе жатқан қарақшыларына қарсы тұрар дәрмен менде болған жоқ.
Әлгінде ғана Гордон айтқан қолтығымдағы қос кнопка ойыма тез оралды. Шапшаң түрде шешім қабылдауға тура келді. Не де болса , нар тәуекел!
19. САМҒАУ БИІКТЕ
Тұрған орнымнан зу етіп, көкке шаншыла көтеріліп кеттім.
-Ойбай, қашып кетті!
-Қап, айырылып қалдық-ау!
-Әттеген-ай, сан соқтырып кетті-ау!
Құлағыма у да шу болған өкінішке толы үндер үздік-создық естілді.
Тұнық ауаны тіліп, тік көтеріліп самғай кете бердім. Айналаның барлығы тас қараңғы.
Үстімде самсаған сансыз жұлдыз ғана көрінеді. Төменге көз салсам, әр тұстан жарықтары самаладай жарқырап жанған елді мекендер көрінеді. Қай бағытта, қай мекенге бара жатқанымды өзім де білмеймін. Бірақ бетімді еш адуармастан, алғашқы алған бағыттан таймастан ұша бердім. Әуеде келе жатқанда ойымнан бір сәт те Гордон шықпай қойды. Оның Сумбаритоның тұтқынына құтылмастай болып тұтылғанын ойлағанда, кері қарай қайта ұшып барып, құтқаруды ойладым. Бірақ оны қалай құтқармақпын? Қолымнан келер шарам бар ма? Мен әлі де өз бойымдағы барды біліп, құпиясын меңгеріп те үлгерген жоқпын ғой.
Осылай ұшып келе жатқанда, таң қыла бере басады. Әрине, мен шаршауды білмеймін. Бірақ үздіксіз ұша беру мені мүлдем жалықтырып
жіберді. Қонсам ба екен деп ойлана бастадым. Басыма тағы күдік ұялады. Қандай ел, қандай жерге қонамын? Гордон айтқандай, картаға қарап та, қонатын жерді белгілеп, нақтылап та үлгерген жоқпын.
Күннің шеті көкжиектен қылтиып қызара бастады. Қой, бөгде көзге түспей тұрып, жерге қонайын деген шешімге келдім. Содан елді жерден жырақтау, өзеннің қос жиегін көмкерген тоғайлы алқаптағы шағын алаңқайға келіп қондым.
Айналамда бір адам жоқ, ел жоқ жер екен. Осында келіп, біраз тынығып, бір тасада ұзақ жаттым. Көзге ешкім түспеді. Екі күн күттім. Қозғалыстың қауіпсіз екеніне әбден көзім жеткен соң барып, міне, бүгін далаға шыққан бетім. Сөйтіп жүріп, мінеки саған жолықтым, - деп Эврироб Дәуренге жылы жүзбен қарады.
20. ЭВРИРОБТЫҢ ОЙЫ
Эврироб Дәурен бойындағы жақсылық нышаны мол қасиеттерді жітік аңғарды. Өзі ақкөңіл, елгезек баланың білсем деген ынтығы мол бөлекше қасиетін тіпті ұнатып қалған-ды. Дәурен салған беттен Эвриробпен достасуға дайын екендігін танытып үлгерді. Ал Эврироб болса, оның тосын құлаққа тосаң естілетін сырын ашып бергеніне шектен тыс риза. Иә, мұндай балаларды кең дүниенің кез келген жерінен кез келген уақытта жолықтыра беру мүмкін емес. Сондықтан да Эврироб Дәуренге өз сырын, өз құпиясын ашқандығына еш өкінген жоқ.
21. ДӘУРЕННІҢ ОЙЫ
Дәурен Эвриробтың хикаясын тыңдап болғаннан кейін өзін кереметтей қуанышты сезінеді. Оның жас жүрегін ерекше мазалап жүрген көп жайлардың сырын шешуіне Эвриробтың жарауы әбден мүмкін деп ойлады.
Ол кітаптарды көп оқитын. Теледидардағы ең қызықты деген хабарларды, әлемдегі болып жатқан оқиғаларға байланысты репортаждарды, киноларды жібермейтін. Оның кластас жолдастары кейде “Эрудит” деп те атайтын.
Бірде теледидардан жауласып жатқан екі елдің бірінен көрсетілген репортажды көріп, түні бойы ұйықтай алмай, төсекте дөңбекшіп жата алмай шыққан. Әсіресе есінен кетпей жүрген бір оқиға туралы көп ойлап, мазасызданып жүрген-ді. Сол бір көңілсіз, мұңлы көрініс оның көз алдына қайта келді...
22. МУНИНО
Аурухана төсегінде басы таңылып жатқан жас бала мен тілші екеуі тілдесіп отыр.
-Атың кім?
-Мунино.
-Нешедесің?
-Тоғыздамын.
-Ауруханаға қалай түстің?
-Үйімізге снаряд түсті.
-Сен қайда жүр едің?
-Аулада ойнап жүргенмін.
-Ата-анаң қайда?
-Екеуі де қаза тапты.
-Бауырларың бар ма?
-Үшеуі де өлді.
Муниноның көзінің жасы мөлдіреп қоя берді де:
-Кішкене қарындасым менің қасымда қуыршақ ойнап отырған. Жарықшақ оның кеудесіне тиді.Мен есімнен танып қалдым, - деді. Телеэкраннан Муниноның тұп-тұнық, қап-қара көздері жәудіреп, сұмдық бір мұңмен қарап тұрды. Ол сәл кідірді де:
-Мынау қарындасым Сабиханың сондағы қуыршағы, - деп сүйкімді қуыршақтың бұйра шашынан ақырын сипап, төмен қарап кеткен.
Дәуреннің сонда жылағысы келіп кетіп еді.
23. БІРІНШІ ТҮС НЕМЕСЕ БІРІНШІ ШЕГІНІС
Дәурен сол түні ұйықтай алмаған еді. Көз алдынан Муниноның мұңлы көзі бір сәт кетпей қойғанын айтсаңшы.
-Не істесем екен, ә? Не істесек екен, э?
Ертең ауруханадан жазылып шыққан соң Мунино қайда барады, кімге барады? Көзін жұмып алды.
Жапан даламен үстіне қара жамылған жалғыз бала, жетім бала келеді.
Көз шарасы сұмдық үлкейіп, сұмдық бір мұңмен торланған.
Дәурен барынша айқайлады.
-Мунино! Мунино! Жалғыз өзің қайда барасың? Ол артына қайырылмады.
-Мунино-о-о! Муни-и-н-о-о!
Үні жал-жал болып жұмырланған құмға сіңіп, үзіліп барады. Дәурен алқына басып жүгіріп, ең биік деген шағыл құмның жонына ентіге, еңбектей шықты.
Мунино көрінбей кетті. Сусыма құм үстімен иреңдеп, алысқа ұзаған ізінің сорабында бұйра шашы желбіреп, қызыл көйлекті кішкене қуыршақ қыз жатыр.
-Мунино-о-о-о! Ешкім үн қатпады.
Қызыл көйлекті қуыршақ бұған жәудір көзімен мұңдана қарағандай болды.
-Мунино-о-о-о!
24. КҮДІК ПЕН ҮМІТ
Эврироб Дәуреннің айтқан түсін үлкен оймен тыңдады. Әлден уақытта ол ауыр күрсініп.
-Әлемде әлі қасірет деген өте көп, - деді де ойын жалғап:
-Мына ұлы ұстазым Гордон да осы ойды маған тебірене айтқан. Оның ұлы арманы сол қасіреттерге қарсы күресу еді. Ол мені жасағаннан соң ғажайып өнер, қасиеті бар бір құрал жасаймын дегенін жаңа айтқан болармын.
-Аты қалай еді өзінің, Айтылуы қиын сияқты.
-Аты “Ноогуманис”.
-Иә, дәл солай. – Дәурен ойланып қалды да:
-Оның ойы шынында да керемет, - деді.
-Ойының керемет екендігінде күмәнім жоқ. Бірақ оны Сумбаритоның тас қорғанының тас қуысына қамап тастағаны қиын болып тұр.
-Ендеше, оны неге құтқармаймыз?
-Қалай құтқарамыз?
-Ойлану керек. Сен керемет жылдамдықпен ұша алатыныңды айттың емес пе. Сол аралға барып, айла жасамаймыз ба? – деді Дәурен қызулана сөйлеп.
-Ұшып бардық дейік. Сонда қандай айла жасап, құтқарып аламыз?
-Эврироб, сен өзің шындап ойланшы, екеуің Сумбаритодан құтылып қашып келе жатқанда, саған бірталай ақыл-кеңес айтқан жоқ па? Соны есіңе түсірсеңші.
Дәуреннің осы сөзінен кейін қобалжу үстіндегі Эвриробтың бойына байсалды сенімділік ене бастағандай болды. Эвриробтың көңіл-күйіндегі осы оңды өзгерісті байқай қойған Дәурен өз ойын батыл жеткізді.
-Егер сен екеуміз әрекеттенбесек, Гордонның ұлы ойы орындалмай қалады. Сондықтан да біздің еш әрекетсіз отыруымыз – адамзат баласы алдында кешірілмес күнә екені есіңде болсын! Ол өзінің “Ноогуманисін” жасау керек. Ал сен өз бойыңа Гордон қондырған бар мүмкіншілігті іске қос! Жүр, менің жартас арасындағы құпия үйшігіме барайық. Сенің өкшеңдегі құпияның сырын білуіміз керек. Оның біздің болашақ жоспарымызға көп көмегі тиюі тиіс, - деді Дәурен сенімді түрде.
25. ҚҰПИЯ ҮЙШІК
Дәурен ауылдан жырақ жердегі жіңішке өзенді бойлай біткен шілік пен бозша талдың арасын қуалай түскен көмескі соқпақпен Эвриробты бастап келе жатты.
-Мына жермен жүру қандай қиын, - деді Эврироб.
-Бұл жермен жүретін тек қана менмін, - деді Дәурен кері бұрылып.
-Балалар осы тұста қасқырдың ұясы бар дегенді естіп жоламайды. Ал ересектер көп келе бермейді. Өйткені қозғалыс-қимылға өте ауыр, - деп қойды. Эврироб айналасына таңдана қарап қойды. Өзеннің ең бір қылта тұсына келгенде жолдарынан түйенің үлкендігіндей шоңғал тас жолықты.
-Өте аласың ба? Осы тұстан тік көтерілуіміз керек. Анау тұрған серек жаратасты көрдің бе?
-Иә, көрдім.
Соның жанында кішкене есік бар. Сол жерде менің құпия үйшігім орналасқан. Сен қалай көтеріле алар екенсің? – деп Дәурен Эвриробқа дүмәмалдана қарады.
-Оған шығу мен үшін түкке де тұрмайды, - деді ол қуана.
-Сонда қалай?
-Онда қара да тұр! Дәурен Эвриробқа сұқтана қарады. Ол оның қимылын қалт жібермей, сергек қадағалап тұрды. Кенет Эврироб қос қолын жайып жіберді де, у-шусыз тік көтеріліп кете барды.
-Ой, мынауың ғажап қой! – деп Дәурен көрсеткен серек жартастың қасындағы шағын алаңқайға барып, дік етіп қонды.
-Керемет! Керемет екен! Бағана айтқаныңда онша сенбеген едім, - деп Дәурен өзі үйренген қия соқпақпен шапшаң өрмелей жөнелді. Ол Эврироб секілді өнерлі серік тапқанына бұрынғыдан әрмен қуанды.
Дәурен шығысымен Эвриробты бастап, үйшіктің ішіне енді. Әрі шағын, әрі ыңғайлы етіп жасалған бөлме іші көз тартарлықтай көркем екен. Қабырғалары тегіс болмаса да, әр алуан ыңғайда қиюласқан тастарды табиғаттың өзі мейлінше әсем етіп жинақтаған сықылды. Әр бөлек түстермен үйлестіре боялған бөлме қабырғалары көркімен көз қуанатады.
26. ҮЗДІК ОЙ
Бір кезде Эврироб оң жаққа орналасқан қоңырқай қызғыш сөреде жинақталған кітаптарды нұсқады.
-Мынау қандай кітаптар? – деді.
Өзі тақана беріп, кітаптың бәрін қолына алды.
-Оһо, мына кітабың қандай ауыр! Аты не өзінің?
-“Ғажайып құбылыстар хикаясы”
-Міне, керемет! Нағыз қызықтардың барлығы осында жинақталған десеңші!
-Иә, өте қызық!
-Ал мынау біреуі ше? Өзінің түбі алтын әріптермен жызалған екен, ә?
-Ол ма? Ол – Бүкіләлемдік сана туралы трактаттар”.
-Ой, Дәурен, сен бұл кітапты қайдан танқансың?
Мынау менің ұлы ұстазым Гордонның өмір бойы іздеп, қолға түсіре алмай жүрген дүниесі ғой, - деп көлемді кітапты қолға алып, асығыс парақтай бастады.
-Өте керемет кітап. Небір асыл ойларды оқығанда, кеудеңді қуаныш кернейді. Еріксіз асқақ қиял құшағына берілесің. Онымен терең таныса түскен сайын өзің өмір сүрген ортаңа тіптен де көңілің толмай кетеді, - деп Дәурен терең мағыналы жүзбен Эвриробқа қарап қодйы.
Эврироб орындыққа отырып, кітапты аудастыра бастады. Қызыл қағазбен белгі қойылған тұсқа келгенде ол асты сызылған көлемді үзіндіні дауыстап оқи бастады.
-“Адамзат баласы бүкіл әлемдік кеңестіктегі кішкентай ғана жер шарын, оны мекендеген барлық тұрғындарын ұлтына, нәсіліне, жынысына қарамастан алақанға аялап ұстар өз үйім, өз босағам, өз Отаным, өз мекенім,
өз туысым деп ұғынған сәтте ғана шын бақытқа ие болады. Бұл – бүкіләлемдік сананың алғашқы әліппесі. Сана деңгейі осы асқақ биікке көтерілген сәтте жер бетін қым-қиғаш торланған жауыздық, дұшпандық, алауыздық, қорлау, кемсіту және әлемдегі ең саналы ақыл-ой иелір – адамдардың санаға сыймая тірлігі – соғыс өрті мәңгілікке өнер еді. Көптеген елдерде табиғаттың ұлы сыйлығы ақыл-ойдың ғаламат шоғырын, қуатын игілікке жұмсамай, өлтірудің, қырудың, жоюдың, сұмдық та сұрапыл тәсілдерін жасауға жұмсауда. Ал осы жүйрік, ақыл-ой шоғыры адамзат баласын бақытты етер, жер шарын аялы саяжай етер мақсатқа бірбеткей жұмсалса, дүние қалай гүлденер еді адамдар қалай бақытты өмір сүрер еді! Осы күнді көрген ұрпақ, шын мәніндегі, бақытты ұрпақ. Себебі, ол кезде ізгілік ұлы мұхитқа айналады. Ізгі ниет шалқар теңіздей толқитын болады. Осы ұлы да ізгі ағыс арнасында жанталас қылған жаман ниет, қара ниет, қара қанат қаскөйлік бой көтеріп те үлгере алмайды, тереңге тамыр тарта алмайды...”.
Эврироб масаттана оқыды. Көзінде қуаныштың ұшқыны жарқ-жұрқ ойнап, тар бөлменің әр қуысын өз нұрымен шарпып өткендей!
-Керемет ой! Үздік ой! Менің ұлы ұстазым Гордонның көкейіндегі ой! Қалай дөп басып, қандай шабытпен айтылған пікір десеңші! – деп Дәуренге масатты жүзбен қарады.
27. “БАРЫНША САҚ БОЛ”
Дәурен алғашқы ұстамдылығынан айырыла бастады. Оның бойын Эврироб өкшесіне жасырған құпияны білсем деген құмарлық оты мүлдем билеп алды.
-Эврироб, өкшеңдегіні алайық та, - деді. Эврироб та бойына жасырылған сырды білуге асығып тұр екен.
Ол дереу орындыққа отырып, оң өкшесіндегі кішкене бұранданы бұрады да, жылжымалы доға қақпақты ашты. Ішінен мөлдір пленкаға оралған, сырты жылтыр, шиыршықталған қағаз шықты.
-Өзін әбден әдемілеп ораған екен, - деді Дәурен оны қолында айналдырып ұстап.
-Кәне, ашсаңшы! Қандай сыр бар екен, оқып, танысып көрейік, - деді Эврироб қолын созып.
Дәурен пленкасын жыртып, шиыршық қағазды Эвриробқа ұсынды. Ол қағазды үстел үстіне жайып салды. Қағаздың ортасына “Эвриробқа тапсырма” деген саөз әдемі өрнектелген әріптермен жазылыпты. Эврироб астыңғы жағына ұсақ әріптермен жазылған сөзді дауыстап оқыды:
-“Кішкене бауырым! Сенің қолыңнан бәрі келеді. Бірақ барынша сақ бол!”
Дәурен ойланып қалды. Эврироб оқыған сөзді ізінше қайталады да:
-Өте қызық айтылған ой! Барыншша сақ болы! – Ол сәл кідірді де:
-мына соңғы сөзі тіпті мағыналы екен, - деп қағаз бетіндегі сан алуан жобаларға мән бере қарады.
28. ЖҰМБАҚ САНДАР
Жобада тізбектелген дөңгелекшелер көп екен. Олардың әрқайсының ортасына цифрлар қойылыпты. Әр дөңгелекшенің астында төрт бұрыштар салынған. Олардың іштерінде сан түрлі белгілер орналастырылған: адам бейнесі, құс, жануар бейнесі, самолет, кеме, т.б. толып жатқан белгілер.
Дәурен схеманың жалпы болмысына мағыналы жүзбен барлай қарады.
-Менің білуімде, осындағы әр белгінің атқарар қызметтер болуы тиіс.
-Менің де ойым солай! Әзірге мен өзімді өзім толық сынап көргенім жоқ.
-Мына бір пульттің тұсына жазылған сөз не деген сөз? – деді Дәурен майда жазуға шұқшия үңілді де:
-Голографиялық телебейне, - деп дауыстай оқып, толық түсінбеген пішінмен Эвриробқа қарады.
-Ұлы ұстазым Гордонның алыс қашықтықты электромагниттік толқын күшімен берілетін толық мүсінді телебейне жасадым дегені есінде қалыпты. Ол сол болуы керек, - деді Эврироб та көкірегіндегі пульттерді ақырын сипалап қойып, қағаздағы белгімен салыстыра қарады.
-Мына қарама-қарсы қойылған стрелкалар екі жақтағы нысандарды бір- біріне көрсетітіндігінің белгісі болуы керек, - деді Дәурен өз тұспалын алға тартып.
-Мүмкін, әбден мүмкін, - деді Эврироб та. – Эврироб, мұнда зер салып қарашы! Осындағы барлық дөңгелекшелерден сенің жүрек тұсыңдағы индикаторға түзу сызықтар таратылыпты ғой.
-Иә, көріп тұрмын. Гордон соңғы сәтте маған былай деген еді: “Жүрек тұсындағы елгезек индикатордың қимылын жіті бақылағайсың. Соған жиі құлақ тұр”, - деп еді.
-Оһо, онда енді-енді түсінікті бола бастады, - деді Дәурен құлақ түбін сұқ саусақ ұшымен ойлана қасып қойып. – Яғни сенің бойыңдағы барлық өнер, барлық қуат осы кнопкалармен тікелей байланысты.
-Өте дұрыс айттың, Дәурен! Менің ойымнан дәл шықтың. Ризамын саған! Ех, шіркін, Гордонмен сен таныс болсаң ғой! Ол, сөз жоқ, сені кереметтей өнерге баулыр еді, - деп риза пішінде Дәуренге қарады. Эвриробтың ризалық сөздері Дәуренге онша әсер еткен жоқ. Себебі оны қинап тұрған бір жай – оны осы күштерді қалай пайдалану, қайтіп пайдалану мәселесі толғандырып тұрған-ды.
Жврироб Дәурен ойының қай өрісте жүргенін осы мезетте тез түсінген.
-Дәурен, схеманың келесі бетін ашты. Гордон сонда жер шарының жазыңқы картасы бар деген, - деп жылдам сөйледі.
-Ә, солай ма?
-Иә, солай деген.
-Оһо, мына қызықты қара! Өзі тең бүйірлі шаршыларға бөлініп қойылыпты ғой...
-Әрі әр квадрат әр бөлек түске боялып, цифрлармен таңбаланған. Дәуреннің көзі жайнап кетті.
-Мен таптым! Таптым! – деп қуана айқайлап жіберді.
-Нені таптың? – деп Эврироб оған таңырқай қарады.
-Таптым!Таптым! – деп Дәуреннің екі көзі оттай жанып, алақанын қуана шапалақтап жібереді.
-Біле білсең, бұл –керемет! Мен шатасуға тиіс емеспін. Ей, Эврироб! Сен қандай аңқаусың! Өз бойыңдағы кереметтерді өзің білмейтін қандай аңқаусың! – деп әзілді үнмен Эвриробты құшақтай алып, шыр айналдырды. Эврироб аң-таң. Дәурен ерекше шаттықты халден әлі ажырайтын емес. Өзі сақылдай күліп жүр.
-Ей, Эврироб, екі иығындағы 0-ден 9-ға дейінгі таңбаланған сандарды көрдің бе? Оң иығындағы нүктелердегі цифрлар қызылмен жазылыпты да, сол иығыңдағы нүктелердегі сандар көкпен жазылыпты. Яғни, бұл тектен-тек емес.
-Өте дұрыс айтасың.
-Мен де өз сырыма өзім енді түсіне бастағандаймын. Сонда қатардағы қызыл және көк квадраттар мен екі иықтағы цифрлар арасында байланыстың бар болғаны де.
-Міне, міне, Эврироб деген атыңа сай ақылың енді іске қосылды, - деп Дәурен қулана күлді.
-Оған кінәлі Сумбарито мен Джойс. Оны да еске алып қой, - деп Эврироб та қалжыңға жалтарып әрі ақтала сөйледі.
-Оның да рас. Сенен еш кінә жоқ, шынын айтқанда, Гордоннан ажырап қалуың саған оңай тиген жоқ. Бірақ біздің Гордон болмай қалды-ау деп қарап отыруға еш қақымыз жоқ.
-Өте дұрыс. Бірлесіп ойлассақ, өте дұрыс. Бірталай сырдың астарын ашуымыз анық.
-Міне, мұның нағыз Эврироб деген атыңа сай байсалды пікір, - деді Дәурен.
29. АЛҒАШҚЫ СЫНАҚ
-Эврироб, сені сынар сәт кезегі енді келді деп ойлаймын.
-Е, несі бар, сынасаң сына! Өз күшін сынап көргенді кім жек көреді дейсің, - Эврироб үлкен іске белді бекем буған сыңайда сөйледі.
-Алғашқы сынақта маған бастауға рұқсат етуіңді сұраймын.
-Еш қарсылығым жоқ. Мен дайынмын.
-Рахмет, бауырым. Дәурен картаға мұқият үңілді.
-Таяу Шығыс... Імм. Ассаура лагері... Мунино... Карта бетімен сырғанаған сұқ саусақ 130 квадратқа келіп тірелді. Эврироб картаға шұқшия қадалып, Дәуреннің әр қимылын қалт жібермей, сергек бақылап тұрды. Бір кезде Дәурен шұғыл келген ойдың шытырман шиырынан енді ажырағандай кейіптегі Эвриробқа ойлана қарады. Жүзінен терең толқудың табы айқын аңғарылғандай.
-Қане, бастап көрейік. Көтеріліп келе жатқан қолында әлсіз дірілдің белгісі бар. Келген бетте сұқ саусағымен Эврироб көкірегіндегі голографиялық пультті басып қалды. Сол кезде Эвриробтың маңдайындағы кішкене экраннан жарқ етіп, адамның символдық тұспал бейнесі жылт ете
түсті. Эвриробтың иек астындағы ұшы нәзік индикатор дір етіп, шапши ойнап, жоғары көтеріле берді. Дәурен содан соң оның сол жақ иығындағы 1,3 және 0 цифрларын асықпай теріп, ақырын басты. Дәурен өз көзіне өзі сенбестей кейіпте Эвриробтың маңдайына сұқтана қарап қалды. Кішкене экраннан телевизордан өткенде көрсетілген Ассаура лагері көрінді.
30. МУНИНО! МУНИНОНЫ КӨРСЕТШІ!
-Міне, ғажап! Дәл өзі, сонда көрсеткен лагерьдің өзі! Бір кезде экраннан тар шатырдың іші көзге шалынды.
-Мунино! Муниноны көрсетші! – деп Дәурен экранға үн қатты. Осы кезде индикатордың елгезек тілі дір-дір етіп, тыншымай ойнақши берді. Экраннан қап-қара көзі жаудырап, басы ақ дәкемен таңылған Мунино көрінді. Көзіндегі кірбің мұң әлі сол қалпында. Қолындағы снаряд жарықшағынан қаза тапқан қарындасы Сабиханың бұйра шашы ұйпаланған, қызыл көйлекті қуыршағы бар.
-Мунино! – деп Дәурен айқайлап жіберді.
Мунино жалт қарады. Көзіңдегі мұң пердесі сол сәтінде түріліп, қуаныш жарқылы пайда болды.
-Мунино! Мен Дәуренмін! Сен мені естимісің?
-Дәурен, Дәурен! Мен сені жақсы көріп әрі естіп тұрмын. Сен мені қайдан білесің?
-Білемін. Білемін. Өткенде сені біздің телевизордан көрсеткен.
-Рас па?
-Рас.
-Өте таң қаларлық екен. Сен мені қалай көріп тұрсың?
-Сені мен досым Эвриробтың экраннан көріп тұрмын. Ал сен ше? Сен мені көріп тұрсың ба?
31. ЭВРИРОБТЫҢ ҰСЫНЫСЫ
Сөзге Эврироб араласты.
-Онда Мунино жатқан аурухананы снарядтардан қорғауымыз керек.
-Қалай қорғаймыз? – деді Дәурен Эвриробтың тосыннан сөзге арасқанын таң көрген кейіпте.
-Соны екеуміз бірлесіп шешуіміз керек, - деді Эврироб сабырлы пішінде әрі салмақты сөйлеп.
32. ШЫТЫРМАНҒА ШАТЫЛУ
-Сонда қалай қорғаймыз, Эврироб?
-Маған схеманы бере тұршы.
Дәурен схема салынған қағазды Эвриробтың алдына сырғытты. Ол схемаға шұқшия қарап, ұзақ ойланды. Бір кезде ол былай деді:
-Кез келген металдан жасалған қаруды немесе жарылған снарядты, объектіні жауға еш байқатпай әуемен берілетін жаңадан табылған аса қуатты гиперрадио толқынмен істен шығаруға болатындығын Гордон мына схемада айқын көрсеткен.
-Сонда оны қалай жүзеге асырасың?
-Ең алдымен снаряд атқыланатын аймақтың нақты квадратын және координатасын тауып алуымыз керек.
-Бұл пікірің өте орынды. Бұл -ежелден белгілі әскери тәсіл. Соны қалай жүзеге асыру керек деп ойлайсың?
-Мәселенің өзі осында тіреліп тұрған жоқ па?
-Оның рас. Яғни сол қуатты толқындардың сенің бойыңда бар болғаны.
Әйтпесе оларды схемаға жайдан-жай сала сала ма?
-Әрине, сала салмайды.
-Менің кеудемдегі ракета-қарулар салынған кнопканың соған тікелей байланысы бар деп ойлаймын.
-Ол ойың негізсіз емес. Бірақ та схемадағы гиперзарядтың символын естен шығаруға тиіс емеспіз, - деді Дәурен ойлы пішінде.
-Әрине, шығаруға болмайды. Мұның барлығының бір-бірімен тығыз байланысы барлығына мен күмәнданып тұрған жоқпын. Менің күдігім – бейбіт халыққа снаряд атқылайтын зеңбіректі таба алу-алмауымызда тұр.
-Оған қиналатын дәнеңе жоқ. Өзің айтқандай, нысанаға алған алаңның координаты мен квадратын табуымыз керек, - деді Дәурен сенімді түрде.
-Онда дереу іздестіріп көрейік, - деді Эврироб.
-Сенің тәжірибең бар, іздестіру еркі сенде, - деп ол Дәуренге тиісті кнопкаларды тере бастады.
-131 квадрат!... Жазық дала, ана бір жерлерде қираған үйлер.
-Ана бір шоқ талдың түбінде әлдекімдер көрініп тұр емес пе? – деді Эврироб.
-Бәрін де көріп тұрмын.
-Сәл тақай берші, мен оларды объективке жақындатайын.
-Меніңше, ол жерден қару көрінбейді.
-Сонда да сәл назар тоқтатайықшы.
-Жарайды.
-Дәурен! Дәурен! Ағаш түбінде ана бір қарт әйел не істеп отыр?
Алдындағы баласы ма?
-Жоқ, немересі шығар. Өзі жылап отыр ма?
-Иә, жылап отыр.
-Эврироб, объективті тағы да жақындата түсші.
-Қазір.
-Алдындағы бала әл үстінде. Жүрегі әлсіз соғып жатыр.
-Дыбыс қабылдағыш пультті қосайын ба?
-Қоссаң қос. Не деп жатыр екен?
Эврироб құлақ түбіндегі кішкеге репродукторынан жас баланың қыңқылдаған үні анық естілді. “Кішкентай балапаным, жаның қиналды-ау. Енді не қылайын?
Мына ыстықта, мына шөлде аузыңа бір тамшы судың табылмауы мұң болды-ау. Құдай-ау, енді қайтіп күн көрдік? Бомба түсіп, баспанасыз қаламыз ба деп пе ек, - деп көзінің жасын сығып-сығып алды. – Не әкеңнің, не шешеңнің бірі тірі қалмады-ау. Бұндай сормаңдай болам деп үш ұйықтасам
түсіме кіріп пе еді. Ә, қурап қалғыр, қу жауыздар! Бейбіт халыққа қашан күн берер екенсіңдер! Жаным Саурат, сәл шыдашы, мүмкін Рашиддин қария тамақ жібітер бірдеңе тауып әкелер. Сәл шыдашы”, - деп қарт әйел алдындағы немересін жұбатып жатты.
Дәуреннің түсі күлдей болып кетті. Өз-өзінен тамағы кеберсіп, ерні кезеріп, шөлге шыдай алмай жатқан жас баладан әрі қиналды. Эвриробтың кеудесіндегі елгезек индикатор мүлдем мазасыз күйге түскен екен.
-Эврироб, жарайды, болды. Жетер енді. Кәне, сол 131-квадраттың маңындағы аймақты одан әрі тексерейік.
-Жарайды. Эвриробтың өзі бағыттаушы кнопкаларды іске қоса бастады.
Бір кезде ол көтеріңкі леппен:
-Оһо, міне таптым! Дәл өздері, сол жауыздардың дәл өздері!
-Иә, рас, солар! – деп Дәурен оның сөзін қуана қуаттады.
33. ЭВРИРОБТЫҢ ШЕШІМІ
-Ол иттердің сазайын тарқызуымыз керек, - деді Эврироб қызулана.
-Қалай тартқызамыз?
-Зеңбіректерінің тас-талқанын шығарамыз.
-Немен?
-Қуатты гиперпневма толқынның күшімен. Ана Гордон сызған схемада оның өте айқын көрсетілгенін байқамағансың ба?
-Ол жерін толық түсіне алмап едім, - деп Дәурен алдындағы нұсқау қағазға шұқшия қарады.
-Міне, қызық, сенің бойыңнан таралған импульстік сигналдар арқылы жер шарының кез келген нүктесіне зор қуатты гиперпневмо толқынмен де соққы беруге болады екен ғой. Не деген ғажап жылдамдық! – деп Дәурен қатты таңданды.
-Нені айтасың? Импульстік сигналдарды айтасың ба?
-Иә.
-Әрине, аз емес, жарық жылдамдығына жетеқабыл.
-Ғажап.
-Одан әрі қарай не болады?
-Одан әрі соққы берілуге тиісті нысана маңынан тиісті сигналдар қалаған көлемдегі ауа массасының қалың шоғырын үйіріп алады да , бір-ақ атады. Қандай ірі зат болмасын, түбімен қоса төңкеріп, талқанын шығарады, - деді Эврироб осы сәтте қызулана сөйлеп.
Дәуреннің көз жанарында қызыну мен құмарлық ұшқыны қатар шарпысын тұр еді. Эврироб кеудесіндегі индикатор доғал шеңбердің шекті шекарасынан асып, шапшуылдап кеткен екен. Оның ойына Гордонның нұсқау хатының шетіне ұсақ әріптермен жазған ескертпесі түсті. “Кішкене бауырым!” Сенің қолыңнан бәрі келеді. Бірақ барынша сақ бол!
Эврироб өз ойына өзі сүйсініп, тап қазіргі сәтте қолданар шарасына Дәурененен қолдау күткен сыңайда тұр. Дәурен Эвриробқа көзін сығырайта сынап қарап қалған. Оның жанарында өзгеше ой, бұл күтпеген ниет тұрғандай.
-Неге ойланып қалдың? – деді Эврироб.
-Ойланбасқа болмайтын іс болса ше?
-Ол қандай іс?
-Гордонның жазған ескертпесі есіңде ме?
-Иә, есімде.
-Ендеше былай, Эврироб бауырым. Дүниеде бәрінен оңайы жоқ қылу мен қирату. Ал жасау – ең қиыны. Мүмкін біз басқаша әрекет жасап көрсек. Осыны ойласайықшы!
34. БИОИМПУЛЬС
-Сонда не істейміз? – деді Эврироб аңырып.
-Мен мына схемадан бір бөлекше белгіні көріп тұрмын. Мына шеңберге қарашы.
-Қайсысы, мына адам басының көлденең қимасы ма?
-Иә. Осындағы ми шарасының ішіндегі толқынды, ирек белгіні көрдің
бе?
-Көріп тұрмын.
-Меніңше, бұл санаға тікелей әсер ету импульсінің символы.
-Санаға әсер ету дегенді қалай түсінуге болады?
-Қарапайым тілмен айтқанда, жаман қылықты адамды жақсылыққа
итермелеу деген сөз немесе керісінше.
-Мен бұған онша мән бере қоймаппын. Оны мұнда биоимпульстар деп көрсетіпті ғой.
-Ендеше осы күшті сынап көргеніміз дұрыс. Менің түсінігімше, белгілі бір адамның мақсатты ойын, нысаналы тілегін, яғни биоимпульстерді сенің бойыңдағы, түрлендіруші тетік алысқа беругі тиіс. Сондықтан да Гордон оны саған босқа орнатқан жоқ, - деді Дәурен Эвриробқа мағыналы кейіппен көз салып. Эврироб схемаға шұқшия қадалып, ойланып қалды.
Ол ойға алған шешімін Дәуреннің қостай қоймағанына аздап қынжылғандай күйде тұрды. Дегенмен де Дәурен ойының оралымды соғып тұрғанынан бас имеске лажы қалмады. Әрі Гордонның “Барынша сақ бол” деген ерекше ескертпесі сана төрінде қайта қылаң берді.
Дәурен де оның әрі-сәрі халде тұрғанын сезбей қалған жоқ. Ол соны жуып-шайғысы келгендей:
-Жә, жарайды. Бұртимай-ақ қой. Қантөгіспен келген жеңістен бейбіт жолмен келген жеңіс мың есе қымбат, мың есе бағалы емес пе, - деп күле құшақтады.
35. ЛАГЕРЬДЕГІ АЛАСАПЫРАН
-Ал бастап көрейік, не де болса, - деді Дәурен Эвриробқа көтеріңкі үнмен.
-Қалай бастаймыз?
-Алдымен биоимпульстер тетігін, содан соң оны түрлендіруші тетікті іске қос. Одан кейін операцияны мен жүргіземін, - деді Дәурен.
-Жарайды. Ал ендеше іске кірісейік. Эврироб тетіктерді іске қосты. Дәуреннің бар назары экранға ауған. Қабағын түйіп алған. Бет әлпетінде үлкен іске, батыл іске шұғыл бел буған ынта-ниет алаулайды.
Экраннан көрінген ұзын өңешті зеңбірек енді аз сәттен соң бейбіт жатқан Бейрак қаласына ажал оғын жөнелтпекші. Басына алабажақ телпек киген командир солдаттарға әмір берді.
-Жарықшақты снарядпен оқтаңдар! Зеңбіректің аша аяғынан алшақ жатқан жәшікке қарай екі солдат елпектей басып жөнелді.
Көздеуші мерген әлекедей жалақтап, ұшар оқтың түсер жерін есептеп, зеңбірек стабилизаторының тұтқасын ұстап, жұтынып тұр.
Дәурен Эвриробқа көз астымен шұқшия қарады. Өзге әлемнің бәрі тап осы сәтте Дәурен үшін ұмыт қалған сықылды. Күбір етті. Іште, жас санада тыпырши безек қаққан қамқор ойдың жаңғырығы сыртқа шығып кетті.
-Тоқтаңдар! Снарядтарға қол тигізбеңдер!
Қарасұр жәшікке еңкейе берген екі солдат кілт тұра қалып, жалт қарады.
Бұндай тосын бұйрықты бұлар еш күтпегендей.
Дәурен әлгінде әмірлі үнмен тіл қатқанда, Эврироб өз бойында бұрын- соңды болмаған бір күйді бастан кешіп үлгерді. Биоимпульстердің зор күшпен сыртқа берілуі оның тұла денесін солқ еткізіп, буырқандырып жіберді.
Аңырап тұрып қалған солдатқа командир ақырып жіберді.
-Неге әкелмейсіңдер, малғұндар! Екеуі жәшікке қайта еңкейді...
Дәурен іштей дереу күбір етіп: “Ағатай ақылға көн! Құр текке қан төкпе” деді. Найзағайдай жылдап ойлы Эврироб оны қабылдап үлгерді.
Тап осы кезде ашулы командир жадырап сала берді. Өзі қарқ-қарқ күледі. Бір-бір снарядты бауырына басып, бері бұрылған қос солдатқа қарсы жүрді.
-Әй, тастаңдар, мен ойнап айтып ем. Әлде мені жынды деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, мені жынды емеспін. Денім сап-сау.
Екі солдат өз командиріне аузын ашып қарап қалыпты.
-Иә,иә, денім сап-сау! Кәне, снарядтарыңды маған бере қойыңдар.
Дәлдеуші сержант мына оқиғаның шын-өтірігіне көзі жетпей, дел-сал халде тұр. Бір кезде ол:
-Командир мырза, бағана таңертең әр сағат сайын екі снаряд атып тұр деп бас офицер бұйрық берген жоқ па?
“Мынаның бұйрықшылын қара! Қазір көрейік, бұйрық орындағыш сендей пысақай немені!” – деп Дәурен мырс етіп күлді де, іштей ой түйіп үлгерді.
Командир қарқ-қарқ күліп, солдарттардың қолдарындағы снарядтарды жерге тігінен қоя бастады.
-Командир мырза, снарядты олай ету қауіпті. Нұсқау бойынша жатқызып қоймайсыз ба?
-Ей, боқмұрын неме, сен не білесің? Сен немене мені үйреткің келе мме?
-Жоқ, мырза!
-Ендеше аузыңды жап!
-Құп болады!
Зеңбірек көздеуші сержант аң-таң халде командирге қарай қозғалды. Өңінде ызалы күй бар. Айтқан сөзін аяқасты еткені үшін командиріне наразы секілді.
-Командир мырза!
-Ә, жарайды, сенің сөзіңнің керегі жоқ, - деп оған қарамастан командир қолын сілтей салды.
Тап осы мезетте аса қуатты биоимпульстер де жетіп үлгерген. Дәурен іштей қабылдаған өзгеше ой-шешімін қалай жүзеге асарын бұл жолы қызықтап көргісі келді.
-Эврироб, қазір қызық болады! Қалт жібермей бақыла!
-Бақылап тұрмын...
-Командир мырза, бағана таңертең...
Сержант ойын қайталап айтып үлгерген жоқ. Табан асты жын соққандай шар етті де, отыра қалып жылай бастады. Бір кезде жерге арлы-берлі аунап, айқайлап жылай берді.
-Мен неткен сорлымын! Мен қандай бақытсыз едім! Енді қайтіп ата- анамның бетін көремін!
Үшеуі жүгіріп мұның қасына келді. Көздеуші сержант басын жерге түйгіштеп тұрып жылады.
-Шамир, Щамир, саған не болды!
Ол енді жүрелеп отыра қалып, маңдайын қос қолдап тоқпақтап ұра бастады.
-Мен неткен арсызбын. Енді қайтіп жер бетін басып жүремін. Олардың жазығы не? Айтыңдаршы? Не жазығы бар? Е-е-е-е!
Еңірегенде етегі толды.
-Шамир, Шамир! – Командирі тізелеп отыра қалып, сержантты иығынан жұлқылады. Бірақ командирін тыңдап жатқан Шамир жоқ.
-Жо-жоқ! Мен бүйтіп өмір сүрмеймін. Менің қолым қып-қызыл қан!
Мынаны қараңдаршы! Неткен сұмдық бұл!
-Кәне, кәне, қолдағы қаның қайсы? Командирі ентелей түсті.
-Әй, сен соқырсың ба? Мына қанды көрмей, көзің көр соқыр болған ба? Бір кезде сержант кеудесіндегі көйлегінің жағасын дар еткізіп айырып жіберді де, орнынан атып тұрып, айдалаға қаша жөнелді.
Екі солдат аң-таң. Командир сержантты етегінен ұстаймын деп етпетінен түсті.
Сержант қос қолын жайып, аласұра айқайлап, ұзап барады.
-Мунино! Мунино! Кеш мені, бауырым! Кеш, кеш, жаным! Мен қандай жазаға бұйыртсаң да дайынмын. Сенің әкең мен шешеңді, үш бауырыңды өлтірген мына менмін! Менің қолымды балталап кесші. Өтінемін сенен, аямашы мені!
-Мунино! Мунино!
Сержант бұлт торлаған көкжиекке қарай “Мунинолап” безіп барады.
Солдаттың бірі тұрып:
-Сорлы сержант, жынданып кетті білем, - деді.
36. ҮШЕУ
Эврироб болып жатқан оқиғаның барысына мейлінше таңданды. Өз бойындағы бар күштердің көзін ашқан Дәуренге ерекше риза. Алғашқы сәттегі аздаған өкпесінің жеңіл бұлты біржола сейілгендей.
Ал Дәурен ойға алған істі аяғына дейін жеткізуге бел байлады.
-Әрі қарай не болар екен, соны көрейік. Эврироб бойын тез жиып алып, Дәурен санасынан шыққан сигналдарды дереу қабылдай бастады.
Экран бетіндегі үшеуі бір-біріне қарасты. Солдаттардың бірі командирге қарап:
-Командир мырза, мына зеңбіректерді қайтеміз? – деді.
-Қайтеміз деген сөз бола ма? Бұзамыз да, - деді сергек үнмен сөйлеп.
-Аға офицер келгенде не дейміз!
-Аға офицеріңе түкіргенім бар ма? Әкел кілттерді.
-Құп болады, командир мырза! Екінші солдат тұрып былай деді:
-Командир мырза, снарядтарды қайтеміз?
-Соған да бас қатырып тұрсың ба ?
-Амалымыз бар ма? Сіз нені айтсаңыз соны істейміз, - деп солдат иығын қиқаң еткізді.
-Неменеге иығыңды қиқандатасың. Дереу жәшіктеріне сал да, қоймаға кері қайтаратын қыл! Тіптен саперлерді шақырып, жарғызып жіберуге де болады.
-Құп болады, командир мырза!
Зеңбіректің бекітілген тұстарын ағытып жатқан солдат командиріне қарап:
-Бұдан сонда не істейміз? – деді сескенгендей бәсең үнмен.
-Фу, сайтан алғыр, сендер неге мылжың болып кеткенсіңдер! Сондай да сұрақ бола ма екен? Өзің үйленіп пе едің?
-Иә, үйленгем.
-Балаң бар ма?
-Бар.
-Оларды сағынған жоқсың ба?
-Әлбетте, сағындым.
-Енді не оттап тұрсың? Қатының мен балаларыңның көздері жаудырап, сені күтіп отырған шығар.
-Әлбетте, командир мырза! Сонда елге қайтамыз ба? Ой, рақмет, командир мырза! Бетіңізден сүюге рұқсат етіңіз, - деп қолындағы кілтін тастай беріп, оны құшақтап сүйе бастады...
37. НЕГІЗГІ ОПЕРАЦИЯ ӘЛІ АЛДА
-Операция сәтті аяқталды, - деп Дәурен сылқ етіп, кішкене орындыққа отыра кетті.-Операция аяқталды! – деп Эврироб та масаттана, орындыққа барып жайғасып отырды.
-Денем мүлде қызып кетті. Міне, ұстап көрші, - деді Эврироб.
-Оның несін ұстап көремін, ана сезгіш индикатордың қазіргі қалпынан- ақ бар жайды ұғып отырмын, - деді Дәурен жеңіл есінеп.
Сәл үзілістен кейін Эврироб Дәуренге:
-Әлгі бейшара Шамирге обал болған жоқ па?
-Соны өзім де білмей отырмын. Мүмкін ол кінәлі емес шығар. Өз сөзінен болды. “Әр сағат сайын екі снарядтан”, - деп қақ-қақ етеді. Есіме Мунино түсіп кетті. Сол кезде ойымды ойран, санамды сойқан ашу билеп кетті. Шамадан тыс шиыршыө атқан сигналдар сол кезде шығып үлгерді. Анау индикатордың тілі қызыл сызықтың соңғы шегінен асып кеткен екен, - деп Дәурен жеңіл күрсініп қойды.
-Сол кезде менің бойымдағы болған құбылысты айтсаң ғой. Сәл-ақ өртенудің алдында қалдым.
-Оқасы жоқ. Ондай болмаса болмайды да. Операция сәтті аяқталды, - деді Дәурен күлімсіреп. Эврироб Дәуреннің жүзіне барлай қарады да, ақырын ғана:
-Меніңше, негізгі операция әлі басталған жоқ қой деймін, - деді сөзіне астар бере сөйлеп.
-Дәурен Эврироб ойын тез түсінде де жедел жауап қайтарды.
-Оның рас. Негізгі операция әлі алда. Ұлы ұстазымыз Гордон түрмеде жатқанда біздің аз істі мақтан тұтып, масайрауымызға әлі ертерек, - деді.
Эврироб Дәуреннің Гордонды “Ұлы ұстазымыз” деп бауыр тарта, жақын тұта сөйлегеніне шын риза болды.
38. ОПЕРАЦИЯҒА ДАЙЫНДЫҚ
-Гордонды құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Кешігу дегеннің мұндай жағдайда аса қатерлі болып аяқталатынын естіп те жүрміз, көріп те жүрміз, - деді Дәурен жігерлене сөйлеп.
-Ол үшін біз алдын ала Гордонды құтқару операциясын егжей-тегжейлі ойластыруымыз керек шығар.
-Онсыз бір қадам аттауға болмайды. Кәне, картаны анықтап көріп алайық. Амелгупа аралы... Амел гупа аралы... Көк квадрат. 284...285...285... квадрат екен, - деді Дәурен картаға сұқ саусағын қадап.
-Иә, дәл сол арал, - деп Эврироб Ұлы мұхит ортасындағы шағын аралды қызықтай қарап. – Картадан қарасаң кіп-кішкентай, ал былайша үп-үлкен арал.
-Әрине, картаның ерекшілігінің өзі де осы емес пе. Мына қызықты қара, сонда осы аралға дейінгі қашықтық тіптен недәуір екен.
-Сонда қанша?
-Жеті мың сегіз жүз километрдей.
-Аз қашықтық емес. Бірақ мен осы аралықты сегіз сағат уақытта ұшып өттім.
-әрине, жылдамдығыңның ғаламат екендігіне ешкім шек қоя алмайды.
-Гордон мені сынап көруді соншалықты армандап еді. Ендігі сынау кезегінің күрделі бөлігі сенің үлесіңе тигелі отыр.
-Әрине, солай! Бірақ біз ұшу сапарын түнде аяқтауымыз керек. Бұл өте маңызды, - деді Дәурен картадан жүзін көтере беріп.
-Менің байқауымда, сол Амелгупа аралының маңында шағын аралдар тобы бар секілді. Біз қайткен күнде де сол аралдың біріне қонуымыз керек.
-Бұл ойыңмен келісемін, - деді Эврироб Дәурен ойының жүйріктігіне тәнті болып.
-Дәурен, біз Гордонды қалай құтқару жөнінде іске асар шараларды әлі нақты әңгімелеген жоқпыз ғой.
-Эврироб, күдігің орынды. Менің ойымша, біз құтқару операциясының нақты жоспарын сол аралдың біріне барып қонған соң жасауымыз керек. Оның себебі, сенің бойыңдағы қуатты импульстардың кемісті бар. Жер бетінен төмен деңгейдегі объектілерді айқындау бұл жерден мүмкін емес.
-Сондықтан не істеу керек деп ойлайсың?
-Гордонның жер астындағы зындандардың бірінде қамалып жатқаны айдан анық. Ол үшін Амелгупа аралының төбесінен барлау жасауың керек.
-Ойың өте орынды. Ендеше сапарға дайындалайық.
-Мен дайынмын. Тек ата-анама ескертіп кетуім керек.
-Сонда үйге барасың ба?
-Үйге неменеге барамын. Осы жерден-ақ хабар бере салсақ болмай ма?
-Өзің біл. Бірақ олар голографиялық бейнеңнен қорқып қалып жүрер.
-Оқасы жоқ. Мамам жақсы физик, папам да ғылым мен техникадан жан- жақты хабардар адам.
-Онда не істейін, голографиялық пультті қосайын ба?
-Бассаң бас. Дыбыстық пультті де ұмытып кетіп жүрме. Қазір мамам үйде. Түстен кейін мектепте сабағы жоқ.
-Жарайды.
39. РҰҚСАТ БЕР, МАМА!
Экраннан аулада бақша суарып жүрген Дәуреннің мамасы көрінді.
-Маматай!
Ол тосын дауыстан селк етіп басын көтеріп алды да, үй қабырғасына түскен қалқып тұра қалған тосын бейнеге шошына қарады.
-Ойбай, мынау елес секілді не сұмдық? – Көзі үрейге толып кетті.
-Маматай, таңданбаңыз, қорықпаңыз! Мен Дәуренмін ғой. Сіз менің голографиялық телебейнемді көріп тұрсыз.
-Сен қайда тұрсың? – деді ол әлі үрей арылмаған үнмен.
-Кешір, маматай, мен оны тап қазір айта алмаймын. Оның көп себебі бар.
-Неге айтпайсың? Мен сені мынадай бейнеден көріп тұрғаныма қатты толқып тұрмын. Сенің, айналаңның бәрі бір түрлі қорқынышты ғой, анау қасыңда тұрған немене?
-Мама, бұл менің сенімді серігім – Эврироб. Сізден мен айтқан құпияны сыртқа шығармай сақтайтыныңызға сенемін. Бұл ұлы өнерпаз Гордон жасап шығарған адам-робот. Оның бар қасиетін тап қазір айтуға уақыт тар. Оның ғажайып өнерін өзім алыс сапардан оралған соң жыр қылып айтамын.
-Айтып тұрған алыс сапарың не, жаным-ау? – деп мамасы мүлдем үрейленіп кетті. Сол кезде Дәурен асығыс сөйлеп:
-Мама, мені тыңдаңызшы. Өтірікші боламан деп қорықпаңыз. Маған небәрі үш-төрт күнге рұқсат беріңіз. Мектепке, папама бір сылтау айтуыңызды сұраймын. Бұл бара жатқан сапарымыз – адамзат баласының игілігіне арналған сапар. Кейін бәрін түсінесіз. Егер маған рұқсат бермесеңіз, онда менің досым Эвриробқа өте ауыр соғуы мүмкін. Ол да, мен де өте жаспыз. Бірігіп жүріп ойлассақ, ақылдассақ, күрмеуі қиын мәселелерді шеше аламыз.
-Жаным-ау, белгісіз, аты жоқ сапарға сені жіберіп қойып, төсекте қалай тыныш ұйықтаймын, - деп анасы Зағиша жыламсырай бастады. Сол кезде Эврироб тіл қатты:
-Зағиша апай, жыламауыңызды өтінемін. Бұл сапардан балаңыз аман-сау оралатынына күмәнданбаңыз. Егер Дәурен қажет деп тапса, біз сізбен күнделікті хабарласып отырамыз.
-Қалай хабарласасыңдар?
-Тап қазір қалай хабарлассақ, солай хабарласамыз.
-Иә,иә, Эврироб өте дұрыс айтады, - деп Дәурен серігінің ойын қуана мақұлдады.
-Дәурен, тек уақытын келісіп алғанымыз жөн. Қай кезді қолайлы көресің?
-Сағат 15 кезі дұрыс. Себебі мамам үйде болады. Папам жұмыста, әпкем Ақнұр оқуда.
-Міне, Дәуреннің бұл ойымен келісуге әбден болады деп ойлаймын, - деді Эврироб Зағиша апайдың көңіл күйін түсінген раймен.
-Мама, бұдан былай дәл жаңағы уақытта мен сабақ дайындайтын бөлмеде кездесейік, - деді Дәурен.
-Ойбай-ау, сен не деп тұрсың, мен саған кесіп-пішіп ешнәрсе айтқан жоқпын ғой. Сенің мынау Эвриробыңның қайда бастап бара жатқанын қайдан білейін?
Ол жақтан қайтар-қайтпасыңа менің көзім жетпейді, - деп анасы мүлдем безек қаға, қинала сөйледі.
Дәурен тар бөлме ішінде теңселіп жүріп кетті. Барар сапарының түпкі мақсаты айтпай-ақ қойсам деп іштей бекініп еді. Бірақ анасы мына қалпында шырқыраған шындықты айтқызбай қоймайтындай. Бір кезде ол тебірене сөйлеп кетті:
-Маматай, жаным менің! Менің жанымды түсінші! Менің серігім Эвриробтың хал-жағдайын түсінші! Өтінемін, маматай, түсінші мені! Әсерлі қызыл тілмен сөйледі деп сөге көрме. Дүниенің төрт бұрышының терезесі тең болмай, тұтас бір халықтың аз тобы көпшілігін езіп жатса, түрің басқа деп, түсің басқа деп, қатар отырып ас ішпей, партаға қатар отырғызбай жатқан сорақы сұмдықтар жер бетінде болып жатқанда, мен қалай тыншып отырмақпын, сіз қалай тыншып отырмақсыз! Адамзаттың ақыл-санасы толысып, жоғары деңгейге жетті деп жар салып жүргенде, өз жерін, өз суын аңсаған халықты екінші біреулер қарумен қудалап, баласын жетім етіп,
елінің көз жасын көл қылып, қанға бояп жатса, біз қалай тыншып отырмақпыз?
Дүниенің енді бір бұрышында он екіде бір гүл ашылмаған жас баланың беліне граната буып, қарсы келе жатқан танктің астына түсуге тәрбиелеп , шейіт кетсең, жас жаның мәңгі-бақи жұмақта болады деп сәби сананы улап жатса, мен қалай тыншып отырмақпын?
Ұлы табиғаттың ғажайып перзенті – Ұлы теңізімізді қолдан суалтып, қолдап халық қасіретін жасап отырған санасыздығымызды көріп отырып, мен қалай тыншымақпын?
Егер сіз мені осы сапарға жібермесеңіз – онда сіз бүкіл адамзат баласының алдында ауыр күнә жасайсыз. Біз Амелгупа аралында қасірет шегіп жатқан ұлы өнертапқыш Гордонды Сумбарито залымның қанды тырнағынан құтқармақпыз. Гордонды құтқарсақ, біз оның бүкіл әлемдік сананы сабырлы қалыпқа салатын ғажайып машинасы “Ноогуманисіне” ие боламыз. Мына менің қасымда тұрған Эвриробтың бір өзі неге тұрады! Бұл – оның небәрі алғашқы тырнақалдысы. Біз қайткен күнде де үлкен тәуекелге бел буып отырмыз. Сондықтан да, маматай, сіз мені мейлінше түсініңізші! Маған сәт сапар тілеп, ақ батамен рұқсат беріңіз, маматай, өтінемін! – деп Дәурен бар жан-тәнімен беріле, тебірене сөйледі.
Эврироб та қатты толқу үстінде тұрды. Анасының көз жасы мөлт-мөлт етіп:
-Рұқсат, рұқсат, балапаным! Жолдарың болсын! - деп теріс айналып кетті.
Дәурен тамағына тығылған жасты іркуге тырысып бақты.
40. ҰШУ САПАРЫ
Дәурен жартастағы үйдің есігін мықтап бекітті.
Эврироб көкке көтерілуге дайындала бастаған екен. Ол Дәурен бойында қобалжу бар екенін іштей аңғарып үлгерді. Оның көңілін сергітіп, мазаң ойдан аулақ серпу керек деп ой түйді.
-Ал, Дәурен, тәуекелге бел буып, Амелгупа аралына сапарымызды бастайық! – деді жігерлі үнмен.
-Онда не тұрыс! Мен дайынмын! – деді Дәурен де сергек үнмен тіл қатып. Эвриробтың кеудесіндегі ұшақ бейнелі кнопканы басқан кезде қанаты жайылып, жон арқасы тұсынан Дәурен отыратын шағын әйнекті кабина пайда болды.
Эвриробтың бойы сұңғақтанып, биіктеп кетті. Дәурен кабинаға жайғаса отырысымен, сырғымалы мөлдір әйнек сарт етіп қайта жабылды.
Шап-шағын, әдемі, жайлы кабина Дәуренге салған жерден ұнады.
-Қалай жайғастың ба?
-Жайғастым.
-Кабина ішіндегі тетіктерге тиісудің еш қажеті жоқ. Тек карта бойынша ұшу координатын бақылап отыр. Жаңағы нұсқауда солай жазылған еді ғой.
-Иә, солай жазылған. Барлығы автоматты түрде басқарылады.
-Тек Амелгупа аралы маңына барған кезде қону алаңын дұрыс іздестірсек болды.
-Біз ол ауданға түн кезінде түсетін болармыз.
-Дәл солай. Ал, Дәурен, ұшуды бастаймыз.
-Нар тәуекел!
-Ендеше кеттік. – Дәуреннің құлағына сырт еткен дыбыс естілді. Эврироб аспанға қарай, көлбей көтеріліп, зулай жөнелді.
Дәуреннің тұла денесі шымыр етіп, басына қаны шапшыды. Жүрегі зуылдап, демалысы жиілеп кетті. Эвриробтың үні кабина ішінен естілді.
-Мен бәрін де сезіп отырмын. Аз уақыттан соң қалыптасып кетесің.
Бірінші рет биіктікке көтерілген кезде ол заңды құбылыс, - деді.
Эвриробтың ұшу жылдамдығын Дәурен анық байқай алған жоқ. Өте төменде қаздай қалқып ұшқан бұлттар мен мейлінше жіңішке, нәзік болып көрінген жолдарды, өзендерді, ғажайып бейнелі жер түрлерін қызықтап отырды. Аппақ қарлы шыңдар да төменде тым аласарып, бәсең тартып қалыпты.
Эврироб Дәурен бойында оянған қызықтар мен құмарлық құшыры тарқағанша оны әңгімеге тартқан жоқ.
Біраз уақыт өткен соң барып Дәурен ерекше көтеріңкі леппен:
-Жеріміз неткен керемет сұлу! – деп масаттана тіл қатты.
-Иә, дұрыс айтасың.Ұлы ұстазым Гордон : “Бүкіл Галактикада сұлулығы жөнінен Жерге пара-пар келетін бірде-бір планета жоқ”,- дегені есімде, - деді Эврироб оның пікірін қолдап.
Дәурен аз үнсіздіктен соң былай деді:
-Өкінішке орай, осы сұлу жер бетінде санаға сыймайтын сұмдықтар болып жатыр, - деп күрсініп қойды.
-Менің ұлы ұстазымның ең асқақ арманының өзі осы санаға сыймайтын сұмдықтарды болдырмайтын әмбебап ақыл иесін жасау емес пе еді. Ол сол үшін тер төгіп, бар жан-тәнімен құлшынып тұр еді. Көлденең келген кесірдің қандай зардапты екенін осы жолы мен айқын сезіндім. Ал менің сол “Ноогуманистің” жасалып, өз қызметін іске асыра бастағанын көргенше қалай асық болып жүргенімді білсең ғой, - деді Эврироб өз ойын ақтара.
-Немене, мен асық болмай жүр деп ойлайсың ба? – деді Дәурен күліп. Сәлден кейін Эврироб:
-Жер бетінде әр отбасының өзінің кішігірім ақылды Эвриробы болса. – деп жаңа сыр ұшығын шығарды.
-Ол үшін не керек? – деді Дәурен таңдана.
-Кейде сен сұрақты соншама аңғал қоятының мені таңдандырады, - деп Эврироб күліп қойды.
-Мен шын білместіктен сұрап тұрғанымды жасырмаймын. Шынында да ол не үшін керек? – деді Дәурен шын ынтыққан көңілмен.
-Жарайды, айтайын, - -деді Эврироб. – Мысалы, сенің бойыңда өзімшілдік пе, зорлықшылдық па немесе әлдебір сүйкімсіз мінез бой көтере бастады дейік.
-Иә.
-Ол алғашқы кезде сенің әкең мен шешеңе, керек болса өскен ортаңа да байқалмауы мүмкін ғой.
-Иә, әбден мүмкін.
-Міне, тап осы кезде сенің санаңда бой көтере бастаған “ауруды” анықтай қойып, оған қарсы отбасылық кішігірім робот биоимпульстік ем жасай бастау керек.
-Өте қызықты идея екен, - деді Дәурен сүйсіне тіл қатып.
-Оның адам қабілетін айқындағыш робот жасаймын деген ойы ше?!
-Ол қандай ой?
-Көптеген адамдар өз бойларындағы бар қабілеттердің сырын толық біле бермейді. Әрқалай себептермен өз күштерін өзге бағыттарға жұмсайды. Бірақ ол ойдағыдай нәтиже бере бермейді. Міне, осы бір қиын сәттерде адам бойындағы негізгі айқындауыш бағытты, оның аса жағымды талант көзі ашылар тұсты көбіне айқын көрсетіп, қабілет деңгейін айқындап, бағыт сілтер робот жасауды да ойға алып жүрген.
-Шынында да Гордонның ой-қиялы тіптен жүйрік екен, - деп Дәурен қиялға берілген қалпы көгілдір кеңістікке күлімсірей көз тасады. Әлден соң барып Дәурен Эвриробқа:
-Эвриоб, мысалы, сенің алыс қашықтықтағы адамның санасына әсер ету қабілетің өте керемет.
-Жоқ, Гордонның пікірінше, ол керемет емес. Менің бойымдағы бұл қасиет шағын көлемдегі адамдар тобына ғана әсер ете алады. Ал Гордон осы қасиетті кең ауқымда қолдансам деп, алдына үлкен мақсат қойып жүрген. Сонымен бірге адамзат баласын өсіру үшін емес, өшіру үшін жасалған, жасалынып жатқан, жасалынбақшы барлық құралдардың үлкен-кішілерін түгел жинап алып, залалсыздандыратын бір қуатты техногуманистік құрал жасасам деп бірде қиялға берілгенінің куәсі болдым.
-Түсіндім, түсіндім, - деді Дәурен Эврироб сөзін аяқтатпастан. – Егер ол бұл ойын жүзеге асыра алса, оның болашақ өмір үшін қандай пайдасы бар екенін ойға сыйғыза алмайсың. Әлгі “Бүкіләлемдік сана туралы трактаттардағы” идеялардың жүзеге асуының өзі осыдан басталмай ма, - деп Дәурен ойлы пішінде жөткірінді. -Онда жер бетінде Мунино секілді тұл жетімдер ешқашан болмас еді-ау, - деп мұң үйірілген көзін жұмып, желке тұсындағы кішкене жастықшаға басын сүйеді...
41. СОҢҒЫ ТҮС
... Шырылдап жылаған сержант Шамир қалың шағыл құмға барып етпетінен түсті. Үстіндегі қанға шыланған кеудешесі дал-дал. Солқ-солқ етіп жылап, жер тырмалап жатыр. Жылап жүріп, сөйлеп жатыр.
-Мунино! Мунино! Кеш мені, бауырым! Кеш, кеш, жаным! Мен қандай жазаға бұйырсаң да дайынмын!
Сенің әкең мен шешеңді, үш бауырыңды өлтірген мына менмін! Менің қолымды балталап кесші.! Аямай кесші! Өтінемін сенен, аямашы мені!
Сол кезде шағыл құмның ар жағынан ақырын басып, тұп-тұнық қара көздері жәудіреп Мунино келе жатты. Соңында сүйреткен сары түсті
машинасы бар. Кеудесіне қаза тапқан қарындасының қуыршағын қыса ұстапты.
Ол ақырын басып келген бойда, жер бауырлап жатқан сержант Шамирдің басын көтеріп:
-Жыламаңызшы, Шамир ағай! Өтінемін! – деді.
-Мәңіз, мынау менің қарындасымның қуыршағы. Сізге сыйладым. Үйдегі қызыңызға апарып беріңізші. Ол сізді сұмдық сағынып жүр, - деп елжірей сөйледі. Сөйтті де сарғыш бұйра шашы желмен ойнаған, көзі мөлдіреген қызыл көйлекті қуыршақты аң-таң болып, абдырып қалған Шамирге ұсынды.
-Алыңыз, Шамир ағай! Мен сізге шын көңілден ұсынып тұрмын. Өзін көптен жоғалтып, енді ғана тауып әкелдім. Алыңыз! Үйдегі қызыңызға апарып беріңізші. Ер бала қуыршақпен ойнамайды ғой. Мен жоғалтым алған машинамды тауып алдым. Қызыңыз сізді қатты сағынып жүр. Мына қуаршақты алып, мәз болып қалсын.
Сержант Шамир сұмдық бір мұңды, қасірет толы көзбен Муниноға тесіле қарады да:
-Рас па, Мунино, - деді ақырын сыбырлап.
-Рас.
-Шамир ағай, алыңыз. Сол кезде сержант қуыршақты көкірегіне басып, бар болмысымен егіле, езіле жылады. Астыңғы ернінің қанын ағыза, қырши тістелеп, басын сұмдық бір опынған халде оңды-солды шайқай, түрегеле берді.
Тұп-тұнық қара көздері жәудіреген Муниноның мұң шалған жүзінде әлсіз күлкі қылаң берді.
-Шамир ағай, жолыңыз болсын! Барыңыз үйіңізге, тезірек барыңыз.Сарғыш бұйра шашы желмен ойнаған қызыл көйлекті қуыршақ қыздың көгілдір көзіндегі күлкіге Шамир тесіле, ұзақ қарады да, ақырын басып, аяңдап кете барды. Аяқ басысы өте ауыр.
Осы мезетте көкжиектен ұшып келе жатқан Эврироб көрінді. Кабинасында үш өнерпаз отыр. Эврироб пен Гордон қонған бетте, күлімсірей адымдап, Муниноға тақанды.
Гордон жүзіндегі мейірбан күлкіні көргенде, Мунино оған қарсы жүгіре барып, құшақтай алды. Гордон әлуетті қолдарымен Муниноы көтеріп алып, бетінен сүйді.
-Мунино, сен қандай тамаша баласың! Сен Шамирге өте дұрыс істедің!
Одан арғысын айтудың қажеті де жоқ, - деп бауырына қатты қысты...
-Дәурен, Дәурен! Ұйқыдан оян! Амелгупа аралы маңына тақадық! Кәне, қону координатын тез айқындап жібер, - деді Эврироб.
1988 жыл.