АЯҚТАЛМАҒАН АҢЫЗ НЕМЕСЕ АЛДАР КӨСЕ ТУРАЛЫ ХИКАЯНЫҢ ЖАЛҒАСЫ
ПОВЕСТЬ-ЕРТЕГІ
Босағасын аттаған бөгде жанға бір жұтым су татырмай, нәр сыздырмай шығаратын, айдай әлемге аты жайылған Шығайбайды Алдар Көсе жер соқтырып кетті...
Өрісте қаптаған қалың қойының соңында жүрген Шығайбай бүгінгі түні үйінде болған жайды есіне алғанда, ызадан жарылып, өліп кете жаздады. Ет орнына ескі етігінің сірісін жегені, май орнына сиырдың жас жапасын асап алғаны ойына оралғанда, лақ еткізіп құсып жіберді. Бәрінен де арқасына аяздай батқаны – сүйікті атынан біржола айырылғаны болды. Өмірінде сырт кісіге суыртпақ жіп ұстатып көрмеген Шықбермес Шығайбай өзінің Алдар алдында жас баладай алдануының сырын көпке дейін түсіне алмай, шақшадай басы шарадай болды. Қабағы қара түндей түйіліп, түнеріп кетті. “Құдайым-ау, мені қандай тажалға жолықтырдың?” – деп Алдарды жеті ата, жекен суына жеткізе қарғап-сіледі.
Аш қасқырдай ұлыған іші қарнының қатты ашқандығанан хабар бергендей. Анау көк балаусаға бас қойып, рақатқа кенелген қалың қойға көзі түскенде, ашкөз қызғаныштың тікенді тырнағы ішін тырнап-тырнап алды. Көзіне қан толып кеткендей. Қасындағы шоңғал тасқа құтырына ойнақ салған қос текешікті тобылғы таяқпен жіберіп ұрды да, қойтасқа сылқ етіп отыра кетті.
Мынау кең дүние көз алдында бір уыс болып тарылып сала берді... Кешке ауылға тақана бергенде, алдынан ойбайлап бәйбішесі шықты.
- Құрған ғана, қу қақпас-ау, Бізбикені әлгі қу аяққа көзің қалай қиды? Бұл дүниеде сендей адам болар ма? Құдайым-ау, ортамыздағы жалғыз баланы шырылдатып, сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ алаяққа бере салуға қалай ғана дәтің барды?
Шығайбай қой шетінде қаққан қазықтай қалшиып қатты да қалды. Өз құлағына өзі сенбеді. Бәйбішесінің сұңқылдаған үнінің аяғын тыңдамастан бар даусымен баж етіп:
- Иттің ғана баласы, мен бізді бер деп едім ғой, не айтып тұрсың, ойбай?
- деп жер тырмалап отыра кетті.
- Алжыған неме-ау, алыстан айқайлап: “Берсең беріп құтыл сол бәледен”
- деген өзің емес пе!
- Қу шұнақ құдай-ау, о заманда бұ заман бұралқы иттей кезбеге қыз бере салатын мені есуас деп пе едің – ей, сен?
Шығайбай қайнап кетті. Тобылғы таяқ басына барып таңқ еткенде, ол шалқасынан түсті. Айқай шыққаннан үй артына тасаланған тоқалы қожасының кәрінен қорқып, іргедегі топ шеңгелдің түбіне барып тығылып қалған-ды. Шығайбай талықсып жатқан бәйбішесінің бүйірінен ыңқ еткізіп бір тепті де, сылқ етіп отыра кетті. Еңк-еңк етіп, әйелдерше дауыс айтып жылады.
Қора аузында топталған қойлар қожасының мына қылығына таңданғандай, бәрі оған аңтарыла қарап қалған-ды...
Шықбермес Шығайбай құла жорғасын тайпалатып келе жатты. Көкейіне түйген ойы біреу-ақ. Ол - өзін қу тақырға отырғызып кеткен Алдардың үстінен Алаша ханға арыз айтып, есесін алып, кек қайтару. Бір ашуын бойына жиып, жауар күндей түйіліп, тістеніп алған. Тісін шақұр-шұқыр еткізіп, қалай қайрағанын өзі де аңғармай қалды.
Күн ыстық еді. Сараң байдың аты да, өзі де шөлге бой алдырайын деді.
Жалғыз аяқ соқпақ сайға құлады. Оның табанымен жылтырап ағып жатқан жылғаның басы әудем жерде екен. Бұлақ басында, үй орнындай дөп- дөңгелек жерге өскен жап-жасыл бояқтай көк шалғын ерекше құлпырып, бөлекше көз тартады. Өзі де, аты да бұлаққа келе бас қойды. Суды сыңғытып ішіп жатыр.
Шығайбай көк шалғынға бауырын төсеп жата кетті. Салқын су, салқын ауа, жасыл шөптің хош иісі тал бойын маужыратып, ұйқыға әкете берген...
***
Құлан мен Түлен екеуі тұла денесін көтере алмай биік жартас қуысындағы уақытша мекенінде үш күн жатты. Көк ала торғайдай болған денелері күп болып ісіп кеткен еді.
Осыдан үш күн бұрын Алдар Көсемен болған шайқасты естеріне түсірсе, төбе шаштары тік тұрады. Он екі өрім бұзау тіс қамшы мен ұзын сойылдың сойқан соққысы естерінен еш кетер емес. Бұл күндері ұйқыдан талай рет шыңғыра айқайлап, шошына оянулары тым жиілеп, түн ұйқылары төрт бөлінетін болған. Жығылғанға жұдырық дегендей, сол шайқас болған күннің кешінде от мүйізді, жылан құйрықты, жолбарыс тісті, арыстан басты Ібіліс келіп, қос шайтанды шапалақтан шарт еткізіп, жалпасынан түсірген. Айыр тырнағымен мойындарынан қылғындырып алып, қаһар төге сөйледі:
- Құдайдың қаһарына шалынған қос малғұн, ел аман, жұрт тынышта бар қасиеттеріңнен жұрдай болып, жүрістерің мынау. Екеуіңде жұртыңа көрінер не бет қалды?! Бір адамды алуға шамаларың келмесе, несіне шайтан болып жүрсіңдер?!
- Тақсыр-ау, көп адамды алдадық. Бірақ Алдар деген бәлеге жолыққалы жолымыз болмай қойды, - деп, Құлан қырылдаған күйі мәймөңкелеп сөйлей беріп еді, долданып алған Ібіліс оның сөзін аяқтатпай ақырып жіберді. Қос мүйізінен жарқ ете қалған жалын от жықпыл жартастың қуыс-қуысын жұмбақ түсті сәулемен алаулатып, долыра жалап өтті.
Құлан мен Түлен қылқынып өлуге шақ қалды. Ібілістің темір қысқаштай тарылып бара жатқан саусақтары сәт санап сығымдағанда, жандары мұрнының ұшына келді.
- Алдардың арқаларыңа мініп, жауыр қылғанын кештім. Ат басындай алтыннан айырылып, алданғандарыңды кештім. Тіл-ауызды үйірген қымыз бен қазыдан, жал мен жаядан мақұрым қалғандарыңды кештім. Ал тіл астарына салып берген сиқыр теңгеден қара басып, айырылғандарыңды қалай кешпекпін?! – ақырып жіберіп, қос тізесімен жерде жатқан екеуін нығырлап жібергенде, төс сүйектері күтір-күтір етіп, сынып кеткен тәрізді
болды. Көздерінен жастары ытып-ытып кетті. Жан ұшыра шар еткен екеуінің ащы айқайы шыққанда, онымен жарыса дыр етіп қатты естілген бөлекше үнді бір дыбыс Ібілістің өзін селк еткізді. Селк ете қалған Ібіліс арт жаққа жалт бұрылғанда, мұрнына жағымсыз, жидіген күлімсі иіс келді.
Ібіліс тізесіне шоқ тигендей, орнынан шорши атып тұрды да, тыжырына:
- Ой, пәдіріңе нәлет, өңкей найсап, қылықтарын! Бірақ дауысы бұрынғыдан жұмсарған тәрізді.
Құлан мен Түлен есеңгіреген қалыптарымен орындарынан тұрып, оған жалтақ-жалтақ қараған күйі, артқа шегіншектей берді.
- Тоқта! – деп Ібіліс қайта ақырып жіберді. – Тіл астына салатын сиқыр теңгені Алдардан қашан қайтып алмайынша, шайтан елінің шекарасына тұяқ тигіземін деген ой қаперлеріңе кірмесін! Түсіндіңдер ме?
Екеуі қосарлана:
- Иә, түсіндік, - деп дірілдей үн қатты.
-Сиқыр теңгені қашан қолдарыңа түсіргенше, адам көзіне көрініп жүретін қалыптарыңда қала беретіндеріңді өздерің де білесіңдер. Менің далаға шашып жүрген басы артық сиқыр теңгем жоқ сендерге беретін, - деді де көзден ғайып болды.
Құлан мен Түлен екеуінің еңіреп жылап қала беруден басқа шарасы да қалған жоқ еді.
Содан олар жартастағы қуыста үш күн жатты. Алдардан қайткен күнде де кек алудың, сиқыр теңгені қолға түсірудің неше түрлі айласын ойлап, сан алуан қиялға берілді. Бұл аралықта арқа-бастарының ісігі де қайтып, оңалуға бет алған-ды. Өздері де шөлден әбден қаталап, қарындары да қатты ашты.
Құлан мен Түлен сол күні жартастағы мекенінен жайлап шығып, өздері су ішіп жүрген бұлақ басына қарай беттеген. Оған тақанып келгенде, екеуі ауыздарын ашып тұрып қалды. Әлдекім көк шалғында шалжия құлап, ұйқыны соғып жатыр. Олар бір бүйірлей жатқан адамның жүзін барлай қарады, бұғағы білеуленіп, майы жылтырап бетіне шыққан бітік көз біреу екен. Иегіне шыққан селдір сақалы ұйпа-тұйпа болып, көзге еріксіз көрінеді.
Жылға жиегінде жайылып жүрген құла жорға аяқ астынан пайда болған екеуіне аңтарыла қарап, аз тұрды да, қайтадан бидайыққа бас қойды.
Құлан мен Түлен бірінің бүйірінен бірі түртіп қалды, көздері шырадай жанды. Ат қанжығасындағы семіз қазының, тәтті нанның иісі мұрындарын жарып барады. Сілекейлері шұбырып қоя берді. Құла ат адамға үйірсек екен. Мысық табандап, бұқпантайлап, қасына сақ келген екеуіне оғаш мінез танытқан жоқ.
Аяқ астынан шыққан ащы айқайдан екеуі шошып кетті. Құла ат басын көтерді де қойды.
- Атаңа нәлет, Алдар! Күлшемді бер деймін, кәне, күлшемді бер!
Екеуі шөп арасынан аспанға қарай ереуілдесе ербеңдескен адам қолын көрді. Ауаны қармап, әлденені ұстай алмай аласұрып жүр. Құлан Түленге сыбыр ете қалып:
- Е, бұл да Алдардың алдауына түскен сабаз ғой, - деді.
- Алдағанда да қан қақсатып алдаған. Тіпті ұйқыда жатса да, Алдар қудың бұған тыныштық бермеуін қарай гөр, - деп басын шайқады Түлен.
- Ойбай-ау, өзімізді қандай қылып еді!? Көкала торғайдай қылған жоқ па?! – деді Құлан қиналған қалыпта.
- Не істейміз деген де сөз бола ма? Қарнымыз ашты ма? Ашты. Мына қазы мен нанды алып, оңаша апарып жейміз, - деді Құлан.
Түлен де шыдамсызданып тұр екен, дереу қоржынды қанжығадан шешіп алды. Құлан оның аузын ашты да, сары алтындай болып көз жауын алған майлы қазы мен иісі бұрқыраған таба нанды алды. Содан соң екеуі бұлақ маңынан асыға басып, оңаша тұсқа ұзады. Сөйтті де топ шеңгелдің түбіне отырып, сылқия тойды.
- Әлден уақытта тымық ауаны басына көтере ойбайлап, жылауға шақ қалған ащы дауыс құлақтарына жетті. Екеуі сылқ ете қалып, орындарынан атып-атып тұрысты.
- Атаңа мың бір нәлет Алдар, көгермей көктей солғыр Алдар! Үйді қойып, енді қу медиен далада да аңысымды аңдуын қоймағаның ба?! Ә, қу құдай, қу шұнақ болғыр, қу құдай! Құтқарсаңшы мені мына тажалдан!
Құлан мен Түлен ат үстінде ойбайын салып келе жатқан адамға аңтарыла қарап, оның жолын тосып тұрды. Шығайбай да алыстан көрінген қос қараға ат басын бұра берген. Екеуі бір-біріне қулана жымың етіп, ішің білсін дегендей ым қағысты. Жат жолаушының алдынан шығып, моп-момақан пішінде жол тосып тұрды.
Шығайбай жақындай келе мүсәпір бейнедегі екеуге барлай қарап, сәл өктемдеу үнмен:
-Ей, қу далада қаңғып жүрген қай жалаңаяқсыңдар? – деді. Әлгіндегі ойбайын ұмытып, ат үстінен мардымси сөйлеп, тәкаппарлана шіреніп қойды.
- Е, байеке, “Басқа түссе баспақшыл” деген емес пе, қай еріккеннен жүрміз дейсіз. Алдар деген қу қан қақсатып, сан соқтырып кетті. Содан кек алғалы жолға шыққан бетіміз еді. Әлгінде ғана алыстан шыққан ащы айқайды естіп, кідірістеген едік. Сайдан сіз шықтыңыз. Жөн сұрасайық әрі ащы айқайына қарағанда жаны қиналып жүрген жан ғой деп, мына Түлен ініміз екеуміз сіздің жолыңызды тосып едік , - деді Құлан мүләйім ажармен.
Шығайбай атынан домалап түсті. Екі көзі шырадай жанып, екеуінің қасына елпектей, емпеңдеп жетті.
- Ол алаяқ сендерді де сорлатып кетіп пе еді?! Айналайын-ау,іздегенге сұраған дегендей жолым болайын деп тұр екен, ендеше. Жүріңдер онда тезірек, сол сұрқияны тауып алып, қол-аяғын байлап, ханға апарып берейік, - деп өз басының Алдардан көрген теперіштерін жіпке тізгендей сарнатып айтып берді. Құлан мен Түлен де кенде қалмай, өз бастарынан өткендерін ашына айтысты. Бірақ екеуі оған бар шындықты ақтарса да, өздерінің адам пішінді шайтан екендерін айтпай, ішке бүгіп қалды.
Үшеуі ұзақ жүрді. Жалғыз аяқ соқпақ ұшы-қиыры жоқ кең даланы қақ жарып, жыландай ирелеңдеп әлі кетіп бара жатыр.
Құлан мен Түленді Шығайбайдың май жайлы айтқан мылжың әңгімесі жалықтырып жіберді. Арқандаулы аттай, қайта айналып Алдар жеп кеткен
қазысы мен майын, өз қолынан ажал тапқан қасқа атын сөз арасына қыстыра береді. Жиі-жиі кіжініп, екілене, елере сөйлейді.
- Осыдан ғана қолыма түссе, тірідей шайнар едім! – деп тобылғы сапты қамшысымен қонышының сыртынан ұрып-ұрып алады.
Кеш батып, көз байлана бастады. Үшеуі ұзақ жолдан қалжырап, шаршап қалған-ды. Бір жұмырша төбеге тақана бергенде, жалғыз аяқ сүрлеу үшке айырылды. Барлығы абдырап, тосылып қалды. Шығайбай серіктеріне қарап:
-Ал қайсысына түскеніміз дұрыс, ақыл беріңдер, - деді. Олар абдырған халде бас шайқасты. Шығайбай да дал болды. Ешқайсысы бұрын бұл жақта болып көрмеген екен. Ымырт қоюланған соң бағанадан малданып, сүрлеудегі бағдар болып келген аттың ізі қай бағытқа кеткенін ажырата алмай қалып еді.
- Сол алаяқты ұзынқұлақ біреуден естігенімде, осы Алаша хан ауылы маңында деп еді. Бірақ ханды да қара жерге отырғызып кеткенге ұқсайды. Содан бері өзі де көрінбей, құрдымға кетіпті деп жүр ғой, - деп Шығайбай бұлдыр әңгіменің, белгісіз әңгіменің ұшын шығарып қойды.
Олар жол айырығындағы жатқан жалпақ тастың үстіне келіп, абыраған халде тізіле отырысты. Үшеуі әрі ақылдасып, бері ақылдасып, тоқтам қылған ақылы – бүгін осында түнеу болды. Тіпті түнде түс көрсе, таңертең жорысатын да болып келісті.
Шығайбай атын тұсап әрі арқандап, оның ұшын аяғына байлады. Сөйтіп ұйықтауға ыңғайлана берген-ді. Жолдан шаршап, қажып келген екі серігі де бастары жерге тиісімен қор ете қалды.
Таңертең Түлен үрейленген үнмен тұр-тұрлап, жатқан екеуін түртіп оятты. Шығайбай орнынан шошып тұрды да:
- Ат аман ба? – деп көзін уқалап, айналасына алақтай қарады. Аты жайылып тұр екен. “Уһ” деп демін алған Шығайбай Түленнің үрей алған жүзіне көз салды. Құлан орнынан атып тұрған күйі жалпақ тасқа тесіле қарап қалыпты. Тастың бетіне біреу аймандай қып ақ бояумен әлденені жазып кетіпті. Бірақ ішкі түйсіктері мұның тегін еместігін сездіргендей. Тұрғандардың ешқайсысы да әліпті таяқ деп білмейді екен. Сұрау толы көздерімен бір-біріне аңырая қарасты. Осы сәтте құла жорға елең етіп, оқыранып, құлағын тігіп тұра қалды.
Әудем жерде торы атты, ақ сәлделі біреу бұларға қарай бет түзеп келеді екен. Шығайбай алға сытылып шыға берді де:
-Уа, молдеке, жол болсын! – деп дауыстап сәлем берді.
- Е, әлей болсын!
Оның дауысы зор, үнді екен.
- Қайдан келесіз, молдеке?
- -Елден келеміз.
- Қайда барасыз?
- Ханға барамыз.
- Шаруаңыз не?
- Е, айтпа, шырақтарым. Алдар деген арбаушы иттің тіліне еремін деп, қатынымды өлтіріп алдым. Соны Алаша ханға барып айтып, жазалаттырмақпын.
Осы сөзді айтқанда молданың күрең жүзі түтігіп, өңі өрт сөндіргендей болып кетті.
- Қалай өлтіріп алып жүрсіз? – үшеуі жамырай сұрасты.
- Ойбай, айтпаңдар, адамды қара басайын десе, бір-ақ сәтте екен, - деп қойнынан ұзынша, көп тесігі бар түтікшені суырып алды. Олар молданың қолында жалт-жұлт еткен түтікшеге таңдана қарады. Бірақ мұның әйелдің өліміне қандай қатысы бар екендігіне бас жеткізе алмай тұрды.
- Бірде Алдардан осы түтікті қасиеті көп деген соң қол басындай алтынға сатып алып едім.Себебі алдында ол өз әйелін менің көзімше бауыздап өлтірді де, сәлден кейін басына тұрып алып, мына сыбызғыны ойнатып, тірілтіп алған. Содан мен де осы кереметті көрші байға көрсетейін деп, оны үйге қонаққа шақырдым. Алдындағы келісім бойынша, ол келгенде әйелім төсектен тұрмай жата берді. Мен ашуланған болып бардым да, әйелімді пышақпен қыл тамақтан орып жібердім. Ол қорқырады да қалды. “Ашуым” басылған соң, бас жағына отыра қалып, сыбызғыны сұңқылдатып әрі ойнаттып, бері ойнаттым. Бірақ сорлы әйелім қыбыр етіп, қимылдаған жоқ. Сөйтіп мына Зәкіржан ағаларыңды құдайдың қос қолдап тұрып қақ төбеден ұрғаны ғой, - деп кеңкілдеп жылап жіберді. Үшеуі жабылып, молданы әрең жұбатты. Көңіл айтып, қайырлы болсын десті. Ол солығын әрең басып, көзінің жасын сүртті.
Молда үшеуінің шаруа, сапар жайын білгенде, төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалды.
- “Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан” дегендей, онда жолымыз оңғарылғалы тұр екен, бауырларым. Келіңдерші бері, құшақтасып көрісіп, шын ниетпен танысайық, - деп үшеуін бауырына қысты. Тіпті ажарланып, алғашқы қайғысын да ұмытып кетті.
- Алдарың қанша қу болса да, бәрімізді алдай алмас. Әйтеуір қолға түссе, ит терісін басына қаптап, аяусыз кек аламы, - деп жүзі бөлекше ажарланып, үні мүлдем зорайып шықты. Көзінде ызаның ызғарлы ұшқыны ойнап тұрды.
Бір уақытта Түлен тұрды да:
- Зәке, сіздің жолыққаныңыз мұндай жақсы болар ма?! Бағанадан бері үшеуміздің басымыз қатып, мына жалпақ тастағы жазуды оқи алмай тұрғанымыз.
Молда тастағы жазуды оқығанда, көзі ұясынан атыздай болып шығып кетті.
-“Оңға жүрсең, опақ боласың, солға жүрсең, сопақ боласың, ортамен жүрсең, шатақ болады. Сәлеммен Алдар!” – деп дауыстап жіберді де, Зәкіржан молда сылқ етіп отыра кетті. Шығайбай шыңғырып жібере жаздады. Құлан мен Түлен аз-кем уақыт таңданғандай халде тұрып, өздеріне өздері тез келді.
- Ойпырым-ай, бұл жауыз тіпті жүрер жолды да торып дамыл бермегені ме, - деп Шығайбай қамшысына сүйенген күйі сылқ етіп отыра кетті. Түлен Құланды түртіп қалып, сыбырлап:
-Мынауыңның жүні жығылып қалды ғой, бірдеме деп демеп жібермесең болмас, - деді.
Құлан даусын қырнап жөткірініп алды да:
- Байеке, мұңаймаңыз, тек бірлігіміз ірімесін, істің сәті түсейін деп тұрғанда, ұнжырғамызды түсіргеніміз мүлдем жарамайды, - деп сыпайы сөйледі.
Шығайбай басын көтеріп алып:
- О, не дегенің, Құланжан-ау, әшейін кес-кестеп алдан орай берген соң, айтып жатқан пендешілік далбас қой, - деп ақтала сөйледі де, сөзін жалғап:
-Сонда ол сұрқияны қайдан табамыз? Кәпірдің мына бір сөзінен шошығандайсың! Тегі қылар айла-амалыңды аяғынан тұсағандай. Ырымға жаман екен, - деп таусыла тіл қатты.
Зәкіржан молда көңіл жұбатарлық үнмен:
- Адамды адастырудың алуан айласын жасайтын жанның айтқан сөзіне де сене беруге болмайды, байеке. Менің көңілім осы ортаңғы жолды қалап тұр. Шешінген судан тайынбас“ дегендей, қандай шатағы болса да өз мойныммен көтеруге дайынмын, - деп өз байлауын айтты.
Шығайбай алғашқы қосылған екі серігіне қарағанда, соңғы қосылған жолаушыны іші біртүрлі жылы көріп қалды. Әрі өзі хат таниды екен. Осыларды ойға түйген Шығайбай қуанып кетті де:
- Нар тәуекел, мен де сізбен біргемін, - деп атына қарай аяңдады.
Құлан мен Түлен дағдарып тұрған. Екеуі де іштерінен мына екі адамның бірыңғай ырымшыл қылықтарын ұнатпай, көңілдері сәл-пәл секем алып қалды. Егер Алдарды қолға түсіріп, қинауға салғанда, жаны алқымға келген ол мына бай мен молдаға бұлардың шайтан екенін айтып қойса не болмақ?
-Астапыралла-ай! “Қарға қарғаның көзін шоқымайды”демекші, адамдар бір-біріне қанша жауықса да, жеме-жемге келгенде Алдарды жақтап, тайқып шыға келмесіне кім кепіл? Онда тіл астына тығатын сиқыр теңгені мәңгілікке жоқ дей бер. Жоқ, болмайды. Біз бұлардан бөлініп, өзге жолмен кетуіміз керек. Алда көрер қызықты әркім өз пешенесінен көрсін” – деп екеуі де іштей ой түйіп тұрып еді. Қос шайтан бір-біріне барлай көз салғанда, ішкі сырларын бірден айтпай-ақ ұғысты.
Жасы үлкен Құлан шешімін кесіп бір-ақ айтты.
-Алдардың айласына найза болмайтыны рас. Ол қай жолдан кездессе де, оның бізді күтіп тұрған аялы алақаны жоқ. Осы тұрған барлығымыздың жауымыз – біреу, мақсатымыз да – біреу. Ол – Алдардан кек алу. Ендеше осы үш айыр соқпақты нар тәуекел деп сүзе, тінте қарауымыз орынды. Мен соқпақтың сол қанатына түсейін, мына Түлен оң қанатына түссін. Сонда орынды болады ғой деп ойлаймын. Біреуімен ғана жүрсек, қапы қалармыз, - деді.
Олардың барлығы да Құланның ойын құптады. Қолға түскен Алдарды арқанға байлап, қайсысы болса да Алаша ханға апаруға бітім қылысты. Содан соң олар бір-бірімен қоштасты да, үш бөлініп жолға шықты. Құлан мен Түлен екеуіне қызғаныш ете ұзақ қарап тұрып қалды.
***
Ат артына мінгізген Бізбикені Алдар үйге әкелгенде, біраздан бері қоныстас болып кеткен Жиренше мен Қарашаш қатты қуанды.
-Құсың құтты болсын, Алдаржан! Босағаларыңнан бақ кетпесін! – деп Қарашаш Бізбикенің алдынан шашу шашып, аттан түсірді. Үйге кіргізіп, босаға аттарда ақ тілек айтып, отқа май құйғыздырды. Осыдан біраз бұрын Алдардың шешесі қайтыс болған-ды. Содан от басында жеке дара состиып қалған Алдарды Жиренше қасына қоярда-қоймай көшіріп алған болатын.
-Жүрісің көп адамсың. Жалғыз жүріп күнің өте ме, қасыма көшіп кел.
Қара серік кімге де болса керек, - деп орынды тілек айтқан.
Қарашаш пен Жиренше бұрын Алдарды сырт естіп жүретін. Оның көп істеріне қатты риза болысып, айыздары қанып отыратын. Әсіресе өздеріне тізесін көп батырған Алаша ханның өткен жылы ат басындай алтынын алып, онымен қоймай, қызына қоса үйленген оқиғасы тұсында тіптен жақсы көріп кеткен еді. Сырттан болса да абырой тілеп, ізгі ниет танытып отырған-ды.
Хан қызының қара сирақ кедейді менсінбей, көптен бері қыңыр мінез танытып жүргендігі Жиренше мен Қарашаштың қабырғасына кәдімгідей-ақ батып жүрген. Әсіресе Алдардың момын шешесін ол жоқта тілдеп, тіпті басына әңгір таяқ ойнатады екен деген жағымсыз, жат хабарды ұзын құлақтан естіген еді. Тіпті соның артынша оның шешесінің құса болып, қатты қападан ауруға бой алдырыпты деген суық хабар да құлақтарына жеткен.
Соның артынша Алдар хан қызымен ажырасыпты дегенді естігенде, Жиренше мен Қарашаш оның бұл ісін құп көрген-ді.
Екеуінің Алдарды тіпті жақын тартып, шын бауырлардай туыс болып кетуінің өзге де тосын себебі бар еді. Осыдан бір ай бұрын Жиренше Алдардан оңбай алданған. Ақ көңіл, ала көйлек Жиренше Алдардың үйде ұмыт қалған алдауыш таяғымды әкелемін деп, мұның атына мініп кеткенін, әрі құлайын деп тұрған моланы сүйетіп қойғанын атып, көзінен жас аққанша күлуші еді. Және де сол оқиғаны қызыққа құмар қалың жұртқа өзі жария етіп болған.
Ертеңіне Алдар шуақ көңілмен:
-Жиренше аға, атыңызды алдап мініп, қисық моланы сүйетіп кеткен қылығыма кешірім сұраймын. Атыңызға, даңқыңызға сыртыңыздан қанық едім. Бірақ жүздеспеген соң, тілдеспеген соң, білісе бермейді екенбіз. Қара халыққа, момын қауымға, адал жанға қиянат етпеспін деп Алдан әкеме берген сертім бар еді. Қиянатшыл, қыңыр топқа сермеп жүрген таяғымның ұшы сізге тиіп кеткенін кеш білдім. Жолда жолыққан бір жарлы менің астымдағы атты бірден танып: “Ағасы-ау, астыңыздағы ат Жиренше ағаныкі ғой. Шешеннің өзі қайда, аман жүр ме?” – дегені. Сонда барып санымды бір- ақ соққаным бар емес пе. Бірақ мен де пендемін ғой, егес тілеген жаннан есе алмасам, ішкен асым бойыма тарамаушы еді. Сондай бір түрт шайтан мен кері беттетпей, үйге алып келді.Алайда көкейі құрығырда ызыңдаған мазасыз ой түнімен тыныштық бермей, әз ағаны алдағаным ақымақтық емес пе деп қатты азаптандым. Сонымен не керек, өз алдыңызға бас иіп келіп отырған
жайым бар. Қандай жаза болса да мойныммен көтеруге әзірмін, - деп Жиреншенің аяғына жығылды.
Жиренше Алдардың есті қылығына барынша ризашылық етті. Қарашаш та сүйкімді жүзді жігіт ағасының мына мойындауына тым риза болып:
-Қайным-ау, “Алдыңа келсе атаңның құнын кеш” деген емес пе. Оның еш айыбы жоқ. Қайта бәрін бүлдіріп жүрген Жиренше ағаңның өзі. “Алдар дегенің шын алдағыш болса, мені бір алдап көрсінші”, - деп өзеуреп қоймаған өзі. Мұның өзіне де сол керек, - деп сыпайы ғана сылқ-сылқ күліп, сары қымызды сапырып отырғандарға ұсынған.
Бізбике жұпыны үйге аяғын сақ басып, тартқыншақтай енді. Шығайбай байдың қызы екенін жаңа сырттан сұрып, біліп алған Қарашаш оған есті, жылы шыраймен:
-Қалқам, алғаш аттаған алтын босағаң құтты болсын! Бақытыңның алтын кілті енді өз қолыңда, қарағым! Бір-біріңді 0адірменді қонақтай сыйлай біліңдер. Жоқ болса – жерінбесең, бар болса - керілмесең, өмірің берекелі болады, - деп тілек айтты.
Жиренше мен Қарашаш ауылды шақырып, шағын той жасады. Осы бір қызықты думанды Жиреншенің өзі басқарып, келген-кеткен қонақтардың көңілінен шығып отырды.
Той болған күннің ертеңіне Алдарға Алаша ханнан шапқыншылар келді. Келгендер ханның қандай шаруамен шақыртқанын ашып айта алмады. Тек дігерлеп, зығыр егіп, оны жүрде-жүрдің астына алды. Нөкерлердің ызбарлы жүздерінен сескеніп қалған Бізбике, Қарашаш, Жиреншелер үрей толы жүзбен Алдарға қарасты. Бірақ оның өңінде сасқан жанның сиқы жоқ, қайта қос жанары гүл жайнап, тіптен шырайланып алғандай.
Қаумалаған қалың нөкер оны қоршауға алып, әкете барды.
Алаша хан Алдарды ақырып қарсы алды. Көзі шатынап, қолындағы аса таяғымен жерді қойып-қойып қалып:
-Сен неме, менің қызымды қорлап, аяқ асты ететіндей қандай әулие едің. Бұл қай басынғаның, қай мазағың?! – деді. Ол хан айқайынан сасқан жоқ. Қасқайып тұрып қарсы жауап етті.
-Алдияр, анығына жетпей ақырғаныңыз әбүйір әпермейтінін менен жақсы білесіз. Қызыңыздың алдында әдептен артық қылық жасасам, мынау талша мойнымды қылша қырқыңыз, - деп кеудесіне қос қолын қойып, иіліп, сыпайы тәжім етті.
- Е, сонда қалай болғаны? – деп Алаша хан жұмсарып қалды.
-Алдияр, мен де кінәсізбін деп сүттен ақ, судан таза болғаным жараспас, бірақ менің ойлағаным – сіздің абыройыңыз бен даңқыңыз. Сіздің сарайдың қазынасы ортаймасын ден күндіз-түні шарқ ұрып, арқа етім арша, борбай етіп борша болған еңбегімді қызыңыз түсінбеді. Ат арылтып, тон тоздырып, үйіңе келгенде6 жас жарың қабағыңа қарап, жылы шырай танытқан да бір абзал екен. Әттең не керек, көкейді тескен көп арман орындалмай қор болып жүр ғой, - деп Алдар ауыр күрсінгенде, көзінің жасы ытып кетті.
Айбарлы Алаша алдындағы жанның мына сөзін естіп, тіптен жұмсарып қалды.
-Жарқыным-ау, айтсаңшы енді ынтықтырмай. Айтқан сөздеріңнің мәнін ұқпадым ғой. Айтып тұрғаның қай қазына? – деп тағынан түсіп, Алдардың қасына келді. Сұқ саусағымен белгі етіп, есік алдындағы екі жасауылдыы сыртқа шығарып жіберді.
-Жарқыным, сырыңды ашшы енді, - деп хан Алдардың арқасына алақанын салды.
Ол ханға сыбырлап:
-Тақсыр, бұл сырды екеумізден басқа жан баласы білмесін, сертім бойынша сіз де білмеуіңіз керек еді, енді амал қанша6 алдыңызға алдыртқан соң лажым жоқ. Егер жан баласына тісімнен шығармаймын деп ант берсеңіз, айтайын, - деді Алдар.
-Міне, антым, міне сертім, - деп хан қос қолын жүрегінің үстіне қойды.
Алдар ханның көзіне сынағандай пінішмен көз салып тұрды да, басын шайқап:
-Тақсыр, көзіңіз тым ойнап кетті-ау, сене алмай тұрғанымды қараңызшы. Егер бұл сыр сыртқа сыпсың етіп шығып кетсе, онда қалған өміріңіз өкінішпен өтеді.
-Айналайын, Алдаржан-ау, міне иманым, міне жаным, адам баласына аузымнан шығарсам, Алланың оғы атсын, - деп Алаша өле қарғанды. Алдар ханға сенбеген раймен қарады да:
-Тақсыр-ай, үніңіздің тым құбылып кеткенінен қорқыңқырап тұрмын, -
деді.
-Алдаржан-ау, өз намысымды, өз қызығымды өз аяғыммен таптап
ақымақ деп пе едің мені, - деп хан жыларман болды.
-Жарайды, хан ием! Енді айтпасқа шарам қайсы. Сізге сенбегенім құдайға сенбегенім болар. Бірақ сонда да болса соңғы рет серт беріңізші, - дей берген Алдардың сөзін аяқтатпаған хан:
-Жарайды, Алдаржан-ау, жарайды , - деп қаңғалақ ойнап кетті.
-Ендеше, дүниеде қара жерден қасиетті ештеңе жоқ. Туған ұямыз да, сол мәңгілікке тыныстып, тынығар ұямыз да сол, соған үш рет маңдай тигізіп:
“Тісімнен шықса құдайдың, Ажалды қара тасы атсын.
Халықтың қарғыс жасы атсын”, - деңіз. Сонда айтайын, - деді Алдар.
Хан антты үш рет қайталап, үш рет жерге бас ұрды. Содан кейін Алдар былай деді:
-Тақсыр, сыр алдында айтар бір-екі ауыз өтінішім бар. Соны орындасаңыз, сырды алдыңызға жайып салуға мен дайын.
-Е, айт, қазір-ақ орындаттырайын.
-Ақиқатты айтқанның айыбы жоқ. Қызыңыз үйден кетер алдында анамды тілдеп, өзімді қарғап:
Отыңның басын өрт алсын, Қақпас қана шешең мен
Екеуіңнің тәніңді,
Еш емделмес дерт алсын! –
деп еді. Қызыңыздың қарғысы қате кетпеді. Қайран шешем екеуміз бір күнде мұрттай ұшып ауырдық. Кәрі тән қатал дертке қарсы тұра алмады. Аз күн жатты да, қайтпас сапарға аттанып кете барды. Өзім болсам, басымды көтеріп, бері қарағаныма екі-үш күн болды. Әйтпесе, осында келем деген ниетке сол қызыңыз кеткен күні-ақ бекінгенмін. Бірақ шарам қайсы, тосын келген кесел адымымды шорт кесті. Ендігі менің тілегім, сол қызыңыз менен келіп кешірім сұраса екен. Содан бері менде не ойын жоқ, не күлкі жоқ, тар төсекте жүз дөңбекшіп, мың аунақшып шығамын. Жат айтса бір басқа, жанкүйерім деп жүрген жанның айтқан қарғысы жаралы қолтыққа сепкен бұрыштай тыншытып ұйықтатпайды екен, - деді.
Алаша хан ақырып жібергенде, апалақтап жасауыл жетіп келді. Ол қызын сарайға алып келуді бұйырды. Алдар түтігіп кеткен ханға мойын бұрып , жұмсақ үнмен:
-Хан ием, қызыңызға қас жаушыдай жасауыл жібергеніңіз тым әбестеу болып жүрмес пе екен. Жақсылы-жаманды бауырыңыздан шыққан балапан ғой, тегі қызметші қыздарыңыздың біреуін жіберген орынды болар еді, - деді.
-Жоқ, барсын! Жақсылықты түсінбеген жанға сол дауа, - деп жасауылға иек қақты.
Әлден кейін жасауыл хан қызын ертіп келді де, өзі шығып кетті. Хан қызы Алдарды көргенде, көзі ұясынан шыға айқайлап жібере жаздады.
Хан ызбарлы жүзбен:
-Қызым, Алдардай асыл жанды ғайбаттап, қара жерге қаратқанда не мұратқа жеттің? – деді.
-Әке, айып менен емес... – дей бергенде қызына қатты ақырып жіберіп:
-Тоқтат, сөзіңді тыңдамаймын енді, тез арада Алдардан кешірім сұра. Айыптымын деп аяғына жығыл, - деді. Қызы әке сөзін қапысыз орындап, кешірім сұраған соң хан қызына шығып кетуге белгі берді.
Қызы шығып кетісімен хан қасындағы серігіне жымия қарап:
-Алдаржан, тағы қандай өтінішің бар еді? – деді.
-Алдияр, ендігі өтінішім бәлендей салмақты да емес. Өзіңіз білесіз, менің Алдар деген атым бар. Доссыз да емеспін. Бірақ дұшпаным да тым көп. Маған жалған жаланы жаба салатын, аяғымнан шалуға дайын тұратын сасық пиғылды адамдар ел арасында аяқ алып жүргісіз. Сізге қазір айтылар сырдың ойдан шығып, оңынан келуі үшін солардың суық сөзінен мені біраз уақыт арашалап отырғайсыз. Тіпті реті келгендей болса, жазалап отыру да артықтық қылмайды. Соңғы тілегім осы.
-Алдарым, біл тілегің де орындалады. Мүмкін, тағы да тілегің бар шығар?
-Тақсыр, басқа тілегім жоқ.
-Ендеше, менің құлағым сенде, - деп таққа жайғасып алған Алдарға Алаша хан мәймөңкелей жақындап келе берді.
Алдар Көсе ханға тізерлей отыруды нұсқады. Ол айналасында ешкім жоқ па дегендей аңыстап қарап алды да, ханның құлағына сыбырлады.
-Тақсыр, айтар сырдың жайы мынау: Өткен жолы маған қаза болған қарындасым үшін төлеуге берген алтыныңыз, құдай амандығын берсе, қазынаңыздың құты болайын деп тұр.
-О, тоба-ай ә! Айналайын, Алдарым, аузыңа май. Ал алтыны қазір қайда?
-Алтын Құлан мен Түлен деген шайтанда. Хан Көсенің сөзінен шошып қалып:
-Жаным, Алдар-ау, олар алтынды алып қашып кетпей ме? – деді.
-Жоқ, Алдияр, оларды мен кете алмайтындай етіп тұсап қойғанмын, - деп Алдар сылқ-сылқ күлді.
-Қалай тұсап жүрсің? – деді хан ынтығы құрып.
Алдар тілінің астынан түйменің үлкендігіндей сиқыр теңгені алып көрсетіп:
-Міне, мынаумен, - деп қулана көз қысты.
-Апырай, ә! – деп хан теңгеге қол соза берді.
-Жоқ, алдияр, мұны сізге ұстауға еш болмайды. Ұстаған адам сиқыр теңгенің сырын ашатын дұғаны білуі керек, әйтпесе адамның өз өміріне қатер, - деді. Алдар дауысына үрей араластыра.
-Астапыралла, тағы не дейді!? – деп, хан қолын лып еткізіп, кері тартып ала қойды.
-Иә, солай тақсыр! Сол екі шайтанның ғажайып өнері бар екенін кейінірек білгенім.
-Ойпыр-ай, ол қандай өнер?
-Алтын құятын өнер. Қара жердің қыртысын қопарып, алтын кенінің қай тұста жатқанын пәтшағарлар сұмдық біледі екен.
-Пәлі, пәлі! Мынауың ғажайып жаңалық қой. Ханның көзі шырадай жанды.
-Айтпаңыз, хан ием. Өзім де алғаш естігенде, сізге өтірік, маған шын, есімнен танып қала жаздадым. Өзіңіз білесіз, сиқыр теңге менде болған соң, шайтанның еркі менде емес пе. Шіркін, жан деген тәтті емес пе, екеуі иненің көзінен лыпып өтіп, алдымда құрдай жорғалағанын көрсеңіз ғой. Осы жылмың-жылмың етіп: “Алтынды тайтұяқ қылып құяйық па, әлде жұмырша етіп құяйық па?” – деп ойнап тұр.
-Өздері тіпті тайтұяқты де біледі екен ғой?
-О не дегеніңіз, алдияр, олардың білімдарлығына шек келтірудің өзі күнә.
-Дұрыс айтасың, шынында да солай.
-Әрине, солай. Сонымен мен тұяқты олқысынып: “Ат басындай етіп құйыңдар”, - деп бұйрық еттім. Сөйттім де, үйдегі тығулы жатқан ат басындай алтынды апарып беріп, тура осыдан бір мысқыл кем де емес, артық да емес өлшеммен жасаңдар, - деп әмір бердім.
Алаша ханның жүзі бал-бұл жанды.
-Нешеуін құймақшы? – деп тағатсыздана сұрап та қойды.
-Ойбай, нешеуін деріңіз бар ма, қанша қаласаңыз сонша жасап бермекші. Менің сізге ертерек келмек сапарымның сыры да сол еді, тақсыр. Бірақ тағдыр шіркін тілегіңді тұсай беретіні күйіндіреді де. Табан асты шешем қаза
болды, - деп, Алдар ауыр күрсініп, көзін төмен салды. Хан да мұңайған пішінде басын изеп, оған аяушылық еткендей болды. Бірақ көкейінде қаншауын құйдырсам деген мазасыз ой құтырына ойнақ салып, тыншу бермеді. Өз-өзінен күбірлеп: “Он! Жоқ, ол аз! Жиырма! Жоқ, ол да аз! Отыз! Аздау! Қырық! Әлі де аздау ғой деймін. Елу! Мүмкін осы да жетіп қалар! Жетер! Елу бас алтын!!! Елу бас!!! О, жаратқан жағыпар ием, өзің жар бола көр!”
Алаша ханның жүрегі кеудесін жарып шығардай дүрс-дүрс соқты. Оның көз алдынан жарқ-жұрқ еткен ат басындай сом-сом елу алтын кетпей қойды. “Жауабымды қашан сұрар екен ” – дегендей Алаша хан иба сақтап, Алдардың жүзіне алақтап қарап қойды. Бірақ ол мұңлы халде басын көтеріп алып, бұған тесіле қарады. Жүрегі зу ете қалды.
-Алдияр, шешем есіме түскенде ет-бауырым езіліп сала береді. Түнде түсіме кіріп еді, жар басында жалаңаш жүр екен. Тегі құранға жетімсіреп жүр ғой деймін байғұс анам. Соған бір құран бағыштап жіберсеңіз қайтеді, хан ием. Менің молда алдын көрмегенімді өзіңіз де білесіз.
-Е,мұның тіптен абзал, Алдар. Әке-шеше құдайдан бала тілігенде, не үшін тілейді дейсің? Оқиын, марқұм көрінде бір аунап түссін, - деп жүрелеп отыра қалды да, сарнатып ала жөнелді. Ол құранды бер жағымен оқып отырса да, ар жағынан ызыңдаған бір күдік “Елуім осы аздық қылар ма екен, елу бес десем қайтеді. Иә, елі бесім дұрыс-ау деймін!”
Құран аяқталған соң, Алдар ризашылық пішінмен Алаша ханға назар салып:
-Тақсыр, өзіңіз құранды қашғар мақамымен оқиды екенсіз. Үніңіз де ғажап екен, - деп ризашылық білдірді. Хан жымың етіп, Алдарды көз қиығымен сипап өтті.
-Алдияр, сонымен сізді қанша бас алтын қанағаттандырады? Алаша хан сипақтап:
-Алдаржан-ау, қанша деудің өзі қиын ғой, тіпті дос көңілді адамдардың арасына сауда жүргізудің өзі әбестік емес пе. Дегенмен де өздерінің қанша бас алтын жасауға шамалары келеді? – деп жұмсақ қабақ астымен серігін назарлады.
-Тақсыр ием, шайтан мен періге шек қойып бола ма? Олардың қанша істей алатындығына күмәнданудың өзі үлкен ағат. Ешқандай именбей, нар тәуекел деп кесіп айтыңыз.
Ойға алған санын айтуға оқтала бергенде, Алаша хан оны қорашсынғандай болды. “Тағы бір бесеуін қосып жіберсем қайтер екен, ә. Өзі де кесіп айт деп үзір болып отыр ғой, ашып айтқанның несі айып!” – деп ойлана берген Алаша:
-Алпыс!!! – деп айтып жібергенін өзі де аңғармай қалды.
Алдар біртүрлі ренжігендей қабақ шытып қалды. Алаша ханның іші қылп етті. “Ойпырым-ай, тым асыра сілтеп, шошытып алдым ба осы?” – деп қатты күдіктенді.
-Тақсыр, мен сізге соншама қайран қалып отырмын. Сіздің ауыз толтыра айтуға тұрмайтын алпыс санын айтқаныңызға, құдай ақына, ренжіп қалдым.
Қандай қанағатшыл едіңіз. Олар осы жарты айдан бері күніне он бас алтыннан құйып, бір жүз елуін дайындап қойды. Келісім бойынша олар әлі жарты ай жұмыс істеуі керек. Қалған уақытта бос отырмасын, - деп қасындағы ханға Алдар бөлекше салмақпен көз салды.
Алаша хан көзін төменшіктетіп, күлмің қағып, сақалын сипап кетті.
Саусақтары діріл қағып, тынши алмай отыр.
Алдар дауысын кенеп қойып:
-Алдияр, сертім серт, бір айға тұтқыным болсын деп қос шайтанды қамап ұстап отырғаным-отырған. Егер сертімнен шықпай, ерте жіберсем, олардың мені таба қылып, мазақтап кетуі хақ. Сондықтан ренжімеңіз, олар әлі де жарты ай жұмыс істесін. Бірақ, бір өтінішім, олар қазір қанша дегенмен адам бейнесінде ғой, тамақты да бір кісідей ішеді. Қолымдағы жалғыз тайды сойып беріп едім, еті таусылды. Соған бір ту бие сойып беруге жағдайыңыз келе ме? – деп ол хан жүзіне сұраулы пішінде назар салды.
-Айналып қана кетейін, Алдарым-ау, о не дегенің? Мұны баяғыдан бері- ақ айтпайсың ба? – деп басын шайқай беріп, орнынан көтерілді де, есікке алақан соқты. Әлекедей жалақтап жасауылы кіріп келді. Хан әмір ете:
-Бар, анау жылқышылардың бастығы Қарақұлға айт! Мынау менің асыл досым Алдардың ауылына қасқа айғырдың қалың үйірін айдап апарып тастасын де! – деді. Жасауыл “құп” деп басын иді де, найзасын жарқ еткізіп, сыртқа шығып кетті.
Алдар күмілжіп:
-Тақсыр, мұныңыз... – дей беріп еді, хан оны сөйлетпестен алдын орап:
-Түсінемін, жаным, түсінемін. “Жаман үйдің иесін қонағы билейді” деген. Жә,жә, жетті енді, бұл әңгімеге қайтып соқпай-ақ қояйық, - деп тақта отырған Алдарға иек қағып, арқасынан еркелете қақты...
***
Шығайбай мен Зәкіржан Алаша ханның ордасына бір күн, бір түн жүріп зорға жетті. Таң алагеуімде қақпа алдындағы қос жасауылға келіп, ханға арыз айтуға келгендерін баян етті.
Олар ханның қабылдауын біраз күтті. Әлден соң келіп, шақырушы жасауыл Зәкіржан молданы ертіп кетті.
Алаша хан тағының үстіне енді жайғасқан екен. Зәкіржан есіктен ене бере, жүгіріп барып ханның аяғына жығылды, зерлі шапанының етегінен сүйіп, тәует етті. Мәймөңкелеген күйі ханның жүзіне көз салып, жайын айтуға оқталды.
-Иә, сөйле, молдам, - деді Алаша хан алдында құрақ ұшып тұрған ақ сәлделі басқа қарап:
-Хан ием, алдыңызға келіп, мазаңызды алайын деген ниетім жоқ еді. Онсыз да басыңыздан асып жатқан жұмысыңыздың көп екенін білмей отырған жоқпын. Алдар деген зұлым шығып, қалың елді ала тайдай бүлдіріп барады. Қан қақсаған халық көп. Жаңа біреуі менімен ілесе келіп, қақпа алдында қалды, хан ием. Сол Алдарды жазалап, кегімізді алып бермесеңіз,
біздің қылар дәрменіміз жоқ. Сіздің құзырыңыздан пана тілеп келгендегі жайымыз осы, - деп кеудесіне қолын қойып, басын төмен иді.
-Қандай қорлық көрдің Алдардан?
Зәкіржан молда шұбыртып ала жөнелді. Әйелінен біржола айырылғанын айтқан кезде дауысы тіптен жыламсырап шықты. Сөзін аяқтаған соң молда ханның жүзіне қабақ астымен ұрлана көз салды. Оның жүзінен өзі іштей тілеген жылы шырай көрем бе деп дәмеленіп еді, күткені көңілінен шықпады. Алаша ханның түгі сыртына шығып, сұрланып алған екен. “Япырау, хан иемнің мұнысы несі?” – деп ойланып қалды. Сәлден кейін хан Зәкіржанға сұқты көзін қадап:
-Арызыңды түсіндім, молда. Ал менің көкейімде бір сауал тұр, соның жауабын өзіңнен білсем деймін, - деді де:
-Халықтың “Қолың көтере алмас шоқпарды беліңе қыстырма” деген мақалын естуің бар ма?
-Иә, естігенім бар.
-Онда жақсы екен. Ал “Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл” деген мәтелді білесің ба?
-Иә, білуші едім.
-Онда тіптен жақсы екен. Енді мынаған ой жүгірттің бе? Сенің жолықтырған адамың – дүйім елге өнерімен, айласымен аты шыққан адам. Оның ойнатқан сыбызғысының бар тетігін бір сәтте үйреніп алдым деп құран ұсташы, кәне!
Молда күмілжіп қалды.
-Тақсыр, Алдардың көрсеткенін істедім ғой әйтеуір. Әйтпесе мен оның қандай құпиясы бар екенін қайдан білейін?
-Ендеше сен маған мынаны айтшы, өзің білмес өнердің өңешіне жармасып, өзеуреген өзің кінәлісің бе, жеті ғылымның тілін біліп, бар білгенін саған үйреткен Алдар кінәлі ме?!
Молда ләм-мүйім деп жауап қатпай, көзімен жер шұқып қалды. Хан даусын қатайтып:
-Өзгенің кінәсін айтамын деп, өзің кінәлі болып отырғаныңды сезесің бе? – деді. Зәкіржан табанына шоқ басып алғандай шоршып түсті.
-Қандай кінәм бар, тақсыр-ау? – деп шар ете қалды.
-Қанша балаң бар?
-Үшеу.
-Ал осы үшеуінің ел аман, жұрт тынышта жетім болып қалуына кінәлі кім? Тапа-тал түсте моп-момақан әйелді бауыздап өлтірген кім? – деп Алаша хан Зәкіржанға ақырып жіберді де, айқайлап жасауылын шақырды.
-Мына күнәһар кәззапты, құдай жолын қанмен бояған қанішер молданы зынданға апарып тастаңдар, - деп әмір етті.
Молда қанаты қайырылған құстай қалбалақтап, ханнан рақым тілегендей қос қолын жайып түрегеле бергенде, түсі суық апайтөс қос жасауыл оны қолтығынан қаңбақтай көтеріп әкетті. Ойбайын салған молданы апарған күйі тас зынданға жапты да тастады.
Алаша хан қақпа сыртында қалған Шығайбайды алдырды. Бас изесіп, иек ұшымен сәлемдескен хан оған сөйлеуді бұйырды.
Шығайбай да Зәкіржан молда сияқты Алдардан көрген қорлығын жіпке тізіп, шұбыртып айтып шықты. Бәрінен де Шығайбайдың күйіне сөйлеген тұсы – Бізбикедей қызын алып кетіп, бәйбішесі мен тоқалын тоңға отырғызып кеткен жайын баян еткен кезі. Сол жайдың арқасына аяздай бататындығын айта келіп, шапағат-мейірім мол ханнан рақым тіледі.
Шығайбай хан жүзіне жалтақтап қарай берді. Оның жүзі жылы сияқты. “Е,құдай тілеуімді беретін болды. Сұм Алдарды сүмеңдетіп аяғыма жығып, айыбын төлетсе, сонан соң басын алса, айызым қанбай ма?!” – деп ішінен құлшынып кетті.
Бай сөзін аяқтаған кезде Алаша хан көзін жұмып, тақ үстінде маңдайын қолымен тіреген күйі ойлана отырып қалды. Әлден соң кеудесін тіктеп алып, басын изеп:
-Айтқаныңның бәрі орынды , бай. Ел тыныштығын ойлау – менің міндетім. Ел тентегін тезге салуға атсалысып, хан абыройын ойлау – сенің міндетің. Пиғылыңа ішім жылып, мерейім өсіп қалды. Маңында жүрген қосшысының басшысына бүйрегі бұрып тұрғанынан не жетсін. Тілегің орындалады. Алдарды алдыңа алдыртып, айыбын тартқызамын, жоғыңды тапқызып, басын шаптырамын. Байлам осы. Қанағаттандың ба? – деп Алаша хан Шығайбайға жылы шырай білдірді. Ол қуанғанынан қолын шапалақтап, жас балаша секіріп кете жаздап, өзін-өзі әрең тежеді. Көзінен жас та шығып кетті. Ішінен қатты қуанып, өз үйінде болған жағдайдың бар жайын ашып айтпай бүккеніне, өтірікті шындай сапырып, қара бояудың қалыңын Алдарға аямай жаққан айласының оңынан оралғаны үшін тақиясын аспанға атуға дайын тұрды. Хан алдында әдеп босағасынан аттай алмай қалғанына өкінгендей халде әрең шыдап отырды.
Сәлден кейін Алаша хан Шығайбайға еңсеріле бұрылып:
-“Бөріктінің намысы бір” дегендей, Шығайбай мың біткен бай деп сыртыңнан көп естуші едім, сен үшін төккен маңдай тер, табан ақым атаусыз қалмас, - деп күлім қақты. Байдың өңі күреңітіп сала берді. Ханның сөзін не құптап, не құптамасын біле алмай, бедірейе қарап қалды. Өмірінде өз пікірін, әмірін қоштаудан басқа мінез-қылық жолықтырмаған Алаша хан Шығайбайдың ажарындағы безерлікті көріп, тосылып қалды. Сөйлеуге шамасы келмей қалған Шығайбай әлден кейін тілі жаңа шыққан баладай:
-Тақсыр, айтқан сөзіңізге түсінбей қалдым, - деп күмілжіді. Көз алдына көп жылқы мен қойдың, түйенің шұбырып, хан сарайына беттеп бара жатқанын елестеткенде, Шығайбайдың төбе шашы тік тұрды.
Хан өткір көзін байға тік қадап:
-Ей, Шығайбай, кісі жанын қия салу оңай шаруа емес. Қолымды кісі қанына былғағанда, маған қалың жаладан арашаланар айла тауып бер. Егер айтқаным орнына келсін десең, маған қоңы қалың қысырақтан бір үйір жылқы бересің. Менің де досым бар, дұшпаным бар. Өзіме жазығы жоқ Алдардың басын алғанда, айналамда отырған уәзір, билерімнің өзі-ақ менің ту сыртымнан суық сөз жүргізіп, ауыр кінәлайды. Себебі, Алдардың ел
алдында аты бар, атағы бар адам. Сондай суық, зәрлі сөздердің алдын алу үшін өзімнің уәзірлерім мен билерімнің көмейін тығындауым керек емес пе, - деп мағыналы жүзбен сөзін аяқтады.
Шығайбай төмен қарап, жер шұқып кеткен екен.
-Иә, сөйле, Шығайбай, - деп Алаша хан тағына шалқая отырды. Бай аз уақыт үндей алмай отырды да, міңгірлеп сөйлеп:
-Тақсыр, сонда менің өзімде не қалады? Қайтіп күн көремін? – деп жыларман болды. Алаша хан ақырып жіберді.
-Әй, сен ит, не далбастап отырсың өзің. Сыртқа суыртпақ жіп шығармай, шаруаңды оңға бастырмақ ойың бар екен ғой. Оның бола қояр ма екен. Сен сияқтылардың хан сарайының босағасын аттап, менің алдыма келіп, жүзімді көруінің өзі бір қысырақтың үйірі емес пе. Не оттап отырсың өзің? Ей, жасауыл, қайдасың? – деп алақан соқты.
Қос жасауыл хан алдына келіп қалт тұра қалды.
-Мына біреуді зынданға апарып қамаңдар. Өзі шектен асқан сараң көрінеді. Күніне бір-ақ рет сұйық тамақ беріп, сазайын тарқызыңдар, - деді Алаша хан.
Жалаңдап тұрған жасауылдар кебеже қарын Шығайбайды қолтығынан тік көтеріп алды. Бай жыламсыраған үнмен қос қолын ханға қарай жайып:
-Хан ием, қысқы соғымыңызға қазысы төрт елі бір ту бие берейін, қоя беріңізші, - деді.
Хан жасауылдарға әкете беріңдер дегендей сұқ саусағымен белгі етті.
Олар Шығайбайды тезек қаппай дырылдатып ала жөнелді. Есік алдына тақалып қалған кезде ол дауысы қырылдай айқайлап:
-Хан ием, аяй көріңіз мен, қысқы соғымыңызға қазысы бес елі екі ту бие берейін, басымды азат етіңіз! – деді.
Алаша хан түюлі қабағын жазған жоқ. Қос қарауыл хан жүзіне жалт қарасып, еш белгі көрмеген соң, Шығайбайды үрген местей тік көтеріп алып, есіктен сыртқа шығара берді. Оның жан дауысы шыға:
-Хан ием, айып менде, күнәмді кешіріңіз. Сұраған бір қысырақүйірімнің жартысын берейін, - деп шырылдады. Бірақ Алаша ханның аузынан үзілгелі бара жатқан үмітті жалғар үн естілмеді.
***
Алдар Алаша ханның ордасынан шығып, ауылға беттеп келе жатып, өзенге ат шалдыруға аялдады.
Күн ашық, шуақты болатын. Алдар атын тұсап, көк шалғынға бауырын төсеп, рақаттанып жатты. Бір уақытта басын көтеріп алды да, ауада бір орнында қанат қағып, құйқылжыта ән салған бозторғайға көз салды. Жүрегі шым етіп, тұла бойы елжіреп кетті.
Баяғы бала кезінде, бай қозысын бағып жүргенде, осы өзеннің бойында малды жусатып қойып, бозторғайдың тәтті үнін тамсана тыңдаушы еді. Бай айқайы мен боқтауынан алыс кетіп, оңаша отырғанда Алдар өзін шын бақытты сезінетін-ді. Ол да бір қызық дәурен екен.
Көзіне шел біткен байдың әкіреңдеп боқтауы, арқасына жиі тиетін таяғы есінен бұл күнге дейін кетпейді.
Ол өзеннің жарқабағындағы жалғыз моланы көрді. Баяғыда көшкен елге ілесе алмай жалғыз қалған әкесі аз күн ауырып өлгенде, өз қолымен қойып, басына белгі соғып еді. Енді ол да желмен, сумен мүжіліп, бүгінде аласарып қалыпты.
Алдардың көз алдына әкесінің жүдеу, жабырқау жүзі тірі кезіндегідей көлбеп тұра қалды. Оның жұмсақ, момақан қоңыр үні құлағына қаз- қалпымен келетін сынды.
Сонау сәби кезінде өзін алдына алып, әлдилеп отырып, біртүрлі мұңлы дауыспен айтатын жыры құлағына қайта жеткендей болды.
-Алдаушы арсыз көбейіп, Ардан тойдым, қарағым. Әділеттік таба алмай,
Заңнан тойдым, қарағым. Арсыз заман-азаптан,
Жаннан тойдым, қарағым. Арашашы болсын деп, Бата тілеп атыңды,
Алдар қойдым, қарағым.
Бойына шеше сүтімен бірге балдай дарыған осы бір жыр Алдардың санасынан еш кеткен емес. Кей күндері түсінде әкесі оны осы бір жырды айтып, әлдилеп жүретіні бар.
Кейін есейген шақта, Алдардың әкесіне берген кесімді серті мұның өмір жолында адастырмай, алыстан белгі беріп жанған шырақтай болды, оның есесі кеткендермен егеске шақырып тұратын дабылындай қуат беруші еді.
Кенет ескі естеліктің ескегін есіп отырған Алдардың атын атап, дабырлай сөйлеп келе жатқан әлдекімдердің үнін естіп, дыбыс шыққан тұсқа мойын бұрды. Өзенге жарыса келіп құлайтын қос сүрлеудің тоғысқан торабында тұрған екеудің Құлан мен Түлен екенін ол бірден тани кетті. Кездесер кезеңнің дәл бүгінгі күнге сай келе кетуін жақсы ырымға санап, іштей пішкен есебінің ебі келгеніне қатты қуанды. Егеске, ерегіске шақырып, қайрай жазған жазуының көздеген нысанасына дөп тигеніне шүкіршілік етті.
Құлан мен Түлен әбден жүдеп, жүндері жығылып қалған екен. Көздері ішіне кіріп, қатты азыпты. Алдар Құлан мен Түлен тақана бергенде, аса қайғылы, мұңлы пішінге ене қалды. Екеуі тақанып келіп:
-Ассалаумағалейкум, Алдар аға! – деп жарыса сәлем беріп, қолын алды. Құлан Алдардың жүзіндегі аса жабырқау қалыпты көріп, аяушылық еткендей пішінде тұрды. Неге екені белгісіз, екеуі жауар бұлттай түнеріп келген ашуларының әп-сәтте, Алдардың мына түрін көргенде, қайда кеткендерін білмей қалды.
-Өңіңіз жүдеу, көңіліңіз жадау ғой, Алдеке. Қандай халге тап болғансыз?
- деп аяушылық ете сөйлеген Құланның мойнынан Алдар құшақтай алып, өкіре жылап жіберді.
- Қадіріңді білетін,
Қайран досым, Құланжан. Ескі досым, Түленжан,
Сендерден басқа кімім бар. Сұрайтын жай-күйімді?
Жол таба алмай тұйықтан, Шырғалаңға шатылып,
Жаман қатты күйіндім. Бірде тату, бірде араз,
Жүрген күнім жақсы екен. Соны қатты сағындым.
Қызығымнан қағылдым. Атаңа нәлет Алаша, Апшымды жаман қуырып, Қиынға мені айдады.
Уәдеден шықпасам, Өлімге мені байлады. Маған ханды қайрады.
Басымды кесіп алмақ боп, Айбалтаның астына, Дірдектетіп айдады.
“Жанымды қи”, - деп – алдияр! Зарымды айтып жыладым.
Қазынаңды толтырар, Айыбым деп алдына, Қазынаңды алтынмен,
Аптаймын деп серт етіп, Шықтым әрең құтылып. Ағаң, міне, осылай,
Қос бауырым, қосағым. Алаша ханның торында, Қалдым әбден тұтылып, -
деп, көңілі босай бастаған Түленді де құшақтай алып жылай берді.
Әлден соң Алдардың құшағынан әрең босаған Құлан:
-Алдар аға, айналайын жыламашы, тіпті жанымызды қоярға жер таба алмай қойдық қой, - деп қинала тіл қатты. Алдар Түленді қоя берген күйі маңдайын қолымен тірей, басын күйзеле шайқап-шайқап қойып:
-Құдайым-ау, бауырым-ау, мен жыламағанда кім жылайды! – деп өксіп- өксіп алып, сай-сүйекті сырқырата жөнелді.
Түлен шыдай алмай:
-Ағатай-ау, неге қиналып отырсың сонша, басқа хандыққа қашып кетпейсіз бе, қолға түспей басыңыз аман-сау тұрғанда? – деді. Алдар осы сөзді естіген кезде тіпті құтырынып, сақал-шашын жұлып, өкіріп жата кетті. Басын қос қолымен тоқпақтап:
Албасты мен басты ғой, Бақыт құсы басымнан, Біржолата қашты ғой, Айласы алпыс Алаша,
Тегін мені жіберіп, Отырған жоқ қайтейін, Айтуға тілім бармайды, Болған жайдың мәнісін, -
деп солқ-солқ етіп, қос бүйірін таянып талықсығандай халде, басын шайқап отырып қалды.
Екі шайтан бір-біріне аңырая қарасып, түсінбеген сыңайда иықтарын қиқаң еткізісті. Құлан шыдамай:
-Алдар аға-ау, не болды, үзіктірмей айтсаңызшы, - деді. Ол басын күйзеле шайқап:
-Не бетіммен айтамын, құдай-ау?! Менің бүйтіп жер болып жүргенімше, қара жердің тесігіне кіріп өлгенім-ақ жақсы ғой, - деп жылауды одан сайын үдетті.
Түлен шыдай алмай:
-Ойпырмай, Алдеке-ай, “Әкесі өлгенді де естіртеді” ғой, мән-жайды айтсаңызшы, - деді.
Алдар көзін тарс жұмып, тіл-ауызсыз қалған адамдай, басын үнсіз шайқап, ұзақ отырды.
Әлден кейін ғана:
-Мен бейбақ не бетіммен айтарымды білмей отырған жоқпын ба, тіпті ойласам төбе шашым тік тұрады, - деді қатты қиналған халде.
Екі шайтан жарыса:
-Айтыңызшы, ағатай, мүмкін көптеп көмектессек, септігіміз де тиіп қалар, - десті.
-Айтуын айтамын-ау, бауырым! Бірақ менің аузымнан шыққан сөзді естіген кезде екеуің бетіме былш түкіріп, теріс айналып кете ме деп тілім байланып отырған жоқ па?!
-Түу, Алдеке-ай, қай жерде көріспей, қай жерде келіспей жүрміз, тіпті қандай айып жасасаңыз да кештік, - деп Құлан кесім сөзін айтты.
Алдардың жүзіне нұр жүгірді. Қатты қуанған раймен екеуін алма-кезек бауырына тартып, беттерінен құшырлана сүйді. Селдір сақалына іркіліп қалған жасты қол сыртымен сүртіп тастады.
-Шыбын жан деген тәтті ғой, шіркін, кеспелтек ағашқа екі нөкер дедектетіп сүйретіп әкеліп, етпеттете жатқызып, қолымды байлай бастағанда, құдая тоба, жаным мұрнымның ұшына келді. Аяғын алшақ басып, айбалталы дәу маған қарай келе жатқанын көргенде, шыңғырып жіберіп, талықсып кеткенімді ғана білетін. Бір уақытта кеөзімді ашсам, үсті-басым шылқыған су. Әлгі ханның баскесерінің қолында қылдыбақыр шелек тұр, маған ес жиғызбақ болып, су шашушы да сол екен. Тілімнің: “Ханға апар”, – деуге ғана шамасы келді. Ес жиғаннан кейін Алаша ханның алдына алып келді.
Хан:
-Ал, сөйле, батырым, маған айтпақ не аманатың бар? – деді. Мен:
-Тақсыр, бағана қиналғаныңызда ашпаған сырым бар еді, жаныма араша түссеңіз айтсам деп едім, - дедім. Сол уақытта хан айналасындағы
уәзірлеріне қарап, кеңес күткендей сыңай байқатып еді, олар бастарын изеді. Шіркін, жан деген қиын екен, сонда барып “уһ” деп демімді бір-ақ алғаным.“Суға кеткен тал қармайды” деген емес пе, сенгенім сендер болдыңдар. Ішімнен: “Иә, пірім, қолдай көр, Құланым мен Түленім тірі тұрса, бұл тордан да құтылып шығармын”, - дедім.
Сендердің мені осы жақын арада-ақ іздеп тауып алатындарыңа сендім.
-Туу, Алдеке-ай, баяғыдан бері соны айтпайсыз ба? – деп екеуі де желпініп, көтеріліп қалды.
-Жасырып керегі не, өзім сондай бір ауыр, ұятты іске баруға мәжбүр болдым. Бірақ, амалым нешік, тағдырдың мойынға салғанын көтермеске шарам қайсы, тіпті сендерге айтуға аузым да бармай отыр, - деп Алдар төмен қарап, жер шұқып кетті. Шыдамы таусылып, шегіне жеткен Құлан тіпті күйіне сөйледі.
-Алдеке-ау, сізге мұнша не болған, тіпті дүние өртеніп, күл болып кетсе де айтыңызшы!!!
Түлен:
-Иә, Құлан дұрыс айтады, азар болса сиқыр теңгені Алаша ханға кепілдікке беріп кеткен шығарсыз, - деді.
Алдар Түленді құшақтай алып, жылап жіберді.
-Айналайын, Түлен-ай, асыл туған бауырым-ай, құдай тағала сені неге адам қылып жаратпады екен?! Данам-ай, кемеңгерім-ай, арсыз Алашаның орнына отырып, ел билесең, мен бүйтіп диуанадай ел кезіп жүрер ме едім. Шығайбай мен Зәкіржан жер басып жүрер ме еді, - деп ет-бауыры елжірей егілді.
Құлан мұңайып қалды. Түлен еңсесін көтеріп:
-Құлан аға, мұңаятын орныңыз жоқ. Алдекең сиқыр теңгені Алашаға әдейі бермеген шығар. Одандағы үшеуміз бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып, теңгені қайтарып алудың қамына кірісейік.
-Дұрыс-ақ, Түлен інімнің бір сөзінде жалған жоқ. Мен оны әдейі беріп кеткен жоқпын, - деп Алдар да іле жауап берді.
-Сол өліммен бетпе-бет келген сәтте Алашаның құрған торына шырматылғанда сендерді бел еттім, сендердің арашалайтындарыңа сендім. Алтын өндіріп беремін деп өлердегі сөзімді айтып, сиқыр теңгені кепілдікке бердім. Екеуіңді алтын жасайтын асқан шеберлер деп келістіре мақтадым.
-Ойбай, Алдеке-ау, алтынды қалай жасамақпыз? – деп екеуі безектеп қоя берді.
-Мен саспай, сендер саспаңдар. Біздің үйде былтыр өздерің тауып алып, жас сұрасқанда, маған олжа етіп байлаған ат басындай алтын мен Алаша ханның қапияда қаза болған қарындасым үшін берген айып алтыны жатыр. Сол екі бас алтынды пайдаға асыратын айла ойластырайық. Соған ақыл қосыңдар. Хан сиқыр теңгені үшеуміз, ап сондай үш жүз бас алтын апарып сыйлағанда ғана бермек, яғни әрқайсымызға ат басындай жүз құйма алтыннан салық салды, - деді. Құлан мен Түленнің көздері ұясынан шыға шошынып, шыр еті қалды.
-Мұнша алтынды қайдан таппақпыз, ойбай-ау!
-Босқа үрейленіп, үрікпейік, одандағы бүгін осы жерге түнейік. Түнеп жатып, түс көрейік. Аруақ, жебеушілер бар болса, бір жақсы айла табылар. Анау тұрған менің әкем Алданның моласы. Садағаң кетейін, аруақты жақсы адам еді, сол кісінің де шапағаты тиер, -деді Алдар сенімді, нық сөйлеп. Екеуі оның бұл ойымен келісе кетті.
Кеш батқан соң үшеуі тас бүркеніп, ұйқыға кетті. Ертең ерте алдымен Алдар оянып, екі серігін тұрғызды. Ол сөзді бірінші болып бастады:
-Ал, кәне, түстеріңді айтыңдар, қандай айла таптыңдар? Екі шайтан еш түс көрмегенін айтты да:
-Алдеке, өзіңіз қандай түс көрдіңіз? – деп жарыса сұрасты.
-Жолымыз болайын деп тұр екен, құдай қаласа. Жебеушілерім жаным қысылғанда тағы да жөн сілтеді, - деді Алдар шоқша сақалын сипап қойып, күлімдеп:
-Сендер қолдарыңа кетпен, күрек, алыңдар да, өзеннің анау айнала аңғарынан алшақ-алшақ етіп, бірнеше құдық қазасыңдар. Бізді Алаша ханнан тек сол құдықтар ғана құтқарады.
-Сонда қалай құтыламыз?
-Үндемеңдер. Алашадағы сиқыр теңгені қайтарып та аламыз, оның салған салығынан да құтыламыз. Тек менің айтқанымнан шықпаңдар. Жарай ма?
-Жарайды, Алдеке-ау, сізге сенеміз ғой, - деп қос шайтан қуана келісті.
Содан соң Алдар аулына кетіп, кешке қарай ұзын арқан, кетпен, күрек, шелек әкелді. Бір түйеге теңдеп екі бас алтынды орап алып келді. Сөйтіп шайтандарға құдық қазатын орындарын көрсетіп, жұмысты бастай беруді тапсырды.
-Су көрінгенге дейін қазыңдар. Содан кейін келесі құдықты бастайсыңдар. Ең соңғы құдықты анау хан ауылынан келетін сүрлеудің өзенге құлай берісіндегі табаннан қазып қойыңдар. Біз хан екеуміздің төбеміз көрінгенде, сырттағы тұрғаның да құдықтың ішіне түсіп кетесің.
-Ойбау-ау, қалай түсеміз?
-Туу, соны да сөз деп айтып тұрғандарыңды айтам да. Анау қара тасқа арқанның бір ұшын байла да, төмен қарай ақырын сусып түсесің.
-Е, ол қайдан ойымызда болсын, Алдеке.
-Сонымен біз келгенде бір бас алтын сыртта жатсын. Екіншісі су түбінен бір бүйірімен жылтырап көрініп жататын болсын. Содан кейінгісін уағында көресіңдер, тек менің айтқанымды бұлжытпай орындай беріңдер, - деп қатты тапсырды. Құлан ризашылық көңілмен:
-Айналайын, Алдеке! Сиқыр теңге үшін қай азапқа болса да дайынбыз. Тек соны қолға түсіріп беріңізші. Сөйтіп, мынау адамдық қалыптағы ақирет азабынан құтқарыңызшы, өмір бойы айтқаныңызды істеп өтейік, - деп қиналып тілек айтты.
-Бауырларым-ау, өзім де ұяттан өліп жүрген жоқпын ба? Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Ал абырой жолымызға серік болсын, достығымыз берік болсын. Мен Алаша ханды осында үш күннен соң ертіп
әкелемін. Оған дейін құдықтарыңды қазып, дайындай беріңдер, - деп Алдар бесін кезінде аулына қарай жүріп кетті.
***
Алдар Көсе аулында жатып, үш күн тынықты.
Жиренше маңайына топтасқан шағын ауыл арқа-жарқа болып қалған екен. Алдар күрек, кетпен алып кеткенінің артынша алыстағы хан жайлауынан келген үйірлі жылқы ауыл маңайын қиқуға толтырып, желісі жетім кедейлердің қонысын көңірсітіп тастапты. Ертеңгі күнге ырым етіп ауыл сыртына қазық қағып, желі тартыпты. Тірлігі тату момын жұрттың, тіршілігі де сырт көзді қуантқандай екен.
Алдар ауылға тақана бергенде, жарау, дом аттарына мінісіп, жаңа қонысқа келген жылқыны қарауылдауға шыққан атпал жігіттерді көрді. “Иә, ұзағынан сүйіндір!” – деп Алдар ішінен шын қуанды.
Әр ошақтың басынан от жалтырап, түтіндері тік, биік көтерілген. Жүдеу өңді балалардың бір тобы ауыл сыртында ойнап, астарына құрық ағаш мінісіп, бірінен-бірі озғындай шауып, айналаны қиқуға толтырып жүр.
Бейбіт тірліктің шаттық толы бей-жай қызығына Алдар қызғанышпен қарады. Өз өмірінің мазасыз, арпалысқа толы әр күнін ойлап, көз қуанышы болған, көңіл ауанын қандырар мынау, мамыражай тірлікке сүйсіне көз салды.
Төбе басында Жиренше ауыл аадамдарымен тұр екен. Жаңа ғана Алдар айтып кеткен аманатты орнына келтіріп, хан олжасынан қалың жұртқа тиісті үлес беріп, кешкі дала ауасымен тыныстып, өткен-кеткеннен сыр шертісуге жиналған беттері екен.
Төбе басындағы топ Алдарды көріп, риза, қунақ жүзбен бұған қарай еңсеріліп, бұрыла бастады...
-Рақмет, Алдаржан, рақмет! – десіп, онымен барлығы қошуақ көңілмен, шын пейілмен шұрқыраса амандасты...
Ауылда жақсы тынығып келіп, жалғыз басты кемпірдің үйіне түнеді. Жоқ-жітік болса да, мінезі шуақ, мейірбан кемпір көлденең келген мейманға барын салып, шай берді. Өзі әңгімешіл екен. Көптен жалғыз тұратын болып шықты. Жалғыз ұлын осыдан үш жыл бұрын Алаша хан бәйге атымды ұрлады деп жала жауып әрі салығымды төлей алмады деп дарға асыпты. Қызын салығымның төлеуі деп сарайында күңдікте ұстап отырған көрінеді. Сол қызы көп ретте ыңғайын тауып, олды-пұлды қоректі шешесіне жіберіп тұратын көрінеді.
Алдар Көсе төсекте түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Тісін шұқыр-шұқыр қайрап жібергенін де білмеді. Таң қашан атар екен деп шыдай алмай, ширығып шықты. “Құдайым-ау, адам жаны шыбын құрлы болмағаны ма?! Ат ұрладың деп...” Ол ызыланып мырс етіп күліп қойды. Адым аттасаң – жылаулы жұрт, жабырқаулы жұрт. Елдің бәрі хан құрығынан біржола құтылып кете алатын Қарашаш пен Жиреншедей алғыр ойлы, ақылды емес қой. Бұл қасиетсіз хан неге сонша басынып, неге сонша желіге бермек?. Не деген сұмдық мынау?!”
Алдар таңертең хан сарайына барды. Алаша хан тағына жаңадан келіп жайғасқан екен. Алдар алдына келіп, иіле сәлем бергенде, ханның өзі орнынан тұрып , оның қолын алды.
Бірақ Алдардың қабағы салыңқы, кірбің екен. Алаша қобалжулы сыңаймен оған бұрылып, тіл қатты:
-Алдар, немене, шаруа жайың түзік пе, ажарың сынық қой, - деді. Ол сәл күмілжіңкіреп:
-Алдар, қалай деп айтсам екен, тіпті жаман деп те айтуға болмайды. Бірақ сол алтындарды соңғы күндері құдықтан шығару қиын болып тұрғаны. Әсіресе шайтандардың соңғы қазған құдықтарындағы кесек алтындар тым ірі әрі сом болып, жалғыз-жарым адам тартып шығара алмайтындай өте ауыр, салмақты болып тұр. Арқан да шыдас бермей үзіліп жатыр. Соған мықты арқан, бір-екі қарулы адам алайын деп келіп едім, лаждың жоқтығынан, - деді.
Алаша хан орнынан шоршып түсті.
-Алдар-ау, көзбе-көз алтын қазынадан мені біржола айырмақсың ба? Тіпті бұл күнде қасындағы серігіңе де көп сене беруге болмайды. О не дегенің, адам берің не, айналайын-ау! Хан басын шайқап, сарай ішінде аласұра, теңселе қозғалып кетті.
– Ол адам көргенін ертең ел-жұртқа жаймай ма, сосын не болмақ.? Жоқ, әкетай, ондайды айта көрме?!
-Енді не істейміз, алдияр! – деп Алдар шарасыз халде қолын жайды.
-Сондай да сөз бола ма екен? Өзім барамын ол жаққа, - деп Алаша хан жолға жинала бастады.
-Тақсыр, былайғы жұрт қара мен ханның атқа қатар мініп, сыпай-салтаң кетуін сөз қылып, атыңызыға кір келтіріп жүруінен именбейсіз бе?
-Түу, Алдаржан-ай, сарай маңынан қазіргі айтар аңызы- сені мен менің ажырамас достығымыз. Тышқан аңдыған мысықтай олар да менің әр адымымды аңдып отырған жоқ па? Саған үйірлі жылқыны айдатқаннан бері- ақ сарай маңындағылар сенің атыңды дабыра көтеріп, мадақтаудан бір тынған жоқ, - деп Алаша хан орнынан тұрып, үстіндегі асыл киімдерін адалбақанға іліп, аңға шығардағы киетін ықшам, жеңіл киімдерін кие бастады.
Аяғына жеңіл етігін киіп жатып, мұртынан күліп қойды:
-Айтпақшы, кеше мынадай бір қызық болғаны, кешкілік жасауыл басы қасыма келіп: “Тақсыр, айыбым болсын, қыл мойнымды талша кесіңіз, әлгілер сіздің адал досыңыз Алдарды жаман сөздермен балағаттап, арына тиер ауыр сөздерді қайта-қайта айқайлап айта берген соң, екеуінің де басын кесіп тастадым”, деп қасқайып тұр әлгі сабазым, - деп Алаша хан мол денесі солқылдай, кең-кеңк етіп күлді.
-Жасауыл басына не бұйырдыңыз? – деді Алдияр.
-Әй, Алдаржаным-ай, не бұйырушы ем, үстіне зерлі шапан жауып, арқасынан қақтым да! – деп рақаттана күліп, орнынан ширақ көтерілген хан сергек үнмен:
-Ал, Алдар, жол баста, мен дайын! – деп есікке беттеді.
***
Екеуі ұзақ жүріп, өзенге тақанып келе жатты. Еңіске құлай берген тұста Алдар дауысын кенеп қойып:
-Осы соңғы қазған құдықтың алтындары тым ауыр соғып жатыр, - деді.
Қазылған құдыққа тақала бергенде, қазылған үйінді жиегінің бір шетінен көзге ерекше шағылысқан кесек алтын көрінді. Алаша аттың басын қоя берді де, жеткен заматта аттан допша домалап түсті. Алтынды көтермек болып еді, ерен салмақ ханды шөкелетіп тастады. Қасына келген Алдарды қапсыра құшақтай алып, бет-аузынан шөпілдетіп сүйе берді, сүйе берді.
-Аруағыңнан айналайын, құдіретіңнен айналайын, Алдарым, шын асылды жоғалтып жүрген мен соқырмын ба әлде таба алмай жүрген ел соқыр ма? Ал не істейміз, Алдар, ақыл таста, - деп, қаңбақтай қалбалақтап, Алдарды айналшықтай берді.
-Тақсыр, сіз ел басқарып, билік тізгінін ұстап отырған жансыз. Күн көзіне шыжып, бетіңізді желге қақтап, өзіңізге обал жасағаныңыз келіспес. Әрі әкелген арқанымыздың өзі- қолдың жауы. Алынар алтын бұл бір емес, әлі бірнеше сан ғой. Әлі ана жақтардағы құдықтарда қаншасы жатыр, - деп сайдың жоғарғы жағын қолмен нұсқап қойды. Беліңізге артық салмақ түсіріп, жан қинағаныңыз тым ауыр болар. Сіз хан болсаңыз да, мен қара басым да, кіндігіміз бір, қанымыз туыс адам баласымыз ғой. Күні түсіп көлгірсігенмен шайтанда иман жоқ, сірі жанды сұрқия ғой, азаптың ауырын солар көрсін. Егер теріс көрмесеңіз, сіз күн тимес түпке түсіп, салқын жерде арқанға құдық түбіндегі кесек алтындарды шалмалап, күрмеп байлап тұрсаңыз болды. Құлан, Түлен үшеуміз бірігіп тартып ала берсек дұрыс болмас па, - деп Алдар.
-О не дегенің, Алдаржан, пейіліңе мың да бір рақмет, иегіңнің емеурініңнен ішіндегіне айтпай біліп тұратын сендей зерек жанды өмірімде тұңғыш кездестіруім, - деп, хан қанжығаға байланған жуан арқанды шешіп алып, беліне орай бастады.
Алаша хан құдық аузына тақалып келді. Ол ішке үңіліп, екеуіне барлай көз салды. Алдарға жымың-жымың қарап қойып, иек қақты.
-Пәтшағарлардың тұрысын қарашы, - лекіте күлді де, кенет дауысын қатты шығарып:
-Анау орталарында жалтырап жатқан да алтын болар, - деп көзін қысып қойды. Содан соң нән қара тасқа байланған арқанды өз беліндегі арқанмен қоса ұстап, төмен түсуге ыңғайлана бастады.
Алдар қолындағы арқанды саумалай босатып, ханды төмен қарай жібере берді. Алаша аяғының астынан жоғары қарай сәуле шашып, шағылысқан алтынға жақындай түскен сайын шыдамсызданып:
-Тез, тез түсірсейші, Алдар-ау! – дейді.
-Хан ием-ау, сонша неге асығасыз, негізгі барар жеріңіз де онша алыс қалған жоқ қой, - деп миығынан күлді Алдар.
-Тез!Тез! Тезірек! – деп, Алаша хан арқанды сілкілеп, айқайлап жіберді.
Құдық түбіне жете берген хан судан шығып жатқан алтынды құшақтай жығылды. Құдық ішін күңгірлетіп, ессіз күйде, сақылдап күле берді, күле берді.
-Айналайын, Алдарым, Атыңнан сенің айналдым. Құт-берекем, шырағым, Ұшсам қанат пырағым, -
деп өлеңдетіп те жіберді.
-Алдияр, есіңді жи, ақылға кел! – деп Алдар айқай салғанда, Алаша оған аңырая, аузын ашып қарап қалды.
-Алдияр, Құлан мен Түленді сыртқа шығармас бұрын тіліңіздің астындағы сиқыр теңгені егелеріне беріңіз.
Хан көпке дейін тілі байланғандай үнсіз қалды. Алақ-жұлақ етіп, төбесінен сұқтана төніп тұрған екі шайтанға қарады, Әлден кейін ғана:
-Сиқыр теңгең не, жаным-ау, өзімде деген жоқ па едің кешегі күні?
-Хан ием, ел басқарған есті адамсыз, қасиетті сарайдың босағасынан аттап шықтым деп ұсақ пендешілікке салынуыңыз атыңызға да , сақалыңызға да лайық па?! – деді Алдар тік, қадала сөйлеп.
-Аллам-ау, сен не деп кеттің, қайдағы сиқыр теңгені айтып сандалып тұрсың? – деп хан ашу шақыруға айналды.
-Тақсыр, “Ашу – дұшпан, ақыл - дос” деген, сабаңызға келіңіз, жазықсыздан жазықсыз мені жазғырғанда жеткен мұратыңыз қайсы? Адам елінің патшасы жалған сөйлегенде, өзгелерден тіптен көңілі қалып, түңіліп кетпей ме?! Соны не ойламайсыз?! Ашулы райыңыздан қайтып, жат жұрттың жан қимас мүлкін қайтарыңыз. Ендігі сөз қысқа, берсеңіз - келіскеніміз, бермесеңіз – керіскеніміз. Бар алтыннан айырылайын десеңіз өзіңіз біліңіз. Ана қос мүсәпірдің көз жасына қалмаңыз, қиналып тұр ғой, - деп Алдар таусыла сөйледі.
Хан терісіне сыймай, тұтығып сөйлей алмай қалды. Алдар теріс айнала берді де:
-Құлан, Түлен, ақылға көнбеген жанның әділ жазасы болады. Ерік өздеріңде, - деді. Екі шайтан Алаша ханды алып соғып, аузын айырып жіберді. Оның шыңғырған дауысы құлақты жарып жібере жаздады.
Алдар қара тасқа байлаулы арқанды ағытты да, шумақтап құдықтың кенеріне таман қоя салды. Содан кейін ханның атын ұстады да, ер-тоқымын алып, теріс ерттеді де, айыл-жүгенін сыпырып, еркімен қоя берді. Өзі атына мініп, әкесінің моласына қарай беттеді. Құлағына:
-Алдар, сиқыр теңге қайда, сиқыр теңге қайды? – деп жанталаса айқайлаған Құлан мен Түлен дауысы келіп жатты.
Мола әбден ескіріп, мүжіліп қалған екен. Баяғыда кірпішін өзі құйып, өзі қалап, басын қарайтқан еді.
Көз алдына момын әкесінің жүдеу бейнесі келді. Өмір бойы қорлық, зорлық-зомбылықтың, алдау мен арбаудың жемі болған әкесінің аянышты тағдырын мұңая ойлады. Күні кеше ғана хан қызының кесепаты мен кесірінің құсасынан ажал тапқан шешесін ойлады.
Ол ақырын ілбіп, баяғыда өзі туған ескі жұртқа келді.
Ауылдан аулақта көрінген жұмыртқадай жұмыр төбеге көз салды. Қозыны етекке салып қойып, ауыл жақты, өзен жақты барлап жататын еді. Анадай жерде ескі ошақтың сілемі жатыр екен. Астынан алау жалын ойнатып, қара қазан бұрқ-сарқ қайнап, от жанған күні бала Алдар үшін ерекше бақытты күн болатын. Бірақ ондай күндер тым сирек болушы еді.
Құлағына ызың-ызың етіп, Құлан мен Түленнің жалынышты дауысы жетіп жатты. Алдар мырс етіп күлді де, етігін шешіп, өкшесіне тыққан теңгені қолын алды. Сиқыр теңге алғашқы ажарынан айырылып, күреңдене бастапты. Ол қалтасындағы шақпақ тасты алды да, ошақ маңындағы қусақ шөпшектерді жинап, оны ескі мақтамен тұтатты. Лау ете қалған отқан қолындағы сиқыр теңгені атып жібергенде, жер астынан шыққандай зарлаған үн естілді.
-Ей, айналайын адам, ақырғы тілек, соңғы үмітпен айтқан бір ауыз сөзімді тыңда, сен! Мен шайтан елінің патшасы – Ібіліспін. Алдыңа келіп көрініп, кешірім сұрауға батылым бармай тұр. Тілер тілегім – Құлан мен Түленнің шыбын жанын қи, - деп жылап жіберді.
Алдар орнынан атып тұрып, қарсы ақыра жауап етті:
-Жоқ, Ібіліс, қасіреті таусылмай, күн сайын көбейіп келе жатқан бауырларымның зар-мұңы сендерсіз де аз емес. Жаңа ғана бой созып, көкке ұмтылған жас өскінді шырмаған шырмауықтай адамдарға салған сойқанды сұмдықтарыңның шегі жетті енді. Мың асқанға бір тосқын. Осыны біл. Ақыл-ой, сұрғылт тұман, күңгірт бұлттан аршылып, бел шешісіп айқасар анық жауын айқын танысын. Ол жауы сол адамдардың өз арасында екенін өз санасымен түсінсін. Қош бол, Ібіліс, шатақ іздесең, мұнда келіп, көзіме көрін, айқасарлық әл-дәрменім әлі бар, тыныштық іздесең жөніңе кетіп, жайыңа жүр, көзге көрінбе. Араша түсер аяушылығым жоқ! – деп кесіп айтты.
Сол сәтте жан ұшыра шар еткен дауыс аспан астын дір еткізді. Ібілістің: “Беу, бауырым-ай!” – деп күйінген даусы қоса шықты да үні әлсірей үзіліп бара жатты.
Алдар қолындағы таяқшамен отты көсеп, қағыстырып көріп еді, сиқыр теңге балқып, күлге сіңіп кеткен екен. Ол “уһ” деп демін ауыр алды.
Алыстан қара көрінді. Келе жатқан Жиренше екен.
Жиренше екеуі амандасып, ауылдың есен-амандығын білді.
Алдар әрлі-берлі шапқылып жүріп, ауыл аясында болып жатқан көп жайдан сырт қалған екен. Әсіресе қатты қуантқан жай – Бізбикенің тез бастығып, байыпты тірлік иесі болуға бейім байқатқандығы. Жиреше ерекше жылы лебізбен:
-Тегі, жақсы бала болғалы тұр. Кішіпейіл, сыпайы, сынық мінезді жан екен. Тек күтімі болмай, күл астында көміліп қалған жауһар ма деп қалдым, - деді.
-Жиренше аға-ай, дүниеде Қарашаштай қасиет егесінің қанатының астын бір күн саялап, бал қолынан бірі шыны аяқ су ішкен жан күнәсінен тазарып, кірінен айырылмай ма. Қарашаштай асылдың бір ауыз жылы лебізін естіген
қаныпезердің тас жүрегі жұмсарып, есті жанның еті жүрегі елжіремей ма?! Асыл Қарашаш – екеуміздің алдымыздағы асқар тауымыз, шалқар көліміз емес пе!? Түтінге тұншыққан түндік астынан мен Бізбиекені сол асқардың биігіне шығып, кәусар ауасына мейір қандырсы, сол шалқардың тұнығына шомылсын деп әкелген жоқпын ба. Қарашаш болмаса, Жиренше болмаса, қу тақырға Бізбикені әкеліп нем бар, әз аға! – деп Алдар толқына, шалқи шабыттана сөйледі. Жиренше толғанысқа толы Алдар жүзіне ризашылық пінішмен қарап:
-Алдар, Қарашаш жеңгеңнің саған айтқан сыпайы сәлемі бар еді. Ол қалыңдығыңның есімін өзгертпекке ниет қылып отыр. Ескі жұрттың иісі сіңген Бізбике атын Мейірімгүл деп қоюға өзіңнен рұқсат сұрайды. Бұған не айтасың? – деді.
-Кемел ойдан келісім тауып шыққан есім ғой мынау. Болсын! Тіптен жарасымды—ақ емес пе, Жиренше аға?! – деді. Ішінен күбірлей қайталап “Мейірімгүл, Мейірімгүл”- деп қайталай берді.
Сол Мейірімгүл келер жылы ақ сазандай, маңдайы кере қарыс Арман деген ұл туды. Көп күрес пен тайталаста айласы мен әдісін құрал етіп, жауларын жеке соққан Алдар қартайған шағында өз ұлына өзге мәнді, өрісі байтақ бата берді.
Алданнан туған Алдармын, Жауымды қаскей көргенде. Жай отындай жанғанмын. Әкемнің өші кеткенді Тозаққа қақтап салғанмын. Таусылмас бірақ, қарағым, Жекелеп жүріп ұрыссаң,
Сұмдығы мынау жалғанның. Қартайған әкең өрісін,
Кеңейтсін десең, құлыным. Халқыңды ерт соңыңнан, Ұзарсын десең құрығың.
Көп түкірсе, көл болар, Көп жиналса, қол болар,
Халықтың аңсап арманын, Ашатын есік кең болар.
Арман азамат болып өсіп келе жатты. Жұмбағы көп дүние Арманның аддынан сан тараулы, шытырманы көп, шырғалаңы мол жауыр жонын төсеп жатты...
Сәт сапар, Арман!
1978 жыл.