27.02.2022
  159


Автор: Пернебай Дүйсенбин

КҮТУ МЕН КҮДIК

 


 


Бiз газет редакциясына, самолет командирiне жазылған хаттан жауап күтiп, шыдамсызданып жүрдiк. Әрдайым почтальон Асанның жолын тосамыз. Бiрақ күткенiмiз болмайды. Iшiмiзден күдiктенушiлер де табылды. Әсiресе Құрар:



  • Ол кiсi ерiгiп жүр деп пе еңдер. Содан жауап келсе мен сөздi қойдым,– деген.


Бiздiң аэропорт бастығының атына салған ақшамыз да ауылда бiраз әңгiме болғанға ұқсайды.


Ақша қабылдап отырған толық оператор келiншек Ырымжан бiз барғанда бiраз айқай шығарған. Ақша аударатын бланканың «Хат үшiн» деген тұсындағы жазуды көргенде қолындағы қаламсабын үстелге тастап жiбердi.



  • «өз иесiн көптен күткен иттi тамақтандыру үшiн. Алтыншы кластың оқушылары»,–деп бар даусымен самбырлай оқыды да, бiзге дүрсе қоя бердi.

  • Бәле, сендердiң мыналарың не сұмдық! Кiмдi мазақ қылмақсыңдар? Итке арнап ақша салғанды о заман мен бұ заманда көргендерiң бар ма! Дауысы ащы шықты. Почта бастығы Ордан ағай сол сәтте жазып жатқан қағазынан басын көтерiп:

  • Ырымжан, немене, жай ма?–дедi.

  • Ойбай, ағай-ау! Мына ерiккендердiң тiрлiгiн қараңыз!–деп қолындағы бланканы ол кiсiге ұсына берген.


Сонда Ордан ағай жымың етiп:



  • Ана газетте жазылған итке ғой. Мiне, бұларың дұрыс-ақ,–деген. Ол бiзге риза болған пiшiнмен елжiрей қарағанда, иығымызды басқан зiл салмақ сусып төмен түскендей болған.


Самолет командирiне арналып, аэропорт бастығының атына жолданған хатты сол жолы ақшамен бiрге жiберген болатынбыз. Арада бiрқауым уақыт өттi. Сабақтың басталуына да саусақпен санағандай күндер қалған. Құрар айтқан күдiк көкейiмiздегi әлсiз үмiттiң отын өшiруге айналғандай.


Барлық болған жайдан хабардар Төлепбек атай ауылдағы дүкенге қауын- қарбыз өткiзуге келгенде, жолықса бiттi, бiрiншi сұрайтын әңгiмесi сол.



  • Хат-хабар бар ма? Немене, әлi иесi табылмап па?


Жағымды жауап ала алмаған атай кәдiмгiдей күйзелiп қалады.



  • Ойпыр-ай, ә, әлгi иесi антұрған кәзит оқымайтын қу-ау деймiн. Әйтпесе бiр шаң берер уақыты болды емес пе!–деп кейидi.


өздерiмiз де неше алуан әңгiме айтысып, неше алуан жорамал жасаймыз.



  • Егер иесi итiнiң Москвада өзiн әлi күтiп жүргенiн бiлсе, не iстер едi?– дедi Файзолла.

  • Сөз жоқ, келер едi,–деп сенiмдi айттым.

  • Ендеше неге келмей жүр?

  • Бiлмесе, қалай келедi?

  • Сонда бiлмеуi мүмкiн деп ойлайсың ба?

  • Неге ойламасқа? Мүмкiн ол алыс бiр жаққа жұмыс-қа кеткен шығар.


Солтүстiк жақта жұмыс iстеу ойыншық дейсiң бе?



  • Менiңше, ол бiлсе де келмей жүр,–дедi Құрар ескi дауды қайта тұтатып.

  • Сөз болғаныңа! Бiлсе, көздi ашып-жұмғанша-ақ жетер.


 



  • Ендеше неге аэропортта тастап кетедi?

  • Оған таңданатын не бар? Оның аса тығыз шаруамен кетуi мүмкiн бе?


Мүмкiн. Сондықтан итке қарайлауға мүмкiндiгi болмаған, мен бiлсем.


Күн өткен сайын мазасыздануымыз шектен тыс ұлғая түстi. Торы атына мiнiп, үйдi-үйге газет-журнал таратып жүретiн Асан да бiздi алыстан көрсе, ештеңе жоқ дегендей бас шайқайды. Ал Алпан болса, бiздердi келеке етiп:



  • Иттерге ақша салғыш ақымақтар,–деп сыртымыздан көп күлетiн көрiнедi.


Бұрын да Алпанмен ара-тұра келiспей қала беретiн кездерiмiз жиi болатын. Бiрақ бiршама уақыт өткен соң табысып кете берушi едiк. Дегенмен де, осы соңғы жолы оның кенеттен бiзбен көп қосылмай сырғақтап сырт жүруiне таңдана бастадық.


Ақберген оны түс кезiнде екi-үш рет үйiнен iздеп те барыпты. Бiрақ ылғи да жоқ болып шыға бередi. Шешесiнен сұраса:



  • Бiлмеймiн, неғып жүргенiн. Велосипедiмен кетiп қалды. Сұрасаң айтпайды,–дептi.


Оның соңғы күндерi велосипедiне мiнiп, түс кезiнде ауылдан кетiп қалып жүргенiн кiшкене Хабар да айтты.


Бiрде Хабар мамасымен магазинге iлесiп барғанда, Алпанды көрген. Ол бiр қорап ине алып жатыпты. Хабарды көргенде қипақтап, өз-өзiнен қуыстанғандай болған.



  • Қармағым сынып қалып едi. Магазинде қармақ жоқ болған соң алып жатырмын,–дептi.

  • Бұдан қалай жасайсың?–дейдi Хабар қазбалай, бiлсем деген құмарлығын жасыра алмай.

  • Ұста атам қыздырып, иiп жасап бередi. Сазан түссе де сынбайды екен инеден жасаса,–деген.


Соның артынша, Төлепбек қария бiр келгенде, сөз арасында, ауыл жағына бiр баланың барып, үлкен арық жағасында еңкеңдеп, әлде не iстеп жүргенiн алыстан байқағанын айтқан. Алғашында шөп орып жүрген балалардың бiрi деп онша мән бермеген.


Ендi бiрде ауылдағы сауын ешкiлерiн арық жағасына қарай айдаған уақытта, әлгi бала шеңгел тасасында тұрған велосипедiне тез мiнiп, ауылға қарай асығыс кеткен.



  • Әй, кiмсiң?–деп дауыстаса да артына қайрылмаған.


Файзолла да тура шаңқай тал түсте Алпандың велосипедпен тар, таса жолмен үйiне қарай өтiп бара жатқанын байқапты. Жүк салғышында газетке ораған түйiншегi бар екен. Мықтап, шанди таңып тастаған.





Пікір жазу