«ФАНТОМАСТАН ЖАЛЫНДЫ СӘЛЕМ»
Балық аулап болған соң суға түстiк. Ендi жыли бастаған су жанға жайлы рақат екен. Бiр кезде Ақберген:
- Келiңдер, жалақ ойнайық, – дедi. Бұл ұсынысқа қуана келiстiк.
- Ал, ендеше, жалақ менде! – деп Ақберген өзi құлаштай ұрып жүзе жөнелдi. Бәрiмiз оның соңынан ентелей ұмтылдық.
- Ұстаңдар, ұстаңдар! – деп, өзен бойын жаңғырықтыра айқайлаймыз.
Құмарымыз қанғанша ойнап болған соң, күнге қыздырынуға кеттiк. Бiз шешiлген тұстан сәл аулақтау жерде қалың, майда құмқайыр болушы едi. Соған барып жаттық.
Құм қыза бастады. Жалаңаш денемiздi жартылай көмiп алып, әр әңгiменiң басын бiр шаламыз. Бiр кезде әңгiмемiз Алпанға ауды.
- Сол қырсықты қойшы, – деп Файзолла жақтырмай қалды. Бейсенбек:
- Бәрiнен анадағыны ойласам, шегiм қатады, – дедi.
- Қайсысы? – дедiм мен.
- Әлгi командир болып барып, шалбарын жыртып қайтатыны ше?
- Е, е! Жапа-тармағай күлiсiп жатырмыз.
- Сенiң де қатырғаның шамалы. Сенiң «ойбайың» Төлепбек атайдың жүрегiн жарып жiбере жаздапты, – деп Ақберген сылқ-сылқ күледi. Бейсенбек қызарақтап:
- Бiрақ мен тап сондай сылтаушыл емеспiн ғой, – деп ақталғандай үнмен. – Және де қырсық сөйлеп көрген емеспiн.
- Рас, – дедi Файзолла, – Алпанның өзiмен кетсiн. Бейсенбектей дос табыла бермес бәрiмiзге, – деп оны еркелете арқадан қақты. Бiз Бейсенбектi жуас, момақан мiнезi үшiн жақсы көретiнбiз.
- Алпанның сылтаушылдығын бүкiл ауылдан iздесең таба алмассың. Бейсенбегiмiз бiздiң алтынымыз емес пе, – деп Ақберген оны иықтан қақты. Бейсенбек қызара жымыңдайды. Сенгiш, аңқау жүзiнде бөлекше сүйкiмдiлiк ойнайды.
- Ерлан, осы көктемдегi сенбiлiкке Алпан қатысты ма?–дедi Ақберген маған қарап:
–Жоқ, қатысқан жоқ. – Файзолла әңгiменiң басын басқа жаққа аударып жiбердi.
- Сонда бiр керемет болды-ау. Елдер айтады ғой, бiздiң ауылда өмiрi мұндай керемет сенбiлiк болған емес деп.
- Сол жолы бүкiл ауылды жаңғырықтыра ойнатып қойған музыкасының өзi бiр тамаша болды емес пе. Ылғи да бiр марштар.
- Бiр қызығы, көшемен кетiп бара жатқанда денеңдi ерiксiз тiк ұстап, басыңды көтерiп аласың.
- Көшемен сап түзеп жүргеннiң өзi неге тұрады. Қызылды-жасылды, сондай жарасымды.
–Кемпiр-шалдар, кiшкене балалар, үйдегiлер көшеге шығып, қарап тұрғанда осы бiр түрлi болып кетесiң.
Әрқайсымыз әр тұстан жарыса сөйлеймiз. Бiр кезде Ақберген ойлы пiшiнде:
- Осы марштар ойналған кезде, неге екенiн бiлмеймiн, денем бiр түрлi шымырлап кетедi. Әйтеуiр, түсiнiксiз бiрдеңе, – дедi.
- Тек сенiң денең шымырлай ма? – дедi Файзолла. – Мысалы ағайым айтады. Әскерде үш километрлiк кросс жиi-жиi болады дейдi. Сонда солдаттар мәреге жақындай бергенде, оркестр марштар ойнайды екен.
- Не үшiн? – дедi Бейсенбек таңданған райда.
- Ана шаршап келе жатқан адамдарға күш беру үшiн де.
- өте қызық екен, – деп бас шайқады ол.
- Сен өмiрi таңданумен жүргенiң сол. Осы мейрамдарда да көрмейсiң бе. Ат жарыс болғанда ел неге қиқулап айғайлайды дейсiң? Сонда ат өзiнен-өзi құтырынып, күшейiп кетедi емес пе, – дедi Файзолла қызына сөйлеп.
- Рас, – дедi Бейсенбек басын изеп.
- Сен өмiрi мойындауды ғана бiлесiң, дәубасым, – деп мен Бейсенбектi танауға шертiп жiбердiм.
Бiраз уақыт үнсiз жаттық. Бiр мезетте Файзолла басын көтерiп, арманшыл, сезiмтал көңiл күйде:
- Музыка деген шынында да керемет қой. Далаға кейде оңаша шықсам, осы айқайлап тұрып өлең айтқым келедi де тұрады.
- Ал сен ше. Мен де сүйткiм келедi, – дедi көтерiңкi үнмен Ақберген.
Әңгiме қайта жалғасты. Файзолла әлдененi есiне түсiре алмағандай қинала ойланып:
- Ерлан, әлгi бiзге айтып берген тамаша әңгiмеңдегi батырдың аты кiм едi?
Ойға түспеуiн қарашы.
- Қай батыр?
- Әлгi ағаш аттың iшiне жасырынып, соғыс ашатын айлакер батыр ше?
- Одиссей ғой.
- Иә, иә. Ол да музыканы өле сүйген, ә?
- Жоқ, ол тыңдаған музыканың ғажап күшi болған. Сол ән салған аралдың тұсынан өткен қай адам болмасын, ол аралға соқпай кетпеген. Бiрақ еш уақытта қайтып керi оралмаған.
- Сонда Одиссей – өзiн дiңгек ағашқа байлатып қойған емес пе едi?
- Неге? Бейсенбек Файзоллаға аузын аша қарап қалды.
- Неге болсын, аралға ерiксiз кетiп қалмас үшiн.
- Басқа серiктерiн ше?
- Басқаларының құлағын балауызбен бiтеп тастаған.
- Кiм?
- Кiм болушы едi. Одиссей де.
Бейсенбек айтылған әңгiменiң мәнiсiн ендi ұғынғандай, арманшыл жүзбен көзiн көкжиекке қадап:
- Шiркiн-ай, сол музыканы бiз де тыңдасақ қой, – дедi.
- Е, сосын сенiң әке-шешеңе не деймiз? өлiп қалған денеңдi аралдан барып тауып алыңыздар деймiз бе. Айналайын, бәлеңнен аулақ. Құрар оған қулана қарап қойып, бiзге көзiн қысты. Ақберген, Файзолла үшеумiз шегiмiз қатқанша күлдiк.
«Шынында да, сол бiр ғажайып сазды тыңдасаң ғой. Қандай керемет әуен болды екен, ә!» – деп мен де өзiмше бiр ойға берiлдiм. Бейсенбек айтқан қиял менiң көңiлiме өзгеше бiр қозғау салғандай. Көзiмдi тарс жұмып алып,
бетiмдi құмға төседiм. Жұмсақ, жайлы қыздырған күн көңiл-күйге шуақ ұялататындай.
Көз алдыма көгiлдiр тартып, жартасты жағалары жұмбақтанып көрiнген арал елестедi. Бұйра-бұйра талдар мен сұлу, сұңғақ шынарлардың сыбдыры құлағыма келгендей. Ақырын толқып жатқан көк теңiздiң үстiмен сонау алысқа жол тартып бара жатқан жiбек желкендi кеме үстiнде, дiңгекке Одиссей емес, мен байлаулы тұрмын. Файзолла, Бейсенбек, Ақберген, Құрар төртеуi шағын кеменi жанталасып есiп келе жатады. Бәрiнiң құлақтары балауызбен… жоқ, пластилинмен бiтелген. Қыңыр ойыма ерiксiз жымидым. Қиял қанаты әрi қарай қалықтай түседi.
Қатарымда төгiлме, үлбiреген ақ жiбек көйлек киiп, Әсия мен Гүлназ тұр. Екеуiнiң қатарында әлгi атақты ит бар. Ол сонау алысқа қадалып тұр. Анда- санда маған ойлы жанарымен, ерекше мейiрiммен қарап қояды. Бiздер оны сонау солтүстiкке, иесiне алып барамыз. Бiрақ жолымызда көп асулар бар. Ең қатерлiсi де, алдамшысы да әлгi ән салғыш арал. Аралға таяна бергенде өздерiнiң құлағын тас қылып бiтеп алған балалар менiң құлағымды тығындамақ болған. Бiрақ өзiмдi дiңгекке мықтап тұрып, кеудемнен шандытып тастатқанмын. Файзолла сұраулы пiшiнде қыздарды қайтемiз дегендей маған қарады.
- Құлақтарын бiтейiк пе? – дедi. Мен бiтетпедiм. Дiңгекке байлайық па деген. Мен байлатпағанмын.
Аралдың тұсынан өте бердiк. Сұлу саз, ғажайып саз төгiлдi-ай келiп. Құдай-ау, мынау көк аспанның астында, жердiң үстiнде осыншалық тiл жеткiзiп айтқысыз ғажап ән болады екен-ау. Тал бойым ерiп, есеңгiреген бiр күйдемiн. Астыңғы ернiмдi қырши тiстеп, айқайлап жiберуге шақ тұрмын. Шыдап-ақ тұрмын. Одиссей дiңгекке байлаулы тұрса да өзiн-өзi жұлып жеп қойған ғой. Әсия мен Гүлназ ән алғаш естiлгенде-ақ есiнен тануға аз қалған. Бiр кезде олар бар дауыстарымен шыңғыра:
- Айналайын, Ерлан, кеменi бұршы, – деп жылай жалынды. Мен екеуiнiң қолынан тас қылып ұстап алып, жiбермей тұрмын. Ит болса аралға қарай жұлқына ұмтыл-ған екеуiне жон жүнiн күдiрейтiп кес-кестейдi.
Олар барынша келiп жалбарынады. Бiрақ мен жiберер емеспiн. Осы бiр сын сәтте өзiмнiң ерекше төзiмдiлiгiме, ұстамдылығыма қайран қалдым. Ең батыр, ең айлакер Одиссейдiң өзi сиқыр құс сиреналар әнiн естiгенде, жер- көктi жұлып, дiңгек ағашты тепкiлеп, бақырып-шақырған. өзiмнiң берiктiгiме өзiм дән ризамын. Қанша дегенмен қасымда қыздар тұр ғой.
Ит жүгiрiп, сиқырлы арал тұсынан өте бере қуана қыңсылап, менiң кеудемдегi қыл арқанды тырмалай бастады. Шағын кеменiң үстiндегi шағын алаңда су бетiне ойнақ салған сазандай шоршып-шоршып келiп секiрдi-ай бiр! өмiрiнде ешқашан бұлай қуанбаған шығар…
Тәттi қиялдың кең байтақ аралын еркiн аралап бара жатқан менi Файзолла керi қайтарды.
- Кеттiк Жайыққа! Алақан арқамнан шарт еттi. Атып-атып тұрыстық та, өзенге қойып кеттiк. Сүңги жарысып, жағаға шыға келсек, о, сұмдық, киiмiмiз орнында жоқ! Көзiмiз ұясынан шығып кеттi.
Шешiнген орнымызды тiнте, өз көзiмiзге өзiмiз сенбегендей, айналдырып, қайта-қайта қараймыз. Жоқ!!! Мәссаған, безгелдек!
Менiң көзiме анадай жерде ағашта iлулi тұрған ақ қағаз түстi.
- Ананы қараңдар! Жоғымыз табылғандай, жүгiрiп-жүгiрiп барыстық. Қағазға қара күйемен баттитып тұрып: «Фантомастан жалынды сәлем!» деп жазыпты.
Бейсенбектiң көзi атыздай болды.
- Фантомас! Сонда Фантомас осы ауылға да келген бе?! Оған жауап берер дәрмен болған жоқ.
- Бұны кiм iстеген?
- Кiм? Кiм? –Бiр-бiрiмiзден сұраймыз. Үрей алған көзiмiзге қараудың өзi бұл сәтте қорқынышты едi.
Ендi не iстедiк? Шарасыз бiр халде су жағасына тыр-жалаңаш қалпымыз сылқ-сылқ отыра кеттiк. Бейсенбек жылан арбаған торғайдай, көзiн жазудан алар емес.