СӘТСIЗ ЖОРТУЫЛ
Ұшып келемiз. Иттiң даусы дәл құлақ түбiнен естiлдi. «Шаруамыздың бiткен жерi осы шығар», – деп қана ойлап үлгердiм. Артыма жалт қарасам, арқан бойы жерде бiреу қолды-аяққа тимей безiп келе жатыр. Қалың пәлектердi қақ жара оқша атылып келе жатқан иттiң қарасы көзге шалынды.
Ойға құлай бергенмiн. Сөйткенше болған жоқ:
- Ойбай-ай, ойбай-ай, өлдiм-ау! – деген ащы дауыс құлағымды жарып жiбере жаздады. Ит өршелене арс-арс еттi.
- Кет, кет деймiн! Үрей толы үнмен еңiрей жылаған Алпан қарусыз қолымен айбар қылып, ауаны сабалайды. Ол бiр кезде жанталасқан бөлек халде аяқ астында жатқан жыңғылдың сояуын ала салып, ереуiлдей үрген итке құлаштай сермедi. Арғы тұстан ойбайлап, қалбалақтай ұшып қарт келе жатыр.
- Ай, балам-ай, тiрiсiңдер ме-ей?! Құдай-ай, сорлылар-ай, сендердi қандай сор түртiп келiп жүр мұнда! Әй, апшарка, апшарка, ка, ка! Бiрақ ит тыңдар емес. Қарт арыда қарақшыдай қалқиып тұрып қалған балаға қайрыла қарап:
- Әй, әлгi, кә-кәнiң орысшасы қалай едi?! Баланың бiлмейтiнi есiне түскендей қолын бiр-ақ сiлтеп:
- Е, айтпақшы, бiлмейдi екенсiң ғой! Пәдерiңе нәлеттер-ай, сендердi де әлгi мұғалiмдер оқыттым деп жүр-ау, ә,–деп қатты кейiс еттi де жүгiре жөнелдi.
өршелей өзеуреген ит ауаны осқылай ысқырынған таяқтан жасқана керi шегiндi. Қалбалақтап келе жатқан қарттың безектей айтқан кә-кәсi әсер еткен болу керек.
Мен дереу барып, Алпанның қолынан шап берiп ұстадым да, ойға қарай сүйрей тарттым. Ол өксiгiн баса алмай, тұтығып сөйлеп келедi.
- Әй, жынды шал, осыдан көрерсiң, – деп жұдырығын безеп, артына қайырылды.
- Әй, антұрғандар, тоқтаңдар, тоқтаңдар! өздерiң оқ тигеннен амансыңдар ма, әйтеуiр. Соны айтыңдаршы?! Қауыны құрысын!
Бiрақ естi сөзге тоқтайтын ақыл бұл кезде бiзде мүлдем жоқ та едi. Жүгiрген бетте суды кешiп, өзеннен әрi өтiп кеттiк. Алдымыздағы екеуi бiзден оқ бойы озып барып, кiдiрiп тұр екен. Демiмiздi басып, соңымызға назар салдық. Төлепбек қария мен ит екеуiнiң қарауытқан тұлғасы құлама қабақтың биiгiнен ерекшеленiп көрiнiп тұр екен. Ит анда-санда бiзге қарап, әуп-әуп үрiп қояды. Салмақты шыққан үнiнде: «Ендi келiп байқашы, әкеңдi танытайын», – дегендей айбар бар.
- Пәдерiңе нәлеттердiң қиқарын қарашы-ей, жауап бергiсi келмейдi-ай, түге! Дауысы бiр түрлi жұмсақ.
Алпан өксiгiн баса алмай тұр. Жамбасын сипай бередi. Жұдырығын тағы да түйiп қойып:
- Сен иттi көрсетермiн осыдан, – дедi ысылдап.
Қасына ендi ғана жеткен балаға шал жекiңкiреген үнмен:
- Атпай-ақ қой десем болмайсың. Тiптi, жүрегiм жарылып кете жаздады ғой, тегi. Әйтеуiр, абырой болып, аман болғаны жақсы болды, – деп самбырлап сөйлеп жатты. Айлы түнгi дауыс сондай айқын, әрi анық. Бала ақталған үнмен:
- Е, мен қайдан бiлейiн? – дейдi.
- Қайдан бiлейiн, қайдан бiлейiн!? Осы бәрiмiздiң түбiмiзге жететiн осы құрып қана қалғыр «қайдан бiлейiндерiң» ғой.
Байқаймын, алдымда келе жатқан Алпан аяғын сәл сылтыңқырап басады. Сонда ғана аңғардым – шалбарының артқы қалтасы бөктерiлiп, салбырап қалыпты.
- Алпан десе, шалбарыңа не болған?
Тап осы сәтте ғана ойына бiрдеңе түскендей артына жалт бұрылып, шалбарының жыртылған жұлығынан шеңгелдеп ұстай алды.
- Ой-бүй, американский шалбарым-ай! Соншама бiр өкiнiш, күйiнiш аралас үнмен сөйлеп, жыларман болды.
- Ағам құртатын болды-ау ендi. Бiз ерiксiз күлдiк.
Бiр кезде ғайыптан пайда болғандай жоқ Бейсенбегiмiз бiр бүйiрден шығып келе жатыр.
- Ешқайсыларыңа оқ тиген жоқ па?
Yнi дiрiлдеп шықты. Ал, жата қалып күлейiк.
- Ой, батырым-ай, батыр-ақ екенсiң!
- «Ойбай», – деп, шошқаша шыңғырған сен бе едiң? Шалбарын уайым қылып тұрған Алпан да ерiксiз күлдi.
Сол түннiң, күлкiлi түннiң, хикаясын көпке дейiн айтып, мәз болысып жүрдiк. Әсiресе Алпандың: «Ой-бүй, американский шалбарым-ай!» – дегенiндегi үнiн Файзолла мүлдем айнытпай, құбылта салып, күлкiге жиi кенелтедi.
Не керек, сөйтiп, жортуыл сәтсiз аяқталды.