27.02.2022
273
АШЫЛҒАН ҚҰПИЯ
Сатан мен Уәлиханның көңiлдiлiгiнде шек жоқ. Қарқ-қарқ күлiсiп алып, өткен-кеткендi суша сапырып отыр. Бейтаныс бала олардың әңгiмесiн аузын ашып тыңдап қалыпты. Сатан аспа мосыға iлiнген шелек астындағы отты қағыстырып қойып, Уәлиханға:
- Пиязың мен бұрышыңды дайында, – дедi. – Тұзын көп салып жiберме, әнеукүнгiдей рәсуа болып жүрмесiн. Уәлихан жымың-жымың етедi. Тор iшiндегi темiр қораптан тұз алып, шелекке шақтап салды. Әлгi бала:
- Бұрынғыларың да осындай түйе тауық па едi? – деп сұрады.
- Жоқ, жай тауықтың қоразы болатын. Семiз болғанда керемет едi. Бiрақ мына жынды тұзын өкiрте салып жiберiптi, – деп сылқ-сылқ күлдi.
- Ол да осы шалдiкi ме едi?
- Жоқ, Секер деген ақсақ кемпiрдiкi болатын.
- Сол кемпiрдiң үйiнен үш рет алдық, ә?
- Бiлген жоқ па?
- Е, бiлгенде не iстейдi. Тiптi үстiмiзден түскен күнде де не қылмақ?
- Немене, балалары жоқ па?
- Жоқ, жалғыз тұрады. Жалғыз баласы бар-тұғын, үйленген, бiрақ әйелi екеуi қалаға көшiп кеткен. Елдер айтады ғой: «Әйелi енесiне күн көрсетпейдi», – деп.
- Ұрланған күннiң ертеңiне көшеде бiзден сұрайды: «Балалар, менiң қара тауығымды көрген жоқсыңдар ма?» – деп.
- Yйден бiреу шығып қалады деп қорықпайсыңдар ма?
- Сол да сөз болып па? Есiгiн сыртынан байлай саламыз. Шаруа бiткен соң ашып кетемiз күдiк тудырмау үшiн.
- Есiк-терезесiн бұзып, үйiн бүлдiрмесiн деген ойымыз ғой. Екеуi қосыла күлдi. Бiрақ әлгi бала күлген жоқ.
- Иттерi болса қайтесiңдер?
- Қызық екенсiң. Алақандай ауылда кiмнiң итi бар, кiмнiң итi жоқ екенiн бiлмейтiн бiз жынды болыппыз ба.
Шелектен бұрқ-бұрқ етiп бу көтерiлiп жатыр. Баланың аты Алтай екен.
Павлодар жақтан келiптi.
- Ертең де келесiңдер ме? – дедi Алтай.
- Әбизателни, – дедi Сатан.
- Тауықты қайдан табасыңдар?
- Ойбай-ау, о не дегенiң, – деп Уәлихан сылқ-сылқ күлдi.
- Әй, Уәлихан десе, осыны баяғыдан берi неғып бiлмей жүргенбiз?
- Соны айтам да, тауығы не деген көп едi өзiнiң.
- Семiздiгiн айтсайшы бәрiнен де!
- Е, семiз болмай, жаз бойы жегенi қауын мен қарбыз. Жем деген ағыл- тегiл.
- өздерi ылғи өзенге түсiп жайылатынын қайтерсiң.
- Ұстау да сондай оңай, қорбаңдап қаша алмайды. Шап берiп ұстайсың да, мойнын бұрап жұлып аласың.
Менiң қатарымда жатқан өмiр тiстенiп:
- өй, атаңа нәлеттер! – дедi.
- Қандай сұм едi мыналар! – дедi Сәуле сыбырлай сөйлеп.
- Осы барып тас-талқанын шығарайықшы, – дедi өмiр.
- Жоқ, болмайды! Мен оның сөзiн кесiп тастадым.
Сәуле, өмiр үшеумiз керi бұрыла бердiк. Ана екеуi тез жүгiре жөнелдi. Осы сәт менiң құлағыма Сатанның сәл көтерiңкi үнмен сөйлеген дауысы жеттi. Тоқтай қалып, құлағымды салдым.
- Туњ, сол да сөз болып па. Егер ұстап алса, ауыздан бiр ұрып жалпитып кете беремiз.
- Е, оларың дұрыс болмайды ғой. Мұны айтқан Алтай. – Балалары ұстап алса оңдыртпай сабап салмай ма?
- Әй, онда неғылған бала! өзiнiң бар болғаны бiр-ақ баласы бар екен. Онысының сүйегi баяғыда соғыста қурап қалған. Былайша айтқанда нағыз қубастың өзi.
- Әй, сендер олай демеңдер. Ондай адамды ұруға қолдарың қалай барады.
Алтайдың даусы сәл қатқылдау шықты.
- Ойбай, қызық екенсiң өзiң. Жаның қысылғанда ұрмақ түгiл… – Бiрақ Сатан сөзiн аяқтаған жоқ.
Менiң жүрегiм кеудеме сыймай кеттi. Достарымның соңынан жүгiре жөнелдiм.