27.02.2022
  157


Автор: Пернебай Дүйсенбин

МАЯТАСҚА БАРҒАНДА НЕ КӨРДIК

(БОЛАТТЫҢ ӘҢГIМЕСI)


Балалардың бәрi көңiлдi. Iшiмiзде Маятасты бұрын көргендер де бар екен. Есен деген бала Маятастың төбесiне шыққанын айтты. Оның сөзiне қарағанда, сол биiктен бiздiң ауыл, тiптi алыстағы аудан орталығы да алақандағыдай айқын көрiнедi екен. Түбiнен аққан өзендi келiстiре мақтады. Керек болса, қандай-қандай жерлерге шомылуға болатынын бес саусағындай бiледi екен.


Көппен жүрген қандай көңiлдi десейшi! Ауылдан көз ұшында көрiнген биiк қырқаға қалай таяп келiп қалғанымызды да бiлмей қалдық. Балалар:



  • Алақай! Алақай! Маятас! Маятас! – деп қуана шуласты.

  • Ендi бiр жарым сағаттай жүрсек жетемiз, – дедi Абзал ағай. өмiр:

  • Жарты-ақ сағатта жетпеймiз бе анаған? – дедi.

  • Пай, дегенiң-ай, өмiрi асығасың да жүресiң, ә, – деп ағай жымиып күлдi.



  • Көзге жақын көрiнгенмен, ол сенi тез арада жеткiзе қоймайды…


Көз талдырған Маятасқа да жеттiк-ау ақыры . Маятас десе маятас. Кереметтей бiр алып күш иесi келiп, нән-нән тастарды қолмен қалап қоя салған тәрiздi.



  • Ағай, Маятастың басына шығайықшы, анау Есен айтқан үңгiрге кiрейiкшi, – дедi кей балалар. Бiрақ Абзал ағай асыққан жоқ.

  • Жоқ, балалар, шын саяхатшылар олай iстемес болар. Асығудың жөнi жоқ. Алдымен аз уақыт тынығамыз. Жуынып-шайынып алайық, содан соң уақыт деген жетедi. Әлi ертең де күн бар.


 


Бiз тамақтанып алған соң, Абзал ағай бәрiмiздiң үстiмiздегi басы артық заттарды үлкен тастың көлеңкесiне жинатты. Үңгiрге кiрер алдында бiзге сақтық шаралрын тағы бiр еске салды.



  • Қазiр үңгiрге кiремiз. Кiрер есiгi өте тар. Қырлы, үшкiр тастарға арандап қалып жүрмеңдер.


Yңгiр iшi үрейлi. Шодырайған тастар төбеңнен төнiп тұр екен. Балалар аузын ашып қалыпты. Жоғарғы жақтан кесе аузындай кiшкене тесiк сығыраяды. өткiр жарық сол тесiктен iшке саулай құйылады. Балалардың жүзiн кәдiмгiдей-ақ ажыратасың.


Ағай бiраздан соң бiздi тыныштандырып алды да, ертедегi адамдардың өмiр-тiршiлiгiнен қызықты әңгiме айтып бердi. Олардың осындай үңгiлердi пана етiп, от жағып, аң аулап, күн кешкендерiн есiмiзге түсiрдi. Yңгiрдiң iшiндегi салынған суреттердi көрсеттi. Неше түрлi аңдардың, қайқы мүйiз арқардың, әлдебiр қаруды аңға лақтырып жатқан адамның бейнелерiн көрдiк. Ғажап суреттер. Балалардың көздерi шырадай жанып, ағайдың аузынан шыққан әр сөздi қалт жiбермей бағып тұр.


Бұдан кейiн ағай балаларды үңгiрдiң екiншi есiгiне бастады. Оған баратын қуыс өте тар, аласа екен. Бiрқауым жер еңбектеп жүруге тура келдi. Ораз өмiрдiң алдында. өмiрден соң мен. Соңымда Әдiл келе жатыр.


Бiр уақытта өмiр:



  • Ораз десе, Ораз! – дедi.

  • Әу.

  • Жаңа бар ғой, сен байқаған жоқсың ба?

  • Ненi?

  • Төбеде тұрған жазуды.

  • Не деген? Ораз өмiрге қайырыла қарады.


«Менiң баламның баласының… баласының … баласының баласы Оразға жалынды сәлем!» деген жазуды. Ду күлкi. Ораз болса күлкiден жер бауырлап жатып қалды. Ал өмiрдiң бұл жолғы тапқырлығына қайран қалдым.



  • Қатырды менi, қатырды! – дедi Ораз санын ұрып қойып.


 





Пікір жазу