«АУФИДЕРЗЕЙН»
(ӘДIЛДIҢ ӘҢГIМЕСI)
- Совхоз жастары ойын қоятын болыпты!
- Қой?
- Рас.
- Қандай ойын?
- «Қобыланды батыр».
- Оњо! Онда жақсы болды! Барамыз ғой?
- Әрине!
Үшеумiз клубтың алдына келсек, адамдар топырлап жиналып қалыпты.
Көпшiлiгi балалар. Билет сатылып жатыр екен.
Терезе тесiгiне тақалдық. Билеттiң құны удай. Аттай бiр сом. Иә, артық- кемi жоқ бiр сом. Билет алып жатқандардың кейбiреулерi күңкiлдеп жүр.
- Мұнысы, несi, Алматыдағы артистерiңмен бiрдей ғой. Кассир әйел:
- Е, алмасаңыз алмай-ақ қойыңыз. Сiздi кiм зорлап тұр? – дейдi кезекте тұрғандарға билеттi берiп жатып. Тор көз дәптердiң қағазына мөр басып жасаған билеттердi жыртқанда қолы қолына тимейдi. Қасында бiзден бiр класс жоғары оқитын баласы бар. өзiнше маңғаз.
- Балаларға қаншадан? – дедiм мен.
- Нешiншi оқисың?
- Жетiншi. Бiр класты ойдан қосып жiбердiм. Әлгi маңғазданып тұрған Сатан қу шап ете қалды.
- Неге өтiрiк айтасың? Сен биыл алтыншыға көштiң ғой, – дедi. Шешесiнiң де шар ете түскенi:
- Жоқ, болмайды! Сендерге кiруге болмайды. Әлi кiшкентайсың, әрi шулап тыныш отырмайсыңдар.
- Апай, берiңiзшi, бар қызықтан қалатын болдық қой. Құдай ақына шуламаймыз. Сәл шуласақ айдап шығыңыз, обалымыз өзiмiзге.
- Жоқ деп айттым ғой сендерге, айтқанды түсiнесiңдер ме өздерiң. Әрi жалындық, берi жалындық – болмады.
Yшеумiз терезе тесiгiнен сытылып тысқары шықтық.
Сатанға шешеңе айтып келiстiрсейшi дегендей ымдадық. Келiсу қайда?
Қайта мазақ қылып, тiлiн көрсетiп, аузын қисаңдатты.
- Ох, оңбаған! – деп мен де жұдырығымды көрсеттiм. Болат күңк етiп:
- Жынды! – дедi де бiзбен бiрге шетке қарай сытылып шыға бердi. Былай шыққан соң өмiр:
- Ендi не iстеймiз? – деп маған қарады.
- Терезеден кiрсек ше!
- Ой, кiре алмайсың, ағаш қақпағын шегелеп тастаған.
- Жаңағы жарымес Сатан болмағанда, қап, кiрiп кететiн едiк! – деп өмiр өкiнiш бiлдiрдi.
Бiраз жүрiп, клубтың алдына қайта айналып келдiк. Адамдар клубқа кiрiп болып қалған екен. Билеттi қабылдап, жыртып тұрған – Сатан. Шешесi әрiректе бiреулермен жайбарақат әңгiмеге кiрiскен. Анда-санда баласына көз қиығын тастап қояды. Сатан тiптен қоқиланып алыпты. өзi тұстас балаларға:
- Әкел берi! Берсейшi, билетiңдi! – деп жеки сөйлейдi.
Ел кiрiп болды. Ымырт үйiрiлiп, көз байланып қалған кез. Бiз секiлдi далада қалып, мысы құрыған балалар топырлап сол маңнан әлi кетпей жүр. Олардың көздерi жаудырап, бiзден жәрдем күтетiн тәрiздi; үшеумiзге жапақ- жапақ қарап қояды. Бiрақ бiзден қайдан көмек болсын.
- Ендi кiретiндерiң бар ма? Сатан айналасын шола қарады. Бiздi тiптi адам құрлы елеп тұрған жоқ-ау! Ешкiм жоқ қой, ә!? Ну, тогда до свидания! Ауфидерзейн! – деп қос сауағын көкке шошаң еткiздi. Есiк сарт жабылды.
- Не iстеймiз ендi? – дедi Болат.
- Қазiр саспаңдар, мен оны қатырамын, – дедi өмiр ойланған пiшiнде. Бiр батыл iске бел буғандай ыңғай бар жүзiнде.
Ол сәл тұрды да, есiктiң алдына барды. Содан соң тарсылдата келiп қақты.
Арғы жақтан:
- Бұл кiм осы уақытқа дейiн кешiгiп жүрген? – деген Сатанның даусы естiлдi.
- Балам-ай, ашып жiбершi, малы құрғырдан кешiгiп келiп, – дедi өмiр жөткiрiнiп қойып. Дауысын адам танымстай өзгертiп жiбердi.
- Кешiкпеу керек, тәртiп солай, екiншiлей қайталамаңыз, – дейдi Сатан кiлтiн салдырлата есiктi ашып жатып, өмiр қайта-қайта қақырына бердi. Ара- тұра:
- Құрыған қу тұмау-ай! – деп қояды.
Есiк ашыла бердi. Сатан келген жанның кiм екенiн айқын көргiсi келгендей ұзын мойнын сыртқа қылқитып шығара берген. Тап осы сәтте өмiр күшене бердi де: «Ах, – деп қақырығын бетiне былш еткiздi. Барлығымыз дүркiрей қаша жөнелдiк. өмiр қашып бара жатып, қос саусағын көкке көтерiп:
- Ауфидерзейн, Сатеке!
Бiз қарқ-қарқ күлiп кете бардық. Алдымыздан Ораз кездесе кеттi. Болған жайға қаныққан соң ол да:
- Қатырған екенсiңдер, өзiне сол керек болып жүр едi, деп Ораз көңiлденiп қалды.
Анадай жерде сүметiлiп жаңағы «маңғаз жiгiт» тұр. Бетiн сүртiп жатыр. Ауылдың қара сирақ балалары оны қоршап алып: «Сауап саған, сауап», – деп шуласады. Бiз сол күнi ауыл сыртында бiтпей қалған клуб үйiнде тығылыспақ ойнадық.