27.02.2022
  176


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ҚЫЗЫЛҚАСҚА

- Топалаң келгірлер, жау тигендей дүркіреуін. Тойғансыңдар-ау, ә! Былтыр тіске басатын қылтанақ таппай, қу даланың шаңын жалап едіңдер. Биыл құтырайын деген екенсіңдер, ә!


Ол жеки сөйлеп, ескі арна табанындағы құдыққа қарай баяу аяңдады.


-Топырлауын, түге. Құдықтың ішіне түсер ме екенсіңдер.


Қара серке тоқыма жыңғыл үстіндегі бақырды мүйізіне іліп алып,


астауға анталай ұмтылған малды үркітуге айналғандай екен. Ол қара серкені шап беріп ұстай алды да, қауғаның түбімен мүйізінен таңқ еткізді.


- Сенің де бір тыныш жүрер күнің болар ма екен?


Сөйлей жүріп, астауға су құя бастады. Күндегі әдетімен астауға


жапырлай бас қойған малды көзімен жүгірте шолып шықты. «Қызылқасқа жоқ қой, апыр-ау». Ол шелегін құдықтың ернеуіне сүйей салды. Ай қасқасы андағайлап, алыстан мен мұндалап тұрушы еді.


Қарт төрт-бес шелек суды астауға асығыс құя салып, қолсозым жердегі қырға шапшаң көтерілді. Айналаны аңдай қарап, аяқ жетер жерді көзбен


арылтып шықты.


Сонау бір жылы, осыдан бес жыл бұрын, қызыл қасқа қозыны ырым


етіп, немересіне бәсіре етіп атап еді. Немересі Жайнақ та қызыл қасқа қозыға тым үйірсек болып алып еді. Қолынан нан беріп, жем беріп үйреткендіктен Жайнақ дауыстап: «Қызылқасқа! Қызылқасқа!» - деп шақырса, Жайнаққа


жүгіріп келетін.


Жеті кіндіктен жалғыз қалған Тұрарының тұңғышының атын өзі қойып, көл-көсір той жасады. Бірақ топалаң тағдыр Құрман қарттың қызығын қош көрмепті. Жасыл өрісті жайлауға жеттім бе деп арқаны кеңге салып,


мамыражай пейілге ауысқан шағында қызығының қанаты бір сәтте қырқылып түсті.


Алдыңғы жылы қоңыр күздің кешіне жеткен қаралы хабар түтіні тік шалқыған үйді күңіренте, шаңырағын шайқап кетті. Шалғай Шудан шөп тасып жүргенде тракторшы ұлы Тұрар апатқа ұшырап еді. Содан бері жыл жарым уақыт өткен. Емші уақыттың әр күні азалы жүректерді тірліктің ақ сәулелі ағысына шомылдырып, мұң жағалауынан біртіндеп, ұзатып әкете барған-ды. Бармен жоқты жағалағандай осы бір үш ересек жан


орталарындағы бал мінезді Жайнақты үміт қылып, тірек қылып күн кешіп келе жатқан...


Әттең... Сол бір сыпайы сөйлейтін шырайы ашық келіншектің келініне тым келгіштеп кетуін ұнатпап еді-ау Құрман қарт. Әттең, не керек?...


Кемпірі арқылы келіні Нұрилаға сөз салдырған да. «Жастығына жол кесір қылып, обалына қалар жайым жоқ. Жолдасының аруағын сыйлап, жылын күткеніне ризамын. Жалғыз Жайнақты жат қылмаймын. Анасы


екеніңе дауым жоқ. Көзім жұмылғанша қанаттыға қақтырмаймын,


тұмсықтыға шоқыттырмаймын. Шаңырағымның иесі – Жайнақ», - дегенде


 


Нұрила бөтен ой, бөгде тілектен аулақ екенін айтып, қам көңіл қартты қатты қуантқан.


Келіні Нұрила осыдан төрт-бес күн бұрын: «Орталыққа магазинге барып келемін», - деп Жайнақты ертіп кеткен. Олардың сол кеткеннен мол кеткенін кеміпр екеуі сырттан естіп, сан соқты да қалды. Келер деп күтті, келмеді.


Шыдай алмаған қарт кешегі күні Нұриланың немере ағасының үйіне барды.


Атын арық жағасындағы ағашқа байлап, көк есікті ауланың ішіне


енгенде, Жайнақ тұлымшағы желбіреген жас қызбен ойнап жүр екен. Ол мұны көрген бетте: «Ата!»- деп айқай салып, құлдырай жүгіріп келіп


құшағына қойды да кетті. Құрманның көзінен қос тамшы жас ытып кетті.


- Құлыным-ау, әжең екеумізді тастап кеткенің қалай?


-Мен емес қой. Тәтем ғой, ауданға барамыз деп алып кеткен. «Ауылға қайтайық», - десем: «Жоқ бармаймыз», - дейді.


-Ендеше жүр, ауылға кетеміз, киіміңді ал. Әжең де сені қатты сағынып жүр. «Егер Жайнақ менің «аһ» дегенде аузымнан түскен балам болатын болса, келсін!» - деп қатты тапсырды.


-Тәтем ше?


-Тәтеңнің өзі артыңнан келе жатыр.


-Анау Сәуленің мамасы ұрсады ғой.


-Неге ұрсады?


-Ол ылғи да тәтеме ұрса береді. Маған да ұрсады. «Әкең жоқ, ол өліп қалған», - деп жаман сөз айтты.


-Қой, ол өтірік айтады. Ондай жаман сөзге сенбе, құлыным. Ол өлген жоқ, ол сонау алысқа кеткен. Асықпасаң әлі-ақ келеді, - деп Жайнақты


бауырына қыса түсіп, көмейіне кептеліп келген өксікті, көзіне тығылған жасты зорға ірікті.


-Расымен келе ме, ата? Маған өзі жүретін машина әкеп бере ме?


-Әкеледі, қалқам, сөз жоқ, әкеледі.


-Ой, қандай жақсы болды, - деп Жайнақ атасының мойнына жабыса түсті. Сәлден кейін Жайнақ бір түрлі салмақпен:


-Ата, Қызылқасқа ауылда ма? – деді.


-Ауылда, құлыным, ауылда. Өзі сен кеткелі мүлде жүдеп те кетті. Кеше әжең берген нанды жемей қоймасы бар ма? «Жайнақ қайда, өзі тіпті жаман бала екен, мені ұмытып кетті», - деп, қатты өкпелеп, жүр, - деп қарт жымың етіп, Жайнаққа сынай қарады.


-Иә, өтірік, қой сөйлемейді ғой.


-Е, нанбасаң әжеңнен сұра. Екеуі сықылықтай күлісті.


Сол кезде көк есік сықыр етіп, шалқасынан ашылды. Артына бұрылып жалт қараған Құрман қарт көзіне таныс көк көйлектің етегі көлбең етіп,


есіктің ар жағына зым-зия сіңіп кеткенін көз құйрығымен шалып қалды. Ал сырғалы келіншек босаға аузында аз аңтарылып тұрып қалды да, бері қарай ақырын аяңдады.


-Иә, келіңіз, жай жүрсіз бе? Даусы бір түрлі шыңылтыр, сыпайы айтса да суық темірмен жоныңды қарығандай.


 


Құрман қарт қайнап кетті. Бойы дірілдеп, өзіне-өзі әрең келіп, орнынан көтеріле берді. «Жай жүрсіз бе деуін салдақының. Анау опалаған бетін тілер ме еді. Түк сезбегенсуін нәлеттің».


-Еріккен адам жай жүре ме, қарағым. Қанша жұмсақ айтқысы келсе де, үні сызды шықты. – Ұйыған ұямды бұзғандай не кінәм бар еді, шырағым!


Келінім мен баламды үйге қайыр.


Әйел сазарып тұрып қалды да, кенет түтіге сөйлеп, аула ішін шаң-шұңға толтырып жіберді.


-Қария, ешқайсысы да бармайды. Жайнақ та бара алмайды. Баласын шешесінен айыратын ешқандай заң жоқ. Он үш жасқа дейінгі баланың


ықтияр-еркі шешесінде екенін біліп қойыңыз. Жайнақта шаруаңыз болмасын. Көш қашық аулақ жүріңіз!


-Неге шаруам болмасын, не оттап тұрсың сен салдақы! – Қарт та тік кетті. – Сенімен сөйлеспейиін. Келінімді тап, қайда тықтың, айт шапшаң.


-Келінің жоқ.


-Қайда?


-Қалаға кеткен.


-Өй, арсыз. Мұныңды көрмеген көрсоқырға айт.


Қазір ғана көрдім ғой осында кіргенін, - деп күйіне сөйлеген ызалы қарт аула есігіне қарай ұмтылды.


-Тиіспе оған, жолама. – Баж ете қалған әйел атылып барып, қарттың


алдын кес-кестей берді. Долырған қарт әйелді қалай лақтырып жібергенін білмеді.


Атылып сыртқа шыққанда, торы аты елең етіп, егесіне еліре қарады.


Айналада жан жоқ. Жым-жылас жер жұтып кеткендей.


-Сен қақпасты милицияға хабарламасам ба осыдан. Қаңсыған қаңқаңды түрмеде шірітпесем, Шырын атым өшсін! - деген әйелдің үні құлақты


жарғандай.


Қарт қатты түңіліп кетті. Қадір тұтқан Нұриласының бір бүйіріне


бықсық ойдың бұйыққанын айтпай ұқты. Адал болса, алдына келін ашығын айтпас па еді. Тапа- тал түсте көзін бақырайтын қойып тұрып, жаудан


қашқандпй болғаны сұмдық екен. «Пиғылын-ай, мына мүскіннің», - деп қатты қамыққан қарт атына қарғып мінді де, көше бойлап шаба жөнелді.


Шырынның қолынан жұлқынып шығып, есіктен жүгіре шығып, жан ұшыра айқайлаған Жайнақтың:


-Ата, ататай, тоқташы! – деген даусын естіген жоқ.


Орталықтан шыға бере, ал жыла келіп. Ат жалын құша , кең даланы


басына көтеріп жылады. «Тұрарым-ау, жалғызым-ау, жер тістеген шағымда қайда ғана тастап кеттің! Алжасқан құдай сені алғанша мені алса нетті? Сор қылғанда соңындағы тұяғыңды да иіскетпейін деді мынау қу тағдыр».


Торы ат егесінің тосын қылығына таңырқағандай тас жолдан жусанды даламен сылбыр аяңдап келе жатты.


Ауылдық кеңестің ағасы Құрман қартты үнсіз тыңдап болды. Жіпсік көзін кеңсе бұрышына қадаған күйі ойланып қалды. Аздан соң даусын сәл кенеп алып:


 


-Құреке, қанша тентек болса да, сол әйелдің сөзінің жаны бар. Келініңіз ықыласты болмаса, мұның өзі шынында да қиын соғатын іс. Сотқа барсаңыз да соны сөзі заң.


-Әй, Сәрсенбек, мен сенен заң сұрайын деп келді деп пе ең. Мен елдік жаса деп клеіп отырған жоқпын ба?!


Анау Нұриланың ағасымен бірге жүріп, бірге тұрып жүрген жансың. Бір- біріңе сөздерің өтеді емес пе? Жайнағымды қайтарсын. Тілегім сол.


Нұриланың жастығына жол кесір қылар жайым жоқ. Жатқа кеткендей болса да, бір-бірінен суытайын деген ниет менде тағы жоқ. Келіп тұрсын, барып тұрсын, бөгеуім жоқ. Соған азаматтық жаса.


-Әй, қиын-ау, қиын ғой, Құреке. Мұндай іске жолдастықты салу да қателік қой.


Құрман қамшысын бүктеп алды да, мауыты креслодан ықшам көтеріліп, есікке қарай бет алды. Тұтқаға қолы тие бергенде Сәрсенбектің: -Құреке, - деген үні кілт тоқтатты.


Сәрсенбек қақырынып алды да, мұрнының астынан міңгірлеп:


-Құреке, мынау еті құрғыр да қысып барады. Тағы да кварталдық жоспарды орындамадың деп... Соған ертең машина барғандай болса,


түсінесіз ғой, - деп сөз аяғын жұтып қойды. Қайтарыла қараған қарт әлдене айтқысы келіп оқталып тұрды да, есікті тарс жауып, сыртқа шықты.


«Күмілжіген сорлы, ыбылжуын. Сенен сая тілеп келіп жүрген менде де бір шайнам ми болсайшы!».


...Мазаң ойдың шырмауында келе жатқан қарт бір мезгілде үй жаққа көз салып еді, киіз үйдің ашық есігінен сыртқа шығып келе жатқан Қызылқасқа қойды көрді. Аузы-басы айранға малғандай аппақ.


-Қап, мына нәлет сойқанды әбден салып шыққан екен-ау,ә. Сорлы-ай, қабының аузын да жауып кетпепті ғой.


Қарт алдында жатқан жыңғыл таяқты ала салып, Қызылқасқаға тұра ұмтылды. Адамға үйірсек, қолбала қой қарттың айбарынан ыққан жоқ.


Бейбіт, бейғам пішінде қалбалаңдап келе жатқан қартқа қайырыла бір қарап алды да, құдыққа қарай беттеді.


Ол жыңғыл таяқты сілтеп қалды. Бірақ жаңылыс кетті. Іргеде сүйеулі тұрған шылапшынға тиіп, шағыла ұшты.


-Ішің кепкір, жарылып қана өлмейсің-ау, - деп даңғыр еткен дыбыстан үрке қашқан қызыл қасқаның соңынан түйіле қарады.


Үйдің іші айра-жайра. Қазандағы сүтті ақтарып, ыдыс-аяқтарды жау тигендей қылып кетіпті. Қаптағы ұнға бүйірін сүйей құлаған қазан түбіндегі қалдық сүт ұнға шыланып, қоймалжың сары тартыпты. Айналаның бәрі ақ айран.


Аласа жәшік үстінде тұрған ақ самаурын жерге тұмсығымен шаншыла құлаған екен. Аударып көріп еді, ішіне қарай қабыса майысыпты.


-Алда, пәдеріңе нәлет-ай, құртқан екенсің-ау!


Тұрары үйленгенде, бір топ жолдасы құтты болсынға әкелген қымбатты сыйы еді бұл. «Қазанның астынан от кетпесін, самаурыныңнан шоқ


 


кетпесін», - деп күлдіре сөйлеген сол тілеуқор жігіттің сөзі мұның жадында жатталып қалыпты.


-Пәдеріңе нәлет, сенің көзіңді құртпасам ба? Адамың опа бермегенде, сен ырысым болармысың? – деп таусыла сөйлеп, орнынан тұра берді.


Құрман қарт үйден шыға бергенде, дүр еткен машина үні естілді. Ошақ басынан әрірек тұсқа тоқтаған Сәрсенбек мініп жүретін сұр машина екен. Ол үйге қарай келе жатқан бұйра шашты сары жігіттің елден салық жинайтын Жанбек екенін таныды. Қарттың түнеріңкі қабағына қарап, жасқана


амандасқан жас жігіт былғары папкасын қысқан күйі состиып тұрып қалды.


-Етке кеп пе едіңдер? Қарт Жанбекке қадала қарады. Ол үнсіз бас изеді.


-Ендеше, анау Қызылқасқаны ұстаңдар.


-Анау астаудың жанында тұрған қойды айтасыз ба?


-Иә.


Жанбек те жіпсіз байланып тұр екен, шофер жігітке қуана қол бұлғап, қойға қарай жүгіре жөнелді.


Құрман Қызылқасқаны көтеріп, машинаға салып жатқан екеуіне қарамай, теріс айналып кетті.


-Өй, мынауың ұн жегеннен сау ма?


-Хи-хи. Қартың қу деп бағана айтпап па едім. Салмағы артсын деп жасаған айласы емес пе?


-Е, қойшы, сонша не көрініпті. Бәлкім, ұры қой шығар.


-Сенбесең өзің біл. Бұл күнгі адамның бәрі солай. Ең арғысы мына жаман шалыңның бізге істегені мынау. Адамнан айла артылған ба? Әй,


милауым-ай, соған да миың жетпейді, ә! Әлгі саған көп оқу керек, көп оқу керек. Хи-хи...


-Туһ, Жаке, айла істеген адам тап осындай ақ айран қылып қояр ма?


-Ей, оттай бермеші! Мына жинаған малдарыңды анау Төбекөңдегі қораға апарып салайық. Ауылдағы тойдан кешігіп қалармыз...


Құрман қарт олардың не десіп жатқанымен ісі болған жоқ. «Болсын солай. Бәрі бітсін осымен. Көзге күйік қылып қайтпекпін. Кенеуі кеткен кемедей тірлігіме өкпелемесем, кімге өкпелеймін енді».


Қарттың кәрі көкірегін кермек ой осылай осып өтті. Арада бір күн өткен.


Күн ұясына батуға тақау қалған шақ. Ол екі биесін ағытып болған соң,


есік алдындағы аз ғана тұяғының шетін қайырмалап, таяғына сүйеніп тұр еді.


Кенет кешкі ауаның тынышын бұза маңыраған қойдың үні Құрман


қартты жалт қаратты. Бір түрлі таныс, туыс дауыстай. Апыр-ау, қай тұстан шықты? Қалың алаботаның арасынан кешкі алаумен шағылып, жалт ете


қалған қойдың қасқасы көріне берді.


-Беу, жануар-ай, естісін қара. Жат өрістен жылы ұяыңды іздеп қайтып келдің-ау.


Неге екені белгісіз, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай бір қуаныш қарттың тамыр –тамырын қуалай ойнап кетті.


-Е, жаратқан, жақсы ырым болғай, жақсы ырым болғай, - деп күбірлей берді.                                                                                                          1977 жыл.


 





Пікір жазу