27.02.2022
  220


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ТОЙ

Қияндағы шағын ауылдан келген Елберген қария мұндай салтанатты, мұндай аста – төк дастарқанды өңi түгiл түсiнде көрген емес. Қасында отырған өкшелес iнiлерiнiң бiрi Жақыпқа:



  • Әлгi жұмағындағы жаюлы дастарқаның осы емес пе? – деп, мақтанып жасыра алмай отыр. Әр тұстан самаладай жарқыраған шамдар жарығы той дастарқанының салтанатын мүлдем асырып жiбергендей.

  • Ертедегi хан сарайы да мұндай болмаған шығар, – деп есiктен төрге, төрден шығар ауызға дейiн кiлем тұтылған айнала қабырғаларға тамсана қарады.

  • Е, бұған да шүкiр, кешегi отыз үш мен қырық бiрде жер жастанып қалсақ, не болар едi?! – деген аға сөзiн Жақып бас изей тыңдап қойып, сабырлы отыр.

  • Әй, Жақып, ана бiр аппақ ұзын жарық бетiндегi қызыл жазуларың не? – дедi Елберген сұқ саусағымен люмендi шырақтарды нұсқап.

  • Е, ол әлгi «Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық» сықылды тiлек сөздер ғой.

  • Ойпыр-ой, келтiрген-ақ екен! Шiркiн-ай, мына жастарда да арман бар ма екен. Тiптi ана шаңырақ, кереге, уықтарын қалай-қалай келтiрген, ә! өзi бүгiнгi балалардың барлығы да ұста ма деп қалдым, – деп Елберген қария iшкi сүйсiнiсiн жасыра алмады.

  • Ә, бұларың той дегенде, алдына жан салмайды ғой, – дедi Жақып сәл салқындау үнмен.


Елберген Жақыпқа зерлей қарады. Ұнатқаны ма, ұнатпағаны ма? Көлеңкелi күдiктiң көбелек қанаты көкейiн желпiп өттi. «Әй, бауырым-ай, iштарлық қып отырсың-ау. Ағайын бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң…» Әрi қарай ойламауға тырысты. Сыр ұшығын сыртқа шығармай, iшке бүктi. Жүзiн билеп, сол жымиған қалпынан жаңылған жоқ. Баласының бәлен жылдан берi осы ауылдағы жiлiгi майлы қызметтiң тұтқасын ұстап келе жатқаны жөнiндегi көп әңгiме мұның құлағында.


Той мәзiрiн көрiп шыққан баласы үстел басында отырған әкесiне:



  • Қалай, көке, қазiр сөйлеуге дайын отырсыз ба? – деп салмағы жоқ сұрақ қойып, қасынан өте шықты. Екi езуi екi құлағында. Жылтыраған толық бетiнде барлық жайға қанағат, тоғайған ниет байқалады. Жар       дегендегi жалғыз  баласының       бойындағы           мамыражай   пейiл             мұның бойына  да берiлгендей. Жүзi нұрланып, масаттанып-ақ отыр. Iштей өкiнiшi бар едi. өткен жылы дүние салған кемпiрiнiң көре алмағанын бiр сәтке ойлап қойды... Жақыптың жанында шөбере болып келетiн туысы Қазыбай отырған.


Қашанғы аңқылдап, дарылдап сөйлейтiн әдетiмен:



  • Әйтеуiр бiр қызық заман болды. Жастар тойы етпесе, бар тiршiлiк- қызықтың түк мәнiсi болмайтын дәрежеге келдiк, – дедi лекiте күлiп. Содан соң Елберген қарияға күле қарады да:


 



  • Құдай-ау, мынау не деген ысырап? Ертең осының тең жартысынан көбi не жеуге жарамайды, не iшуге жарамайды. Әй, қазақ-ай! Құдай ақына, бәрi рас: «Қазақ – жүрген жерiң азап», – деп тегiн айтпаған. өзiмiз үйленгенде бiр дастарқан тоқаш пен қант, бар болса iрiмшiк, құрт. Мықтағанда, қолдан алған сары майы болатын. Ендi бiр-екi мал сойылады ғой. Сонымен-ақ ойынымыз- ойын, тойымыз-той болатын, – деп қойды.


Елберген шiмiркенiп қалды: «Әй, Қазыбай, сен өзiң ақ көйлек, аңқылдақ па десем, iшiңе ши айналмайтын тар неме екенсiң-ау деймiн. Сенiң нең шығын болды? Шашылып жатқан бiреу, шығынданып жатқан бiреу. О, несi-ей?» – деп аузына келiп қалған сөздi құсып жiбере жаздады да: «Қой, той басталмай жатып, ренiш қылғаным жараспас. Ырымға жаман», – деп iштей ойлады да, өз көңiлiне өзi сап-сап дедi. Қазыбайдың мiнезiн бiлетiн. Бәлелiгi жоқ жiгiт. Көмекейiне келгенiн iрiкпейтiн, айтар сөзiнiң зiлi жоқ мiнезi былайғы жұртқа да мәлiм-дi. Соны ойға алды. Елберген ой тiзгiнiн тартып үлгерген жоқ, сол Қазыбай тағы да:



  • Бiрақ бұған да шүкiр. Қанша баға күйiп тұрса да, әлгi нарық деген итiң қанша қысса да, қазекем айылын жиятын емес. Бұрынғы iшкенi-iшкен, тышқаны-тышқан. Бұл да заманның оң болып тұрғаны шығар. Әлгi баяғы ашаршылықта ел тамаққа тоймайды екен ғой, – деп бiр лепiртiп тастады.


Елберген жұмсарып қалды. «Е, айтар сөзiңдi қиғаш-қиқар айтсаң да, ойың тұшымды шықты», – деп iштен бiр түйдi де, оған жымия қарады.


Сыртқы дабыр-дұбыр күшейе бастады. Күбiр әңгiме жоққа тән. Ашық- жарқын әйелдер күлкiсi шолпы үнiндей сыңғырлап естiледi. Әр бөлек күлкiлер, қағытпа сөздер, әзiлкеш әуендер қым-қуыт араласып, алдағы болар қызықтың жарқын жаршысындай құлаққа жетедi.


Iшке, бұрыштағы әр бөлек пошымды аспаптарға қарай үш-төрт жiгiт өттi. Ылғи бiр сыптығардай ұзынша жiгiттер. Бiр-екеуiнiң желке шашы иықтарын жауып кеткен. Елбергеннiң күлкiсi келiп кеттi. Қасындағы Жақып-қа бұрылып:



  • Мына бiр зәнталақтардың шашы қалай? – дедi.

  • Мода ғой, Елеке, – деп Жақып қоңырқайлау жауап қатты. Олар аспаптарын шыңылдата шертiп, әр түрлi әуенге сала бастады. Әне бiр тiкiрейген шашы бар, келте мұрынды сарысы отыра қалды да, қолындағы қос таяқпен алдындағы бүйiрлi барабандарды бытырлатып, ұрып өттi. Қолы қолына жұқпайды. Дыбыстары құлақты жарып жiбере жаздады. Әңгiмеге төтеден қойылған Қазыбай:

  • Бiздiң ауылдың балалары ғой. Шеттерiнен атжалман. Бiр түнгi тойда бес мыңды қағып түседi, сабаздарың, – дедi. Қария қатты таңданды.

  • Бес мың дегенi не сұмдық? Құдай-ау, оларға сонша ақшаны кiм тауып бередi?

  • Елаға-ау, ақша деген сөз болып па. Бар табады, жоқ қалады. Мына балаларың ақша болмаса, той егелерiмен сөйлеспейдi де, – деп лекiте күлдi.


Осы кезде iшке осы өңiрдiң аты мәлiм асабасы Рәтбек тойға шақырылған қауымды той дастарқанына шақыра бастады.


 


Кiлем сарайға қалың нөпiр қат-қабағат өтiп жатыр, өтiп жатыр. Ылғи бiр маңғаздар, ылғи бiр сырбаздар, ылғи бiр сұлулар, ылғи бибiлер. Киiмдерi қандай, малынып, төгiлiп, үлде мен бүлдеге оранғандар.


Елбергеннiң құдалар тобына көңiлi әбден толды. Келiн тектi жерден болды. Сол сәтiнде санасында қысқа қайырым ой ұшығы қылаң еттi. «Иә, иә, құдайдың мұнысына да шүкiр. Тұрарым жаман емес. Алты-жетi баланың әкесi болды. Ақан, Бiржан, Нұржан… Тiфа, тiфа! Баланы санама деушi едi».


Ел iшке өтiп жатыр, өтiп жатыр.


Жекжаттар, жұрағаттар, ағайындар, ауыл басшылары…


Ауылдың әкiмi Болатбек бастаған топ Елбергенге бұрылып келiп, сәлем берiп, тұңғыш немересiнiң тойына құтты болсын айтты. Ол елпелектеп, қуанып қалды.



  • Айналайындар, көп рахмет! Қадамдарыңа нұр жаусын! Бұл менiң ғана қуанышым емес, сендердiкi де! – дедi.


Елберген марқайып қалды. Көз қиығын Жақыпқа салды. Көз қарасында бiздiң Тұраржанның беделi ешкiмнен кем емес екенiн аңғарған шығарсың дегендей сыңай сыр берiп тұр. Жақып сабырлы, салқын қалпынан мызғымай отыр екен.


Ел жайғасып болысымен оркестр алқын-жұлқын екпiнiмен «Жар-жарды» ойнап ала жөнелдi. Есiк алдында қақ жарылып, қаумаласа тұрған жастар ойналған сазға қосылып, құлшына қол соғып, қызынып тұр. «Пай-пай, жастық-ай! Айналайындар-ай, ақ жүректерiңмен ақтарылып, Тұраржанымның тұңғышының шашбауын көтерiсiп тұрсыңдар-ау», – деп Елберген iштей елжiредi. Дүркiресе тұрып кеткен көппен бiрге тұрған Елберген де ырғаққа сай қол соғып тұр. Қазыбай да, Жақып та соны iстеуде.



  • Ал, халайық, айналайын, ағайын, Кеуделерге нұрлы шырақ жағайын. Қос аққуың келедi әне күлiмдеп,


Шырқатыңдар, шалқытыңдар жар әнiн, – деген Рәтбектiң салтанатты үнi естiлгенде, көпшiлiк қолды бұрынғыдан әрмен дүрiлдете соқты.


Елбергеннiң көзiнен қуаныш жасы ытып кеттi. «Айналайын, Рәтжан-ай, қос құлынымды қос аққуға теңедiң-ау! Тiфа, тiфа, тiл-көзiм тасқа», – деп күбiр етiп, немересi мен келiнi келе жатқан тұсқа бұрыла қарады.


«О, оњо, әне екеуi келе жатыр. О, жандарым-ау! Ұшқыр қиял қанаты Елбергендi көгiлдiр кеңiске алып кеттi. Ол тәй-тәйлап жүрген шөбересiн құшырлана иiскеп, құмарта сүйiп жатыр. Немересi Ақан мен перiште келiнi Жiбек атасы мен шөбересiне елжiрей қарайды. «Иә, пiрiм, сол күнге жеткiзе көр! Iштен мiнәжат еттi. Қыл көпiрден өте алмай тозақ отына шарпылғандарға бұл әлi-ақ мысқылмен қарайтын болды. Жамбасы жерге тиiсiмен жетiп келетiн жан алғыш Әңкүрiң мен Мүңкiрiң бұған бiр ауыз сұрақ қоя алмай, бос қайтады. Бұл кiрiп бара жатқан жұмақ қақпасына кезiнде мұның аяғын шалғандардың талайы сығалап та қарай алмайтын болады. Тәубе, тәуба, бұған да шүкiр».


Тұлымдарына құс қанат көгiлдiр бантик байлаған үлпершектей екi қыз керiп тұрған алқызыл лентаны Ақан мен Жiбек қиып, оның бiр тұтамын


 


жалтылдаған жез табаққа салды. Қасындағы Жақыптың қыпша бел келiнi қос қолдап көтерiп тұрған шар табақта еңсесi биiк, ерен шыны тұр. Қара шашын шалқалай қайырған ұзынша жiгiт әлгi шыныны алып, ақ жамылғысын сыпырып тастады да, бұрау сымын ағытты. Содан соң шыныны әуелете көтерiп, түбiнен алақанымен бiр-ақ ұрды. Тарс етiп атылған тығын әуелей атылды. Асып-тасып төгiлген ақ қайнардай жас тобыр шат, жарқ-жұрқ күлiсiп, көңiлдi үнмен гулесе шулап кеттi. Оркестр де iле-шала аса көңiлдi, желдiрме, қызу әуендi құйқылжытып ойнай жөнелдi.


Ақан мен қасындағы серiк жiгiтi шампанды тауыса iштi. Келiнi мен қасындағы серiк қыз стақанға ерiндерiн тигiзiп қана қойды. Елбергеннiң iшi жылып қалды. «Осыны қыз балалардың iшпегенi де жақсы-ау», – деп iштей тiледi.


Осы төртеуi жастардың қалың тобынан iлкiм алға озып, қозғала бергенi сол едi, алдын орап шыға берген келiндердiң бiрi шашуды қарша жаудырды. Осыған iле-шала Тұрардың қасындағы толықша жiгiт құлаштай сермеп, жастардың үстiнен асыра жүз теңгелiк ақшаларды шашып жiбердi. Осы сәт кiлем сарай көгiн қанаты күлгiн түстi көбелек қаптап кеткендей. Сығылысып келе жатқан жастардың бiразы әуе қармап, ақша аулап жүр. Yстел басындағылардың бiр парасы да қанкөбелек ойнап, көктен жерге қалқып қона бастаған теңгелерге ұмтылысты. Сүрiнiп құлап жатқандар баршылық.


Елберген тiксiнiп, iш тартып қалды. Жақып күреңiтiп кетiптi:



  • Мынасы несi-ей?! Мынасы несi-ей?! – деп Елберген күңк ете қалды. Қазыбай қарқ-қарқ күлдi. Еңкейiп барып, алдына қалқи түскен ақшаны қалтаға салды.

  • өй, Елеке-ай, Жыңғылдының жынысында жатам деп, көп заттан кенжелеп қалдыңыз ғой. Ақша шашпаса, ағын-төгiн жасамаса, тойдың сәнi келе ме?!


Қалыңдықтар төрге озды. Жастар өздерiне арналған үстелге барып, шапыр-шүпiр орналаса бастады.


«Қайран жастық-ай, құр асауы басылмай, асып-тасып жүрсiң-ау», – деп iштей ой түйдi де, төрге көз тiктi. Ақан мүлдем сұлуланып кеткен. Аппақ көйлек, қап-қара қостюм, жағасындағы ана бiр үлбiрек ұлпа ақ гүл адамды тiптi сәндендiрiп жiбередi екен. Ал Жiбегi ше?! Тап бiр ертегiдегiдей хор қызынан бiр кем емес. Анау сәукелесiн айт! Ақ желегi қандай!


Қарияның ет жүрегi елжiрей түстi. Тағы да: «А, құдай, мұны көрсеткенiңе де шүкiршiлiк», – деп тәубасын күбiрлей қайталап: «Тiфа, тiфа, тiл – көздiң сұғынан сақта, дұшпанның оғынан сақта», – деп iштей мiнәжат қылды.


Рәтбек көсiлiп алып, сөйлеп кеп бердi дейсiң бiр. Ағыл да тегiл тiлек сөздер тау суындай ағытылды. Тек тыңдай бергiң келедi. Айтып-айтып келдi де:



  • Төрде отырған қос аққудың қосылған тойының беташарын ашу құрметi той иесi сонау жер шалғайы Жыңғылдыдан ат арытып, тон тоздырып келiп отырған қадiрмендi қариямыз Елберген атаға сөз беремiз! Ду қол шапалақтау, жолдастар!


 


Елбергеннiң екi бетi ду ете түстi. Жүрегi лүпи соғып, ауызына тығылды. Тiзесiнде жеңiл дiрiл пайда болды. «Ұстаңыз, ата», – деп қолына микрофон ұстатқанда, тiзеден жеткен дiрiл қолға, қолдан сөйлеген сөзiне ауысты. Сөздерiн толқып айтты. Алғашында аздап кiбiртiк – теңкiреп сөйлеп барып, аяғын түзеп кеттi. Жаңа құдаларға, сыйлап келген ел басшыларына құтты болсын айтты. Осындай салтанатқа толы той қызығын көрiп отырған жастарда да, қарттарда да арман жоқ екендiгiн тiлге тиек етiп, қос балапанына барлық жақсы тiлек, ниетiн үйiп төктi.



  • Елаға-ау, өзiңiз мүлдем шешен екенсiң ғой, – деп Қазыбай қарияның қолын алды. Жақып жымиып қойып, Қазыбай сөзiн құптағандай күйде Елбергендi ортаға оздырды. Еркелеу сөйлеген iнiсiнiң сөзiн жауапсыз қалдырғысы келмеген Елберген:

  • Немеремнiң төлбасы ғой, немдi аяйын, – деп орнына жайғасты. Назары көсiлте жасалған дастарқандарға ауды. Баласы барын аямай төккенi көрiнiп- ақ тұр. Қызылды-жасылды көз жауын алған шыныларда қисап жоқ. Үстел жемiс-жидектен тыс. Алуан санатты тағам түрлерiнен майысып тұр.

  • Ал, кәнеки, тойға келген барша қауым, ақсақалымыз, ардағымыз Елберген қарияның сөзiн қолдап, алдарыңыздағы ақ жаулықты шампандарды атып, алтын шапан киген коньяктардың аузын ашып, ақаңдарды iске қосуларыңызға асаба атынан бұйрық етемiн! – деген пәрменi берiлдi. Сол-ақ екен, осынау қалың топтың үстiмен бөлек үндi, көңiлдi толқын гулей өттi. Әрбiр тұстан ақ тығындар тарсылдап, әуелеп атылып жатты. Масатты күлкi мен насатты жүздер той дастарқанының сәнi мен әрiн кiргiздi. Бұларға таман отырған толықшалау, еңселi жiгiт зор дауысымен гүж етiп, қарсы беттегi көршiсiне қол созды.

  • Әй, Әмитжан, мынау орыс империясының ақ арағын сен жақсы көрушi ең ғой, мынаны сен ал да, маған өзiмiздiң қазағымыздың жiптiктей мiнездi


«Жiбек жолын» әкел!


Үстел басындағылар күлiсiп жатты. Елберген әлгiнiң соңғы сөзiн онша ұғынқырамады. Қасындағы Жақыпқа бұрылып:



  • «Жiбек жолы» несi? – дедi. Жақып мырс етiп:

  • Елеке-ау, не болушы едi, сыртын сырлы қағазбен сұлулаған кәдiмгi арақ қой. Қай оңған зат дейсiз, – деп салғырттау жауап бердi.

  • Қайдан бiлейiн, аты жақсы екен де!

  • Бұл күнде аты жақсының бәрiнiң заты жақсы болып тұрған жоқ қой.


Елберген үнсiз бас изедi.


Шамалы уақыттан соң-ақ әлгi «Жiбек жолын» iшкен жiгiт лепiрiп сөйлеп, өзеуреңкiрей бастады. Анда-санда орнынан түрегеп кетiп:



  • Домбыра қайда, той бастаймын мен! – деп қояды. Қасындағылары оны етектен тартқылап отыр. «Жақыптың сөзiнiң жаны бар-ау деймiн», – деп Елберген iшке бiр түйiп қойды.


Жастар отырған үстел маңының гуiлi ештеңенi естiртпеуге айналғандай.


Бiр-екi жерде сынған ыдыс-аяқ пен ерегiстiң гүжiлдi үнi де естiлiп қалды.


Рәтбектiң шыдамы таусыла бастағандай.


 



  • Әй, жастар, ең соңғы рет ескертемiн. Ендi тәртiп бұзғандарыңды шөп желкелерiңнен шөже торғайды бүрген қырғидай, дырылдатып тұрып, сыртқа сүйреп шығарамын! Кәне, тыныштал! Мына үлкендердiң ғибратты сөзiн құлақ сап тыңдамайсыңдар ма!? – деп шамырқана сөйледi.

  • Е, е, ендi жөн болды-ау! Бағанадан берi сөйткенде, – деп Елбергеннiң қыбы қанып қалды.


Шуылды топ аз-кем тыншығандай болды. Бiрақ сонау бiр орта тұстан қап- қара көзiлдiрiк киген, кiрпiнiң тiкенегiндей қысқа шаш қойып, шолақ қара көйлек киген бiреу қайта-қайта түрегелiп, айналасындағылардың мазасын алыңқырап отырды.


«Иттiң түрi қандай жаман. Кәпiрдiң көзi соқыр ма, әлде мына түнде қара көзiлдiрiк киген сән бе?» – деп iштей ренжiген Елберген Қазыбайға бұрылып:



  • Ана бiреуiң кiм ереуiлдеп тұрған? – дедi.

  • Көбейдiң көк жындысы ғой. Анау жылы Жабалтайдың көзiн шығарып, төрт жылға сотталып кетiп едi ғой. Жүрiсi осы. Түрмеге барып, түзелгенi шамалы. Бар асылы араққа шыққан, – деп қойды.

  • Сонда ол да осы тойға шақырылған ба?

  • Ойбой, Елаға-ау, бүгiнгi жасың бұғалық үзген емес пе! Шақыр-шақырма бәрiбiр, келе беретiн кесел шыққан жоқ па?! Басып кiредi олар. Осы отырғанның тең жарымы солар.

  • Не дейдi, жаным-ау! Бәсе-ау, мына бiр шеттегiлер ылғи бiр жас өрiмдер ғой. Әлден-ақ мас бола бастады.

  • Пай, Елаға-ай, жас өрiм деп марапат айтасыз. Қайдағы жас өрiм, нағыз шиебөрiлердiң өзi. Бүгiнгi жастан жаның шошиды. Шетiнен шешесiнен туа – арақпен ауызданған бәлелер.


Елберген басын ауыр изеп, мұңданып қалды. Ақандар отырған жаққа ерiксiз көз салды. Екi езуi құлағына кеткен Ақан жолдасымен соғыстырып, iшкелi жатыр екен. Қария өз-өзiнен қибыжықтап, қабыржып қалды да, жеңiл қақырынып қойып, алдындағы суыған шайдан ұрттады.


Құдалар жақта жүрген ұлы мен келiнiне көзi түстi. Қолдарында стақандар бар. Жағалай соғыстырып, жағалай ұрыстырып келедi. Сырт көзге салиқалы, сабырлы, мол денелi бiреудiң алдында екеуi бiраз кiдiрдi. Әлдененi қызу талқыласып жатқан сынды. Бiр кезде әлгi кiсi келiнi Зәуренiң қолындағы стақанды алып қойып, басқа стақанға алдындағы зерлi, өрнектi шыныдан, қызыл күрең түстiсiнен мөмiлдете құйды. өзiне ақтан толтырды. Орнынан түрегеп тұрып, Тұрармен, келiнiмен соғыстырып, тартып жiбердi. Тұрар да сөйттi. Аздап кiдiрiстеп, аздап кешеуiлдеген келiнi де ақырындап аяғына дейiн жұтты. Нән денелi әлгi қуана дауыстап, алақан соғып, қошемет көрсеттi де:



  • Жарайсың, құдағи, жарайсың! Құдағи болсаң, осылай бол! – деп, мол денесiмен барынша еңкейiп, үстел үстiнен асылып Зәуренi қапсыра құшақтап, құшырлана сүйдi.


Елберген орындығын сықырлатып, қозғалақтай бердi. Ерiксiз Жақыпқа бұрылды. Оның реңiн көңiлсiздiк көлеңкесi торлап алған екен.


 


Тұрарда ес жоқ, күлкiге жүзiп жүр. Әйелiнiң толықша бетiнде шалқыма күлкiнiн жарұрма толқыны ойнайды. Атасына ақсия күле қарап, есiкке беттеп барады.


Елберген көзiн тайдырып, оркестрге қарай бұрып әкеттi. Осы бiр толаста, алдарына келген асты қарбыта асаған жалбыр шаштының бiрi теңселiп, азар тұр. Бiреуi сары сыраны бөтелкенiң аузынан қылқылдатып жатыр.


Бағанағы бiр жiгiт орнынан атып тұрып:



  • Әй, Рәтбек, домбыра қайда, той бастаймын, – деп айқай салды. Рәтбек те айқай салды.

  • Отыр деймiн, саған домбыра ұстауға болмайды.

  • Неге?

  • Сол! Жайың белгiлi ғой.


Ол Рәтбекке қарай ұмтылмақ болып едi, қасындағылар жiберген жоқ.


Елбергеннiң басы айнала бастады. Маңдайын саусақтарымен шеңгелдеп қыса ұстап, көзiн жұмып алды. Құлағы шулай бастаған тәрiздендi. Осы мезетте, неге екенi белгiсiз, мұның алдына әлдекiм келiп, қадала қарап тұрғандай сезiндi. Басын көтерiп алды. Қарсы алдында бұған ыржия қарап, Қаржас тұр. Қолында нән қырлы стақан. Шоқша сақалында сары сәбiздiң қаймаққа шыланған қаймыжықтай кеспесi iлiнiп тұр.



  • Есаға, мұндай күнi iшпегенде қайда iшесiз? Ақ түйенiң қарны жарылған күн емес пе бүгiн. Келiңiз, бiр алып жiберейiк. Немереңiздiң алды. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Кешегi концлагерьде өлiп кетсеңiз, бұл қызық сiзге бұйырар ма едi, бұйырмас па едi?! Келiңiз!


Қаржастың көз айналасы қанталаңқырай бастапты. Иiсi бұрқырап тұр.



  • Оу, Қаржас, қарағым, мен iшпеймiн ғой. Намаз оқимын. Шариғат қоспайды, – деп Елберген ұсынылған стақанды әрi итерiп, ұнатпаған үнмен тiл қатты.

  • Қойыңызшы, Елаға! Пайғамбарлар да шарап iшкен ғой. Сiз немене, солардан артықсыз ба? Кәнеки, алып қояйық. – деп ентелей түстi.

  • Жо, жоқ, қарағым! Ана басқа қатарларыңмен iш. Менi қайтесiң, күнәға батырып. Осы өзiң де пайғамбар жасына келiп қалған жоқсың ба? – дедi Елберген. Бет ажарымен салқын сыз толқыны ойнап кеттi.

  • Не, сонда сiз менi сыйламайсыз ба? Ақсақал деп алдыңа келiп тұрмын. Немене, сонда сен қуанбайсың ба?! Қаржас сөзiндегi сыпайы «сiз» салқын


«сенге» тез алмаса салды.


Жақып тiк кеттi.



  • Әй, сен не деп тұрсың? Шоштитып сақал қойдым деп Елекеңдi құрдас көрiп тұрсың ба? Айтты ғой саған! Бар, iшкiң келiп бара жатса, соғыстыратын серiк ана жақтан да табылады.


Қаржас көзiн сығырайтып ала қойды.



  • Оу, Жақа, бұл iске сiздiң араласуыңыз томпақ! Жарамайды, жарамайды!



  • деп мысқылмен мырс етiп, басын шайқады. Қазыбай қарқ-қарқ күлiп:

    • Есаға, Қаржакеңнiң кейде ағаларына осылай еркелейтiнi бар, кешiргейсiз,



  • деп орнынан түрегелдi де Қаржасты қақпайлап, есiкке қарай әкеттi. Ол


 


шайқалып төгiлген стақанын қыса ұстаған күйi Қазыбайға бой бермей, керi ұмтылады.



  • Әй, Қазыбай, это нехорошо! Почему старик менiң сақалымды сыйламайды а…а….!? – деп екiленiп жүр.

  • Ойбай-ау, әзiрге сақалың қара ғой. Кейiн сақалың ағарғанда сыйлайды.


Алдымен ағарсын да!


Тұрар әкесiнiң қатарынан өтiп бара жатып:



  • Ойпыр-ай, көке, кiшкене ырымын жасап, ұрттай салсаңыз қайтетiн едi. Қаржас, қанша дегенмен, бiр рулы елдiң ағасы болып жүрген кiсi ғой, – деп жұмсақ айтып, күлген болды. Кiдiрместен қолындағы стақанын қалқыта ұстап, құдаларға озды.


Елберген өз құлағына өзi сенбедi. «Не деп тұрсың?» – деп айқайлап жiбере жаздады. Тұла бойына себездеп кiрген салқындық сызы бой қалтыратар аязға ұласа бастағандай. Миында ызың-ызың етiп, Тұрардың сөзi тұрды. «Ел ағасы дедi-ау, ә жаңағаны. Сонда не болғанымыз бiз-ей, ә!?» Тiл ұшына тентек тiркестi тiкенек сөз үйiрiлiп келдi. Сыртқа шығып кетсе… Айтып жiбере жаздады. Ол әрi-сәрi халде бiраз отырды.


Рәтбек бiр кезде жария үнмен:



  • Ал, көпшiлiк, атамыз қазақ дәстүрiне сай, той бастарымыз бар. Бiрiншi орынға қалы кiлем жапқан түйе, екiншiсiне құлынды бие, үшiншiге тұяғы күмiс, жалы алтын тай беремiз, – деп хабарлады да қарқылдап тұрып күлдi.

  • Тiл буынсыз деген рас-ау, ә. Қалай-қалай бөседi, – мына Рәтбегiң, – деп ерiксiз езу тартқан Елберген бойын алған көңiлсiз күйден сәл жеңiлгендей болды.


Жақып бiр тұрып, бiр отырып, сапырылысып жүрген жұртқа шұқшия қарап отыр екен. Елберген де ерiксiз назар аударды. Ауызға таман отырған алабажақ киiмдi, шашы дода бiр қыз басына күнқағар киген жiгiттi құшақтап, бояулы бетiн қасындағы жiгiттiң құлақ түбiне қайта-қайта төсейдi. Ара-тұра есiк жақтағыларға ойсыз көзбен, меңiрейе қарап қояды. Бет-ауызы әлемiш бояу, жанды қуыршақ секiлдi. Көз айналасы көкпеңбек. Әлдекiм қолмен ұрып, көгертiп қойған секiлдi. Көп алдына топ-топ болып шығып жатқандардың бiр сарынды, бiр мазмұнды сөздерiне құлақ түрместен Елберген әлгiлерден көз алмай, бiраз қарады. Кенет солардың қатарынан бiр жас жiгiт атып тұрып:



  • Бұл не митинг?! Неменеге сөйлей бересiңдер? Жолдас асаба, кiмге керек көп сөз? Давай, билейiк! Оркестр, би! – деп үстелден атып шығып, алға ұмтылды. Рәтбек әлгiнiң жолын кес-кестей бердi.

  • Әй, жүгiрмек, бидiң қашан болатынын бiз айтамыз. Отыр орныңа, отыр деймiн! Әлгi жiгiт бұрынғыдан әрмен өзеуреп, орысшалап бiр боқтық сөз айтып жiберiп, қолын сермей:

  • Зачем нам мылжың той? Давай би керек. Оркестр, би! – деп ортаға сөйлеуге шыққан шағын топты жарып өттi.

  • Хватит митинговать! – деп Рәтбектi сырып тастап, оркестр жiгiттерiне жеттi. Сұқ саусағын безеп:


 



  • Әй, музыканты, а ну-ка, би ойнаңдар. Ақша алдың ба, так что, таң атқанша би! – деп әмiр бере сөйледi. Рәтбек жастар отырған тұсқа бұрылып.

  • Әй, мына бiр бәлелерiңдi тез алып кетiңдер, әйтпесе милиция шақыртамын! – деп барынша айқайлады.


Екi-үш жiгiт әлтек-тәлтек басқан әлгiнi жұлқылай сүйреп, орнына қарай әкеттi. Ол әлде не деп айқайлап, бұлқынып бара жатыр.


Құдалар жағынан бiр жiгiт көтерiлiп, Рәтбекке дауыстап:



  • Жолдас асаба! Домбыра жеткiзiңiз! Осындағы келiншектер той бастаймыз деп отыр, – дедi.

  • Әп, бәр-рре-кел-де!! Мiне, тойдың сәнi ендi келдi! – дедi де, микрофонды қыса ұстаған күйi оң қолын көкке сермеп, қалыптасқан қимылмен, әртiстердiкiңдей асқақ үнмен:

  • Домбыра-ра-а! – деп тiл қатты. Той басталғалы даңғырлақ көп аспаптың тасасыңда жүдеу өңдi жетiм баладай тығылып, бұйығы тұрған домбыра Рәтбектiң қолына тидi. Рәтбек қоңыр домбыраның алқымнан қыса ұстап, аққу құстай әуелете қалықтатқан қалпы, құдаларға ала жөнелдi.


Елберген қатты қуанды. Ырым көрдi. Мынау – баяғы өз домбырасы. Немересi Бiржанға бiржола берген. Оның алғырлығына, құйма құлақтығына тәнтi болған. өзi үйреткен күйлердi қаршығадай қағып алғанына әбден сүйсiнген-дi. Елберген қария көңiлiн тұмшалай бастаған тұманды сезiмнен серпiлгендей болды. Той бастар жырын естiмегелi талай жыл болыпты-ау. Үркектеп қалған көңiлi әлi елегiзiп отыр. Әлгi той бастаймын деген мас жiгiт тағы да берi ұмтылмаса болғаны. Барлап қарап едi, бағанағы орнында бетiн тәрелкеге қойып, ұйықтап жатыр екен.


Домбыраға қосылып айтқан әндi бұл ет жүрегiмен елжiрей тыңдайтын. Елекең ертеректе шопандар тойында сыйға алған «Спидола» дейтiн қабылдағышын қолы босаса, құлағын бұрап, қазақша ән аулайтын. Шертпе, шалқыма күйлердi тыңдағанда, үздiгiп кете жаздап, тамсана тыңдап, жаны жадыраушы едi.


Елбергенiң бар ынта-шынты құдалар жаққа ауды. Артында тұрған қара жәшiктен тыңқ-тыңқ етiп, құлақ күйi келтiрiлiп жатқан домбыраның үнiн емiне тыңдады.


Осы сәтте жастар үстелiнiң орта тұсынан қара көзiлдiрiк киген Көбейдiң баласы айқайлай атып тұрды. Қолында қылқындырып ұстаған арақтың бос бөтелкесi. Оңды-солды сермеп қойып:



  • Тұрар аға, тұңғышыңыздан аянатын неңiз бар? Неге әкелмейсiз, әлде аяйсыз ба, әлде бiздi олқысынып отырсыз ба? Үстелiмiздiң үстi қаңырап бос қалды. – деп елеурей сөйледi. Домбыраның үнi кiлт тоқтап қалды.

  • Әй, iнiшек, iнiшек, отыр, отыр. Ұят болады, – деп Тұрар оған қарай қолын созып, басалқы қимылдар жасап бара жатты.

  • Жоқ, отырмаймын, арақ әкелсiн! Бiз немене, тоқалдан туып па ек?! Тұрар шарт кеттi.

  • Е, отырмасаң, шығып кет! Сенi осында шақырған кiм бар? Берiлетiн арақ жоқ. Айда, басты ауыртпа! – дедi.


 



  • Ә, солай де! Тұрыңдар онда! Кеттiк! Аса зiлмен, зәрмен айтты. Орындықтан қарғып тұрды да, кеудесiн тiк ұстап, есiкке қарай жұлқына беттедi. Қолындағы бос бөтелкенi үнсiз тұрып қалған Рәтбектiң қолына ұстата салды.

  • Мә, сайрауығым! Мынаны ана сүмелегiңе бер. Зәрiн құйып iшсiн!


Сыздана, ысқырына айтты.


Рәтбек ләм-мим деп тiл қатқан жоқ.


Елберген бойын ыза кернедi. Орнынан атып тұрып, Көбейдiң көк жындысын көк желкеден бүре кеткiсi келдi. Жақыптың түрi өрт сөндiргендей болып отыр. Қазыбай қыбыжықтап:



  • Қап, мына иттiң баласын-ай, ә! Бұл ма, бұл, кiсәпiр, кiсәпiр! Нағыз қанiшердiң өзi, – дей бердi.


Елберген өзiне өзi келе алмай:



  • Ай, осы топтан жаңағы иттiң баласын жос-жос қылатын бiр еркектiң табылмағаны ма, ей! – деп күйiне сөйледi.

  • Ойбай, Елаға-ау, бұл күнде кiм басына бәле тiлеп алады дейсiз. Жаңағы нәлет осы ауылдың балаларын наша шектiрiп, үйретiп жүр деген де сыбыс бар. Оның түрi жаман, кәпiр, – деп Қазыбай қорғалақтап кеттi.


Елберген ернiн тiстедi. Арсаланған арық саусақтарының тырнағы алақанына кiрiп кеттi. Көз алдына үйiнiң төрiнде iлулi тұрған он екi өрiм бұзау тiс қамшысы келдi… «Ой, шiркiн-ай! Осы бiр құлындағы дауысын құраққа шығартып, жостыртар ме едi! Қайран жастық шақ!» Осындай адыраңдардың талайын тәубесiне келтiргенi есiне оралды. Шерлене күрсiндi. Ол той төрiнде отырғандарға салқын қабақпен көз тастады. Ақан орнынан түрегеп кетiп, әкесiне әлдененi қызу дәлелдеп, қызу түсiндiрiп жатыр. өңiнде өкпе бардай «Ана антұрғанға сонша не болған?».


Осы мезетте келiнi Зәуре Рәтбектiң құлағына бiр нәрсенi асығыс сыбырлады. Рәтбек өңiне күлкi жүгiрдi.



  • Құрметтi жолдастар! Ол барынша салтанатты үнмен дауыстады. – Қазiр тойдың ең салтанатты сәтi болмақ. Төрде отырған қос аққуға неке сақинасы тапсырылады. Сақина салу мәртебесiне Тұрекең мен Зәуре жеңгемiздiң қос қарлығашы, ұшар қанаты Айсұлу мен Күнсұлу ие болды. Ду қол шапалақтап қарсы алыңыздар! Оркестр, «Обручальное кольцо!» Сол-ақ екен, қызулы, жөлдiрме әуен құлпыра ойналып, шалқыма саз төгiле жөнелдi.


Айсұлу мен Күнсұлу екеуi төрге қарай жеңiл басып, қалықтап бара жатты. Жүздерi бал-бұл жанып, қолдарындағы кiшкентай қобдишаларға жымың- жымың етiп қарасып бара жатыр.


Қалың көпшiлiктiң көтерiңкi көңiлi, бiр-бiрiне ұласқан қол шапалақ, жастар тұстан қиқулай ысқырған көңiлдi үндер, құлпырған әуен – бәрi ұласып, Елберген жүрегiндегi түйiлген түйткiлдi ыдыратып жiбердi. Айсұлуы мен Күнсұлуының ағасы мен жеңгесiн бауырларына тартып сүйгенi – жүрегiне жылы нұр құйғандай болды.



  • Ал, жастар, осынау салтанатқа орай – жастар биi! Оркестр! – деп Рәтбек оң қолын екпiндей серпiп, аспанға атты.


 


Оркестр құтырына ойнады. Әп-сәтте ортадағы ұзынша алаң билеген жастарға үпiр-шүпiр толды да кеттi. Бiреулерi иықтарын жұлып жеп жатыр. Ендi бiреулерi қос қолдарын әуелетiп, бөлекше бiр қимылдар жасайды. Қос қолдарын ербең-ербең еткiзген бiр тобы, ара-тұра қиқулай қышқырынып, дыбыс шығарып жүр. Елберген мұндай бидi көрмептi. Кейбiреулерi тiптi одағай қимылдайды екен. Екi тiзесiн бүгiп, бiр орында тұрып алып, бөксесiмен бұлтыңдай билегендерiне тiптен қарағысы келмей кеттi. Адыраңдап, тасыраңдап, қолдарын қарақұстың қанатынша жайып, қалқып жүргендерi де баршылық. Ебе-себе шашты екi-үш қыздың қимылы ерiксiз назар аудартқандай. Тiзеден көп жоғары киген шолақ көйлектерi билеген сәтте тым көтерiлiп, жалаңаш сандары көзге анайы бейнеде жарқылдап шалынады.


Елберген қибыжықтап, қасындағы Жақыпқа қарай бердi. Жеңiл қақырынып:



  • Әй, Жақып, бiрталай отырдық-ау. Сыртқа шығып, құрыс-тырысымызды жазып келсек қайтедi, – дедi. Билегендер жаққа қайтадан қарауға жүрегi дауаламады.


Екеуi сыртқа беттедi. Қазан-ошақ басы қарбалас екен. Үлкен дәмге дайындық жасап жатқан сыңайда. Кең аула iшiн бала-шаға, бау-шармақ жаулап алғандай. Көбi есiк аузына қарай ентелеседi. Мүлдем бiр жас балалар би әуенiне елiгiп, өздерiнше топ құрып, құнжың қағып, құлдыраңдап билеп жатыр. Анадай жердегi сәкiде әлдекiм шалқасынан түсiп, қорылдап ұйықтап жатыр. Шошайып, қара сақалы көзге ерек шалынады. Ә, антұрған, мұнда құлаған екенсiң ғой. Елберген Қаржасқа қарап мырс еттi.


Екеуi қаптаған машиналардың арасымен шығып, шарбақты бойлап, оңашалау аулаққа беттедi.



  • Ойпырай, Жақып, мен шошиын дедiм. Не сұмдық мынау! Мына жастарың, мына елiң не болған? Анау ата сақалы аузына түскен Қаржасқа не жоқ?!

  • Елеке, сiз шошысаңыз, мен түңiлгем. Бiздiң қазекеңдiкi – жыртақы дарақылық. Бiздiң түбiмiзге…, – дей берiп едi, бұлар тақанған дәу тал түбiнен дүркiрей үркiп, бiр топ бала қаша жөнелдi. Сыңғыр етiп соғылған шынылардың үнi құлаққа шалынды.

  • Ә, жетпегiрлер-ай, желкең қиылғыралар-ай! Ылғи қыршын түйнектер ғой бұлар. Той болды бiттi, жасайтындары – ұрлық. Сол үйдiң өз қатарлы балаларынан қорқытып ала ма, сұрап ала ма, сыра алдырып, арақ алдырып iшу – бұл қуларға қанғасiңдi ауруы болған.

  • Не дейсiң, Жақып-ау!?

  • Сүйдеймiн! Бұл – сұмдық, сұмдық! Жаппай iшiс қазiр. Бала да, шаға да, қатын да, қалаш та iшетiн ауру ауылға келдi. Қымбатшылық болған сайын, құтырып барады. Жаның шошиды, Елеке! Сылтауы да көп, себебi де көп бұл жұрттың iшуге келгенде. Мен мүлдем түңiлдiм. Анада Байысбай қайтыс болғанда, бұл ауылда болмаған сұмдық болды.

  • Е, не болды сонда?


 



  • Не болды дерiң бар ма? Жаның түршiгедi. Әлгi коммерсант баласы бүкiл ауыл басшыларын, ауданнан-аужаннан келгеннiң барлығын залына кiргiзiп, араққа бөктiрмесi бар ма. Сорақысы сол, сол дастарқанға маған құран оқып берiңiз деп шақыртқанын қайтерсiз! Сұмдық, iшке кiрсем, түгел қызара бөрткен. Барлығы әлем сасиды.

  • Не дейсiң, жаным-ау?! Сұмдық қой мынауың! Ертең бiз өлгенде де сүйтпек пе? Елбергеннiң көзi атыздай болды.


Кенет той болып жатқан жақтан ащы айқай естелдi. Оркестр үнi кiлт үзiлдi.



  • Ойбай, төбелес!

  • Әй, аналар өлтiрдi бiрiн-бiрi!

  • Әй, Ақан саған не болған? өз тойыңда өзiң!

  • Ұстаңдар, ажыратыңдар!

  • Ана бәленiң қолындағы домбыраны…


Салдыр-гүлдiр сынған ыдыс, шыныларға қоса шыңғырған, боқтаған, балағаттаған қым-қиғаш, ызы-қиқы үннен ауа тұнып кеттi.


Елберген мен Жақып елпелектей жүгiрдi. Жастау Жақып бұдан бiршама оза түстi. Елбергеннiң құлағы шыңылдап, ентiгiп қалды. Аулаға енiп, тойхана есiгiне тақана берген сәтте, бiр нәрсе тарс ете қалды. Ол кiлт тоқтап та үлгерген жоқ, тура алдына алқымынан қақ бөлiнген домбыраның шанағы ұшып түстi. Ол сүрiнiп кете жаздап, денесiн әрең игерiп, сынған домбырасын жерден көтермекке еңкейе бердi де:



  • Ања! – деп жүрек тұсын ұстап, шөкелеп отыра кеттi… Құлап қалған қарияны Жақып бастап, қаумалай көтерiп, үйге ендi. Ересектер жағы жиналып қалды. Сәл қызулау жүрген Тұрар үрей аралас кейiппен, әкесiнiң маңында құрақ ұшып жүр. Арақ арбаған тұмша санасы сағымды елестен тез айыққандай. Елберген ентiге демалып, көзiн аша алмай жатыр.

  • Домбырам қайда? Домбырам… – деген ыңырси қайталай бердi…


Тұрар әкесiнiң қасына бас-көз қып, Жақып бастаған бiр топ ересектердi қалдырып, сыртқа шығып келуге беттедi. Сәл-пәл болса да, оңаша қалып, ауыр ойлардан сергiгiсi келдi. өзi де әбден жүйкелеп бiтiп едi.


Түн ортасы әлдеқашан ауып кеткен. Тамыз аспаны тамылжып тұр. Толысқан ай батыс көкжиектен құрық бойы биiкте екен. Бедерi мүлдем айқанданып, мүлдем қызарып алыпты. Әлдеқалай бұған жатсына, жатырқай қарайтындай сыңайда.


Еш нәрсе туралы ойлағысы келмедi. Бiрақ сана төрiн кезiп жүрген сан түрлi ойлар онсыз да әңкi-тәңкiсi шығып тұрған басын шыркөбелек айналдырып жiбердi.


Ертең сәске түске құдалар келмекшi. Әкесiнiң жатысы анау. Танауы қусырылып, алқынып жатқан демалысынан қорқайын дедi. Ана бiр иттiң баласын бағана құрту керек едi. Той бастатпайсың деп домбырамен Рәтбектi бастан ұрғанын қарашы! Қап, атаңа нәлет-ай! «Құланның қасынуына мылтықтың басуы» дегендей, көресiнi өз жүгермегiмнен көрдiм-ау!


Ойбай-ай, мұндай масқара болар деп кiм ойлаған. Менiң жолдастарыма неге арақ бермейсiң? – деп долыланып, бөтелке жинап, көмек қып жүрген


 


Қазыбайдың баласын ұрып: «Әй, атаңа ғана нәлет-ай, бәрiнен сұмдығы соншама қымбат бағаға алған жүзiктi бетiме лақтырып, масқара қылды-ау! Бүйткенше, бұлай масқара еткенше, неге ғана қара жердiң тесiгiне кiрiп кетпедiм».


Тұрардың жылағысы келдi.


Осы сәтте арт жақтан әлсiз сытыр естiлгендей болды. Бұрылып қарай бергенi сол едi, ту сыртынан сарт еткен сұмдық өткiр соққы тидi. Солқ ете қалған жүрегiн сұрапыл дауыл жұлып әкеткендей. Оты жарқ етiп жанары қас қағым сәтте қап-қара көзiлдiрiктiң айға шағылған қан қызыл түстi әйнегiн шалып үлгердi...


1993 жыл.


 





Пікір жазу