27.02.2022
  164


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ДАЛА ШЫҚТАРЫ

ЛИРИКАЛЫҚ ӘҢГІМЕ


Отыз үшінші жыл сүргелеңнің ел ішінде жаңа басылған шағы. Шабақ өзені бойына қырдан ауа келіп қоныс тапқан көп жұрт соңғы бес-алты жыл ішінде өз күйлерін түзеп те алған болатын.


Алғашқы бетте диқаншы кетпенін қолдарына үрке алған олар:


-Шабаққа үймелеген шағаладай қу арық жағасынан не табамыз? – деп қомпылдасқан-ды.


Бірақ та соңынан еккендерінің жемісін көріп:


-Мұрт майланатын жерді білмей, қырда құр сандалыппыз, - деп, өкініштерін қайта-қайта айта:


-Айналып қана кетейін, диқаншы ел қолының қадірін ұғыппыз ба осы шаққа дейін, - деп, ризалықтарын да білдірісетін.


Ел қарасы көбейген соң ба әлде Шабақ бойын қомсынды ма, сол бір жылдары диқаншылар қоныстанудан жырақтағы Жон даласының топырағына да дән тастап байқаған. Тымырық жатқан тың жер адамның мәпелі қолы тиген соң түлеп бір берген. Тәттінің дәмін алған жұрт содан былай көктем күнінің көзі көрінді дегенше сол жаққа қарай көшіп баруды әдетке айналдырып еді. Олар Тентек өзені бойында күз қырауы түскенше қараша қос үйлерін тіге отырып, колхоз жұмысына қатысады, қолдарындағы азын-аулақ тұяқтарын да баға отыратын.


Біздің үй де сол көп дүрмектің бірінен қалған емес. Апам бір жағынан сол даланың таза ауасын бойына шипа санап, екінші жағынан, жеңіл-желпі іле ауруды себеп етіп, ылғи да қол қусырып қарап отырғаным әбес болар, ең болмағанда қырманның күндізгі кезегіне қарауыл болып, аз септік тигізгенім асық болмас деген.


Бала-шаға ол уақытта колхоз үшін таптырмайтын күш емес пе, ат жалын тартып мінетін жанның қалтасына қол салып, бос жүргенін көру қиын-ды.


Оқу аяқталысымен ел қатарлы жұмысқа шыққам. Алғашқы бетте жер жырту жұмысында болдым да, ол біткен соң жаңадан, сол жерден салынғалы жатқан су диірменге сол маңдағы бұзылған ескі қыстаудың ағаш-қамысын тасуға қатыстым.


Колхоз бастығы Бәйімбет жазғытұрым шып-шымыр, әрі мықты, әрі дымы мол болады деп, су диірмені үшін, тоған бекітуге шым ойдырып, тасытқызған.


Мен Айнашпен бір арбада істейтінмін. Ол соның біраз алдында ғана Кендіден, мұғалімдік қызметінен оралған.


Оның жұмысқа шығуын жеңіл ауызды кей адамдар біраз өсекке таңған.


-Мұғалім болып жүріп, осындай жұмысқа шыққан жанды көрсем, екі көзім әз болсын.


-Осы жұмысқа қайбір ынтықтығымен шықты дейсің, үкіметке жақсы көрінем деп қылған жағымпаздық харакеті де, - деп біраз сусылдатысқан.


Айнаштың бұл ісіне оң қабақ білдірген жанның бірі – Бәйімбет.


 


-Кешегі әкесі Жанқабыл жігіттің сұлтаны еді, садағаң ғана кетейін, тек жақсылық үшін туған жан еді ғой, шіркін. Енді, міне, сол қасиетінен қызын да құр қалдырмапты. Анау тумаса да туғандай қылып өсірген, дімкастанып жүрген Бибітайдың орнына шығып жүргеніне мың рақмет! – деп, айтып жүргенін талай естігем.


Айнаш- апамның ағасының қызы. Оның әкесі мен шешесі қалың сүзекте бірдей қазаға ұшыраған да, жетім қалған оны көп уақыт құрсақ көтермей, уайым құшағында жүрген менің анам өз баласы атандырып, бауырына салады.


Кейіннен апам Айнашты қызыл отауға қосып, оқуға жіберген. Ол сонда мектеп бітіріп, мұғалімдік курсқа түсіп оқиды. Оның аяқтағаннан кейін, сол қаланың өзінде бір жылдай сабақ береді.


Уақытында апамның бұл қылығы, қызы түгіл ұлын оқытудан қашқан елге тым сорақы болып көрінсе керек:


-Іштен жарып шықса, боқты сүйтер, кісі баласы болған соң сол да, – десіскен.


Бірақ жел сөзге иілмейтін апам:


-Айта береді бұл жұрт, әлі-ақ көрер өздері, - деп отырушы еді.


Тоғанға дейінгі қысқа жолда Айнаш екеуміздің әңгімеміз бір сәтке үзілмейді. Оның айтқан не бір ертегілері мен жан тұшытар әңгімелеріне құмарта құлақ түретінмін. Тіпті оның «Сұлушаш» дейтін ұзақ жырдың үзіндісін жатқа айтатыны да есімде. Бірде осы жырды тыңдап отырып, апамның егіліп тұрып жылағанын да көргенім де бар.


Менің кейде өзіммен бірге домбырамды алып шығатыным бар-ды. Арба үстінде оған қосылып, ән салатынмын, осымды көрген кейбіреулер әзіл – шынды:


-Ойпырым-ай, асыл пышақ қын түбінде жатпас деуші еді, сенен бірнәрсе шығар түбі, - десісіп күлісетін.


Айнаш ылғи да мен салған әнді ұйи тыңдап қалатын да, маған бір сәтке жылы бұрылып, ойлы жымия қарайтын.Сонан соң көзін көкжиекке қадаған күйі үнсіз, ұзақ ойда отырып қалатынын байқайтынмын.


Бір күні Айнаштан қалып қойып, өзен жиегінде домбырамды айналдырып отырғам-ды. Әлден уақ шым ойып жатқан әйелдің:


-Мұрт! – деген ащы үні мені селк еткізді. Жалт бұрылып қарағанда, көзімнің шалғаны –   жел екпінімен жалбақ ұрған шекпеннің шалғай шеті ғана.


Бойым шым етті. Көз алдыма ашулы қолда кезелген сұсты кездік тәріздес мұрты мен тіктеп қараса, өңмеңіне сұғып алар үскі іспетті шегір көзді жанды елестетіп үлгердім.


Төніп қалды. Зытып бердім...


Шойғара десе, ауыл балаларының таса тұсқа бұқпанталай бастайтын әдеті. Шақар жан, шатақ, ұрыс-төбелес десе оң иығын беріп тұрар жаман әдеті бар. Ауыл адамдары оның бұл қылығын әжуалай.


 


-Кешегі күннің атарман-шабарманы болуға лайық-ақ, не керек, әттең, күні емес, - деп, кекесін сынды өкініш етісетін.


...Төніп қалды. Бұлт еттім.


Қайта төнді қас албастыдай жыны мен боқтығын аузынан қоса ақтарып.


-Иттің күшігі, доңыз!... Домбыраңмен қоса көрге тығайын ба осы, жетпей желкең қиылғыр!


Кенет:


-Тоқта, өлтіресің бе?! – деген ызасы мол, зор үн мені кілт тоқтатты. Қайдан сап ете қалғанын білмеймін, Кемел Шойғарамен айқасып қалыпты. Бір қолымен оның қамшы көтерген қолын қимылдатпай ұстатыпты да, екінші қолымен ат тізгінін өзіне шірей тарта тұрыпты. Сол бір ызғарлы күш Шойғараның шошулы жүзін қарып өтіп жатқандай. Оның көзі де зәрлі, шарасынан шақшия шыққан күйі атыспай-шабыспай тынбайын деп сұс еткен, айбар еткен түрі бар. Енді солай сәл тұрса, шарасынан шатынай атылып барып, шарта сынар тәрізді.


Көзі шектен тыс шошыныспен шарпулы. Әлден уақытта айылын жаңа жиған Шойқара:


-Ойбай-ау, мына жаман көр итке не жоқ! – деп, етті де жуан қолын жұлқи тарта, суырып алып, Кемелді қамшымен тартып жіберді. Осы сәт Айнаш арбадан қарғып түскен қалпы жалыныш толы ащы үнмен:


-Ағатай, аясаңызшы! Мұныңыз не?! деп,- алға ұмтылды. Сол сәтте сақтанам деп бұға берген Кемел қамшының басына қатты соғылды. Самайынан бұрқ еткен қан әп-сәтте бетін жуып кетті.


Аз абдырап қалған Кемел бір сәтте барысша атылып барып, қамшыға жармасты. Сүйтті де оны қос қолдай бұрап жұлып алып, аттың басынан қайқайта бір соқты да, су жиегіндегі қойтасқа қарай атып жіберді.


Сол Шойқара мені Сулыкенттегі мектептен келгеннен кейін осы Кемелге ат айдаушы етіп, қосып берген. Оны бұрын ауылда сырттай көріп жүргенмен, таныстығым жоқ-ты.


Апамдар Кемелді осы Қаратаудың тұрғылықты қазағы дейтін. Бұрын үйленген екен, бірақ әйелі бір тасқында тар көпірден өтем деп, суға тайып құлап кетіп өліпті. Содан қалған үштер шамасындағы ұлы да бар.


Әйел басы кеткен соң отбасы оңған ба, өз түтінін түтетіп отырған Кемел амалсыздан алыстан қосылатын ағайындарының үйін паналайды. Олар оның тамағын ауырлайтын сыңай танытады екен және баласына да жайсыз деп еститінмін. Осының әсері ме, жоқ басқа себептен бе, көбіне кішкене ұлын жанынан тастамай алып жүретін. Адамдар: «Қайтсін, көңілі жарым болып өспесін деген ниеті де мүсәпірдің»,- деп мүсіркесетін сырттай.


Оның көпке дейін үйленбей жүргенін әркімдер түрлі саққа жүгіртетін. Біреулер жағдайы келмей жүр, ал енді біреулері әйелі екеуі сүйіп қосылған екен, соның күйігімен әйел алмаймын депті десіп лақаптайтын. Мен ылғи да Кемелді тұңғиық, жабырқау күйде көргендіктен ол туралы айтылған сөздердің бәрін де шынға жоритынмын.


 


Жұмыс үстінде өзін көбіне тұйық ұстайтын. Іс реті болмаса, сөзге сараң. Әңгімеге тартса, берер жауабы шолақ, көңілі келмесе, ол да жоқ. Алғаш бірге істегенде, соқа сабын ұстаған күйі басын төмен салып, аударылған топырақты жаңа көргендей ұзақты күнге тесіліп жүретін де қоятын. Былай қарасаң, жер жыртып жүрген пендеге емес, ой тоңын аударып жүрген жанға ұқсатасың. Кең қабағының астындағы шарасы кең, қарасы мол көзі ойлылық пен мұң үшін біткендей. Бар қайғы, бар азабы тек соған ғана жиылып, басын көтертпейтін секілді сезінетінмін.


Аракідік маған:


-Жүйектен аума! – деп күңк еткені болмаса, тіс жарып, үндемейді де. Бірақ онысы-жеку, суық сызды ызғармен астарласа жатқандай әсер қалдырады.


Жеңгелері есепті Рәзияның:


-Әй, маубас, қатының жаңа өліп пе еді, басыңды көтерсеңші, - дейтін дағдылы сөзін қаперіне де алмайды. Талай адуындарды сөзбен бұғалықтайтын Рәзияның ащы тілі Кемелге келгенде дәрменсіз, ұдайы ұтылыс таба беретін.


Күн ысыған шақта жұмысты доғарамыз. Кемел аттарды босатып тұсайды да, басқалар келгенше көк үстіне шалқасынан жата кетеді.


Кейде көк төсін тінткен көзі қалқи барып, қалт етпей қанат қағып тұра қалатын бозторғайды ұстайды да, соған көпке дейін қарап жататыны бар-ды..


Бәйімбет кейінірек оны бізге звено етіп сайлап қойған. Әрі ортамыздағы ұстамыз, арба бұзылса жөндейтін сол. Бірге істейтін әйелдер:


-Құдай қос бақты төбеңе қондырды ғой, енді өліп кетсең де арманың жоқ, - десіп, оны мазақтауларын бір де қоймайтын.


Бірде түс әлетінде Айнаш пен мен оның сүп-сүйкімді ұлын қасымызға шақырып алып, тілін қызықтай, ойнатып отырған болатынбыз. Сонда Кемел баласын бізден қызғанған жанша жеку толы үнмен бері кел деп, өзіне шақырып алып, қасына отырғызып алғаннан кейін оған кейігендей әлде не деп күңк етті де, арбасын айдай жөнелді.


Оның бұл қылығы алғашта маған жайсыз жеткен. Қорланып қалдым.


Бойымда намысты ашу тұтанғандай сезінгем.


Қысылып қалғаннан ба, қолайсыз бір күйде Айнашқа жалма-жан қараппын. Бірақ ол назарын маған бұрмай, Кемел соңынан соншама бір кінәммен көз салып тұрыпты.


***


Кемел қабағынан аққан қан әрең тыйылды.


Осыдан соң ол өзен жиегінде ұзақ уақыт тұрды да қойды. Маңдайын Рәзия ақсаң шүберекпен таңып берді. Тұқия иілген басы тастүйін боп түйілген жұдырыққа ұқсапты. Қатулы өңінде сөніп бітпеген қаһарды қайта тұтатқысы келгендей суық тұрған жанары сергек, сілкіне ойнайды.


Айнаш осы көрініске аз назар салып тұрды да, неге екенін білмеймін, арбаға қарай кілт бұрылып кетті.


Сол күні біз кешке дейін Айнаш екеуміз бір-бірімізге тіл қатысқан жоқпыз.


 


Бұдан соңғы күндерде де біздің бұл қалпымызға бөтен өзгеріс енген жоқ, қайта екеуміздің де бойымызда әңгімеден гөрі үнсіз, тыныш отыруды тілейтін тілсіз тілек тірілгендей сезініп жүрдім.


Айнаш болса, арба үстінде әлдебір жұмбақты ой дүниесінің ішіне еніп кеткен жанша, қолын иегіне тіреген күйі, үнсіз отыратын. Күлкі үшін жаратылғандай көкшіл көзінің өне бойы ойнап тұратын сұлу жарқылы семіп, жасу сынды әлде не ұялай қалады да, оның астыңғы кенеріндегі әлсіз, тынымсыз, сүйкімді дірілінен түк те қалмайтын.


Х


Жон егіні қалың жаздың ортасына жете бере ораққа ілігеді.


Біздің орақшылар мен шалғышылар таң салқынымен күн қызғанға дейін істеп, түсте үйлерінде дамылдайтын да, ыстық қайтқаннан соң қайта шығып, күн батып, көз байланғанға дейін жұмыс істейтін.


Біз Кемелге баулаушы болып істедік. Алғашта мен Кемелмен бірге істейтінімді білгенде қуанғаным бар-ды. Ал Айнаш, керісінше, Кемелмен бірге істеуді көңілі қаламайтындай, өзін одан аулақ ұстауға тырысатынын аңғаратынмын.


Олар таңертеңгілік жолығысқанада ылғи да бірін-бірі тосын көрген жандарша тосырқай қарасатын да, бұрылысып кетісетін.


Бірде аз тыныққаннан соң, ыстық қайта, жұмысқа жаңа ғана енгенбіз-ді. Бізден әріректе Қапиза, тағы бірнеше әйелдер арбаға бау тиеп жатқан.


Әлден уақ бірінің:


-Ойбай-ау, мынауың кім шіренген? – деп, таңданыс еткен үні шықты. Оларға бұрылып қарасам, өзенді бойлай келе жатқан бәкене бойлы біреуге көз тігісіпті. Кенет Қапиза деген әйел:


-Е, әлгі мұрттың жалғызы екен ғой, - деді. Үнінде қомсыныс қылған күйі


 


бар.


 


-Әлгі Жолманы осы ма еді? - деп жатыр тағы біреуі сол әуенде.


Мен Жоламанды Айнашпен бірге Кендіде оқыпты деп еститінмін. Бір


 


қызығы, осы Жолман туралы сөз қозғасаң, ауыл қарттарының шамына тидім дей бер. Көбі қолдарын бір-ақ сілтеп:


-Соны қойшы, құдаймен жағаласқан жаннан не қайыр, не үміт, - десетін. Апам бірде осы Жолман туралы бір қызық жайды күле әңгімелеген-ді.


Бір күні Жолман тау жақтан келе жатып, қалың жаңбыр астында қалады. Ауыл сыртындағы үстірттегі төбешікте тартылып қалған көз бен соған төне біткен қураған тал болушы еді.


Жолман тап сол тұстан өте бергенде, әлгі ағашқа жай түсіп, оның екпіні Жолманды да жерге алып ұрады.Есін аз жиып, есеңгіреген күйде үйіне сұп- сұр болып жетіп келген Жолман тең үстіне сылқ етіп отыра кетіпті де:


-Жаратушыны жоқ екен десем, бар екен ғой,-депті дейтін.


-Кісімшілдігі бар неме дейді ғой өзінің.


-Ойбай-ау, айтпа деймін! Тіпті бала-шаға сыйлап берген қолды алмайды дейді.


 


-Әнеукүнгі диірмен басындағы кісілердің бірінен келіп, сіріңкені орысша сұраса керек. Әлгі оған: «Шырақ, сөзіңе түсінбедік» десе, ол кейіген үнмен: «Ай, қараңғылық-ай!» - деп, қиналғандай қалып көрсеткен болыпты.


-Әдірем қалғыр, бір-екі ауыз орысшаның басын құрап сөйлегенге бола, толып кеттім деп ойлайды екен-ау, ә.


-Тоқтай тұр, Қапиза-ау, сен әлгі мұрттың қызығын естідің бе? - деді Рәзия. Мынасы Айнашты аламын десе, онысы ұрысқан боп: «Қой, әке- шешесі жоқ қызды қайтесің, естіген елден ұят емес пе»,- депті.


-Пай, пай-ай! Шалқыған екен-ау, құдай-ау, сол мұрттың кеше емес пе еді елге келгені, жалғыз жыртық тонын сүйретіп. Енді астына ат тиген соң, күпсінейін деген екен-ау, ә.


-Өзіне салса, Айнашқа кет әрі емес көрінеді. Қосып сөйлеген бе, кім білсін, әкесіне Айнаштың сөзін алдым деп те жіберіпті.


Айнаш осы сөздерге еш қимылсыз құлақ түріп тыңдап қалыпты. Әлден соң басын көтере бере, әйелдер жаққа тіксіне көз салды. Әйелдердің біреуі:


«Ойбай, көтек, ана қыз бар сөзімізді естіп тұрмасын,- деп, бетін шымшып, теріс айналды.


Жолман ақырын басып. бізге жақындады. Бәрімізбен ерін ұшын жыбырлатып амандасқан болды да, Айнашқа жақындап, күлімсірей қол берді. Байқаймын, Айнаш салқындау, солғындау амандасты.


-Сулыкөлге қашан қайтасың? – деді. Айнаш:


-Әлі қайтуыма біраз уақыт бар,- деді самарқаулау.


-Бірге қайтсақ қайтеді? – деді Жолман езу тартып.


-Көрерміз. Жақсы, сау болып тұр , - деп, арбаға қарай кілт бұрылып кетті. Жолман состиып тұрып қалды. Осы сәтте Айнаш арбаға тақана беріп, Кемел жаққа жалт бұрылып қарады.


Бірақ Кемел шалғыны сұлық ұстап, еш қозғалыссыз басын төмен салған күйі тұр екен. Бір уақ ол біртүрлі ішіп – жеп қоятындай Айнашқа қабақ астынан суық, сызды көз салды. Олардың түйісіп қалған көздері тіктесе барып, аз тұрып, бірінен-бірі тайқып кеткен.


Байқағаным, Кемелдің бұдан соңғы жұмысында бұрынғыдай қарқын да болған жоқ. Жиі тоқтайды, тас шапқандай шалғысын жиі шарықтай береді. Онысы да қызық, санап салады.


Бір кезде ол шалғыны сілтеп тастап берді дейсің. Ол сол екпінмен бірауыққа дейін еш тынбастан істеді. Одан соң өзен жағасындағы кішкене дөңес үстіне екі тізесін бауырына алып, баласын құшақтаған күйде ұзақ отырды да қойды. Тосын кезіккен ойлы көз оған зер салса, зұлматты тағдыр шынжырында шырмаулы жүргенде, жүйемелете тиген жойқын, тосын соққыдан енді ешқашан тұра алмастай болып жапа шеккен жанға ұқсатуы хақ-ты.


Сонда Айнаш та Кемелдің сыртынан ұзақ қарап тұрды. Ойлы ойнаған жанары мұңмен шылауланғандай. Енді бірде ой тұңғиығына түсіп кеткендей селдір қастары түйісе барып, тіресе тұрысқан. Бұл сәтте оның өткір де көкшіл көздерінде әдеттен тыс құбылыс бар-ды.


 


Осы кез ол маған ауыр бұрылып, әлдекімнен сұмдық бір жәбір көрген жанша мұңлы, сызды қараған. Оның әдеттен тыс бұл қалпын менің тұңғыш рет көруім-ді. Осы кезде қасыма тақанып келген бригадир Шойғара:


-Қырманға шығасың, Жанқораздың күшігінің орнына. Шошқаның баласы бір мәстек аттың басына ие бола алмай, - дей берген сөзін аяқтатпастан мен:


-Айнаш ше? – дедім қарсы сауалмен.


-Қасқыр жеп қояр деп тұрмысың аз күнге әлде қоритын бір төбет табылмай қалар деп қорқасың ба, - деп арс еткен. Бойым емес, ойым шым еткен сонда.


Арада апта уақыт өткен соң Айнаш аудан орталығына оқу мәселесімен шақыртылып кетіп, сонда он шақты күн болып оралған.


Әдетте, мен оның үйге оралуын асыға, сағына күтіп жүрдім.


Сөйтсе де көңілімде түйін болған бір күдік пен Айнаш мінезіндегі соңғы кездегі байқалған тұйықтық пен ылғи да абыржулы, ойлы бір мұң мені тұңғиық ой иірімдеріне тоғыта беретін, тұйыққа тірейтін.


Кейде сол ойдың үстінен дөп баспасам да, әлде нені іштей ұғынып, түйсінген бір халде сезінетінмін.


Айнаш ауданға кеткеннен соң Кемел көпке қосылмай, өзен жағасында жападан-жалғыз тұрғанын жиі кездестіріп жүрдім. Сонда, неге екенін білмеймін, оның бұл қалыпта тұрғанын менен басқа ешкім де көрмесе екен деп тілейтінмін.


Бір күні Кемел қырмандағы бидайды біраз суырып тастап, бидай салған қап үстінде ағаш күрегіне сүйене, ауыл тұсқа еңістете құлайтын қасқа жолдан көз алмай қарап отыр еді, елек елеп тұрған Рәзия осыны байқап қалса керек:


-Әй, маубас, үзір болып, қарап қапсың ғой, келе жатқан біреуің бар ма? - деген.


Оның сол сөзі менің бойымда қысылыс, тосын бір құбылыс туғызған. Тіпті жалма-жан қап артына бұға бере, еш тыныссыз отырып қалыппын. Ол Кемелге әлде нені айтып қалатындай сезініп, дегбірсіздене, күдік ете құлақ түргенмін.


Бірақ Рәзия одан басқа ешнәрсе айтқан жоқ.


Сол бір кештен кейін мен Рәзиямен кездесуден тайсақтап тұрушы едім. Ылғи да күлім ойнаған көзінде құймырлық пен әлдебір секемшіл сезімді ішіне бүгіп тұрғандай түйсінетінмін-ді.


Бірде апам мен сол Рәзияның кездесіп тұрғанын көрген соң, кешке дейін үйге жоламай кеткенім бар-ды. Қас қарая ауылға оралып, үйге кіруге көпке дейін батпай, сыртта кідіргем. Сол уақытта апамның қырманның қарауылынан:


-Ақан-ау, әлгі біздің бала көзіңе түскен жоқ па? – деген дауысы жеткен.


Қалпы абыржулы емес, ашулы жандікі сияқты.


Жүрегім сұмдық бір қорқынышпен құрсаулы, тұла денем әлде бір ауыр жаза аларын сезінгендей қалшылдап қоя берді.


Тек бір мезетте ғана апамның аяу еткен наза үнмен:


-Құдай-ау, әлгі сорлы апақ-сапақта қайда құрып кетті?


 


-Әй, Ақан, мына жан - жақты шолып қайтшы! Ойпырым-ай, бірнәрсеге ұшырап қалмаса игі еді, - деп, айтқан сөздерін естігенде барып, тулаған көңілім орнына қонған.


Кей сәттерде мен Кемел мен Айнаш кездескенде не істер екен деп өзімше, іштей жоритынмын. Олар кейде бірін-бірі құшақтай алатындай көрініп те кететін маған. Осыны көз алдыма келтіргенде, өзімді толқымалы тілек сынды буалдыр сезім құшағына еніп кететінім де бар-ды. Енді бірде, неге екенін білмеймін, бетімнен отым шығып, әлде бір ұялыс сынды, қысылыс сынды бір күйдің ортасында қалатынмын. Тағы да ойымдағы сол елес көріністі әлдекімдер көріп қойғандай, жан-жағыма жалма-жан қарайтынмын.


Бірақ олар кездескенде, мен ойлағандай болмады.


Диірмен түбіне келіп, аттан түсіп жатқан Айнашқа, қайдан шыға келгені белгісіз, Жолман барып, қолдасып амандасып, сөйлесіп жатты. Бірақ Айнаш ол жерге онша кідірмей, көп күттірмей, үйге қарай беттеді. Ал әудем жерде тұрған Кемел олар жаққа аз шаққа көз салып тұрып қалды.


 


***


Бірде кешкілік диірменге бидай түсіріп келген соң, өгіздерді қорықшыға өткізіп келіп, қырманнан едәуір шеттеу жерде, өзенге жақын төбешік үстінде айлы кеш табиғатын қызықтай отырғам-ды. Осындай бір кештерде ғана соғатын самал бар ғой осы, жаныңды тербер, көңіліңді сергітер, соның құшағында отырдым мен де. Айнала тып-тыныш.


Тентектің   ар   жақ   бетіндегі   өрдеш   жоталы      Дегерес      апамның ертегісіндегі қырық күн, қырық түн ұйықтайтын алып батырдай мүлгуге енген. Сонда да тыншулы емес. «Сенің де маза берер күнің бар ма екен» дегендей түксиген, түнеріңкі қабағын ерке Тентекке түйіп-түйіп қояды. Бірақ ол онан сайын өрекпи, өршелене түседі. Мінезі қызық өзінің. Сылдырлай аққан үні мың құбылып, алуан үн төгеді. Ай бойынан төгілген сұйық сәулені мың сан алақанында аз-шақ кілкіте ұстап, келер бетке жалт-жұлт еткен ақ сынаптай бұлт еткізіп, үздіксіз аунатып тастап жатыр. Біртүрлі ғажап көрініс.


Осындай бір түндерде тұңғиық көкті барлап жатудың өзі бір ғанибет қой. Ой ұшырасың мың саққа, қиял қуасың бір сәтке, ол да тұңғиық көктей түбі жоқ бір дүние.


Енді бірде сезіміңді сілкінтер сыр қармайсың сол бір сағымды ой дүниесінен. Содан екшеп ілген нұрлы сезіміңді ән етіп шырқай жөнелгің келіп кетеді.


Таң шапағындай, пәктікпен өткен сәбилік шақ көз алдыңа еш өшпеген, еш сөнбеген мол нұрымен қайта оралады.


Осындай кештерде құрылатын алтыбақанды еске түсіресің. Сол алтыбақанның аялы тербелісі астында жалықпастан күй төгіп, ән толғатқан қыз-жігіттердің салған ән-жырын құмармен, қызғанышпен тыңдай, оны өзіңе бақыт санап, солар құсап алтыбақанды еркін тебер күнді албыртықпен, аңғырттықпен арман еткен шағыңды ойға оралтасың.


Кейбір дөкір жігіттердің:


 


-Мұрынбоқ неме, ән сенің не теңің, одандағы жылы төсек астында тыныш жатып ұйықтағаның артық емес пе, - деп нұқып өтетіндеріне қарамай тұратын «қайсарлығымнан» мені апамның талай рет талып ұйықтап қалған жерімнен төсекке көтеріп салған күндерін еске алып, еріксіз күлемін...


Енді бірде ешнәрсе ойлағың келмейді, көзіңді тарс жұмып, жата бергің келеді. Тек қана жан дүниеңдегі өзің үшін де, өзге үшін де жұмбақ, әлде неге деген жасырын тілегің тұратыны бар ғой, бірақ оны дөп басып, ұстап айтуға құдіретің келген бе.


Ойымды қырман жақтан әлдекімнің ыңылдап айта бастаған үні бұзып кетті. Ұйи тыңдап қалыппын оны.


Сазында үлкен зар бар. Соған қарамастан, соншама әсерлі, соншама жағымды. Сол тұңғиық түннің ішкі күйі дерсің тап бір.


Өлеңнің дауыс алып көтеріле бергені де сол еді, қарауылшы Ақан:


-Өй, өз басыңа көрінгір, қайсың, ей! Бұл, қайдағы жоқты қайдан тауып аласыңдар осы, басқа ән құрып қалғандай. Уһ, құдай төбеңнен ұрғыр!- деп, кесіп тастады.


Әлгі әйел әнін сап тыйды. Мен өкініп қалдым.


Кенет құлағыма Шойқараның гүжілдеген дауысы құмығып естілді.


-Енді не дейсің маған? Жүр солай, салпақтап! Қызбен бір ауыз жөндеп сөйлесуге шамаң келмесе, мен не істейін!


-Көке-ау, неменеге сонша айқайладыңыз!? Жарайды, қызы құрысын! - деп дүңк ете қалған Жолманның тұншығыңқы үні құлағыма жетті... Ішімнен Сулыкөлге бірге қайтсақ қайтеді?» - деп, жымысқылау үнмен тіл қатқан Айнашқа сәтін есіме алдым.


Дала айлы түннің құшағына біржола манаурай енген. Әріректе, шалғынды жырадан ауық-ауық кісінескен, мекіреніскен жылқы мен шайпау құлындардың тұяқ дүбірі ғана тыныштықты төңкеріп өтеді.


Айнала қайтадан тыныштық құшағына шомды. Мен айлы түнді қызықтай, өзен бойымен жоғары өрледім де, тал түбіндегі үлкен қойтасқа келіп отырдым.


Осы күйді әлдекімнің:


-Мейлі, ел не десе, о десін. Еш бөгет емес ол, - деп күдікті түріп, кесім еткен іспетті сөздері бұзып өтті. Бірақ сөздерін сезік еткендей сыбырлай, ақырын айтады...


Дыбыс шыққан тұсқа қарсам, өзен жиегін ала отырған қос бейнеге назарым түсті. Бірі құшақта, бірі құшақтай отырыпты. Бетін бетіне төсеген күйде толқына, тебірене сөйлейді. Қобалжулықтан болар, жеткізер ойын жиі үзіп, тоқтап, булыға айтады. Аракідік кінәсі жоқ жеңіл өксік үні ғана үзіліп, сүзіліп шығады.


Мен бетімді бұрып әкеттім. Тал бойымда кенет бой көтерген әдеттен тыс құбылыста мен сезбеген, мен білмеген бір күй бар.


Сол пәк тілек көкірегімде тосын күй оятып, құлағыма үнсіз шырқалған ғажап бір сырлы, сазды әнді жеткізді. Арман толы, аңсау толы әуені кеудемді кернеп сала берді. Онда титтей күдік, ешбір мұң ізі жоқ секілді.


 


Ол кездескен жанның бәрін құшағына алып, сол үнсіз шырқалған ғажап әнмен шексіз сезімін, шексіз қуанышын паш ететіндей. Ол солардың сырларын тауға да, көлге де, ұшқан қыран құсқа да, ақ қанатты бұлтқа да жыр қылып айтпаққа бекінген.


Сол түнгі дала күнделікті өз қалпынан бөлек-бөтен бір күйде көрінген маған.


Ең әрісі, қарсы беттегі шоқылы төбе алғашта айбар шеккен әлде бір алыптарша күжірейе қарап тұр еді, олар да өзгеше жұмбақ та жұмсақ сүйкімді кейіпке көшкен. Меңіреу жоталарына бір сәтке сезім бітіп, олар да бақытты жандарға ақ тілегін білдіргілері келгендей, жылы ұшырай қалысқан. Екеуінің адами жарасқылықты қалпына қызығулы дерсің. Енді бірде қызғанышын да жасырмай, баспалай бұғып қарасады. Бірақ та өздерінің бойы бұл киелі қасиеттен тұл екенін сезіп, мұңлы өкінішпен қайта шөгіп бара жатқандай.


Құлағыма Айнаштың толқына айтқан:


-Адам сүю үшін ғана тумаушы ма еді, осымыз үшін жазғырар жан табылса, оған не дерсің, не айтарсың?! Балапан баланы, жат көріп, жек көретін сезім менде еш болмайды да,- деген сөздері жетіп жатты.


Осы кез мен Кемел бейнесін көз алдыма оймен әкелгем. Оның шарасы кең жанары бақыт жасымен толған күйінде келген. Сол бір жас тамшылары мен үшін ерек ыстық, ерен сүйкімді сезілген-ді.


Өзі бақыттылығы үшін жылаған жанның өзі бақытты ғой...


Көз алдыма таңғы шақта жауып өткен нөсерден соң әрбір тал шөпке, әр жапыраққа моншақтай боп ілініп, жалт-жұлт ете күнге шағылған дала шықтары келді.


 


1963 жыл.





Пікір жазу