27.02.2022
  169


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ТОҚТА, ЖАУЫЗ!

 


Бiз екеумiз түннiң бiр уағына дейiн әркiмдердi, әрдеңелердi айтып, әңгiмелесiп отырдық. Киiкбай ата әредiк қақырынып қойып, жантайып жатыр.


Анда-санда әр тұстан қабаттаса қараңдасқан, пысқырынған малдарға аңдай зер салып қарап қоямыз. Бiрнеше түйе ұйлығып шөгiп жатыр. Бейқам күйде. Күйiс қайырған үндерi құлаққа жетедi. Ермек көке мiнген ат тұсалып қойылған-ды. Көп қарадан ұзаңқырап, оқшаулау бөлiнген ат анда-санда берiде қалған малдарға «барсыңдар ма-ей» дегендей үнмен оқыранып, кейде қысқа қайырым кiсiнейдi. Yнiнде сәл наразылық бар секiлдi. Ұзақтау кетiп жайылатын жалғыздығына аз-кем жабығатындай. Кей-кейде тусау шынжырының үзiк үндi сыңғыры естiлiп қалады.


Бiз Жарылқасын мен Амангелдi батыр екеуiнiң кездесуiн еске алып, күлiп отырдық.


Бiр кезде ат оқыс осқырынып, сәл-пәл үрiккендей болды да тына қалды. Мен құлағымды тiге қалдым. Бектас бұл жайды аңғара қоймады. Көңiлiме алаң кiре бастады. Пысқырынған үнi, тұсау шынжырының дыбысы неге естiлмей қалды екен деп келте бiтiмдi күдiк ойладым да Киiкбай атаға бұрылып:



  • Ата Бектас екеумiз ат жаққа барып келсек қайтедi, – дедiм.

  • Немене, жай ма? – дедi Жарқын ағай.

  • өзi ұзаңқырап кетiп қалыпты. Берiрек, мына өгiздердiң маңына таман қайырып келсек қайтедi. Кiм бiледi, тым шеттеп кетiптi, қасқыр шауып жүрер, – дедiм.


 



  • Оның да рас екен. Барып келе қойыңдар, – деп Киiкбай атай тез келiсiм бердi.


Екеумiз атқа қарай беттедiк. Бiз аттарға тақанып келе бергенде, олардың әлденеге ереуiлдеп, үркiңкi тұрған қалпын байқадық.



  • Әй, мынау бiр нәрседен үрiккен ғой, – деп Бектас атқа тақанды. – Иә, үркiп тұр, – дедi де, атқа таңдай қағып, «так-тактап» жақындай бастады.

  • Аяғында тұсау бар ма?

  • Қазiр көрейiн. Бектас еңкейiп аяғын қарады. – Бар екен.


Мен де тақанып, аттың мойнын қаси бастадым. Денесiнде аздаған дiрiл бар секiлдi.



  • Ат бiрдеңеден шошынған сияқты, – дедiм мен де. Бектас:

  • Әлгi түнде ұшатын жаман құстан ба, қашқан қояннан ба, үркiп қалған. Аш қасқыр кезiксе, әй-шайына қарамай, бiр-ақ атылады деушi едi, – деп әңгiме аяғын жайбарақаттау қылды.


Неден екенiн бiлмеймiн, менiң көңiлiмнен беймәлiм мазасыздықтың секемшiл сарыны кетпей қойды.



  • Әне бiреу не? – дедiм.

  • Бұта емес пе, – дедi Бектас.

  • Соған барып қайтшы батыр болсаң, – дедiм мен оған жай ойнағансып.

  • Немене өзiң баруға қорқып тұрсың ба. Мен өзiм-ақ барамын, – деп Бектас қарайғанға қарай адымдай басып жөнелдi. Пысқырынған ат тұсауын сылдырлатып, жер тарпыды. Құлағыма булыққан бiр әлсiз үн жеткендей. Неге екенi белгiсiз, қарайған тұсқа қарай жеткен Бектасым iзiм-ғайым жоқ болып кеттi. Бiраз уақыт өттi. Менi қорқытпақ үшiн тығылып ойнағысы келген ғой бұл қудың. Көңiл төрiндегi алаң албырттыққа ауысып сала бердi. Тапқан екенсiң, қорқатын адамды. Егес сезiм елеуреп, менiң намысымды қамшылап өткендей. Қарайғанға қарай адымдай жөнелдiм.


Шынында да, қанаты қалың, қомақты бұта екен. Не шеңгел, не жыңғыл боларсың деп жорамалдадым.



  • Әй, Бектас, қай қуысқа тығылып отырсың? Шық берi, – деп бұта тасасына айнала бергенмiн. Тап сол кезде менiң ту сыртымнан әлдекiм атылып келiп, аузымды жаба-маба, қапсыра құшақтай алып, жерге алып соқты. «А», – деп дыбыстауға мұршам келген жоқ.

  • Орамалымды әкел! Қысқа айтылған қатал бұйрық сол сәтiнде орындалды. Күлiмсi иiсi қолқа қапқан қомақты орамалды бетке темiр түрпiдей тиген күстi қолымен аузыма шеңгелдеп тыға бердi. Кеудемдi жаншы көлденең мiнiп алған жанның қаба сақалды адам екенiн анық байқадым. Ол ырс-ырс етiп, менi етпеттете аударып тастады да, қолымды артыма қайыра байлады. Ауыр денесiмен езiп, жаншып әкетiп барады. Үстiмде отырғаны қасындағысына зәрлi үнмен ысылдап:

  • Ана күшiктiң, аяғын мықтап байладың ба? – дедi әмiр етiп.

  • Иә!


Менен әрiректеу Бектастың көлденең жатқан көмескi сұлбасы көзге шалынды. Әлсiз, ауыр ыңырсып жатыр.


 


Жаным мұрнымның ұшына келдi. Алапат ағынмен жүйiткiп, безек қаққан безбен ой көмекейдi кептеген орамалға тосылып, тұншығып жатыр. «Қалай дыбыс беремiн? Қалай ескертем? Күлiмсi орамалды тiлiммен итергiм келедi, шықпайды. Кеуде толы ауамен үрлеймiн, шықпайды. Ендi не iстедiм? өлдi деген осы, бiттi деген соы. Әттеген-ай, бәрi ұйқыда едi. Қапыда соқты-ау. Баяу қимылдайтын Киiкбай атам алаңсыз отыр-ау. Әлгi Әйнекбай бастық айтқан «Түз бөрiсiнен басқа түстi бөрiлер» дегенi осы екен-ау! Неге ескермегенбiз, құдай-ау! Ересектерiмiз неге ескертпеген? Қорқар дедi ме екен?!


Басымды сiлкимiн, түспейдi. Ендi бет-бейнесi беймәлiм қаба сақал менiң аяғымды байлауға көштi. Маған сыбырлай, ысылдай сөйлеп отыр.



  • Сүмелек неме, жұлқынба! Кеудеңнен пышақпен бiр-ақ ұрып, үнiңдi өшiре салуға болады. Бiрақ әлi бауырыңды көтермеген күшiк екенсiң. Жат осылай! – дедi де түрегеле бердi.


Қаба сақал қасындағысына әмiр еттi:



  • Ана атты босатып алып, ойға тарт. Мен бiр-екi өгiзiн шешiп алып келейiн. Қорықпай қимылда. Әлгi мылтықтысы ұйқыда жатқан бiлем, – деп шапшаң сөйлеп, iске кiрiсуге бет алды.


Осы сәтте санамда қорқыныш та, үрей де қалған жоқ. Тек қана аналарға, Жарқын ағайға, Ермек көкеге қалай белгi берсем деген ой ғана санамды осқылап жатты. Бектастың булығып жылаған үнi құлаққа әлсiз естiлдi.


Екеуi сәл ұзасыменен-ақ мен аласұра аунай домалап, Бектастың жанына жеттiм. Қолыма тiкен де кiрiп кеттi. Барған бетте оның қолы байланған арқанның байлауын, жiп ұшын икемi аз, қимылы шектеулi саусақпен қармалап, шиеленген түйiндi ағытуға жанталасып жатырмын. Шие баудың шиырын табу қандай қиын десеңшi. Жiп ұшының қай тұстан өтiп, қай тұсқа жеткенiн жобалау да бiраз уақытты алды.


Үлгеру керек, үлгеруiм керек. Апыр-ау, Жарқын ағай қайда кеткен? Неге үндеп, неге дыбыстамайды? Бұғып келген жаулардың алшаң басып бара жатқанын неге аңғармайды, құдай-ау! Бiздi неге жоқтамайды? Неге кешiктi деп мазасызданбайды? Бiр жағынан тұншыға демiгiп, бiр жағынан бар денем қара сорпаға түсiп, көзiме ащы тер құйылуда. Кеудемдi жарардай болып, аласұрған жүрегiм аузыма тығылып, жынданып кете жаздап жатырмын. Аласұрған саусақтарым, ең ақырында жiп ұшы өткен iлмектi тауып, оны шым-шымдап босата бастады. Жүрегiм мүлдем шапшуылдап кеттi. Iшiмнен:


«Иә, сәтiн бере гөр, иә сәтiн бере гөр», – деп жақсылыққа жалбарынып жатырмын.


Сөнген үмiттi тұтатқандай бiр үн тура құлағымның түбiнен естiлгендей болды. Қақырынып келе жатқан Киiкбай атам.



  • Нұртас, Бектас! Қайдасыңдар? Үн шығарып жатқан бiз жоқ.

  • Нұртас, Бектас! Қайдасыңдар? Бiзде үн жоқ.


Уњ! Ақыры бiлдi-ау! Осы сәтте мен де Бектастың қолып шешiп үлгердiм. Ауыздағы орамалдар сол сәтте алынып тасталынды. Мен асығыс сыбырмен:


 



  • Тез қолымды шеш! Анау ат әкеткеннiң соңынан үлгеруiмiз керек, – дедiм. Бектас ызалана сөйлеп жатыр:

  • Қап, атаңа нәлеттер! Қап, – деп, менiң қолымды шеше бастады.

  • Нұртас! Бектас! Киiкбай атамның үнi қатты, ышқына шықты. Осы сәтте екеумiз де аяқтарымызды жанталаса шешiп жатқанбыз.

  • Әзiрге үн шығарма. Жаңағы өгiзге кеткен үркiп кетедi, – дедiм.

  • Атты әкетiп қалатын болды, – деп Бектас күйзеле сөйледi. Сәлден кейiн Киiкбай атам мазаң үнмен:

  • Әй-әй, бұл қайсың? өгiздiң қасында бұғып отырған қайсың?

  • О, не ата?! Жарылқасынның дауысына ұқсады.


Кенет құлаққа дүсiрлдей қашқан адам аяғыңың дыбысы естiлдi.



  • Тоқта! Мына қашқан кiм? Тоқта деймiн!

  • Қашқан кiм, ата? Жарқын ағайдың үнi.

  • Әне, қашты!

  • Айдан, тез тұр! Ана кiсiлердi оят!

  • Тоқта деймiн! Тоқтамасаң атамын! Кәне, тоқта!


Ағайдың үнiн естiгенде мен әрi қуанып, әрi тал бойымда өзiм күтпеген бiр батылдық пайда болғанын аңғардым. Босанған бойда:



  • Бектас, кеттiк! – деп жыңғыл түбiнен кеспелтек бұтақты қопарып алып, жүгiре жөнелдiм. Бектас та жыңғыл бұтағын сыңдырып жатты. Шарбы бұлт бүркеген бұлыңғыр айдың кеугiм сәулесiнен үзай қашқан ұрының сұлбасы көзге айқын аңғарылды.

  • Тоқта!

  • Тоқта, иттiң баласы! Мен жүгiрiп бара жатып, бар дауысыммен шыңғыра айқайладым.

  • Жарқын ағай, тез атыңыз! Олар бандалар!

  • Атыңыз!


Сол сәтте мылтық қара түндi қақырата гүрс ете қалды. Айнала у-шу болды да кеттi. Дәмемiң: «Ойбай, не болы?» – деген үрейлi үнi құлағыма анық жеттi. Қашып бара жатқан адам қуып жетiп қалған менi қайырыла берiп, қойып келiп жiбердi. Қалпақтай ұшып түстiм. Жақ сүйегiм сынып кеткендей болды. Орнымнан ет қызуымен қайта көтерiле берiп, етпетiмнен құладым. Аузымнан жылымшы әлдененiң дәмi бiлiндi. Бектас осы сәтте қаба сақалдының артынан қапсыра құшақтап алды. Жанталас қылған жау иығындағы тас кенедей жабысқан Бектастан қалай құтыларын бiлмей арпалысып кеттi.



  • Банда қайда?

  • Банда қайда? Бектас, Нұртас қайдасыңдар? Үн Жарылқасындiкi.

  • Қап, қолда мылтықтың болмауын-ай! – деп ызалана айқай салып, орнымнан көтерiле бердiм. Бiр кезде Бектас гүрс етiп құлады.

  • Ах, атаңа нәлет! Жүгiрiп жеткен Жарылқасын келген бетте ұрының мойнына жармасты.

  • Тоқта, кәне! Мылтық үнi гүрс етiп, тағы атылды. Алыста келе жатқан Жарқын:


 



  • Жiбермеңдер, жiбермеңдер, – деп жанұшыра айқайлады.

  • Ах, атаңа нәлет, Гитлердiң құйыршығы, – деп Жарылқасын қаба сақалдың бетiнен баспен соқты. Бiз де жабыла кеттiк. Алпамсадай алып денелi қаба сақал мүлдем құтырып кеттi. Ол бiр мезетте, ышқана шыңғырып, қапсағай денесiмен қопарыла кiлт бұрылғанда, Бектас та, мен де сытылып түсiп қалдық. Түспей жүрген – Жарылқасын. Мойнынан қылқындырып ұстап, тас кенеше жабысқан қалпы әлi арпалысуда. Кенет қаба сақал қатты ауырсынған үн шығарды да, ысылдай ысқырынып:

  • Қап, сен иттердi бағана-ақ жайғамай!


Жарылқасынның жиiркене: «Тiфу!» – деген үнi айқын естiлдi.



  • Атаңа нәлет жауыз! Гитлердiң құйыршығы! Ендi құлағыңды емес, өңешiңдi жұлып аламын! Мүлдем ызалы, мүлдем өшiгiп алған үнмен жирене айтты.


Бiр кезде түн ауасын жаңғырта, құлыңдағы даусы құраққа шыға «Ап-а-а- а!!!» – деп шыңғырған Жарылқасын үнi естiлдi де, кiлт үзiлдi. Ол жерге сытылып түсе бердi.



  • Тоқта, жауыз! Атамын! Ешқайда қашып құтыла алмайсың, – деген Жарқын ағайдың әмiрлi үнi бiзден алыстай бердi. Оның қаба сақалдың соңынан өкшелей қуып бара жатқанын аңғардық. Мен жерде ыңырси аунап жатқан Жарылқасынның қасында қалдым.

  • Жарылқасын! Не болы? Не болы, жаным-ау! Бетiмдi жас жуып кеттi. Ол бүк түсiп, жерде жатыр. Ащы үнмен зар илеген Жарылқасынның жанына құрақ ұшып Дәмелi мен Жекей жеттi.

  • Жаным-ау, жаным-ау! Не болды, не болды? – деп безектеп, үстiне төне бердi де:

  • Ойбүй, сорлаппыз ғой! Құдай-ай, масқара-ай, қанға малшып кетiптi-ау сорлыны! Екеуi булыға жылап жiбердi…





Пікір жазу