27.02.2022
  193


Автор: Пернебай Дүйсенбин

АРАЙЛЫ АРМАН…

 


Ақтамдағы жұмыс бiтiсiмен, ауылға қайттық.


Жарқын ағай арбадан түсiп, үйдi-үйге тарағалы жатқан бiзге:



  • Колхоз бастығы екi күнге мұрсат бердi. Екi күннен соң анадағыдай таң азаннан кеңсенiң алдына жиналамыз, – дедi.


Барлығымыздың қуанышымызда шек жоқ. Екi күн аз уақыт емес. Аз да болса бой жазып, еркiн демалып алуға болады. Үйге де қолқабыс етемiз. Менi көрген апам:



  • Балапаным-ау, өзiң жүдеп кетiпсiң ғой, – дедi.

  • Жүдеген жоқпын, апа.

  • Қайдан жүдеген жоқсың, өңiң әбден қарайып кетiптi.

  • Күнге күйгендiкi ғой. Көкемнен хат келген жоқ па? Апам торыққан үнмен тауысыла сөйледi:


 



  • Сорлыға не болғанын бiлмеймiн. Екi айдың жүзi болды. Қайдам? – деп, орамалының ұшымен көзiн сүртiп жатып:

  • Жыламаңызшы, апа!   Қойыңызшы не болса соны айтпай, – дедiм мен апамды жұбатқан болып.

  • Е, саған бәрi түгел ғой. Сорлы-ау, ол сау емес. Сау болса, бұлай етпесе керек едi ғой.

  • Жоқ, апа, сау.

  • Немене, көрiп келiп пе едiң?

  • Жоқ, түнде түс көрдiм.

  • Қандай түс?

  • Кәдiмгiдей түс. Көкем екеумiз ақ боз атқа мiнгесiп, Мақсұттiкiне қонаққа бара жатыр екенбiз. Мақсұттың үйi жайлауда екен деймiн.

  • Иә, содан соң?

  • Мен көкемнiң белiнен қапсыра құшақтап, айлы аспанға қызыға қарап келе жатыр екенмiн.

  • Иә, содан соң? Ол саған сөйледi ме?

  • Көкем бе?

  • Иә.

  • Көкем баяғы өзi жақсы көретiн өлеңi бар ғой…

  • «Баянауыл» ма?

  • Иә, соны шырқата айтып бара жатты. Ал мен…

  • Мақсұттiкiне бардыңдар ма?

  • Барғанда қандай! Мақсұттың есi шығып қуанып, нән бағылған қозы сойды. Оның аяғы сап-сау екен деймiн. «Әй, Мақсұт, балдағың қайда?» – десем: «Балдағың не айтып тұрған, оныңды баяғыда отқа жағып жiбергем», – деп жайраң қағады.

  • Ет жедiңдер ме?

  • Ет жегенде қандай. Тiптi қымыз iштiк. Аттанып кетейiн деп жатқанда, Мақсұт бiр қалтаға ет орап: «Мә, мынаны апама берiңiз», – деп көкеме берiп жатты.

  • Ойпырм-ай, жақсы екен!


Апамның шаршаулы жүзiне қан жүгiрiп, ажары кiре бастады.



  • Киiкбай атама айтып едiм, ол кiсi: «Ой, мынауың жақсы түс екен, балам. Туған жерiнен келiп дәм татса, онда әкеңнiң аман оралғаны. Несiбесi ауылдан бұйырады», – деп әбден қуанды.

  • Аруақ, аруақ, аузыңа май, – деп апам дереу қара шәйнектi мосыға iлдi. Шай iшiлiп болған соң, мен бiрден Мақсұттiкiне бардым.


Ол менi көрiп, қатты қуанды. Бар жаңалықтарды сұрап жатыр. Әңгiмемiз таусылар емес.



  • Әкеңнен хат келдi ме?

  • Келдi.

  • Әлi сол Балашовта ма?

  • Сонда.

  • Жарақаты қандай екен?


 



  • Тәуiр болып келемiн. Жазылған соң не демалысқа жiбермекшi, не бiржола босататын шығар дептi.

  • Жақсы болған екен.

  • өзiңнiң көкеңнен ше?

  • Әлi келген жоқ.

  • Келедi! Менiң көкемнен де анада екi-үш ай хат келмей қойған. Сонан соң барып келдi ғой.

  • Мүмкiн. Оған көрген түсiмдi айттым. Мақсұт тiптен қуанып кеттi.

  • Мен де жазыламын. Нұртас десе, осыдан қара да тұр, мен де жазыламын,



  • деп ақтарыла сөйледi.

    • Сөз жоқ, жазыласың. Осыдан қара да тұр, сабақ басталғанға дейiн жүрiп кетесiң, – дедiм үнiме жiгер қосып.

    • Онда керемет болар едi-ау. Байқаймын, өзiмдi сәл-пәл тәуiрлеу сезiнемiн.

    • Олай болса тiптен жақсы.

    • Екi-үш күннен берi далаға көлеңкеге балдақпен жайлап шығып жүрмiн.

    • Ендеше қазiр де шығайық та. Үйдiң ауасы тар екен. Сыртқа шықтық.

    • Нұртас десе?

    • Әу.

    • Менiң не деп армандайтынымды бiлесiң бе?

    • Сеземiн.

    • Мен түсiмде   ылғи   сурет   салып   жүремiн.  Жатсам   да,   тұрсам   да ойлайтыным-суретшi болу.

    • Осылай сала берсең, әрине, сенен суретшi шығады, – дедiм сенiмдi үнмен.

    • Ол үшiн маған Алматыда не Москвада оқу керек қой.

    • Несi бар, мектептi бiтiрген соң, оқуға барып түс. Бiр кезде ол күрсiндi де:

    • Ең бастысы – көкем аман-есен келсе екен. Көкем менi оқытпай қоймайды, – дедi.







Пікір жазу