БРИГАДИР ЕРМЕК
Қарақоғаға жете бергенде колхоз бастығы Әйнекбай алдымыздан шықты.
Ол бiзбен көтерiнкi көңiлмен амандасты.
- Ой, айналайындар! Келiп қалған екенсiңдер ғой! Ендi аз күн күш салсақ, Қарақоғаны бiтiремiз. Yлкендер үлгере алмай жатқан соң, сендерге иек артып жатқанымыз. Былтырғыдай бiрыңғай Жонға шаршатпай бiр-ақ апарам деп едiм, оның қисыны келмедi.
Биыл берiп тұр емес пе, су да жақсы жайылып, Қарақоғамыз шөпке бiтiп қалды. Таяу уақытта Жонда орақ та басталмақ. Әйтеуiр қайда барсаң қат- қабат шаруа ғой, – деп бәрiмiзге салмақ сала, әрi ақылдаса, әрi сенiм арта сөйледi.
- Қазiр Ермек те келiп қалар! Сендерге деп екi өгiз бөлгiзiп отырмын. Көкебастар, бiр күш салып жiберсеңдер, орылған шөптi маялап алсақ, арқа- бас бiр кеңiп қалар деп отырмын.
- Айналайын, Жарқынжан, ендi өзiң бас болып, iстете бер. Сенен артық жетекшiнi мен аспан астынан iздесем де таппаймын, – деп шаршаулы үнмен Жарқын ағайға қарай еңсерiле бұрылды.
- Жарайды, ақсақал! Сенiмiңiзге рахмет, – дедi ол ашық маңдайына түскен қою шашын керi қарай ысырып қойып.
- Әне, Ермек те көрiндi. Мына көршi колхоздан жалынып-жалпайып төрт өгiздi, екi арбаны әрең сұрап алдық. Бұл күнде кiсiдегiнiң кiлтi аспанда емес пе, – деп тақанып келе жатқан екi өгiз арбаға көз салды.
- Ә, Ермек, келiң бе? – деп тiл қатты.
- Е, келдiк қой. Ол арбадан түскен бетте Жарқын ағайдан бастап барлығымыз ол кiсiмен жапырласып қол алысып сәлемдестiк.
- Ой, сарбаздар, амансыңдар ма, ей! Ал, мәңдер, мына жасаулы жарақтарыңды. өздерiң ылғи сойдауыттай-сойдауыттай жiгiт екенсiңдер ғой,
- дедi самбырлай сөйлеп. – Сендерден қалатын не жұмыс бар. Мына әйел, кәрi-құртаң еркектерден сендер әлдеқайда артық емессiңдер ме?! – деп көтермелеп те қойды.
- Мына тұрған Бектасыңның өзi екi жiгiтке татымай ма, Әйнеке, ә, – деп қамшы ұшымен Бектасты нұсқады.
- Әкесiнiң аузынан түсiп қалғандай, айналайын, – деп Әйнекбай Бектасқа иек қақты.
- Анау жылы соғыс алдында болған көкпар есiңде ме, Жарқын, – дедi Ермек.
- Е, неге есiмде болмасын. Әлгi көршi колхоздың жiгiтiн көкпар- мөкпарымен қоса ат үстiнен жұлып алатынын айтасыз ба?
- Иә, иә, – деп Ермек сылқ-сылқ күлдi.
- Бiр саусағының өзi бiздiң екi саусағымызға татитын едi. Әй, жiгiттiң нары едi, азамат! Маңдайға сыймай кеттi, – дедi Әйнекбай өкiне бас шайқап.
- Е, бұл соғыс талайдың түбiне жеттi емес пе? Егер сол Бөлегендер осы жерде жүрсе, бұлардың Қарақоғада несi бар. Амал қанша!? – дедi Ермек сәл- пәл қамыққандай үнмен.
Мен Бектасқа назар салдым. Ол мұңайыңқырап, көзiн төмен салып кеткен екен.
Оның осы көңiл-күйiн Әйнекбай сезе қойғандай:
- Е, солайы солай ғой. Бiрақ «Орында бар оңалар», – деген емес пе. Әлi ертең-ақ Бектастар, аман болса, түтiнi тiк шыққан азамат болады да шығады. Тек, құдай, ана салдырлаған шешесi Кәделiнiң амандығын берсiн, – дедi.
- Бәрiнен де, соны айт. Ал, Әйнеке, не тұрыс бар. Балалар iске кiрiсе берсiн. Бiз мая жаққа бара берейiк. Кикең жұмысына барып, кiрiсiп кеткен ғой деймiн, – деп қамшысымен мая жақты нұсқады.
Бiз Қарақоғаға келгелi үш-төрт күн өттi. Сол күнi кешке жұмыстан соң қас қарая қосқа оралғанбыз.
- Нұртас, Бектас өгiздерiңдi ағытып, жайылымға жiберiңдер, – дедi Жарқын ағай.
- Жарайды.
Қосқа қайтып келгенде, балалар тамақтарын iшуге кiрiсiптi. Далаға, қос алдына, жазып тасталған көне алашаға ер балалар жағы етпеттей жатып, қыздар жағы бiр бөлек, түрегеп отырып сүт көже iшiп жатыр екен.
- Iш, Төлеген, iш! Сүт көже iшiңе жағатын шығар. Жарылқасын Төлеген деген баланы қалжыңмен қағыта бастады. Ол да көңiлденейiн дедi.
- Жаққанда қандай!
- Әй, Алдияр, аздап iш! Саған тамақты көп iшу зиян! Семiрген үстiне семiрiп кетесiң.
- Оның рас. Бағана айыр көтергенде жан терi шықты, – деп көп сөйлей қоймайтын Бектас та оны қалжыңмен қағытып өттi.
- Ой, қуым-ай! Күнiне мың сөйлеген адам өледi деген рас болса, сен бiрiншi өлер едiң, – деп Алдияр Жарылқасынды түйреп өттi.
Бiздер күлiсiп жатырмыз. Бiзге аспаз етiп жiберген Дәмелi деген болатын.
Тiлi тiкендей кiсi.
- Әй, iшетiн болсаңдар, тез-тез iшiп жата қалмайсыңдар ма! Не болса соны, түге, әңгiме қыла бермей.
- Апа-ау, көңiлденiп iшсек, ертең жұмыстын жақсы iстеймiз, – дедi Аманбала дейтiн қыз.
- Қатты-ақ, жұмысты жақсы iстерсiң! Бағана көрiп едiм қалай iстегендерiңдi. Түге, сендер жұмысқа емес, осында ойынға келгенсiңдер-ау деймiн.
- Жоқ, апа! Сiз мақтамасаңыз да, Киiкбай атай әбден мақтады ғой, – дедi ақ сары әдемiше қыз Дина сабырлы қалыпта.
- Әй, сол алжыған шал айта бередi де аузына түскенiн. өтiрiк мақтап, көлгiрсiп отырғаны да, – дедi де:
- Бастықтарың анау ма? Құр шiренiп шашын қайырғанға мәз. Оныңа кiм бағынады?, – деп өзенге қарай кеткен Жарқын ағайды сыртынан бiр түйреп өттi.
- Неге бағынбаймыз? Бағынамыз, апа!
- Қатты-ақ бағынасыңдар.
Мен одан арғы әңгiменi тыңдағым келмедi. Орнымнан тез тұрдым да, Жарқын ағай кеткен жаққа беттедiм.
Кеткен бағытымен өзен жағасына келiп едiм, көзiме көрiнбедi. Жағалап, жан-жағымды барлай қарап, жүрiп келе жаттым. Әр бөлек бағыттан шырылдаған шегiрткелердiң үнi құлаққа жағымды естiледi. Тынымсыз бақылдаған көлбақалармен қоса су құстарының бiрiнiң үнi түннiң тұнық ауасын тiтiркендiрiп жiбередi. Бозаңданып жатқан өзен бетiне менiң дыбысымнан үркiскен бақалар шошына шоршып, секiрiп түсiп жатты.
- Бұл қайсысың?
- Менмiн ғой.
- Нұртаспысың?
- Иә.
- Жай жүрсiң бе?
- Жай.
- Кел, мұнда отыр. Қасына қатарласа барып жайғастым.
- Шаршадың ба?
- Онша емес.
- Ендi аз-ақ күн ғой. Ең ауыры әлi алда. Орағы бар, қырманы бар, тасуы бар. Әлi сендер бозда ойнап жүрсiңдер, – деп мырс етiп күлiп қойды.
Менi алаңдатып жүрген жұмыстың ауырлығы еместiн. Көптен берi ағайдан бiр әңгiме жайын бiлгiм келiп-ақ жүр.
- Ағай десе!
- О, не?
- Жақында сiз аудан орталығына екi рет бардыңыз ғой.
- Иә, бардым.
- Сiз арыз жазып па едiңiз?
- Қандай арыз? Қайда?
- Әскери комиссариатқа.
- Жазғам. Оны қайдан естiдiңдер?
- Елдердiң бәрi айтып жүр ғой.
- өте қызық екен! Не дейдi?
- Жiбермептi дейдi.
- Қайда?
- Майданға.
- Рас, жiбермедi! Осынша-ақ сұранып, бiрнеше рет арыз жаздым. Жассың дейдi.
- Сiз соғыстан қорықпайсыз ба?
- Соғыстан елдiң бәрi қорқады. Бiрақ… Сендей жiгiт ауылға да керек дейдi. Әйтеуiр айтатын сылтаулары көп. Жеңiс те жақын қалды деп жұбатқан болады.
Бұдан кейiн ол бiраз уақыт үндемедi. Мен, шындығында, Жарқынның өз еркiмен соғысқа тiленiп барғысы келетiн сырын түсiне алмай жүрдiм. Азғантай ауылымызға үш жылдың iшiнде жиырмаға жуық қара қағаз келдi. Әлi хат-хабарсыз жүргендерi қаншама. Нелiктен екенiн бiлмеймiн, iшкi сезiм түйсiгiм ағайдың соғысқа барғанын барынша қаламады.
Сиыршы Елшiбай атайдың баласы Жамбы ауылға келгенде, оның түрi адам шошырлық едi. Бет-аузы мүлдем өзгерiп кеткен. Снаряд жарықшағы жақ сүйегiн сындырып жiберген екен. Маңдайдан сәл жоғары жерiнiң сүйегi алынып тасталған. Шашының асты бүлк-бүлк еткенi көзге ерекше көрiнiп тұратын-ды.
Ал Динаның әкесi Түсiп болса, сол қолының шынтақтан жоғарғы жерiн берiп оралды. Көп әйелдердiң көз жасын төгiп: «Қолы да құрысын, аяғы да құрысын, Динаның әкесi құсап, елге шыбын жаны оралса екен», – дегендерiн естiдiк.
- Тағы да сұранасыз ба?
- Аудандық комсомол комитетiне арыз жазып кеттiм.
- Ағай, сiз соғысқа бармай-ақ қойыңызшы! Мен қиыла сұрандым.
- Мен әлi ешқайда бара жатқан жоқпын ғой. Ол әлсiз жымиғандай болды.
- Сонда да бармай-ақ қойыңызшы!
- Неге?
- Бiзбен бiрге жүре берiңiзшi. Ол менi құшақтай алып, мойнымнан еркелете қысып:
- Әй, баламысың деген. Қызықсың сен, – деп бауырына тартты. Мен iшiмнен: «өзiңiз де баладан сәл-ақ ересек емессiз бе?» – деп ойладым да, тiл ұшына үйiрiлген сөздi айтқым келiп кеттi.
Артымыздан аяқ дыбыстары естiлдi.
- Ағай мен Нұртасты қара! Бiздi тастап, екеулерiңiздiң қашып кеткендерiңiз қалай? Немене, тығылыспақ ойнап жүрсiздер ме? Дауыс Алтынсарынiкi. Дауысқа қоса, сықылықтап күлген қыздардың үнi қабат естiлдi. Олар бiздiң қатарымызға жайғасты.
Осы сәтте маңдай алдымыздан, алқара көк аспанға отты iзiн тастап, жұлдыз ағып өттi.
- Туњ, жап-жарығын-ай! – дедi Алтынсары.
- Ағай десе, осы бiр жұлдыз ағып түссе, дүниеде бiр адам өмiрiмен мәңгiге қоштасады деген рас па?
Жарқын ағай жеңiл күлiп:
- Ол жұлдыз емес, метеорит қой, – дедi.
- Метеорит дегенiмiз не?
- Метеорит дегенiмiз аспан денелерiнен түсетiн бөлшек. Ауаның қалың қабатына зор жылдамдықпен енедi де, өртенiп кетедi. Жаңағы отты жолақ iз содан қалады, – дедi.
- Сонда ол жұлдыз емес пе?
- Жоқ, ол жұлдыз емес.
- Сонда әжемдердiкi бекер болды ма?
- Әрине, бекер. Ол кiсiлердiкi ескi наным ғой.
- Мен сiздiкiне сенбеймiн.
- Сену-сенбеу өз еркiңде. Бiрақ жаңағы жұлдыз емес, метеорит.
- Жоқ, ағай, ол-жұлдыз. Мен бiлсем, соғыста тағы бiр солдат қаза тапты, – дедi Алтынсары сенiмдi түрде. Жарқын ағай үндемей қалды да аз үнсiздiктен соң:
- Олай болуы да мүмкiн, – деп ауыр күрсiндi. Бұдан соң бiз көпке дейiн үнсiз отырдық.